Биыл шілденің 5-і күні Ашғабад "2018-2024 жылдарға арналған Түркіменстанда алкогольдың зиянын алдын-алу ұлттық бағдарламасын" жариялаған. Дүкен сатушыларына сілтеме жасаған ашғабаттық бақылаушы Аманмырат Бугаев Азаттық радиосының Түркімен қызметіне ішімдіктерді тәркілеу шаралары жүріп жатқанын айтқан. Бірақ ресми Ашғабад бұл іс-шара туралы ресми түрде мәлімдеме жасаған жоқ.
"Шілденің 9-ы күні бірнеше сатушы жеке дүкендерінен ішімдіктерді тәркілеу жүретінін айтты. Дүкендерден ішімдіктерді тәркілейді деген сөз шыққан соң танысым базарын жабарда ішімдіктерді алып кеткен" дейді Бугаев.
Бақылаушының сөзінше, шілденің 10-ы күні елде рейд басталып, дүкендерден спирттік ішімдіктерді тәркілеу басталған.
"Ашғабаттағы "Мир" базарында алкоголь ішімдіктерді жинап жатқанын көрдім. Арнайы жұмысшылар келіп, арақтарды жинап жатты. Ал дүкен иелерін полиция бөлімшесіне шақырған" дейді ол.
Шілденің 12-ы күні "Хроника Туркменистана" сайты өзінің дереккөзіне сілтеме жасап, күштік құрылым мүшелері ішімдік сатқандарты тексеріп, тауарларын алып кеткен.
Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшілері елдегі ішімдікпен күресу оқиғаларын тексеріп, Ашғабатта жеке дүкендердің жаппай жабылып жатқанын хабарлады.
"Елге этиль спиртінің орнына метил спирті кіргізілген. Метил спиртін ішкендер арасында өлгендер бар. Осыдан кейін базарлар тексеріліп, қайда шығарылғаны белгісіз ішімдіктерді тәркілеп жатыр" дейді Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі.
Бақылаушы Аманмырат Бугаевтың айтуынша, Түркіменстанда сатылатын ішімдіктердің барлығы бірдей сапалы емес.
"Халық жеке дүкендерде сатылатын ішімдіктердің сапасына шағымданады. Мысалы, Ашғабаттағы арақ-шарап зауытының жанындағы екі-үш дүкен бар. Осы дүкеннен 30 манатқа (шамамен үш мың теңге) сатып алған арақ пен жеке дүкеннен алған ішімдіктің айырмашылығы бар. Бірақ екеуіндегі этикетка бір. Бұл бұрында сондай болған. Ал қазіргі тексеру мен тәркілеу жалған ішімдіктерді анықтау үшін жүргізіліп жатұқан сияқты" дейді Аманмырат Бугаев.
2017 жылы Түркіменстан билігі Ашғабатта өткен жабық алаңдағы және жекпе-жек түрлерінен Азия ойындары кезінде ішімдік сатуға тыйым салған еді. Кей сарапшылар осы тыйым елге сапасыз спирттердің заңсыз кіруіне себеп болды деп санайды.
Азаттық радиосы Түркімен қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды.
ПІКІРЛЕР