Accessibility links

«Бердімұхаммедовпін, маған дауыс беріңдер»


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов.

Түркіменстан билігі президент сайлауын 2017 жылы ақпанның 12-сінде өткізетінін мәлімдеді. Қазіргі президент Гурбангулы Бердімұхаммедовтің үшінші мәрте жеңіске жететініне күмән жоқ.

Бұрынғы сайлаудағы тәрізді (2007 жылы ақпанның 11-і мен 2012 жылы ақпанның 12-сі күні өткен президент сайлаулары) президент болудан үміткер басқа да кандидаттар сайлауға түседі. Бірақ «қарсылас» кандидаттардың Түркіменстан халқы танымайтын, белгісіз адамдар болатыны анық, олар өздеріне тиесілі рөлді ойнап шығады.

Сайлау кампаниясы мен оның нәтижесі де бұрынғы екі сайлаудан ерекшеленбейтіні белгілі. 2007 жылы Бердімұхаммедов 89 пайыз дауыс жинаса, 2012 жылы 97 пайыз дауыс иеленген.

Бірақ бұрынғы билікке талас пен 2017 жылғы сайлаудың ерекшелігі – қазір Түркіменстан 25 жылдық тарихындағы ең қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Осы жолы Бердімұхаммедов ел алдына шығып, қандай сөз сөйлемек, мені сол қызықтырады.

Неліктен Түркіменстан халқы ақпанның 12-сі күні сайлау бөлімшелеріне келіп, «Арқадағқа» дауыс беруге тиіс? Мен Бердімұхаммедовтің ел алдындағы сөздерін жазатын спичрайтері емеспін, бірақ науқан кезінде кейбір жайттарды ұмытып кетуі мүмкін деп алаңдаймын.

Түркіменстандағы жағдайды кеңірек таныстыру үшін түркімен президентіне сайлау науқаны кезінде айтатын сөздерін жазып берейін деген шешімге келдім. Оның өзіне тән стилін сақтауға тырыстым.

(Ескерту: Түркіменстандағы жағдай адам күлерлік емес, оны жақсы білемін. Мақаланың мазмұны жеңілдеу көрінгенімен, шындықты жеткізуге тырыстым).

БЕРДІМҰХАММЕДОВТІҢ «ҮНДЕУІ»

Түркіменстанның ұлы әрі шектен тыс төзімді халқына сәлем бердік! Президент сайлауында маған дауыс берулеріңізді сұраймын. Көптеген уәде беремін, мүмкін кейбірі орындалып та қалар.

Бүгін мен президент болған кейінгі бес жыл туралы айтпақпын. 2012 жылы маған дауыс беруді сұрағанда 2011 жыл енді аяқталып жатқан еді, ол кезде Дүниежүзілік банк (ДБ) «елдегі ЖІӨ (жалпы ішкі өнім – ред.) өсімі 14,7 пайыз» деген болатын.

Қазір заман басқа. Өткен жылы ЖІӨ өсімі ДБ дерегі бойынша 6.5 пайыз болса, биыл бұл көрсеткіш 6,2 пайызға төмендеді. Оған үкіметті емес, ғаламдық экономикалық дағдарысты айыптау керек екенін мен де, басқа шенеуніктер де ескерттік.

Осындай сырттан келген экономикалық мәселелер Түркіменстанға көптеген проблема тауып берді. Бес жыл бұрын табиғи газ бағасы әлемдік нарықта қазіргіден екі есе қымбат тұратын еді. Біз экспортқа шығаратын жалғыз өнім газ екенін сіздерге айтпауға тиіспін.

2012 жылы Түркіменстан газды экспорттау бағытын әртараптандыруды қолға алды. Біз газды үш тұтынушыға экспорттаймыз, жақында екі үлкен нарыққа жаңа бағыт ашу жоспарланып отыр.

Біздің газды сатып алатын Қытай мен Иран ғана. Өкінішке қарай, 2015 жылы Ресей досымыз бізден газ сатып алудан бас тартып, Өзбекстаннан сатып ала бастады. Шынын айтқанда, Қытайға экспорттайтын газымыздың біразы бірнеше миллиард қарызды өтеуге кетеді.

Иранның ақша төлемей, тауармен есептесетіні де шындық. Бірақ Үндістанға және Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға, одан ары Еуропа елдеріне газ таситын құбырлар салудан әлі де үміттіміз.

Әзірге мұның бәрі жоба күйінде тұр. Еуропаға газ экспорттау үшін «Транскаспий» газ желісін салсақ деген ойымыз әлі жүзеге аспады, көршілеріміз Ресей мен Иранның қарсылығын ескерсек, ешқашан орындалмауы да мүмкін.

Біздің үкімет пен БАҚ Түркіменстан аумағында Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан (TAPI) газ желісінің құрылысы басталғаны туралы хабарлады. Құрылыстың суретін көрсете алмаймыз, бірақ үкімет құбырды салудың пайдасы туралы ескертіп отыратын болады.

TAPI-ді «виртуалды» құбыр желісі деп атайтындарға мән бермеңіз. Бес жыл бұрын, Ауғанстанның солтүстік-батыс аудандарында, біздің шекарамызға жақын аймақта адамдар біршама тату өмір сүрді. Қазір олай емес. Қазір Түркіменстанмен шекаларас аумақтың бәрінде атыс болып жатыр.

Сондықтан Ауғанстан арқылы газ желісін өткізу қиын болуы мүмкін. TAPI құбырының жолында орналасқан Пәкістанның Белуджистан ауданында да осындай жағдай болып тұр.

Ауғанстанға келсек, біздің үкімет шенеуніктері айтқандай, шекарамызда ешқандай қауіпсіздік проблемасы жоқ. Ауған шекарасында соғысқан немесе опат болғандар туралы айтатын солдаттар мен шекарашылардың сөзіне сенбеңіздер.

Ашғабаттағы жаңа ғимаратты ашу салтанаты.
Ашғабаттағы жаңа ғимаратты ашу салтанаты.

Осы жылдың басында 25 жыл тарихымызда алғаш рет әскерімізді жұмылдырғанымызға да мән бермеңдер, соңғы уақытта Қытайдан жаңа қару мен зымыран жүйесін сатып алғанымыз да алаңдайтын дүние емес.

БҰҰ мойындағандай біздің саясат «позитивтік бейтарап», сол арқылы жақсы қорғанып келеміз, қыркүйек айында конституцияға енгізілген өзгерістер де соны растады. Айтпақшы, сол кезде президенттің бұрынғыдай бес жыл емес, жеті жыл билік құратыны да заңға жазылды.

Сыртқы әлемді сөз еткеніміз жетер, енді кейінгі бес жылдағы Түркіменстанның жетістіктерін айта кетелік. Осы жылдың басында айтқанымдай, дамудың шыңына жеткеніміз соншалықты, мемлекет азаматтарға жәрдемақы беруді тоқтатты.

Түркіменстан халқының жағдайы бақуатты, сондықтан тегін электр қуаты, газ, су сияқты қажетсіз сыйлықтарды доғарамыз. Дегенмен мұндай қажетті заттар арасында беріліп тұрады.

Экономикалық қиындықтар да кездесіп жатыр. Біразыңыз жұмыссыз қалдыңыздар, әсіресе газ және мұнай саласында істейтіндер қызметтен айрылды. Шетелдік БАҚ Түркіменстанда жұмыссыздық деңгейі 50 пайыздан асты деп сөйлей береді.

Шетелдік басылымдар немесе сыртқы ұйымдар оны қайдан біледі? Оларды елге кіргізбейміз, үшінші рет сайлауға түсер кезде де үкімет қажетсіз адамдарды жолатпауға тырысады, оларға шынайы ақпарат бермеуіміз керек. Шетелдіктерге қажетті деректер мен цифрларды үкімет өзі береді. Оның бәрі үкіметтік сайттар мен мемлекеттік БАҚ беттерінде бар.

Сіздердің араларыңызда жалақысын алмағандар да бар, біразыңыз еңбекақыны бірнеше айдан соң кешіктіріп алып жатырсыздар. Әзер қолға тиген жалақының бір бөлігін Азия халықаралық жауынгерлік ойындарына арнап салынатын нысандарға деп ұстап қалғанда реніш білдірмегендеріңіз үшін алғыс айтамын. Бұл ойындар алдағы жылы астанамыз Ашхабатта өтетінін білесіздер.

Мен «ұстап қалғанда» дедім бе? Кешіріңіздер, сіздер оны ойын нысандарын салу үшін «ерікті түрде» бергенсіздер. Жалақыңыздың бір бөлігін ұстап қалған шенеуніктер қағазға солай қол қойдырып алды.

Ашхабаттағы ескерткіш.
Ашхабаттағы ескерткіш.

Түркіменстанда өндірілетін негізгі тауарлардың сапасы өте жоғары екенін байқап жүрміз. Көпшілігіңіз дүкен алдында ұзақ-сонар кезекке тұрасыз. Түркіменстан өнімінің сапасы жақсы екені соншалық, адамдар сағаттап күтіп, ең қажетті азық-түлікті тиесілі үлесімен ғана алады.

Барлық құжатты ала келуді ұмытпаңыз – тұтас отбасына арнап тауар алудағы шектеуді сақтаңыз. Азық-түлік тапшылығы мен негізгі тауарлар бағасының қымбаттауы туралы айыптауларды мен... пікір білдірмей-ақ қояйын.

Шылым шегетіндерге келсек, алдымен, шылым шегудің денсаулыққа зиянды екенін ескертемін. Шыдамай бара жатсаңыз, бір қорап темекіні 20 доллардан төмен бағаға сатып аласыз. Бір-екі ай бұрынғымен салыстырғанда бұл жетістік. Иә, біз сатып алуға болатын қорап санын шектейміз... ол жаман әдет қой.

Доллармен айтсам да, қазір біздің елде доллармен есеп айырысу заңсыз екенін ескерту қажет емес болар. Бір АҚШ долларына жеті немесе одан да көп манат ұсынатын көлеңкелі нарықта шаруамыз жоқ. Түркіменстан үкіметі бір долларға 3,5 манаттан артық бермейді.

Сөзімді қорытындылай келе, сырттан келген экономикалық қиындықтарға қарамастан Түркіменстан үкіметі тамаша жобаларға қаржы бөлуін тоқтатпағанын ескертемін. 2013 жылдың мамырында Гиннестің рекордтар кітабына ақ мәрмардан салынған ғимараттардың тығыздығы ең жоғары болғаны үшін енген «Ақ қала» - Ашхабатқа қараңыздар. Мақтануға тұрарлық қой.

Әлбетте, елдің бәрі ондай ғимаратта тұрып немесе жұмыс істеп жатқан жоқ, олардың саны аз, дегенмен қасынан өтесіздер ғой. Өте әдемі көрінеді емес пе? Сондықтан ғимараттың сыртына шығып тұратын кондиционерді алып тастау туралы үкіметтің бұйрығы орынды. Ауа салқындатқышты температура 40 градустан асатын төрт-бес ай бойы ғана қолданасыздар, қалған уақытты оның қажеті жоқ.

Каспий теңізінің шипажай аумағы - Авазада да жұмыстар жалғасып жатыр. Авазаны жобалауға және бес жұлдызды керемет қонақүйлер салуға миллиардтаған доллар жұмсадық, Каспий теңізі жағалауындағы қонақүйлердегі орындардың 20-30 пайызына кей кездері адам түсетін болды.

Үкімет бұл өнер туындысына қолдау көрсете береді. Алдарыңызда сөйлеп тұрған адамның 2015 жылы мамырда Ашхабатта ашылған, атқа мінген ескерткіші туралы айтпай-ақ қояйын. Атым екеуіміздің алтын жалатылған мүсініміз табиғатымызды көрсетіп тұрған жоқ па?

Жұмыспен жүріп 40 шақты кітап жазу маған оңай тимеді, биылдың өзінде жеті кітабым жарық көрді. Жаңа әндер жазуға да біраз уақыт жұмсадым, оның бәрін мемлекеттік телеарнадан өз орындауымда көре аласыздар.

Сөзімнің соңында әр түркімен азаматына үндеу жасағым келеді. Сіз жұмыс істейтін немесе жартылай істейтін адам немесе жұмыссыз болсаңыз да, үкіметті қолдаушы немесе мемлекет есебінен психологиялық мәселесін шешу үшін ем қабылдаушы болсаңыз да, өміріңізге риза болсаңыз да немесе билік сізді тура жолға салуға тырысып жүрген болсаңыз да, даусыңызды маған, Гурбангулы Бердімұхаммедовке беріңіз.

10 жылдан бері сіздерге президент болып келемін, қыркүйек айындағы заңға енгізілген өзгеріс нәтижесінде әлі қанша билікте отырарымды Құдай біледі. Сайлауға келіп, дауыс беріңіз. Бермей жатсаңыз, оны да біліп қоямыз.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG