Басылымның жазуынша, Бейбітшілік корпусының бұл елде екі жылдан бері жүрген алты еріктісі жұмыстарын бітіріп үлгермесе де, Түркіменстан үкіметі олардың визаларын ұзартпай, жұмыстарын жалғастыруға рұқсат бермей қойған.
БЕС ОБЛЫСТА 18 ЕРІКТІ ҚАЛДЫ
«Бейбішілік корпусының алты еріктісі 2012 жылдың наурыз айында Түркіменстаннан кетіп қалды. Олар АҚШ-қа Түркіменстанда 24 ай жүрген соң қайтты. Бірақ олар өздері жоспарлаған мезгілден сәр ертерек кетуге мәжбүр болды. Себебі олардың виза мерзімдері созылған жоқ. Қазір Бейбітшілік корпусы жетекшілері мен АҚШ елшілігі Түркіменстан үкіметімен олардың осы елдегі болашақта жаңа жоспарлар бойынша ауқымды көлемде жұмыс жасау туралы келіссөздер жүргізіп жатыр» дейді Түркіменстандағы АҚШ елшілігі сәуірдің 3-інде электронды пошта арқылы берген мәліметінде.
АҚШ-тың Ашғабаттағы елшісінің ақпаратына қарағанда, Түркіменстанның бес облысында Бейбітшілік корпусы бағдарламасымен барған 18 ерікті жұмыс жасап жүр.
Еurasianet сайтының жазуынша, Бейбітшілік корпусы бағдарламасы бойынша 1993 жылдан бері Түркіменстанда барлығы 750 ерікті жұмыс істеген. Визаға қатысты сан түрлі түсініксіз кедергілер соңғы жылдары бірнеше рет қайталанған. Сондықтан бұл бағдарламаның жабылып қалуы Орталық Азия елдерінің бақылаушылары үшін тосын жайт емес.
«ҚАЗАҚСТАН БЕЙБІТШІЛІК КОРПУСЫНА РАЗЫ»
Мақала авторының ойынша, мұндай кедергілер Орталық Азияда жаппай жүріп жатыр. Былтыр Қазақстан үкіметі де аяқ астынан бұл бағдарламаны тоқтатып тастады. Қазақстан басшылары Бейбітшілік корпусы жайлы жылы лебіз білдіре отырып, болашақта оның жәрдеміне мұқтаж емес екенін мәлімдеген. Автор ерікті америкалықтардың Қазақстанда тегін атқарған жұмыстары туралы да аз-кем ақпарат беріп өткен.
Қазақстандағы еріктілер сонымен қатар өздерінің кету себептерін «зорлау оқиғаларымен, терроризм қаупімен, жұмыс жасауға қолайлы ортаның жоқтығымен», тіпті кейбір еріктілерді «тыңшылық жасады» деген айыптаумен» байланыстырған.
Қазақстанда 1992-2011 жылдары жұмыс істеген Бейбітшілік корпусы ұйымының бірнеше жүздеген еріктісі білім беру ісіне, қоғамдық шараларға көмектескен еді.
БЕЙБІТШІЛІК КОРПУСЫН ҚАЙТАРҒАН ЕЛДЕР
Еurasianet сайтындағы мақала авторы Бейбітшілік корпусы бағдарламасының Ресей мен Орталық Азияның басқа елдеріндегі жағдайына да тоқталады.
Ресей де Қазақстанға ұқсас сылтаулармен бұл бағдарламаны 2002 жылы жауып тастаған.
Өзбекстан Бейбітшілік корпусы еріктілерін 2005 жылы Әндіжан оқиғасынан соң-ақ елден шығарып жіберген.
Ал Тәжікстанда бұл бағдарлама ешқашан жұмыс жасамаған.
Бейбітшілік корпусы қазір Қырғызстанда ғана жұмыс жасап жатыр. Оның өзі 2010 жылы Бішкекте толқу басталғанда жабылуға аз-ақ қалған. Корпус АҚШ азаматтарының амандығы үшін еріктілерді түгелдей Манас әуе базасына жинап алған еді.
Бейбітшілік корпусы – АҚШ үкіметінің 1961 жылы құрылған тәуелсіз федералдық ұйымы. Содан бері корпустың 195 мыңнан астам еріктісі әлемнің 139 еліне барған.
Ұйымның сайтындағы ақпаратқа қарағанда Бейбітшілік корпусы өкілдері бұған дейін Африканың кейбір елдерінен де кеткен. Бірақ оның себептері де айтылмайды.