Бұл ақпаратқа қатысты ұйымның өзі әу баста ешбір түсініктеме бермеді. Мәліметті АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі хабарлады.
– Біздің түсінуімізше, Бейбітшілік корпусы Қазақстаннан кетеді. Ұйым бұл хабарды өз сайтында енді жариялайтынын айтып отыр. Барлық себебін, бұдан кейінгі жоспарын, неге бұлай болғанын егжей-тегжейлі жазатын шығар, – деді елшіліктің өкілі Перизат Жақыпова.
Кешке таман ғана Бейбітшілік корпусының сайтында бірқатар себептерге байланысты еріктілерінің Қазақстандағы жұмыстары доғарылғанын хабарлаған мәлімет шықты. Ол себептердің не екені айтылмаған. Қазақстандағы 117 еріктінің қауіпсіз жерде екені ғана жазылған.
ТЕРАКТІДЕН ҚАУІПТЕНУ
Ұйымның жұмысы тоқтатылғанын Бейбітшілік корпусының Қостанайдағы еріктілер жұмысын үйлестіруші Татьяна Зуева да растады.
– «Бейбітшілік корпусы өз жұмысын тоқтатады» деген ақпарат алдық. Алайда себебін білмеймін. Енді қазір қаладағы 5 еріктімен қоштасып жатырмыз, кішігірім дастархан жайдық, – деді Татьяна Зуева.
Оның сөзінше, Қостанай облысында барлығы 15 ерікті жұмыс істеген. «Бейбітшілік корпусының ішкі заңы бойынша еріктілер түсініктеме немесе сұхбат бере алмайды, сондықтан, олардың жұмысы мен көңіл күйі жайлы мен-ақ айтайын» деді Татьяна Зуева.
– Еріктілер жергілікті мектептерде ағылшын тілінен сабақ беріп, көмектесіп жүретін. Олар өздерін жақсы қырынан көрсеткен еді. Қазір бәрі қимай отыр, – дейді Бейбітшілік корпусының Қостанайдағы еріктілер жұмысын үйлестіруші Татьяна Зуева.
«Интерфакс» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қарағандыдағы аталмыш корпуспен және USAID ұйымымен әріптес "Ассоль" халықаралық мектебі де Бейбітшілік корпусы еріктілерін - ағылшын тілін үйретіп жүрген шетелдіктерді кері шақыртқан хат алған.
- Кеше маған Қазақстандағы АҚШ елшілігінен ескерту жіберіп, діни экстремистерге байланысты жайсыз оқиғаларға орай Бейбітшілік корпусы мұғалімдерін кері шақыртып жатқанын хабарлады, - дейді "Ассоль" мектебінің директоры Лариса Койсина.
Оның сөзінше, еріктілер «Тараздағы оқиғадан соң, Қарағанды мен басқа да аймақтарға тараған қауесеттен кейін өз өмірлерін ойлап алаңдайтындарын» айтқан.
ЗОРЛЫҚ
Еріктілер блогтарында Қазақстандағы әріптестерінің зорлыққа ұшырағандары туралы жазады.
«Менің ойымша, ең үлкен қауіп - биыл бірнеше ерікті әйелдің зорланғаны» деп жазады волонтер Майкл Хэнкок «Регистан.нет» сайтындағы жазбасында.
Биыл шілде айында Түркістанда АҚШ-тың 23 жастағы азаматы, орта мектепте жұмыс істеп жүрген қыз зорланған еді. Бір айдан кейін Қазақстан ішкі істер министрлігі бұл қылмысқа күдікті адамның ұсталғанын хабарлады.
Қазан айында Бейбітшілік корпусының Қарағандыдағы еріктісі осындай зорлық-зомбылыққа душар болды.
Осы ұйымның тағы бір еріктісі Джошуа Фаусттың жазуынша, Бейбітшілік корпусының қызметкерлері осындай зорлыққа ең көп ұшыраған ел - Қазақстан. Ол Қазақстанға келген афро-америкалық еріктілердің нәсілдік кемсітушілікке ұшырайтынын да айтады.
Бейбітшілік корпусы – АҚШ үкіметінің 1961 жылы құрылған тәуелсіз федералдық ұйымы. Содан бері корпустың 195 мыңнан астам еріктісі әлемнің 139 еліне барған.
Қазақстанда 1992 жылдан бері жұмыс істеген ұйымның бірнеше жүздеген еріктісі білім беру ісіне, қоғамдық шараларға көмектесті.
Ұйымның сайтындағы ақпаратқа қарағанда Бейбітшілік корпусы бұған дейін Түркіменстаннан, Африканың кейбір елдерінен кеткен екен. Бірақ оның себептері де айтылмайды.