Республикашыл сенатор Марк Рубио мен Вермонт штатынан сайланған тәуелсіз сенатор Берни Сандерс конгрестің Қытай жөніндегі қоспартиялы атқару комиссиясының Тохтиді сыйлыққа ұсыну туралы хатына қол қойған.
"Бұл ұсыныс дәл уақытында жасалды деуге келмейді. Себебі, Қытай үкіметі мен коммунистік партиясы адам құқығын өрескел бұзуын тоқтатпай отыр. Оның үстіне бір миллионнан астам ұйғыр мен өзге де аз ұлт өкілдері "саяси қайта оқыту лагерьлеріне" жабылған" деді Марк Рубио.
"Комитет Ильхам Тохтидің ұйғырлар мен қытайлар арасындағы этникалық келісім мен түсіністікке бейбіт түрде қолдау көрсету талпынысын мойындайды" деді ол.
Нобель комитетінің төрағасы Берит Рейсс-Андерсен және комитет мүшелерінің атына жазылған хатта конгресмендер "2019 жылы комитетті Қытайдағы адам құқықтары мен бейбітшілік жолында күш қолданбай күресудің үлгісіне айналған Тохтиден артық ешкім мойындатқан жоқ деп санаймыз" деп жазған.
Ильхам Тохти - ұйғырлардың құқығын қорғаумен айналысқан Қытайдағы танымал белсенділердің бірі. "Сепаратизм" бойынша айыпталған белсенді 2014 жылы қыркүйек айында өмірлік түрме жазасына кесілген. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.
49 жастағы ғалым дәрістері мен сұхбаттарында Қытай билігінің Шыңжаң өлкесіндегі мұсылман ұйғырларға қатысты саясатын сынағаны үшін сотталған.
ВИДЕО: Шыңжаңның өткені мен бүгіні (Қаңтар айы, 2019 жыл)
2016 жылы Ильхам Тохтиге адам құқығын қорғау саласындағы ең беделді сыйлықтардың бірі - Мартин Энналс атындағы сыйлық берілді.
АҚШ пен Еуроодақ Қытай билігін бірнеше рет Ильхам Тохтиді босатуға шақырғанмен Пекин бұған еш реакция білдірмеді.
Соңғы екі жылдан бері Шыңжаңда аз ұлттардың қуғынға ұшырағаны туралы ақпарат шығып жатыр. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген.
Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин қысымды "экстремизмге қарсы шара" деп мәлімдеді және "қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығады" деген ақпарат таратты.
Ұйғырлар - Қытайдың батысындағы Шыңжаң өлкесін мекендеген ең байырғы ұлттардың бірі. Мұнда ұйғырлардан бөлек бір миллионнан астам қазақ тұрады. Оған қоса, қырғыз, тәжік, татар, дүнгендер де бар.
ПІКІРЛЕР