Accessibility links

"Украина Ресейді АҚШ қаруымен атқылауға рұқсат алды". Америкалық БАҚ Ақ үй шешім қабылдады деді


Президент Джо Байден әкімшілігі Украинаға Ресей аумағын Америка қаруымен атқылауға рұқсат берді. Бұл туралы 17 қараша күні өз дереккөздеріне сілтей отырып The New York Times газеті, Associated Press және Reuters ақпарат агенттіктері хабарлады.

Ақ үй әлі бұл туралы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Расталған жағдайда, бұл АҚШ-тың Украинаны қолдау саясатындағы елеулі өзгеріс болмақ.

Reuters дереккөздерінің айтуынша, Киев АҚШ қаруымен мұндай шабуылда алдағы санаулы күнде жасамақ. Агенттіктің ақпарат көзі бұдан өзге мағлұмат бермеді.

Reuters хабарына қарағанда, Украина АҚШ-тың 300 шақырымға дейінгі нысананы дәлдейтін ATACMS зымырандарын қолданатын көрінеді. Ақпарат агенттігі мұны үш дереккөзіне сілтеп хабарлап отыр.

20 қаңтарда президенттік мерзімі аяқталатын Джо Байденнің әкімшілігі АҚШ-тың Украинаға көмегін арттыру жолдарын қарастырып келген.

Жаңа сайланған президент Дональд Трамп Байденді Украинаға көрсеткен қолдауы үшін айыптап, президент болып сайланса, Украинадағы соғысты дереу аяқтайтынын мәлімдеген. Бірақ ол айтқан шарттар Украина үшін өте қолайсыз болған.

Associated Press дереккөздерінің айтуынша, Байден бұл шешімді Солтүстік Кореяның Ресейге әскер жіберуіне жауап ретінде қабылдаған. Түрлі көздердің хабарлауынша, Солтүстік Кореяның мыңдаған сарбазы орыс әскеріне Ресейдің Курск облысын украин күштерінен азат етуге көмектесу үшін келген.

Бұған дейін Кремль АҚШ-қа және өзге де Батыс елдеріне сес көрсетіп, ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандарымен Ресейді атқылауға рұқсат берсе, жағдайды едәуір ушығады деген.

2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кірген Ресей бұл елді түрлі ракетасымен атқылап, әскери нысандармен бірге азаматтық нысандарды қатар қиратып, бейбіт тұрғындардың қазасына себепші келген.

17 қараша күні Украинаның энергетика жөніндегі құзырлы органы Ресейдің жойқын әуе шабуылынан кейін 18 қарашада электр энергиясын тұтынуда шектеулер болатынын хабарлады. Бұл – Украина энергетика инфрақұрылымына бағытталған ең ірі шабуылдарының бірі.

Ресейдің бұл шабуылын Еуроодақ, НАТО және Батыстағы өзге де одақтастар айыптаған.

"НАТО Ресейдің Украинаға қарсы ауқымды шабуылын; адамдарды өлтіріп, халықты үрейлендіріп, маңызды энергетикалық инфрақұрылымды нысанаға алатын шабуылды айыптайды" деді ұйымның баспасөз хатшысы. "Біз Украина жағында болып қала береміз және одақтастар Украина қорғанысын үлкен күшпен қолдауды жалғастыра береді".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG