Тамыздың басында Украина оңтүстігіндегі Херсон облысында шабуылын үдетіп, Днепр өзеніндегі көпірлер мен Ресей қару-жарақ қоймаларын атқылаған. Ресей Украинаның қарымта шабуылы болады деп әскери күштерінің елеулі бөлігін Донбастан оңтүстік батысқа қарай көшірді.
Ал өткен аптада Украина күштері елдің шығыс бөлігінде, Харьковтың оңтүстік-шығысында қарымта шабуыл бастады. Бұл аймақта Ресей әскерінің саны аз, қорғанысы әлсіз болып шықты. Осының әсерінен Украина қарымта шабуылы үлкен қарқынмен алға жылжып, Оскилл өзеніне дейін жетті, Донбастағы соғыс картасын қайта сызып шықты.
Осы шабуылдардан кейін сарапшылар Украинаның жеті айға ұласқан соғыстың мәнмәтінін өзгертіп жібергенін айтады.
Осыған дейін бірталай апта бойы Ресей мен Украина әскері бір-бірін ығыстыра алмай, тең жағдайда болып келген. Оңтүстік-батыста Днепр өзенінен солтүстік-шығыста Луганск пен Донецкіге дейінгі аралықта 2400 шақырымдық соғыс шекарасында елеулі өзгеріс бола қойған жоқ еді.
Жаз айларында Украинаға Батыс қаруы үлкен көлемде келіп, соғыстағы жағдай бірте-бірте өзгере бастады. Бірақ кейінгі алты күндегі оқиғалар соғыстың өрбу бағытын түбегелей өзгерткендей болды.
"Украина қазір соғыс тізгінін өз қолына алды" дейді Австралия әскерінің зейнетке шыққан генерал майоры, Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығында тағылымдамадан өтіп жүрген Майк Райан. "Қазір Ресей Украина қай жерде шабуылдаса, сол жерде соғысуға мәжбүр".
"Харьковте жабдықтары мен әскерінен айырылғаны Ресейдің дәл қазір қысқа және орта мерзімде қандай да бір шабуыл бастауға қауқарсыз екенін білдіреді" дейді Rochan Consulting компаниясының қорғаныс жөніндегі сарапшысы Конрад Музыка.
10 қыркүйек күні Украина күштері Изюм қаласын бақылауға алғанын мәлімдеді. Бұл қала Харьковтың оңтүстік-шығысындағы теміржолдағы маңызды стратегиялық елдімекен болған. Ресей күштері жаз айларында батысқа қарай жылжығанда осы қалаға қатты сүйенген. Ресей 24 ақпанда Украинаға басып кіргенде санаулы күннен соң-ақ Изюмге шабуылдай бастаған. Қаланы бірден ала алмай, құрсауға алып, наурыздың соңында ғана Украина күштері шегінгенде бақылауға алды.
Telegram, Twitter секілді әлеуметтік желілерде Ресей бақылауында болып келген қалаға Украина туы ілініп жатқанын бейнелейтін видеолар көп тарады. Ал Украина билігі бір апта ішінде Ресей сәуірден бері жаулап алған жерден көп аумақты тартып алғанын мәлімдеді.
"Біз тек оңтүстік пен шығысқа қарай ғана емес, солтүстікке қарай да алға басып келеміз" деді Украина қарулы күштерінің басшысы генерал Валерий Залужный 11 қыркүйек күні Telegram желісінде.
Оның сөзінше, қыркүйектің басынан бері Украина күштері 3000 шаршы шақырым жерді өз қолына алған.
11 қыркүйектің кешінде тәуелсіз көздермен расталмаған дереккөздер Украина күштерінің Ресей шекарасына дейін жеткенін хабарлады. Луганск облысының губернаторы Сергей Гайдай Украина әскерінің Лисичанск төңірегінде жүргенін меңзеді. Северский Донецк өзенінің бойындағы негізгі қала шілденің басында Ресей бақылауына өткенде Украина әскеріне үлкен сын болған.
ҚОЛБАСШЫЛАРДЫ ЖАЗАЛАУДЫ ТАЛАП ЕТТІ
Украиналықтар жеңіске жол бастап келеміз деп қуанып жатқанда Ресей бұл жағдайға басқаша баға беруге болатынын мәлімдеді.
Ресми түрде Мәскеу Украина күштерінің алға жылжығанын не Ресей әскерінің жеңіліс тауып жатқанын растаған жоқ. Елдің қорғаныс министрлігі әскерді Изюм мен Балаклея маңынан кері алдырып, қайта топтастырып жатқанын айтты.
Ал мәскеуліктер 10 қыркүйек күні салтанатты отшашудың куәсі болып, қала көшелеріндегі биді тамашалады. Қаланың 875 жылдығын астаналықтар осылай атап өтті. Ал сол күні Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде самбо орталығы мен аттракциондағы шолу дөңгелігін ашу салтанатына қатысты.
Ал Ресей әскери блогерлері мен әсіре ұлтшылдары ашуға булығып, Telegram каналдарында ресейлік қолбасшылар сынап жатты.
Ресей барлауының бұрынғы қызметкері, 2014 жылғы Донбасстағы соғыста рөл атқарған, қазір Ресей әскерін сынап отыратын атышулы офицер Игорь Гиркин мысқылдап "Изюм, Балаклея және Купянск қалаларын біздің құрметті украиналық әріптестерімізге беру жөніндегі керемет операция" деді. Мұнымен тоқтап қалмай Ресейдегі Белгород облысының Украинамен шекаралас аудандарын да "бере салуды" ұсынды.
Ал Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Ресей қолбасшыларының "қателік жібергенін" айтып, Украина күштерінің жетістіктерін "керемет" деп атады. Шешенстанның "қадыровшылар" дейтін әскери құрылымы Украинадағы соғыс алаңындарында көрінген.
"Егер бүгін-ертең арнайы әскери операцияны жүзеге асыруда өзгеріс болмаса, ел басшылығына хабарласып, Жердегі шынайы жағдайды түсіндіруге мәжбүр боламын" деп жазды Қадыров Telegram каналында.
"Қорғаныс министрлі сияқты стратег емеспін. Бірақ қателіктер кетті" деп жазды ол постында. "Бірақ мен бұдан қорытынды шығара аламын. Кісінің бетіне шындықты айтқанда, жақтырмауы мүмкін. Бірақ мен шындықты айтқанды құп көремін".
"Осы жағдайға әкелген қолбасшыларды жазалаудан уақыт келді" деді танымал ресейшіл әскери блогер Максим Фомин 9 қыркүйектегі видеода.
Соғысқа дейін сарапшылар Украина қарулы күштерінің әлеуетін төмен бағалап, қару-жарағы мықты деген Ресейге төтеп бере алмайды деп болжаған. Бірақ украиндар Ресейдің солтүстіктен Киевке төнген шабуылына тойтарыс беріп, Ресей әскерін Донбассқа қарай тықсырды. Ресей әскері сол жақта жүріп үлкен артиллерияның күшімен кей жерлерді өз бақылауына алған еді.
Харьковке үлкен күшпен түсіп, алға жоғары жылдамдықпен жылжыған украин күштері көптеген сарапшыны аң-таң етті. Олар соғыстың осылай өрбитінін болжай қоймаған.
Райан Украинаның алға жылжуын қос бағыттағы қарымта шабуылдың бір бөлігі, "жақсы құрылған жоспар" деп атады.
"Херсон[дағы шабуыл] алдамшы шабуыл емес еді" дейді ол. "Бұл – өте тыңғылықты жоспарланған және Ресейдің қарсығын еңсерген маңызды операция. Солтүстік пен оңтүстіктегі операциялар Украинаның ұқыптылықпен құрған жоспарының бөлшегі болып отыр".
"Меніңше, украиндар үш-төрт механикалық бригадамен барып, не боларын анық білмеді" дейді Музыка Азаттыққа. "Кемі ресейліктердің қорғанысын сынап, не боларын көру үшін барды".
"Нәтижесінде Ресей қорғанысы күйреп қалды" дейді ол.
Украина әскерінің мұндай қарқынмен жетістікке жетуінде сарбаздардың рухы рөл атқарғаны айтылып жатыр. Десе де Батыс қаруының да көмегі мол болды. Батыс берген техникалардың арасында америкалық HIMARS артиллериялық жүйелері, M777 гаубицалары, жоғары жылдамдықпен ұшатын зымырандар, франциялық Цезарь гаубицалары, Германияның өздігінен жүретін артиллериялық жүйелері бар. Бұл қарулар Украина күштеріне алыстағы нысананы дәлдеуге мүмкіндік берді. Олар осының арқасында Днепр өзеніндегі көпірлерді, Харьков пен Луганск облыстарындағы әскери бекеттерді атқылай алды. Ресей зымырандары сол жерлерден жау әскерін нысанаға ала алмайтын еді.
Әскери сарапшылар енді не болар деп ойланып отыр. Украиндар осы екпінмен алға жылжи бере ме? Оған соғыс алаңдарын ұлғаюы кедергі келтірмей ме? Ресейліктер қайта топтасып, қарымта шабуылға тойтарыс бере ала ма? Қорғаныс мамандары осы сұрақтардың жауабын іздеп әлек.
"ОЛАР ҚАЗІР РЕСЕЙ ӘСКЕРІНЕ МЕЙЛІНШЕ КӨП НҰҚСАН КЕЛТІРЕ АЛАДЫ"
Ресей әскеріне шабуылын үдетуге сарбаз санының аздығы қатты кедергі келтірді. Ресми мобилизация жариялаудан қашқан Кремль жергілікті билік көмегімен жасырын мобилизацияны жүзеге асырып отыр. Олар соғыста қаза таптқан немесе жараланған сарбаздарды алмастыруы тиіс. АҚШ пен Батыс шенділерінің айтуынша, соғыс кезінде Ресей әскері мен ресейшіл сепаратистік аймақтардағы әскери құрылымдар сапында қаза тапқан және жарақат алып қатардан шығып қалғандар саны 80 мың адамға жетіп қалды.
Музыканың сөзінше, мобилизацияның қандай түрі болмасын, тиімді жүзеге аспайды, себебі Украинаның Харьковтегі жетістіктері қатты тарап жатыр.
"Соғыстағы сәтсіздік адам жинауға теріс әсер етеді" дейді ол. "Ресейде тірі күш жоқ. Қазір олардың қолынан келетіні – адамдарды күшпен тарту, мұны тек мобилизация арқылы жасауға болады".
Путиннің жаппай мобилизация жасауға құлықсыздығы сарапшыларды тығырыққа тірегендей болды. Олар бұдан Кремль Ресей қоғамын дүрліктіргісі келмейді деген қорытынды жасады. Мұндай дүрлігу ел арасында соғыстау қолдау деңгейін төмендетуі ықтимал.
Ресей қолбасшыларының Харьковтегі тәжірибелі әскери бөлімдерін Херсонға қарай топтастыруы осы мәселенің қаншалық өзекті екенін көрсетеді.
"Мұның бәрі украиналықтардың күші қаншалық тың екендігіне, логистика деңгейінің қай деңгейде екеніне байланысты" дейді Райан Азаттыққа. "Меніңше, оларға бір-екі апта қатты шабуылдап, одан кейін тынығып алатыны айтылған. Олар қазір Ресейге мейлінше көп нұқсан келтіре алады".
"Меніңше, дәл қазір Ресей күштерінің екпіні Украина операцияларының қарқынына жетпейді" дейді ол. "Украиналықтар операцияларын жылдам жүзеге асырып қана қоймай, бұл операцияларды үлкен географиялық аумақта жүргізіп отыр. Яғни бұл Ресейге әскерін солтүстікте, шығыста және оңтүстікте қатар күшейтуге мүмкіндік бермей отыр".
ПІКІРЛЕР