Accessibility links

Украинада Мәскеуге байланған православ шіркеуінен дау шықты. Оқиғаның мән-жайын түсіндіреміз


Хмельницкий шіркеуіне сыйынуға келгендер.
Хмельницкий шіркеуіне сыйынуға келгендер.

Пасхаға екі апта қалғанда Украинаның батысындағы Хмельницкий қаласында шіркеу қызметкері мен жауынгер арасында төбелес болып, елді дүр сілкіндірген жанжал Мәскеуге байланған Украин православ шіркеуінің құлауымен аяқталды.

"Мәскеу патриархына баруды қою үшін тағы қанша адам өлуі керек?". Бұрынғы әскери дәрігер Артур Ананьев Украин православ шіркеуіне жиналған 100-ге тарта адамға осындай сұрақ қойды.

Осыдан кейінгі оқиғалар туралы естеліктер екіге жарылады. Ананьев "шіркеу қызметкері Игорь Слободян күш көрсетті" дейді. Дінбасылар Артур Інжілді жерге лақтырған соң, оны тоқтатпақ болғанын айтады.

Хмельницкий облыстық кеңесінің депутаты, Ананьевпен бір батальонда болған Виктор Бурлик шіркеудегі жағдайды видеоға түсіріп алған. Әлеуметтік желіде тараған видеодан Слободянның Ананьевті тепкені, бірнеше азаматты шақырып, қолын қайырып, сыртқа шығарып жібергені, кіреберісте құлатып, аяқпен басып тұрғаны көрінеді. Маңдайы қанап, жерде жатқан Ананьев "Ауа жетпей жатыр!" деп жалынады. Слободян "Маған бәрібір" дейді.

Оқиға орнына полиция келіп, Ананьевтің үстінен әкімшілік хаттама толтырады. Ертеңіне жергілікті аууруханада жауынгердің басы жарақаттанғаны анықталғаннан кейін ұлттық полиция оған шабуыл жасағандарға қарсы "бұзақылық" және "жеңіл дене жарақатын салу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.

"Мені ұрып-соққандары видеоға түсіп қалғанын білген жоқпын. Видео болмаса, адамдар шіркеу қызметкерлерінің өтірігіне сеніп, кінәлілер жауапқа тартылмас еді" дейді Артур.

Бұрынғы әскери дәрігер Артур Ананьев.
Бұрынғы әскери дәрігер Артур Ананьев.

Украина 1991 жылы тәуелсіздік алғанымен, елдегі православ шіркеуі Мәскеу патриархына қарасты автономия ұйым болып келген. Яғни іс жүзінде Украинаның діни орталығы Мәскеудегі Орыс православ шіркеуіне бағынатын. Бұл украиндерге ұнаған жоқ. Шіркеудің Мәскеумен байланысына қарсы жылдар бойы қордаланған наразылық былтыр Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін тіпті өршіді.

Желтоқсанда Владимир Зеленский Мәскеу патриархы Кирилл басқаратын Орыс православ шіркеуінен "рухани азаттық" алып беру үшін шара қолдануға уәде еткен. Владимир Путиннің жақын серіктесі деп есептелетін патриарх Кирилл Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қолдаған.

Хмельницкий шіркеуі.
Хмельницкий шіркеуі.

Былтыр мамырда Украин православ шіркеуі Мәскеумен байланысы үзілгенін хабарлады. Бірақ шіркеу қызметкерлері Ресейді қолдайды, Украинаның оккупацияланған аймақтарында орыс әскеріне көмектесіп жатыр деген күдік сейілмеген.

Хмельницкийдегі шудан үш күн бұрын Украин православ шіркеуінің қызметкерлері биліктің талабына қарамастан, ЮНЕСКО "христиан дініндегі маңызды құлшылық орындарының бірі" деп бағалаған Киев-Печерский лаврасынан көшуден бас тартқан. Осыған дейін прокуратура монастырьдің митрополиті Павелді Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын ақтады, діни алауыздық туғызды деген айыппен 60 күнге үйқамаққа жіберген еді. Украина қауіпсіздік қызметінің хатшысы Алексей Данилов мемлекеттің беделіне нұқсан келтірмеу үшін тарихи орында қалғысы келетін монахтарға тимейміз деген.

Бірақ Хмельницкий халқы ештеңеге қараған жоқ. Ананьевтің шіркеу қызметкерлерінен зорлық көргені туралы видео тараған соң, 1000-нан астам (кей деректерде 4000) адам жиналып, "Мәскеу поптары кетсін!", "Масқара!", "Украина жасасын!" деп ұрандаған. Шіркеу терезелеріне Ананьевті ұрып жатқан видеоның суреттерін жапсырған.

Жергілікті депутат Юрий Смаль сол жерде петиция жазып, халықтан қол жинап, елдегі діни қызмет Мәскеуге қарасты Украин православ шіркеуінен Киевті жақтайтын "Православная церковь Украины" ұйымына өткенін мәлімдеді. Аз уақыт ішінде шіркеу басшылығын ауыстыруға 1225 адам дауыс берген. Украина заңы бойынша, халық қай шіркеуге қарайтынын дауыс беру арқылы өзі шешеді.

Хмельницкий шіркеуінің алдында петицияға қол қойып жатқан адамдар.
Хмельницкий шіркеуінің алдында петицияға қол қойып жатқан адамдар.

Митрополит Антоний петицияны көріп, жиналғандарға шіркеу кілтін табыстаған. Осылай билік Киев монастыріндегі қызметкерлерді кетіре алмай жатқанда, Хмельницкий халқы Мәскеудің ықпалындағы Украин православ шіркеуінің өкілдерін бір түнде қуып шықты.

Тұрғындар комиссия құрып, шіркеу мүлкін тәркілей бастады. Олар шіркеу кітапханасынан "Ресей үшін шайқас" сияқты орыс империализмін насихаттайтын кітаптар мен фашист аталған орыс ойшылы Илья Ильиннің еңбектерін тапқан. Қызметкерлердің бірде-бірі Украинаның православ шіркеуіне өтуге келіспеген.

Осы оқиғадан кейін Азаттыққа сұхбат берген Ананьев "Хмельницкий халқы Мәскеу шіркеуінің нағыз бейнесін көргеніне қуаныштымын" деді.

Даулы оқиға болған күні кешкісін Хмельницкий шіркеуінде кейінгі 30 жылда бірінші рет діни қызмет украин тілінде жүрді. Оны 2014 жылы Украинаның шығысында соғыс басталғаннан кейін "орыс шіркеуіне қызмет етіп патриот бола алмаймын" деп, Киевті жақтайтын шіркеуге өткен Даниил Тарнавский басқарды.

Ертеңіне дәл осы шіркеуде ерікті түрде соғысқа кеткен 25 жастағы архитектор Максим Колачестің жаназасы оқылды. Бұл – 2014 жылы Донбасста соғыс басталғалы шіркеуде өткен алғашқы жаназа. Осыған дейінгі дінбасылар тұрғындарға Ресейге қарсы соғыста қаза тапқан украин жауынгерлерін ақтық сапарына шығарып салу рәсімін шіркеуде өткізуге рұқсат бермейтін.

Кейінгі екі аптада Хмельницкий шіркеуінің үлгісімен тағы бес облыстағы үш шіркеу Киевке қарайтын Украинаның православ шіркеуіне өтті. Ресей Украинаға басып кіргелі 700 христиан қауымдастығы орыс шіркеуімен байланысын үзіп, Киевті жақтайтын шіркеуге қосылған. Киевтегі халықаралық әлеуметтану институты жүргізген зерттеуге сәйкес, өзін Украинаның православ шіркеуімен байланыстыратын азаматтардың үлесі 2022 жылы шілдеде 54 пайызға жеткен.

"Қазір табиғи процестен өтіп жатырмыз. Ресей шіркеуді саяси бақылау құралы ретінде пайдаланады. Мәскеу Украинаға басып кіргеннен кейін елде оларды қолдайтын шіркеуге орын жоқ" деді Хмельницкий мэрі Александр Семчишин.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG