Молдова генерал Миннекаев айтқан Ресей жоспарына "қатты алаңдаушылық" білдірді
Молдованың сыртқы істер министрлігі жуырда жарияланған Ресей әскерінің жоспарына алаңдаушылық білдірді. 22 сәуірде Ресей орталық әскери округының жетекшісі міндетін атқарушы Рустам Миннекаев соғыстың екінші кезеңінің мақсаты – Украина шығысындағы Донбасты толық бақылауға алу, оңтүстік Украина, аннексияланған Қырыммен жалғайтын құрлық дәлізін орнату және Молдова шекарасына шығу деп мәлімдеген еді.
СІМ мәлімдемесінде Молдованың бейтараптығын атап өтіп, мұны барлық ел, оның ішінде Ресей де құрметтеуі тиіс деп жазған.
1990 жылы Приднестровье өзін Молдовадан тәуелсіз аймақ деп жариялағаннан кейін Мәскеу ол өңірде совет заманынан қалған қару-жарақ қоймасын қорғауды сылтауратып әскерін енгізген. Содан бері Ресей Приднестровьеде 1400-ге жуық сарбазын ұстап отыр.
Украина қарулы күштері: Ресей Донбастағы "түйісу сызығының" барлық бөлігінде шабуылға шықты.
Ресей әскері Донбастағы "түйісу сызығының" барлық бөлігінде шабуылға шықты. Украина қарулы күштері бас штабының сенбі күнгі шұғыл хабарламасында осындай мәлімет айтылады.
Бас штабтың хабарлауынша, Ресей армиясы Мариупольдегі "Азовсталь" зауыты аумағына шоғырланған украин күштерін әлі қоршауда ұстап отыр. Ресей қалаға әуеден соққы жасауын тыймаған. Бұған қоса, Херсон облысының әкімшілік шекарасына да орнығуға күш салып жатыр. Бірақ Украина армиясының мәліметінше, орыстар едәуір техникалық шығынға ұшыраған.
Ұлыбритания барлау қызметінің соңғы мәліметі
Ұлыбритания барлау қызметі Ресей әскерінің белсенділігі күшейсе де, соңғы тәуліктегі қимылында "елеулі ілгерілеушілік" байқалмағанын хабарлады.
Себеп – Украина әскерінің тиімді қорғанысы мен шабуылы.
БҰҰ бас хатшысы Мәскеуде Путин және Лавровпен кездеседі
Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездеседі. Бұл жөнінде Кремльдің бас хатшысы Дмитрий Песков хабарлады.
Гутерриш 26 сәуірде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен де келіссөз жүргізеді. Сол күні БҰҰ бас хатшысы Путинмен де кездесуі тиіс.
Осыған дейін Гутерриш Ресей басшысынан өзін – Мәскеуде, Украина президенті Владимир Зеленскийден – Киевте қабылдауын сұраған. Гутерриш екі ел басшысымен қарулы қақтығысты бейбіт реттеу жолдары және көпжақты қатынас мәселесін талқыламақ.
БҰҰ бас хатшысы Ресей Украинаға басып кіргелі бері Путинмен кездесетін ең ірі батыс саясаткері болмақ.
11 сәуірде Мәскеуге Австрия канцлері Карл Нехаммер барған. Ол Ресей басшысымен кездесудің "ашық әрі қатаң жағдайда" өткенін мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР