Accessibility links

Украинадағы соғыс: 18-24 сәуір аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз:

  • Ресей зымыраны Одессадағы көп қабатты тұрғын үйге түсті. Президент Зеленскийдің айтуынша, 8 адам қаза болған, арасында үш айлық нәресте де бар.
  • Украина президенті Владимир Зеленский 23 сәуірде Киев метрополитенінде баспасөз жиынын өткізді. Ол Ресей бақылауға алған аумақты Украина көп ұзамай қайтарады деді.
  • 24 сәуірде АҚШ мемлекеттік хатшысы мен қорғаныс министрі Киевке барады.
  • Ресей қорғаныс министрлігі "Москва" крейсерінде адам шығыны болғанын алғаш рет мойындады.
  • Молдованың сыртқы істер министрлігі жуырда жарияланған Ресей әскерінің жоспарына алаңдаушылық білдірді. Онда Молдова да аталған еді.
  • Мариуполь маңындағы Виноградное елді мекенінен бауырластар зиратына ұқсас орын анықталды.
  • Путин БҰҰ бас хатшысымен кездеседі.

Подоляк: Украина тарабы Мәскеудің ұсынысын алды

Украина президентінің кеңесшісі, Украина келіссөз делегациясының мүшесі Михаил Подоляк Киев Мәскеудің ұсынысын алғанын айтып, енді бұл құжатты қарастырамыз мәлімдеді.

"Украина Стамбулдағы келіссөзде (29 наурызда өткен) Ресейге мәселені шешетін өз ұсынысын тапсырған. Ресей тарабы біздің ұсынысымызды қарастырып, бізге өз позициясын жіберді. Енді біздің кезек, бұл ұсынысты қарастырамыз, салыстырамыз, қорытынды жасаймыз" деді ол "Украина 24" медиасына.

Бүгін, 20 сәуірде Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеу Киевке "нақты ұсыныстарын" жібергенін, енді "жауап күтетінін" айтқан.

Мәскеу Киевке қандай ұсыныс жасағаны айтылмады. Ал Украинаның Стамбулдағы келіссөзде Ресейге қандай ұсыныстар жасағанын мына мақаладан оқи аласыз.

Bloomberg: Путин Украинаға басып кіру шешімін Шойгу, Патрушев, Герасимовпен бірге қабылдаған

Bloomberg агенттігі жағдаймен таныс ресейлік шенеуніктермен тілдесіп, соғысқа қатысты шешімдер қалай қабылданғанын білген. Агенттік мақаласының негізгі тұстары:

  • Соғысқа екі апта қалғанда Путин сөйлесетін адамдарының санын күрт қысқартқан. Ол Украинаға басып кіру туралы шешімді қорғаныс министрі Сергей Шойгумен, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушевпен, Бас штабтың жетекшісі Валерий Герасимовпен бірге қабылдаған.
  • Санкциялар мен Ресейдің ішіндегі қысым Путинге әсер ете қоюы қиын. Ол соғыстың ел экономикасына тигізер зор зияны жайлы айтқандарды тыңдағысы келмейді.
  • Путин "соғыс Ресей экономикасын ондаған жылға кері кетіреді" деген аргументтерге "Батыс маған таңдау қалдырған жоқ" деп жауап береді.

Еуропа кеңесінің президенті Чарльз Мишель Киевке келді

Еуропа кеңесінің президенті Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен. 20 сәуір 2022 жыл.
Еуропа кеңесінің президенті Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен. 20 сәуір 2022 жыл.

Еуропа кеңесінің президенті Чарльз Мишель жұрт күтпеген тур жасап, Киевке келді. Ондағы мақсаты Ресей басқыншылығынан зардап шегіп жатқан Украинаға қолдау білдіру.

"Бүгін Киевтемін. Еркін әрі демократиялы Еуропаның жүрегінде" деп жазды ол Twitter-де Украина астанасына келген жария етіп.

Чарльз Мишельді теміржол вокзалынан Украина вице-премьері Ольга Стефанишина қарсы алды. Осыдан кейін ол Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.

Еуропа кеңесінің басшысы соғыстан қатты зардап шеккен Бородянка қаласына барғанын да мәлім етті.

"Бородянкаға барып, ондағы жағдайға куә болдым. Қандай күй кешкенімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Еуропа кеңесінің президенті ретінде емес, әке ретінде, адам ретінде. Соғыс қылмысы жасалған. Олар жазалануы тиіс. Жазаланады" деп жазды ол.

Еуроодақтың Украинаға әскери көмегі 1,5 миллиард еуро болды

Еуроодақтың Украинаға әскери көмегі бір жарым миллиард еуро болды. Еурокеңес басшысы Шарль Мишель Киевтегі сапары кезінде осылай деп мәлімдеді.

Мишель Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Украин басшысының айтуынша, жүздесуде Ресейге қарсы санкциялар, сонымен бірге Еуроодақтың Киевке көрсеткен көмегі сөз болған.

Зеленский Украинаның Еуроодаққа қосылу мәселесі де талқыланғанын мәлімдеді. Жақында ғана украин билігі ұйымға кіруге қажетті сауалнаманы Брюссельге тапсырған.

Мишель Киев түбіндегі Бородянка қыстағында болды. Ресей әскері бұл елді мекенді жақында ғана тастап кеткен. Украина Ресейді бейбіт тұрғындарға қиянат жасады деп айыптап отыр. "Тарих мұнда жасалған әскери қылмыстарды ұмытпайды. Әділетсіз бейбітшілік болуы мүмкін емес", — деп жазды Еурокеңес басшысы Бородянкаға жасаған сапарынан соң.

Ресей әскері 24 ақпанда Украина аумағына президент Владимир Путиннің жарлығымен басып кірді. Осы уақытқа дейін, БҰҰ мәліметінше, екі мыңнан астам адам опат болды. Соғыста қаза тапқандар бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Бес миллионнан астам адам босқын атанды. Жеті миллионнан астам адам ел ішінде көшуге мәжбүр болды.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG