Киев облысында 1084 бейбіт тұрғынның мәйіті табылды
Бұл туралы Киев облысы полициясының басшысы Fндрей Небытов украиналық басылымдарға айтты. Оның сөзінше, қаза болғандардың 75 пайызына оқ тиген. 300 марқұмның кім кені әлі анықталмаған.
Британия премьері соғыс 2023 жылдың соңына дейін созылуы мүмкін дейді
Британия премьері Борис Джонсон Украинадағы соғыс келесі жылдың соңына дейін созылуы мүмкін деген болжам жасады. Бұл туралы ол Делидегі брифингте айтты.
«Путиннің әскері көп, бірақ Ресей президенті қиын саяси тығырыққа тірелді, себебі ол үлкен қателік жіберді» деді ол.
Бұған дейін батыс барлаушылары да Украинадағы әскери қақтығыстар 2023 жылдың соңына дейін созылуы мүмкін деген еді.
Мариуполь маңында тағы бір бауырластар зираты табылды
Спутник Ресей бақылауға алған Виноградное селосы маңынан тағы бір бауырластар зиратына ұқсас орынды анықтады. Аталған елді мекен Мариупольден шамамен бес шақырым жерде орналасқан. Бұл жөнінде Азаттықтың Украин қызметінің "Схема" жобасы хабарлады.Журналистердің қолына түскен спутник суреттеріне қарағанда, траншея село маңындағы зират аумағында наурыздың соңында пайда болған. Соңғы үш аптада траншея аумағы кеңейген.
Ресей әскерінің Виноградное селосын басып алуы кезінде зират аумағында бауырластар зираты пайда болғанын жергілікті тұрғындар қала басшылығына хабарлаған. Мариуполь мэрі Вадим Бойченконың сөзіне қарағанда, онда жүздеген мәйіт жерленген болуы мүмкін. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, қалада 20 мыңнан астам адам қаза болған.
21 сәуірде "Схема" жобасы Мариуполь қаласынан 20 шақырым жердегі Мангуш поселкасынан бауырластар зираты табылғанын хабарлаған. Спутник суреттеріне қарағанда бауырластар зираты наурыздың соңында пайда болған. 23 наурыз күнгі суретте траншея жоқ болса, 29 наурызда ұзындығы 300 метрден асатын траншея байқалған.
Мариуполь басшысының кеңесшісі Петр Андрющенко "Схема" журналистеріне Ресей сарбаздарының қаза тапқандардың мәйітін өнеркәсіп аумақтарындағы тоңазытқыш камераларына апаратынын, сол жерде пакетпен орап жерлеуге әкететінін айтты.
Ресей күштері және "Донецк халық республикасының" сепаратистері Мариупольді наурыз басында қоршаған. Қала ішінде шайқас қызып, Мариупольдің басым бөлігін орыс әскері бақылауға алған. Кей мәліметке қарағанда, қазір қалада 3 мыңға дейін украин әскері қалған болуы мүмкін. Басым бөлігі – Ұлттық гвардияның "Азов" полкінің өкілдері мен теңіз жаяу әскерінің 36-бригадасы. Украина билігінің мәліметінше, қалада шамамен 120 мың қала тұрғыны қалған.
Ресей қорғаныс министрлігі "Москва" крейсерінде бір теңізшінің опат болғанын хабарлады
22 сәуірде Ресей қорғаныс министрлігі "Москва" ракеталық зымыранында болған өрттен бір адамның опат болғанын, 27 адамның із-түзсіз жоғалғанын хабарлады. Экипаждың қалған 396 мүшесі Қара теңіз флотындағы өзге кемелерге эвакуацияланған. Бұл жөнінде "Интерфакс" агенттігі жазды.
Қорғаныс министрлігі қаза болған және із-түзсіз жоғалған теңізшілердің туыстарына көмектесетінін айтты. Осыған дейін ведомство кемеден экипаждың барлық мүшесі эвакуацияланғанын хабарлаған. Алайда ізінше крейсерде болған теңізшілердің туыстары жақындарының қазасы немесе жоғалғаны жайлы айта бастаған.
13 сәуірде Украина "Мосвка" крейсерін зымыранмен атқылағанын, кемеде өрт болғанын мәлімдеген. Бұл Қара теңізде – Одессадан шамамен 150 шақырым жерде болған. 14 сәуірге қараған түні өрт болғанын Ресей қорғаныс министрлігі растады. Ведомство кемедегі оқ-дәрінің тұтанғанын айтқан.
14 сәуірде Ресей тарабы крейсердің су бетінде екенін хабарлады. Бірақ бірнеше сағаттан соң Ресей қорғаныс министрлігі кеме теңіздегі дауылдан тепе-теңдік сақтай алмай, батып кетті деп мәлімдеді. Мәскеу өрттін неден шыққанын айтпады.
ПІКІРЛЕР