Украина президенті 9 наурызда видеомәлімдеме таратып, Ресей солдаттарына қайырылды:
- Ресейлік солдаттар. Тірі қалуға мүмкіндіктеріңіз бар. Біздің екі апта бойы қарсыласқанымыз берілмейтінімізді көрсетті, себебі бұл - біздің үйіміз, отбасымыз, балаларымыз. Жерімізді қайтармайынша, адамдарымыз бен балаларымыздың өлімі үшін жауап бермейінше шайқаса береміз. Біздің елден кетіп өмірлеріңізді құтқара аласыздар. Командирлеріңіз Украинада әлі де мүмкіндігіміз бар десе сенбеңіздер. Бұл жерде сіздерді тұтқынға түсуден я өлімнен басқа ештеңе күтіп тұрған жоқ. Біздің өмірімізді аласыздар және өз өмірлеріңізді бересіздер. Сіздердің командирлеріңіз бәрін біліп отыр, бұл туралы бізде ақпарат та бар. Бұл соғысты аяқтап, бейбіт өмірге оралуымыз керек. Біздің үйімізден кетіңіздер!
Украина вице-премьері Ирина Верещук Ресеймен мына "гуманитарлық дәліздер" бойынша келісімге келгенін мәлімдеді.
- Энергодар — Запорожье
- Сумы — Полтава
- Мариуполь — Запорожье
- Волноваха — Покровск
- Изюм — Лозовая
- Ворзель, Буча, Бородянка, Ирпень, Гостомель — Киев.
Ресей тарабы 9 наурыз таңғы Мәскеу уақыты бойынша 10-да (Алматы 13.00-де) Киев, Чернигов, Сумы, Харьков пен Мариупольде "тыныштық режимі" енгізілетінін хабарлаған. Ал Киев бұл қалалардан пойыз бен автокөлік шығып кете алады, сондықтан "гуманитарлық дәліз" қажет емес деген еді.
Қытай Украинаға құны 800 мың долларға жуық гуманитарлық көмек бермек
Қытайдың "Қызыл Крест" қоғамы Украинаға құны 5 миллион юань (шамамен 792 мың доллар) болатын гуманитарлық көмек көрсетпек. Бұл туралы сәрсенбі, 9 наурыз күні Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Чжао Лицзянь мәлімдеді.
Ресей Украинаға басып кіргелі елден 2 миллионға жуық адам қашқан. Қарулы қақтығыс аймағынан көше алмағандар қоршауда қалып, су, азық-түлік, жарық тапшылығына тап болды.
Қытай Ресейдің басқыншылық соғысын айыптамағаны үшін сынға қалған. Пекин Ресейдің Украинадағы әрекетін басқыншылық деп атаудан бас тартқан. Ресей өз әрекетін "әскери операция" деп атап отыр.
Камала Харрис Польшаға сапарлап, ұшақ төңірегіндегі дауды шешпек
Польша билігі өз иелігіндегі ресейлік әскери ұшақтарды түбі Украинаға жеткізу АҚШ-тың Германиядағы әскери базасына беріп, оның орнына АҚШ-тан балама ұшақтар алатынын жариялады. Бірақ Польша билігі бұл жоспарын жарияламас бұрын Байден әкімшілігімен келісіп алмаған болып шықты. Пентагон бұл жоспарды "қисынсыз" деп жоққа шығарды.
Ресей Украинаға басып кіргелі бірлігі күшейіп, жұмыла әрекет етіп жатқан Батыс елдері арасында осыдан кейін дипломатиялық келіспеушілік пайда болды.
Варшаваға сапарында АҚШ вице-президенті Камала Харрис осы келіспеушілікті шешуге тырысып көрмек.
"Әскери ұшақ төңірегінде мына келісім өте даулы болып тұр, Харрис ол жерге барып, мәселені шешуі керек, – деді Билл Клинтон тұсында АҚШ-тың Польшадағы елшісі болған Дэниел Фрайд. – Поляктармен талқылайтын нәрсе көп және талқыны бетпе-бе жүргізген жөн".
Байден Польша мен өзге де Шығыс Еуропа елдеріне гуманитарлық дағдарыс кезінде көмек қолын созғаны үшін ризашылық танытқан. Соғыс басталғалы Украинадан 2 миллион босқын қашты делінсе, соның жартысынан астамы Польшаға барған.
ПІКІРЛЕР