Accessibility links

Донецкіде «сталиндік тәсіл» құрбандары көбейді


Донецк көшелерінде қарулы сепаратистердің көптігі сондай, түрмеге түсу оп-оңай. (Көрнекі сурет)
Донецк көшелерінде қарулы сепаратистердің көптігі сондай, түрмеге түсу оп-оңай. (Көрнекі сурет)

Сепаратистер басып алған Украинаның оңтүстік-шығысында көршісі көрсетіп, тұтқындалып жатқан жандар көбейді. Бұл кезінде бүкіл халықты шошытқан сталиндік террорды еске салады.

Украинаның шығысындағы Донецк қаласының киевшіл билігінің сайтында жоғалып кеткен ондаған жергілікті тұрғындардың суреттері жарияланды. Оларды Донецк пен Луганскіні әлі бақылауында ұстап отырған ресейшіл сепаратистер тұтқындады деген күдік бар.

КӨРШІСІ КӨРСЕТКЕН

Сепаратистер түрмесіне түсу үшін коменданттық сағаттан кейін көшеге шығу, сұраған құжаттарды көрсете алмай қалу немесе көшеде қару ұстап, бетперде киіп жүрген күзетшілер күдігіне іліну жеткілікті. Ал кейінгі күндері біреудің үстінен сөз таситын, көршісі сыртынан көрсететін советтік әдіс кең тарап барады.

Қазан айында әлеуметтік желіге бір құжат жарияланды. Оны Донецкінің ресейшіл билігі шығарған «көрсету қағазы» (домалақ арыз – ред.) деп болжауға болады. Онда «Донецк Халық Республикасының (ДХР) құрметті азаматы болуға лайық емес азаматтар туралы хабарлау керек екені, ДХР мүддесіне қайшы, заңсыз әрекетпен айналысқандарды қоғамнан оқшаулау қажеттігі» жазылған.

Суретке түсіріп салынған бұл құжатта екі ДХР қызметкерін былапыт сөзбен қорлаған жергілікті тұрғын айыпталады. Аты-жөні ақ бояумен өшірілген тұрғын «ДХР басшылығы құрысын, оның идеясын қолдайтындар да жойылсын» деген-мыс.

Өзін-өзі сайлап алған ДХР «мәдениет министрі» Ирина Филатова.
Өзін-өзі сайлап алған ДХР «мәдениет министрі» Ирина Филатова.

​Мөлшермен сол кезде жазылған тағы бір шағым Луганск тұрғындарын айран-асыр етті. Бұл жолы өзін-өзі сайлап алған «мәдениет министрі» Ирина Филатова бір әйелге «ату жазасын» сұраған.

Арызда «Әскери жағдай тәртібіне сай Елена Владимировна Красновскаяны ұстау керек, ол қала моласына барып, ДХР-ді әлсіретуге арналған ғұрыптар жасайды, азаматтардың денсаулығына зақым келтіріп жүр» деп жазылған. «Көршілерінің айтуынша, ол Киевтегі хунтаны қолдайды және ЛХР («Луганск халық республикасы» - ред.) мен Донбасқа қарсы. Красновскаяның дұшпандық әрекетін зерттеп, әскери жағдай тәртібіне сай, ату жазасын қолдануды сұраймын» дейді «министр».

Өткен айда Светлана Матушко есімді Донецк кәсіпкері Азаттыққа Донецк түрмесінде өткізген күндері жайлы әңгімелеп берген еді. Оны жүріп жүрген жігіті көрсетіп, «Украина армиясына жақтасады» деп айыптаған.

«ӨЗ БАСЫН АМАН САҚТАУ ҮШІН ӨЗГЕНІ КӨРСЕТЕДІ»

Украинаның ішкі істер министрлігі жақында Дмитрий деп есімін ғана жазған Донецк тұрғынының мәлімдемесін жариялады. Жігіт 27 жастағы көршісінің екінші бір көршісінен қарыз алып, сол үшін араздасып қалғанын айтады. Шілде айында екі көрші үй алдында дауласқан. Әйелдің әкесі көршісінің жағына шығып, қызынан алған ақшасын қайтаруды талап етеді.

Дмитрий «Келесі күні нөмірі жоқ екі көлік біздің үйдің алдына келді. Бірінші көліктен әлгі әйел шықты, екіншісінен ДХР жігіттері түсті. Сәлден соң олар көршім мен әйелдің әкесіне кісен салып, үйден алып шықты. Содан кейін оларды көрмедік» деп жазады.

Дмитрий «ДХР-ді қолдайтынын» жасырмаған. Бірақ бұл оқиғаның өзін алаңдататынын жазады.

ҚОРҚЫНЫШТЫ ҰҚСАСТЫҚ

Бұндай жағдайлар бұрынғы Совет Одағының азаматтарын қалтыратқан сталиндік дәуірдің сұмдық жаңғырығы тәрізді. Ол кезде қарапайым азаматтардың бірін-бірі көрсетуі әдетке айналған еді.

Актерлердің Сталин лагерлері туралы қойылымы. Қарағанды облысы, 18 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Актерлердің Сталин лагерлері туралы қойылымы. Қарағанды облысы, 18 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Carnegie Mellon университетінің тарих профессоры, «Жау ойлап табу: сталиндік Ресей кезіндегі көрсету мен террор» кітабының авторы Венди Голдман ханым «Сталин тұсында бұл әдістің жұртты үрейлендіру мақсатында жаппай қолданылғанын» айтады.

2011 жылы кітабы туралы сұхбат берген Голдман «қарапайым совет азаматтары террорға белсенді түрде қатысты» дейді. «Адамдар үкіметтің «жау бар» деген сөзіне шынайы сенді және ол «жаулардың» шабуылынан, өзіне жала жабуынан кәдімгідей қорықты. Мұны сол кездегі адамдардың жауабынан көруге болады. Адамдар өзін аман алып қалу үшін басқаларды көрсетіп, террордың күшеюіне көмектесті» дейді тарихшы.

(Илья Требордың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG