Киевтегі қақтығыстар
Киевте Украинаның Еуропа одағымен ассоциация туралы келісім жасауға дайындығын тоқтатқан билік шешіміне наразылық білдіріп үкімет ғимараты қасына шеруге шыққандар мен полиция арасында қақтығыс болды. Полиция шеруді тарқату үшін көзден жас ағызатын газ шашты. Әлемдік БАҚ-тары Украинадағы қарсылық 2004 жылғы «қызғылт-сары революциядан» бергі уақыт ішінде ең ірі шеруге ұласқанын хабарлап жатыр. Шеруге шыққан мыңдаған адам үкіметке 28-29 қарашада Вильнюсте өтетін «Шығыс ынтымақтастығы» саммитінде ЕО-мен ассоциация туралы келісімге қол қою туралы талаптары орындалмайынша тарқамайтындарын мәлімдеп, Киевтегі Еуропа алаңына ондаған шатыр тігіп қойды. Өткен аптада Украина билігі Еуроодақпен ассоциация туралы келісім жасауға дайындықты тоқтатқанын --> http://www.azattyq.org/content/ukraine_east-west_dilemma/25176683.html хабарлаған еді.