Accessibility links

Назарбаевтың мүсінін қорлаушыларды іздеп жатыр


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украинада. Көрнекі сурет.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украинада. Көрнекі сурет.

Днепродзержинск қаласында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсінін қорлауға байланысты «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Украинаның Днепродзержинск қаласындағы жоғары кәсіби училищесінің қабырғасына қойылған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсініне осыдан он күн бұрын біреулер қызыл бояу шашып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, тас тақтаның үстіне орнатылған Назарбаев мүсінінің беті жартылай боялып қалған.

Днепродзержинск қалалық милициясының Завод аудандық бөлімі Азаттық тілшісіне мүсінді қорлау фактісін растап, «Бұзақылық» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтты.

—Желтоқсанның 14-і күні бізге белгісіз біреулердің Назарбаевтың мүсініне қызыл бояу шашып кеткені туралы ақпарат түсті. Училище қарауылы Воронин тергеу барысында «Сағат 1:50 шамасында оқу мекемесі орналасқан аумақты аралап жүріп, иттердің үргенін естідім және ескерткішке бояу жағылғанын көрдім» деп түсіндірді. Бұл іс қалалық басқарма бастығы мен Украина ішкі істер министрінің бақылауында, - дейді Азаттық тілшісіне Днепродзержинск қаласы Завод аудандық милиция бөлімінің басшысы Чернушенко.

Оның айтуынша, училище қызметкерлері ескерткішке жағылған бояуды таңертең сағат сегізге қарай, милиционерлер келгенге дейін жуып тастаған. Бірақ бояу іздерін жергілікті телеарна операторы түсіріп алған.

Ескерткіштегі бояу іздерін түсірген Украинаның «Интер» телеарнасының видеосы:



Өздерін «марксист-лениншілдерміз» деп атаған белсенділер осы оқиғаның ертеңінде Назарбаев мүсіні жанына жиналып, Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталғандарды босатуды талап етіп, жиын өткізген. 2011 жылы Жаңаөзен мұнайшыларының бірнеше айға созылған ереуілі басып-жаншылғаннан кейін азаматтық белсенділер мен қарапайым мұнайшылардың бір тобы сотталған болатын. Украиналық бір топ белсенді Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсінін алып тастауды талап етіп, қол жинап жатыр. Қазір жүзге жуық қол жиналғаны хабарланды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні Днепродзержинск қаласында 2005 жылы пайда болды. «Комсомольская правда в Украине» газеті «Тарихи құнды ескерткішке жатпайтын мүсін аталған оқу мекемесінің балансында» деп жазады. Назарбаев Днепродзержинск техникалық училищесін 1960 жылы бітірген.
XS
SM
MD
LG