Accessibility links

Майдан қырғынын Янукович жасақтары жасаған ба?


Шерушілерге оқ ату
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00

"Киевте 20 ақпанда үкіметке қарсы шерушілерге оқ атқан кезде түсірілген" делінген видеоны Украина ішкі істер министрлігі 3 сәуірде YouTube сайтындағы парағында жариялады.

Ақпанның 20-сы күні Киевте 53 адамды кім атып тастады? Журналистік зерттеуін жариялаған америкалық тілші «қылмыстың артында Янукович жасақтары тұрғанына айғақ көп» дейді.

АҚШ журналисінің айтуынша, The Daily Beast журналының сайтына жарияланған мақаланың суреттері ақпанның 20-сы күні үкіметке наразылық білдірген шерушілердің ішінен 53 адамды жайратып салу оқиғасының «ақиқатын ашып береді».

Мақала авторы - Джеми Деттмер. Оның айтуынша, «суреттер қырғынды биліктен қуылған бұрынғы президент Виктор Януковичтің қауіпсіздік қызметі ұйымдастырғанын дәлелдейді».

Украинаның бұрынғы билігі мен Кремль «қырғынды шетелдің қолдауына сүйенген оппозиция мен демонстранттар арасындағы радикал ұлтшылдар ұйымдастырған» деп мәлімдеген еді.

ҚАРА УНИФОРМА, САРЫ БАУ

Суреттер снайперлер демонстранттарға оқ жаудырардан сәл бұрын Украина Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі (МҚҚ) штаб-пәтерінің ауласынан түсірілген.

МҚҚ штаб-пәтерінде суретке тартылған сарбаздардың кейбірі қара униформа киіп, қолдарына сары бау таққан, әрі олар снайперлік винтовкалар мен жаңа үлгідегі Калашников автоматтарын асынып тұр. Азаттық радиосының Орыс қызметіне сұхбат берген Деттмер «бұл фотолардағы жауынгерлер - Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичті қолдаған «Альфа» арнайы жасағының сарбаздары» екенін айтады.

"Шерушілерді суреттердегі дәл осы адамдар атты деп кесіп айта алмаймыз. Бірақ мұндағы айқын нәрсе – террорға қарсы күресетін сарбаздарды ақпанның 20-сы - Майдандағы атыс басталар күні қару ұстатып, үйлердің төбесіне шығарып жіберген" дейді ол.

Азаттық радиосы Украин қызметінің ақпанның 20-сі күні түсірген видеосынан да дәл осындай қара форма киіп, қолдарына сары жолақ таққан, Майдандағы демонстранттарды көздеп атып жатқан маскалы солдаттарды көреміз.
Шерушілерді әскери қарудан атты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:31 0:00

СНАЙПЕРЛЕР ТУРАЛЫ АҚПАРАТТЫҚ СОҒЫС

Тәуелсіздік алаңындағы қырғын қазір ақпараттық соғыстың бір тақырыбына айналып кеткен. Кремльдің айтуынша, «бұл атысты демонстранттардың өздері немесе АҚШ тыңшылары ұйымдастырған».

Ресейдің мемлекет бақылауындағы ақпарат құралдары мен осы елдің БҰҰ-дағы өкілі Виталий Чуркин «бұл қырғынға Киевтегі АҚШ елшілігінің қатысы бар» деген болжам айтты.

Янукович тұсында МҚҚ басшысы болған Александр Якименко да «снайперлер демонстранттардың өз ішінен шыққан» дейді.

Америкалық журналист Деттмер «бұл болжамдарды дәлелдейтін ешқандай айғақтар жоқ» екенін айтады.

Қаза тапқан шерушілерге қарап тұрған демонстранттар. Киев, 20 ақпан 2014 жыл.
Қаза тапқан шерушілерге қарап тұрған демонстранттар. Киев, 20 ақпан 2014 жыл.
"Дәлел келтірсін. Әзірге олар ауызбен орақ орғаннан басқа ешқандай деректі айғақ көрсеткен жоқ. Сол күні бір-екі шерушінің қолында тапанша болғанын білеміз. Бірақ олар 53 адамды жайратып сала алмайды ғой. Қолымызда оқиға болған жерді зерттеп, оқ атылды деген орындарды анықтаған ұлыбританиялық сот сарапшыларының көп айғақтары бар. Оқ демонстранттардың емес, үкіметтің бақылауында болған ғимараттардан атылған" дейді ол.

Майданда қаза тапқандардың көбі басынан, не мойнынан тиген жалғыз оқтан жантәсілім еткен. Деттмердің айтуынша, бұл – әбден жаттыққан мергендер атқанының айғағы.

ТЕРГЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ ОСЫ АПТА ЖАРИЯЛАНАДЫ

Жақында Еуропа Одағының сыртқы істер бойынша жоғары өкілі Кэтрин Эштон мен Эстония сыртқы істер министрі Урмас Паэттің «Киевтегі снайперлерді «Еуромайдан» жетекшілері жалдаған» деген қаңқу сөзді талқылаған телефон әңгімесі интернетте жарияланып кетті.

Паэт дәлел ретінде Майданда дәрігер болып қызмет атқарған Ольга Богомолецтің сөзін келтірген.

АҚШ журналисі Джеми Деттмер Ольга Богомолецтің өзімен сөйлескен. Ол тілшіге «Паэт мені дұрыс түсінбей қалған сияқты, себебі мен тек демонстранттарды атып жатқан снайперлерді ғана көргенімді айттым» деген.

Украинаның уақытша үкіметі сол күнгі жағдайға байланысты тергеудің алғашқы нәтижелерін осы апта жариялауы тиіс. Бірақ Богомолецтің айтуынша, «бұған Украина Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің қатысы болғандықтан, тергеу объективті нәтиже бермеуі мүмкін».

(Рон Синовицтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG