Accessibility links

Янукович Киевтен Харьковке кетті


Қаза тапқан шерушілер. Киев, 20 ақпан 2014 жыл.
Қаза тапқан шерушілер. Киев, 20 ақпан 2014 жыл.

Украинада оппозиция мен президент Янукович бейбіт келісім жасасты. Бірақ Майдандағы наразылар оған келіспей, Януковичтің отставкаға кетуін талап еткен. Олай болмаған жағдайда шерушілер президент резиденциясын қоршайтындарын айтқан.

Осындай талаптан кейін Януковичтің елдің шығысындағы Харьковке кеткені хабарланды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, оның Харьков қаласына кетуі "қолдаушыларымен кездесуге" бағытталған.

Украинаның жергілікті ақпарат құралдары Януковичтің "Украина майданы" (жалпыукраиналық қоғамдық одақ) жиынына қатысуға кетті" деген хабар таратты. Бұл ұйым - оның "Аймақтар партиясының" бір тармағы.

ШЕРУШІЛЕР ШАРТЫ

Янукович Харьков қаласына Киевтегі наразылар жұма күні қол қойылған бейбіт келісімдерді мойындамай, оның отставкаға кетуін талап еткеннен кейін барып кеткен. Шерушілер президент сенбі күнгі сағат 14:00-де (Астана уақытымен көрсетілді - ред.) биліктен кетпесе, оның резиденциясын қоршайтындарын мәлімдеген.

Ақпанның 21-і, жұма күні Янукович пен оппозиция жетекшілері Еуропа Одағының араағайындығымен бейбіт келісімге қол қойған еді. Келісім бойынша, Украинада ұлттық бірлік үкіметі құрылып, желтоқсан айында кезектен тыс президент сайлауы өтпек болатын. Сонымен қатар Украина парламенті билік өкілетінің біразын парламентке беретін 2004 жылғы конституцияға оралуды мақұлдады.

УДАР партиясының жетекшісі Виталий Кличко (сол жақта) мен Украина президенті Виктор Янукович бейбіт келісімге қол қойғаннан кейін қол алысып тұр. Киев, 21 ақпан 2014 жыл.
УДАР партиясының жетекшісі Виталий Кличко (сол жақта) мен Украина президенті Виктор Янукович бейбіт келісімге қол қойғаннан кейін қол алысып тұр. Киев, 21 ақпан 2014 жыл.
Бірақ бұл келісімде Киевтегі шерушілер мойындамай отыр. Олардың айтуынша, сайлау тым алыс мерзімге (желтоқсан) белгіленген. Олардың талабы - Янукович дереу отставкаға кетуі керек және оған қарсы 70-тен аса адамның қазасына, үш ай шеру кезінде наразыларға күш қолданылуына байланысты қылмыстық іс қозғалуы тиіс.

Жұма күні парламент Украина оппозициясының талаптарын орындау мақсатында қылмыстық кодекске өзгерістер енгізуге келісті. Ол өзгерістер оппозиция жетекшісі, Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенконың түрмеден шығуына мүмкіндік беруі тиіс.

Парламент бұдан өзге, тұтқындалған шерушілерге рақымшылық жасауға, Украинаның ішкі істер министрін қызметінен босатуға дауыс берді.

ЭШТОН, ПУТИН, ОБАМА

Вашингтон АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей президенті Владимир Путиннің жұма күні телефон арқылы сөйлескендерін хабарлады. Екі ел басшылары Украинадағы қантөгісті тоқтату үшін бейбіт келісім шарттарының барынша тез іске асырылғаны дұрыс деген келісімге келген.

Ақ үй мәлімдемесінде "қарсы тараптардың күш қолданудан бас тартулары керек екені" айтылған. Путин мен Обама дефолт алдында тұрған Украина экономикасын тұрақтандыру мәселесін де талқылаған.

Қақтығыстарда қаза тапқан шерушіні жерлеу рәсіміне жиналған халық. Киев, 21 ақпан 2014 жыл.
Қақтығыстарда қаза тапқан шерушіні жерлеу рәсіміне жиналған халық. Киев, 21 ақпан 2014 жыл.
Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат бойынша өкілі Кэтрин Эштон Янукович пен оппозиция жетекшілері қол қойған бейбіт келісімді "Украинадағы дағдарысты шешуге жол ашатын қадам" деп бағалаған. Бірақ ол келісімді іске асырудың қиынға соғатынын да айтқан.

АҚШ пен ЕО Украина билігін ондаған шерушінің қазасына кінәлі деп айыптайды. Үкімет снайперлері шерушілерге қарсы оқ атқан еді. Осыдан кейін ЕО Украинаның лауазымды тұлғаларына қарсы санкция жариялады. Эштонның айтуынша, бұл санкциялардың күшіне ену-енбеуі бейбіт келісімнің қалай іске асатынына байланысты.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джей Карни Вашингтонның да Украина шенеуніктеріне қарсы санкцияларды әзірлеп қойғанын айтады.

- Біздің мақсатымыз - Еуропадағы әріптестерімізбен, Украина үкіметі және оппозициясымен бейбіт келісімді іске асыру бойынша жұмыс істеу. Егер келісім толықтай орындалмаса, біз шерушілерге күш қолданғандарды жауапқа тарту туралы санкцияларды іске қосуымыз мүмкін, - дейді ол.

МӘСКЕУ ШЕРУШІЛЕРДІ АЙЫПТАЙДЫ

Ал Мәскеу "күш қолданды" деп шерушілерді айыптап отыр. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров жұма күні ЕО-ны "радикалдарды айыптауға" шақырды.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Ресей "радикалдарды" жазалауды да қолдайды.

Киевтегі тілшілер "шерушілердің Янукович пен парламент уәделеріне сенбейтінін" айтады.

Жұма күні Украина қорғаныс министрі міндетін атқарып отырған Павел Лебедев АҚШ қорғаныс министрі США Чак Хейглге телефон арқылы "Украина қақтығыстарына армияны араластыруға деген қажеттіліктің жойылғанын" айтқан.
XS
SM
MD
LG