Донецк маңына құлаған ұшақтың бортында кейінгі мәліметтер бойынша, 298 адам, негізінен Нидерланд азаматтары болған. Амстердамнан Куала-Лумпур қаласына ұшып шыққан жолаушылар мен ұшақ экипажы тегіс қаза тапты.
Malaysia Airlines авиакомпаниясы мәліметі бойынша, ұшақ бортында Нидерландтың - 154, Австралияның - 27, Малайзияның - 23, Индонезияның - 11, Германияның - төрт, Бельгияның - төрт , Филиппиннің - үш, Канаданың бір азаматы болған. 47 жолаушының қай елдің азаматы екені әлі анықталмаған. Ұшақ экипажының барлық мүшесі - Малайзия азаматтары.
ҚАЗАҚСТАН РЕАКЦИЯСЫ
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Украинаның шығысында апатқа ұшыраған Boeing-777 ұшағының қаза тапқан жолаушыларының туыстарына көңіл айтты. Министрлік "Алдын ала ақпаратқа сәйкес, Қазақстан азаматтары ұшақта болмаған" деп мәлімдеді.
Қазақстандық "Эйр Астана" авиакомпаниясы Киевке ұшатын рейстерін уақытша тоқтатып отыр. Бұл туралы Қазақстандағы жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.
АҚШ БОЛЖАМДАРЫ
АҚШ президенті Барак Обама Malaysia Airlines авиакомпаниясы ұшағының апатын халықаралық сарапшылардың шұғыл әрі толық тексеруі қажет екенін айтты. Бейсенбі күні Барак Обама Украина президенті Петр Порошенко және Малайзия премьер-министрі Наджиб Тун Разакпен телефон арқылы сөйлесіп, апатты тексеруге АҚШ-тың көмектесетінін мәлімдеген.
АҚШ барлау қызметінің өкілдері "малайзиялық ұшақты "жер-әуе" санатындағы зымыранмен атып түсірген" деп хабарлайды. Бірақ америкалықтар "ұшақты кім атқанын тап басып айту әзірге қиын" дейді. Бұл туралы Washington Post газеті АҚШ үкіметінің аты-жөнін атамаған сарапшысына сілтеме жасай отырып хабарлады.
Мұның алдында АҚШ сарапшылары 10 мың метр биіктікте ұшып бара жатқан ұшақты тек "Бук" немесе С-300 зымыран кешені ғана атып түсіре алатынын мәлімдеген. Мұндай зымыран жүйесі Ресейде де, Украинада да бар.
АПАТТЫ ТЕКСЕРУ
"Интерфакс" агенттігі құлаған ұшақтың "қара жәшіктері" табылғанын хабарлады. Өзін өзі жариялаған "Донецк халық республикасының" "вице-премьері" Андрей Пургин "Интерфакс" агенттігіне ұшақ бортындағы жазба жүргізетін жәшіктердің "Мәскеуге жіберілетінін" айтқан.
Украина президенті Порошенко апат орнынан табылған Boeing 777 ұшағының «қара жәшігін» Мәскеуге жіберуге қарсылық білдіріп, "сепаратистердің апат себебін жасыруға тырысуы мүмкін" екенін мәлімдеді.
БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун ұшақ апатына қатысты "халықаралық тексеріс тағайындауға" шақырды.
Малайзия премьер-министрі Наджиб Тун Разак "елінің ұшақ апатын дербес тексеруге мүмкіндігі жоқ екенін" хабарлап, "егер ұшақтың атып түсірілгені расталса, қылмыскерлерді шұғыл түрде жазалауды талап ететінін" мәлімдеді.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) сепаратистердің апат орнында ұлттық және халықаралық тергеушілердің жұмыс істеуіне, айғақтар жинауына рұқсат бергенін хабарлады.
Апат орнынан түсірілген суреттерді мына жерден көруге болады:
Украина премьер-министрі Арсений Яценюк апат себептерін тексеру үшін "құрамына халықаралық сарапшылар қосылған мемлекеттік комиссия" құрылатынын мәлімдеді.
Ресейдің РИА «Новости» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ресейшіл сепаратистер ұшақ апаты орнында халықаралық сарапшылар зерттеу жүргізуі үшін "Украина үкіметімен үш күндік бітім жасасуға дайын" екендерін хабарлаған.
РЕЙСТЕРДІ ТОҚТАТУ
Украинаның шығысындағы жолаушылар ұшағының апатына қатысты кейінгі реакциялардың бірі - АҚШ өзінің жолаушылар ұшақтарының Украинаның шығыс аймақтары арқылы ұшуына тыйым салды. АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасы "қауіпті әрекеттердің жалғасып жатуына байланысты Қырым, Симферополь, Днепропетровск, Қара теңіз және Азов теңізі аймақтарында ұшуға тыйым салынғанын" хабарлаған. АҚШ-тан бөлек, Австралияның Qantas, Германияның Lufthansa, Түркияның Turkish Airlines және Сингапур, Корея авиакомпаниялары Украина арқылы ұшатын маршруттарын уақытша жапқан.
Апат болған күні Украина президенті Петр Порошенко "ұшақ террорлық әрекет кесірінен құлады" деп мәлімдеп, Украина сыртқы істер министрі кеңесшісі Антон Геращенко "лайнерді ресейшіл сепаратистер "Бук" зениттік зымыран кешенімен атып түсірді" деген еді. Оның айтуынша, "сепаратистер ұшақты Украинаның әскери ұшағымен шатастырып алған".
"ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парақшасында сепаратистер жетекшісі Игорь Гиркин (лақап аты - Стрелков) Малайзия ұшағы апаты туралы ресми ақпараттар шығар алдында ғана "көтерілісшілердің Украина әскери ұшағын атып түсіргенін" жазған еді.
Ал сепаратистер ұшақтың құлауына "Украина әскері кінәлі" дейді. Олардың болжамынша, Malaysia Airlines ұшағын Украина әскери ұшағы атып түсірген.
Ресей президенті Владимир Путин "Ұшақ апатына жауапкершілік Украинаға артылуы тиіс" деп мәлімдеді.
Шілденің 17-сі күні Малайзияның жолаушылар ұшағы Украинаның шығысында, сепаратистер мен үкімет әскері соғысып жатқан аймақта, Ресей аумағына кіруге 50 километр қалғанда апатқа ұшырады. Ұшақ бортындағы 298 адамның бәрі қаза тапты.
Жарты жыл ішінде Malaysia Airlines компаниясының осымен екінші жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Наурыз айында Куала-Лумпурден Пекинге ұшқан жолаушылар лайнері радар экранынан жоғалып кеткен еді. Ұшақ әлі күнге табылмады.