Accessibility links

Еуромайдан Украинаның шығысына да жетті


Оппозиция Днепропетровск қаласының әкімшілігіне басып кіруге әрекет етіп тұр. 26 қаңтар 2014 жыл
Оппозиция Днепропетровск қаласының әкімшілігіне басып кіруге әрекет етіп тұр. 26 қаңтар 2014 жыл

Украина президенті оппозиция жетекшілеріне үкімет басқаруды ұсыну арқылы өз жақтастарын азайта тұра, қарсыластарын жақындата алмағанға ұқсайды.

Украинаның оппозиция жетекшілері президент Виктор Януковичтің саяси әріптестік туралы ұсынысын қабылдамаған соң қарсылық толқыны одан сайын көтеріліп, елдің шығысы мен оңтүстігіне де жетті. Запорожье мен Днепропетровскіде мыңдаған демонстрант жергілікті әкімдіктер маңына митинг өткізуге жиналды. Қаңтардың 27-сі күні елдің 10 облысы оппозицияның бақылауына өтті.

Батыс аймақта наразы тұрғындар соңғы бірнеше күн ішінде жергілікті әкімдік ғимараттарын әлдеқашан басып алған. Ивано-Франковск, Тернополь мен Хмельницкий қалаларында билік демонстранттар қолына өтіп, жаңа әкімшіліктер Януковичтің Аймақтар партиясы мен Коммунистік партияның символдарын пайдалануға тыйым салатын қаулы да қабылдап үлгерді.

Януковичтің Аймақтар партиясы да қаңтардың 25-і күні парламентке өтініш түсіріп, соның алдында өздері ұсынған, президент қол қойған жиын өткізу тәртібін қатайту туралы заңның күшін жоюды сұрады.

Мұның алдында Янукович қаңтардың 22-сі күні бекітілген кейбір заңдарды жұмсартатынын мәлімдеген еді. Бірақ ол сөзі демонстранттар мен милиция қақтығысының алдын ала алмаған сияқты. Екі ай бойы толастамай тұрған толқу кезінде үш адам өлді. Былтырғы қараша айының соңында Януковичтің Еуропа Одағымен серіктестік құру келісіміне қол қоймай Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнату туралы шешімі Украинада жаппай наразылық туғызған.

Одесса Еуропа Одағын қолдайды деген плакат ұстап тұрған украиналық.
Одесса Еуропа Одағын қолдайды деген плакат ұстап тұрған украиналық.

Демонстранттар Жоғарғы раданың вебсайтында жиын өткізу тәртібін қатайту туралы заңның я түзетілгені, я күші жойылғаны туралы жаңа заң жарияланады деп күтіп тұр. Оппозиция одан бөлек мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді, Юлия Тимошенко бастаған саяси тұтқындарды босатуды талап етеді.

Бұл аралықта Виктор Януковичтің бірнеше жоғары лауазымды шенеуніктерді қызметінен босатқаны туралы хабар тарады. Рада депутаты Анатолий Христенко Азаттыққа «бұл тазарту» Януковичтің өзі бірге кетпейінше оппозицияны тыншытпайды деп санайды.
«Жауапты адам – Янукович. Ақылы болса, Ресейдің жасырын қолдауы және содан туған қақтығыс оның жеке басына қарсылық туғызғанын түсінуі керек. Оны Кремльдің ығына жығып беріп жатыр. Ол өзінің кейін керексіз болып қалатынын ұғуы керек. Ресейге Украинаны Еуропадан ажыратып әкету маңызды болып тұр. Ол мақсаттарына жеткесін Януковичтің керегі болмай қалады» дейді Христенко.

Украинаның қазіргі қорғаныс министрі Павел Лебедев қаңтардың 26-сы күні әскери күштер қақтығысқа араласпайтынын мәлімдеді.

«Армия Украинаның конституциясы мен заңдарына қатаң бағынады» деді ол ИТАР-ТАСС агенттігіне.
Украинаның патриархы Филарет.
Украинаның патриархы Филарет.

Янукович алдағы парламент сессиясында елде төтенше жағдай жариялату арқылы, әскерді қолдануға рұқсат алуы мүмкін деп болжайтындар бар.

Мұндай қауіп бар екенін сезетін оппозиция белсенділері уақытша арынын басқанға ұқсайды. Еуромайдан ұйымдастырушылары да қаңтардың 26-сы түнде өтеді деп жоспарланған жаппай шеруді тоқтатып қойды.

Украинаның православиелік шіркеу басшысы париарх Филарет президент Виктор Януковичтің қолынан мемлекеттік награда алудан бас тартып, «адам өліп жатқан кезде марапатталу этикаға қайшы» деп мәлімдеді. Азаттықтың Украин қызметіне берген сұхбатында патриарх Филарет «Беркут» арнайы жасағын «қан төгісті бастаушы» ретінде айыптай сөйледі.

Human Rights Watch ұйымы милицияның қолынан зардап шеккендер туралы мәліметтер таратты. Өткен аптада жүздеген демонстрант пен журналист таяққа жығылған. Автомайдан белсенділер желісінің жетекшісі Дмитрий Булатов сияқты ондаған адам жоғалғандар есебінде тұр.
XS
SM
MD
LG