Accessibility links

Украинада «Беркут» жасағына екі түрлі қарайды


Донецкіден Киевке бара жатқан «Беркут» жасағының ардагерлері. Украина, 6 желтоқсан 2013 жыл.
Донецкіден Киевке бара жатқан «Беркут» жасағының ардагерлері. Украина, 6 желтоқсан 2013 жыл.

«Беркут» - Киевтегі шеруге қарсы қойылған арнайы жасақ. Азаттық тілшісі Украина жасағының екі ардагерімен пойызда кездесті. Арақ ішіп, шошқа майын жеп отырған олар саяси пікірлерін айтты.

Киев көшелерінде ондаған мың адам шыққан наразылық шерулері жалғасып жатыр. Оларға «Беркут» деген сөзді айтсаңыз, жүздерінен жеккөрініш табы білініп, арнайы жасақты қарғап-сілей бастайды.

«БЕРКУТКЕ» ӨЛІМ КЕЛСІН!»

Украинаның арнайы полициясының қарулы күштері өткен демалыста Тәуелсіздік алаңына шыққан студенттерді ұрып-соқты, президент Виктор Януковичке қарсы шерушілерді жәбірледі.

Киевтің Крещатик көшесіндегі қалалық кеңестің ғимаратына «Зэк (Януковичті айтады - ред.) кетсін, «Беркутке» өлім келсін!» деген граффити жазылған.

Азаттық тілшісі кейіннен Донецкіден Киевке келе жатқан түнгі пойызда осы таңдаулы жасақтың екі ардагерімен жолықты.

Полиция өкілдерінің бірінің есімі - Александр. Ал одан дәрежесі жоғары полицей ардагері өзін «Юрий Викторович» деп таныстырды.

Аласа бойлы Юрий Викторович - мығым денелі, төртпақ адам. Шашы тақырлана бастаған, мойнында алтын шынжыры (алқа) бар. Қырықтан асып, елуге тақаған ер адамды физикалық тұрғыда сымбатты деуге келмейді, бірақ екеуінің де спорттан қол үзбегендері байқалады.

Қазір олар «қоян-қолтық қықтығыс» жаттықтырушылары болып істейді. Екеуі де салмақты, өздеріне сенімді, күбірлеп, тыныш әңгімелеседі. Олар кабинаға кірген адамдарды жылы шыраймен қарсы алып, танысып отырды.

Үстелде славяндарға тән ас мәзірі самсап тұр: коньяк пен бутербродтар, шошқаның майы, бөдененің жұмыртқасы. Юрий жұмыртқаларды тұтасымен аузына салады, содан кейін қабығын алып шығады. Артынан қара нан жейді. Кішкентай радио советтік классикалық туындылар мен Эдит Пиаф сияқты шетелдік әуендерді ойнап тұрды.
Екеуінің алдындағы рөмкелер шүпілдей толып тұр. Юрий Викторович Азаттық тілшісінен «бір стақан алып қоймайсыз ба?» деп сұраған. Коньяктың шөлмегі орталанған соң, тілші қаупі де сейілді, Юрий мен Александр өз өмірлері мен көзқарастары туралы пікірлерін ашық айта бастады.

«БЕРКУТ» БАСЫН ҚАТЕРГЕ ТІГІП, ЗАҢДЫ ҚОРҒАП ЖҮР»

Александр мен Юрий «Беркуттен» 1990 жылдардың ортасында кеткен екен. Бірақ Юрий мысқылдап айтқандай «Бір рет арнайы полиция бөлімінде қызмет еткен адам, сол қызметінде мәңгілік қалады».

Екеуі 1988 жылы «Беркут» құрылғанға дейін милиция қатарында қызмет еткен. Олар енді «Беркуттің» 25 жылдығын атап өту үшін Киевке ардагерлер жиынына бара жатыр.

"Беркут" жасағы үкіметке қарсы шеруді таратуға тырысып жатыр. Украина, Киев, 30 қараша 2013 жыл.
"Беркут" жасағы үкіметке қарсы шеруді таратуға тырысып жатыр. Украина, Киев, 30 қараша 2013 жыл.
«Беркут» - советтік «ОМОН» жасағының ізбасары, ал Ресейде сол атау әлі сақталып қалды. Бұл ұйым кепілге алынған тұтқындарды босату, ұйымдасқан қылмыстық топқа қарсы күрес, ел ішіндегі бүлікті басу сияқты тәуекелге бас тігуді қажет ететін, қатерлі операцияларға қатысады.

Янукович туып-өскен Украинаның шығысындағы Донецк қаласынан келе жатқан Юрий мен Александр елдің батысында және астанада өтіп жатқан наразылық шеруі туралы көп біле бермейді екен. Олардың пікірінше, «Донецк облысы - Украина экономикасының қозғаушы күші, өндірістік аймақ. Сондықтан, тұрғындардың көшеге шығуға уақыты жоқ».

Юрий мен Александр соңғы екі төңкерісті – Совет Одағының ыдырауы мен 2004 жылғы «қызғылт-сары төңкерісті» өкінішпен еске алды. Олар «жағдай тағы да бақылаудан шығып кетпесе болғаны» деп алаңдайды.

«Зэк (Янукович) кетсін, «Беркутке» өлім келсін!» деген жазу.
«Зэк (Янукович) кетсін, «Беркутке» өлім келсін!» деген жазу.
Олар «славяндар тұратын Украинаның тағдыры Ресей және Беларуспен бір болуға тиіс» деп санайды. Владимир Путиннің авторитарлық саясатын «болашаққа апаратын толқын» деп атайды. «Украинаның Еуропаға жақындағанына қарсы емеспіз, бірақ ол Украинаға тиімді болсын» деген ойларын да айтты.

ЛГБТ (лесбий, гей, бисексуал, трансгендер) құқығы туралы мәселені қозғап, «Неге Батыс елдері Ресей мен Украинаға осы мәселеге қатысты дәріс оқиды?» деп сұрайды. Олар екіүштылау кейіпте «гомосексуалдар қылықтарын жасырып істесін» дейді.

Бірақ бәрінен бұрын олар полицияның арнайы жасағын мақтан тұтады, оларды сынағандарды жақтырмайды. Александр «Арнайы жасақтарды қарсылықтарды басу үшін құрылған деген – қате пікір. ОМОН-ның негізгі міндеті – ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресу» дейді.

Өткен аптада шеруге шыққандарды сабағандар «шектен шығып кеткенін» Александр мойындаса да, екеуі де «Беркуттің» бұйрықты орындағандарын» айтып, «шеруді қуып таратуға көшедегілердің өздері себепкер болған шығар» дейді. Юрий «Беркутті» жек көретін адамдардың уәжін қабылдамайды: «Беркутке» қарсы шығатындар кімдер? Олар - елді бүлдіруші, іріткі салушылар. «Беркут» олардан заң мен конституцияға бағынуды талап етеді. Олардың заңды бұзуына жол бермейді».

Коньяктың шөлмегі таусылған соң, Александр арақ алып шығып, стақанын толтырды. Оған бөдененің жұмыртқасын салып араластырып, оны «жаңа коктейль» деп атады.

Таңертең Юрий ерте тұрып, музыка қосып, көркем гимнастикаға ұқсас қимылдар жасады. «Майданға (Киевтегі «Тәуелсіздік» алаңы – ред.) барып, болған жағдайды көресіз бе?» деген сауалға «мүмкіндік жоқ» деп жауап берді. Бірақ «Беркуттің» 25 жылдық жиынына асығып отырды.

- Осы мундирді киіп, өмірлерін қатерге тіккен адамдар қарапайым тұрғындар үшін күн сайын тәуекелге барады. Ал ол тұрғындар айналасында не болып жатқанын білмейді де. «Беркут» әскерлері отбасы мен балалары бар екеніне қарамастан, денсаулығы мен өмірін оққа байлап жүр, - дейді Юрий Викторович.

Том Бэлмфорттың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG