Accessibility links

Украинадағы наразылық қазақстандық БАҚ-ты сөгуге себеп болды


Шеруге шыққан адамдардың бірі. Киев, 2 желтоқсан 2013 жыл.
Шеруге шыққан адамдардың бірі. Киев, 2 желтоқсан 2013 жыл.

Украинада өтіп жатқан жаппай наразылық акцияларын қазақстандық ресми БАҚ жағымсыз оқиға ретінде сипаттады. Әлеуметтік желі оқырмандары «Ресейдің ықпалында отырған» телеарналарды сынады.

Қазақстандық ресми бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) Украинадағы наразылық акциясы туралы таратқан хабарларына Facebook әлеуметтік желісінде бірқатар сын айтылды.

Сынаушылардың көпшілігі «қазақстандық БАҚ Ресей ақпарат құралдарына ғана сүйеніп, біржақты ақпарат беріп отыр» дейді.

«Бізге Ресейдің 30-40 телеарнасын тоғытқанша, Украинаның бір арнасын қосса жақсы болар еді. Украинадағы жағдайға біз неге Ресей ақпарат құралдарының призмасымен қарауға тиіспіз? Украинада ағылшын, орыс және басқа да тілдердерде хабар тарататын ақпарат агенттіктері мен сайттар көп» деп жазады қоғамдық белсенді Айдос Сарым Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында.

«УКРАИНА ЕУРОПАНЫ ЕМЕС, ТМД-НЫ ЖӨН КӨРІП ОТЫР»

Мемлекеттік «Қазақстан», «Хабар» телеарналары Украинадағы наразылық акциялары кесірінен «ол елдегі бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысы тоқтап тұрғанын», «ол жалақы, зейнетақы мен стипендия төлеуге кесірін тигізуі мүмкін» екенін көп айтты.

Желтоқсанның 3-інде екі телеарна да Украина билігі таратқан мәліметтерді
Шеруге шыққан адамдарды қоршап тұрған милиция. Киев, 3 желтоқсан 2013 жыл.
Шеруге шыққан адамдарды қоршап тұрған милиция. Киев, 3 желтоқсан 2013 жыл.
келтіріп, «украиналық басшылар еуроинтеграцияның орнына, Ресей және ТМД-мен қарым-қатынастарын дамытуды жөн көріп отырғанын» қайталады.

«Шерушілер Украина президенті әкімшілігінің ғимаратына өтуге әрекеттенген. Олар тіпті жолдарын бөгеген милицияға қарсы экскаваторды пайдаланбақ болған көрінеді» дейді «Хабар» агенттігі «Украинада тыныштық орнар емес» дейтін ақпаратында.

Бірақ Қазақстандағы өзге мемлекеттік ақпарат құралдарының кейбірі біржақты ақпарат беруден тартынды. Олар қазақстандық тәуелсіз сарапшылардың, Украина билігі мен оған қарсы тараптың пікірлерін қоса ұсынды. Facebook-те өзін қазақстандық 24.kz арнасының тілшісі ретінде көрсеткен Aida Khametzhanova бұл арна «объективті ақпарат таратуға тырысып жатқаны» туралы жазды.

«РЕСЕЙЛІК БАҚ-ҚА БОЙКОТ ЖАРИЯЛАУ КЕРЕК»

Facebook қолданушыларының біразы ресейлік БАҚ таратқан, одан қазақстандық БАҚ көшіріп басқан ақпаратқа сенгісі келмейтіндерін айтады. Олар Киев
Шеруге шыққан адамдар. Киев, 3 желтоқсан 2013 жыл.
Шеруге шыққан адамдар. Киев, 3 желтоқсан 2013 жыл.
қаласында наразылық акциясына шыққандардың бір тобы «Россия» телеарнасының журналисіне «тек шындықты айт» деп талап қойғанын уәж етеді.

Aidarali Ramanov есімді қолданушы «наразылық акциясын Украинаның тікелей хабар тарататын ақпарат құралдарынан көріп, объективті баға беруге» шақырды.

Кейбір қолданушылар «қазақстандық БАҚ Ресейдің сөзін сөйлеп отыр, бұл - идеологиялық диверсия» деген де пікір айтты. Асқар Құмыран есімді Facebook тұтынушы «ресейлік БАҚ-қа бойкот жариялап, Қазақстан аумағына таратуды шектеу» туралы талап қоюды ұсынды. Ал Камай Керей «өзіміз қаржылық және кадрлық тұрғыдан жібі түзу қазақ баспасөзін қалыптастырғанша әлемге Кремльдің көзімен ғана қарайтын боламыз» деп жазды.

Facebook-тегі қазақтілді қолданушылардың Украинадағы халық наразылығы жайлы пікірлері де әртүрлі болды. Кейбірі билікке қарсылық білдіруші украиналықтарды «тобыр» деп атады.

Бұл пікірге қарсы жауап айтқан Жомарт Айтқазы «Біреулер тобыр тұрмақ құтырған ит деп еді..» деп кекетті. «Хабар» агенттігі 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасына қатысушыларды «құтырған итке» теңеген еді. Жаңаөзенде мұнайшылардың айлықты көбейтуді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, 2011 жылы мамырда бастаған ереуілі 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен оқиғасына ұласқан. Сол оқиғадан 17 адам (ресми есеп) қаза тауып, жүздеген адам жараланған.

Украина қараша айының соңында Вильнюсте өткен Еуропа Одағы саммитінде елдің осы ұйыммен ынтымақтастығы жайлы келісімге қол қоюы керек болатын. Бірақ Украина билігі саммитке бір апта қалғанда құжатқа қол қоймайтынын мәлімдеді. Ел президенті Виктор Янукович оның себебін «Украина Ресеймен сауда келісімдерін бұза алмайды» деп түсіндірген.

Биліктің Еуропа Одағымен интеграция келісімінен бас тартуына наразы демонстранттар бірнеше күннен бері елдің бірнеше қаласында шеру өткізіп жатыр.
XS
SM
MD
LG