Accessibility links

Украина экономикасын саяси дағдарыс қыса түсті


Ақша айырбастау пунктіндегі валюта бағамы. Киев, 3 желтоқсан 2013 жыл.
Ақша айырбастау пунктіндегі валюта бағамы. Киев, 3 желтоқсан 2013 жыл.

Украинадағы саяси дағдарыс онсыз да шатқаяқтап тұрған ел экономикасына қиын соқты. Сарапшылар жағдайдың тереңдей беретінін айтады.

Украинадағы саяси наразылықтар созыла түскен сайын инвесторлардың мемлекетке сенімі де семіп барады.

Сарапшылардың пікірінше, Киев қаржы өтімділігінің проблемасы, валютаның құнсыздануы, мемлекеттің негізгі қаржылық міндетін орындай алмауы сияқты бірқатар экономикалық қиындықтарға тап болуы мүмкін.

«ИНВЕСТОРЛАРДЫ АЙНЫТТЫ»

Украина президенті Виктор Януковичтің Еуропалық одақпен сауда келісіміне қол қоюға дайындықтан бас тартқанына бір апта толған жоқ. Бірақ батыстағы қаржы нарықтарында Украинаның болашағы тұрақты екеніне күмән күшейіп барады.

Сақтандыру құнының артып бара жатқаны трейдерлердің мазасын алып болды. Киев алдағы бес жылда қарызын өтей алмауы мүмкін, сондықтан олар өздерін қорғау үшін төлем жасауға мәжбүр.

Тәуелсіздік алаңында билікке қарсылық акциясында тұрған адамдар. Киев, 7 желтоқсан 2013 жыл.
Тәуелсіздік алаңында билікке қарсылық акциясында тұрған адамдар. Киев, 7 желтоқсан 2013 жыл.
– Егер сіз трейдер болсаңыз және Украина қарызын өтемейді деп қорықсаңыз, алдын ала қамдануыңыз керек. Үш күн бұрын сақтандыру құны 9,5 миллион АҚШ доллары болса, қазір 100 миллион доллар дефолтқа қарсы сақтану үшін 10,5 миллион доллар төлейсіз. Солайша ол бір пайызға артып отыр, - дейді Лондондағы Renaissance Capital банкінің бас экономисі Чарльз Робертсон.

Ал Киевтің әлеуетті инвесторларды тарту үшін ұсынатын облигация құны 2014 жылдың маусымында 19,34 пайызға өсіп кетті. 2012 жылдың тамызында облигация орта есеппен 8,52 пайыз болатын.

Лондондағы Standard Bank компаниясының дамушы еуропа елдері бойынша сарапшысы Тим Эш Януковичтің Еуроодақтан бас тартуы мен соған орай бас көтерген толқулар Украинаның жетісіп тұрмаған экономикалық мәселесін одан ары ушықтырды дейді.

Эштің пікірінше, бірнеше жылдан бері Украинаның экономикасы құлдырай бастаған, ел үкіметі қаржы қажеттілігін өтеу үшін батыс нарығынан қолдау сұрайтын: «Украинаның мәселесі – сырттан қаржыландыру мен өтемпаздық. Нәтижесінде ЖІӨ 8 пайызға кемуі мүмкін,елдің бәсекеге қабілетсіздігі осыдан байқалады. Украинаның қысқа мерзімді қарыздары көп, валюталық резерві соңғы жылда үштен бірге құлдырады, қазір импорттың орнын толтыру 2.5 ай шамасында тұр».

Инвесторлар мазасыздана бастады, ал Киевтің батыс қаржы нарығына ену құны өсіп жатыр. Егер дағдарысты тезірек ауыздықтамаса, болашақ Киев үшін өтемпаздық ең үлкен мәселе болуы мүмкін. Бұған үкіметтің импорттың орнын толтыру мүмкіндігі төмендеп, қарызды төлеу міндеті артатынын қосыңыз. Тағы да бір қауіп бар. Ел үкіметі сырттан қаржы ала алмаса, мемлекеттік валюта – гривенді тұрақты қалпындау сақтау қиынға түседі.

Солайша украин халқы қаржыларын шетелдік валютаға ауыстыруы мүмкін, нәтижесінде ұлттық валюта құнсызданып, үкімет жалақы мен зейнетақы, тағы басқа әлеуметтік төлемдерді төлеуге қабілетті болмай қалады.

ЯНУКОВИЧТІҢ СЫНАҒЫ

Осының бәрі Януковичтің иығына ауыр салмақ салып тұр. Ол сырттан жаңа қаржы көздерін жылдам табуға тиіс. Еуроодақтан теріс айналған Янукович экономикалық қиындық кезінде кез келген елге көмек қолын созатын Халықаралық валюта қорына (ХВҚ) баратын жолды жауып тастады.

ХВҚ бұрын Киевке 15 миллиард доллар шамасында қарыз беру мәселесін талқылаған, бірақ ғаламдық несиегер ЕО-пен келісімге отырған кезде ғана Украинаға көмектесетін еді.

Тәуелсіздік алаңында наразылық білдірушілерге тамақ әзірлеп жатқан адам. Киев, 5 желтоқсан 2013 жыл.
Тәуелсіздік алаңында наразылық білдірушілерге тамақ әзірлеп жатқан адам. Киев, 5 желтоқсан 2013 жыл.
Янукович үшін ең қиын реформалардың бірі – украин үйлері мен өндіріс орындары үшін табиғи газ бағасына белгіленген субсидияны кеміту болды. Президент жәрдемақыны алып тастау (онда мемлекеттік бюджетке үлкен салмақ түсетін еді) 2015 жылы қайта сайлануда өз жолына кесе-көлденең тұрады деп қауіптеніп, одан бас тартты.

Енді Киев шарты жеңілдеу, басқа қаржыландыру көзін қарастырады. Қытай бұрын қарызға 10 миллиард доллар береміз деген еді, соны бір мүмкіндік ретінде қарастырған Янукович сәрсенбі күні (4-желтоқсан) Пекинге барып қайтты. Бірақ Пекиннің бірден қарызға ақша ұсына қоятын түрі байқалмады.

Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хун Лэй Киевтегі бүлік пен Қытайдың қаржылық көмегі арасында тікелей байланыс жоқ десе де, қарызды кейінге шегеруге елдегі тәртіпсіздіктің белгілі бір деңгейде ықпал еткенін жасырмады. «Украинадағы ішкі жағдайды жіті қадағалап отырмыз» деді ол.

Януковичтің басты үміт артар тірегі – Ресей болып тұр. Бірақ Киевті Еуропадан жұлып алған Мәскеу көмек көрсетер алдында өзінің шартын айтады. Оның шарты да Украинаға оңай тиеді деу қиын.

– Ресей Украинаны 20 жылдан бері қаржыландырып келеді. Енді Путин «Жетер енді, мен сендерге қарызға ақша беремін, есесіне сендер ТМД кеден одағына кіріңдер» деуі мүмкін. Өкінішке қарай, Киевтің көшесінде шеру жүріп жатқанда Янукович оның тілегін орындай алмайды. Сондықтан ол қазір өте қиын жағдайда жүр. Оған тез қаржы табу керек, бірақ әлеуетті несиегерлердің талабын орындайтын шамасы жоқ, - дейді Эш.

Чарльз Рекнагельдің мақаласын аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG