Өздерін «Донецк халық республикасы» (ДХР) атайтын ресейшіл сепаратистер тобы жастардың «әлеуметтік-саяси форумын» өткізіп, жергілікті студенттердің жобаларын қарады.
АУЫЛ ӨРТЕУ
Осы жиынға келген Украинадағы ресейшіл сепаратистер жетекшісі Александр Захарченко Донбасс құрылыс және сәулет ұлттық академиясы аталатын оқу орнының студенттерімен кездесіп, олардың кезінде 69 тұрғыны (санақ мәліметі - ред.) болған Кожевня селосына қатысты жобаларын мақтады.
Бұл аумақта 2014 жылдың жазында Украина әскері мен сепаратистер шайқасқан. Ресейге арқа сүйеген сепаратистер селоны 2014 жылы шілденің 23-іне дейін ұстап тұрған да, бұдан соң Украина әскері оларды шегінуге мәжбүр еткен.
Сол кезде сепаратистердің бірі «Интерфакс» агенттігіне тұрғын үйлерді тастап шегінгендерін айтып, «қақтығыста ешбір сепаратист опат болған жоқ» деп хабарлаған еді. Бірақ қаңтардың 25-і күні Захарченко жағдайдың қалай болғанын, селоны тып-типыл етіп өртеп кеткендерін айтты.
«Бұл село мен үшін маңызды болды... Өйткені алғашқы шабуылымыз еді. Өкінішке қарай, ұрыс кезінде селоны тегіс талқандауға мәжбүр болдық. Үйлерді өртеу арқылы адамдарымыздың өмірін сақтадық» деді ол.
Украинаның шығысында соғыс 2014 жылдың сәуірінде басталды. Қақтығыс кезінде 9 мыңнан астам адам қаза тапты. 1 миллион 400 мыңнан астам украиналық ел ішіндегі басқа аймақтарға қоныс аударды, ал 600 мыңнан астам адам көршілес мемлекеттерге қашты.
Ресей қолдау көрсететін сепаратистер Донецк пен Луганск облысының біраз аумағын әлі бақылап отыр. Халықаралық бітімгерлік арқасында соғыс тоқтады, бірақ келісімнің бұлыңғыр тұстары көп.
«СОВЕТ ОДАҒЫНДА БӘРІ АДАМДАР ҮШІН ЖАСАЛДЫ»
Сегіз минутқа созылған сөзінде Захарченко ауылды қайта қалпына келтіру ғана емес, «мәдени құндылықтарды» қайта оралту керек екенін айтты.
«Көпшіліктеріңіздің естеріңізде қалмаған шығар... Совет Одағында (СССР) мемлекет идеологиясы жақсы болатын. Әрине, бірқатар асыра сілтеу, кемшіліктер болған шығар, бірақ барлығы адамдар үшін жасалды» деді ол.
Захарченконың айтуынша, ол кездегі балалар «шынайы» құндылықтармен тәрбиеленген – «отбасы, адалдық, бауырмалдық және отанға деген махаббатты» бойына сіңірген.
1932-33 жылдары СССР-де Сталин қолдан жасаған ашаршылықта миллиондаған украиналықтар мен қазақтар аштан қырылды. Совет басшылары ұжымдастыру керек дей отырып, өзіне тиімсіз адамдардан құтылуға тырысты.
Бірақ Захарченконың тарихқа қатысты пікірі бөлек. Ол «1991 жылы Украина Совет Одағынан бөлініп, тәуелсіздік алған соң Батыс құндылықтарын насихаттады» дейді.
«Қазір біз Coca-Cola, Mickey Mouse, көк джинс, Playboy тәрізді дүниелер мен отбасында екі әке немесе екі шеше болуы мүмкін деген түсініктерді естіп өскенімізді ұғып отырмыз. Бұл ақылға еш қонымсыз» деді ол.
Human Rights Watch (HRW) соңғы баяндамасында шығыс Украинадағы жағдайды айтып, Донецк пен Луганскіні бақылайтын сепаратистерді адам өлтіру, азаптау, қатыгездік көрсету, заңсыз тұтқындау және мәжбүрлеп еңбекке салу әрекеттері үшін айыптаған.
Донецкідегі ресейшіл сепаратистердің бұрынғы командирі ресейлік Игорь Гиркин жақында «2014 жылы Славянскіде төрт адамды жазалап өлтіргенін» айтты – ол Сталин кезіндегі заңдарға сай әрекет еткен.
Техникалық мектепті аяқтамай қуылған Захарченко сөзін әсерлі етіп аяқтауға тырысты. Оның айтуынша, ешбір мемлекет тәуелсіз ел ретінде танымаған бұндай «республиканы» құру – мақтаныш. «Бұл үшін сендер бізді мақтан тұтасыңдар, ал біз сендерге осыны бергеніміз үшін мақтанамыз» деді ол.
Анна Шаманскаяның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.