Accessibility links

Қырымдағы "реставрация". ЮНЕСКО-ны Херсонес пен Хан сарайының жайы мазалайды


"Тавриялық Херсонес" музей-қорығы аумағындағы базилика.
"Тавриялық Херсонес" музей-қорығы аумағындағы базилика.

ЮНЕСКО Ресей аннексиялаған Қырымдағы жағдай жайлы жаңа баяндамасын жариялады. Халықаралық ұйым сарапшыларын бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген және осы тізімге қосылуы ықтимал нысандардың қазіргі жай-күйі толғандырады. Ресей билігінің тарихи ескерткіштерді жаңғырту жұмыстарынан кейін олар бұрынғы қалпын жоғалтуы мүмкін деген қауіп бар. Жергілікті сарапшылар жөндеу жұмыстары барысында тиісті ережелер мен талаптар сақталмаған дейді.

ЮНЕСКО бас хатшысының баяндамасы Қырымдағы білім, мәдениет, ғылым және ақпарат тарату мен БАҚ жұмысын қамтиды. Халықаралық ұйымның қазанның 9-23 күндері аралығында Парижде өтетін 207-сессиясына орай дайындалған құжаттың мәтіні ЮНЕСКО-ның ресми сайтында жарияланды.

Баяндама авторлары Қырымда БҰҰ-ның негізгі принциптері мен нормалары өрескел бұзылып отырғанын айтады. Әсіресе, бұл мәдени құқықтардың қамтамасыз етілуінен, тәуелсіз ақпарат таратуға және журналистер жұмысына кедергі келтіруден көрінеді. Түбек тұрғындары діни және ұлттық ерекшелігіне байланысты қысымға ұшырайды. Украиналық және Қырым татарлары отбасынан шыққан балаларға мектепте ана тілінде білім алуына тыйым салынған. Мұндай көкейкесті мәселелер ғылым мен жоғары білім саласында да байқалады.

"РЕСТАВРАЦИЯ" АТЫН ЖАМЫЛҒАН ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ

ЮНЕСКО сарапшылары екі тарихи-мәдени ескерткіштің сақталуына ерекше көңіл бөлген. Біріншісі – Тавриялық Херсонес көне шаһары мен оның "хора" деп аталатын, Севастополь аумағында орналасқан ауылшаруашылық бөлігі. Негізін біздің дәуірімізге дейінгі 5-ғасырда ежелгі гректер қалаған қала 14-ғасырдың соңына дейін сақталған. 2013 жылы археологиялық ескерткіш ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне кірген. Екінші нысан – Бақшасарайдағы Хан сарайы. 16-18 ғасырларда бұл жер Қырым хандарының резиденциясы болған. Бүгінде бұл нысан - Қырым татарларының қолынан шыққан сарай архитектурасының әлемдегі жалғыз үлгісі. Кешен 2003 жылдан бері әлемдік мәдени мұралар тізіміне кіруі ықтимал ескерткіш саналады.

Владимир соборының қасынан Орыс православ шіркеуі салған "Ашық аспан астындағы дәрісхана".
Владимир соборының қасынан Орыс православ шіркеуі салған "Ашық аспан астындағы дәрісхана".

Баяндамада мамандар Ресей православ шіркеуінің мәдени мұра нысандарының ажырамас бөлігі саналатын Тавриялық Херсонес көне шаһары аумағындағы 24 нысанды өз иелегіне алуға талпынып отырғанын айтып, алаңдаушылық білдірген. ЮНЕСКО музей-қорық аумағында нысан иесінің рұқсатынсыз халықаралық опера фестивалін өткізуге "құқықтық және этикалық тұрғыдан жол беруге болмайды" дейді.

Қорық аумағындағы орналасқан Херсонестік жеті әулиенің храмы - Ресей орыс православ шіркеуі өз иелігіне алғысы келетін нысандардың бірі.
Қорық аумағындағы орналасқан Херсонестік жеті әулиенің храмы - Ресей орыс православ шіркеуі өз иелігіне алғысы келетін нысандардың бірі.

Ресейдің биыл жазда әлемдік мұралар комитетінің 43-сессиясына арнап шығарған ақпараттық бюллетеньдерінде Херсонесті "Әлемдік мұралар тізіміне енген Ресей ескерткіштерінің қатарына қосқан". ЮНЕСКО мұны "Ресейдің халықаралық құқық принциптері мен нормаларына немқұрайлы қарауы" деп бағалады. Ұйым басшылығы мұндай қадамдарға жол беруге болмайтынын айтады.

Баяндамада Бақшасарайдағы тарихи-мәдени ескерткішке көп сын айтылған. Құжатта "Бақшасарайдағы Хан сарайы мәдени мұрасын сақтау бұрынғыша алаңдаушылық туғызады" делінген. Бақшасарайдағы кешен – әлемдік мұралар тізіміне кіруі ықтимал ескерткіштердің бірі.

Хан сарайы аумағында орналасқан Үлкен хан мешітінің жөндеу жұмыстары жасалған шатырының астындағы бөлігінде жарық бары байқалады.
Хан сарайы аумағында орналасқан Үлкен хан мешітінің жөндеу жұмыстары жасалған шатырының астындағы бөлігінде жарық бары байқалады.

Билік "2017 жылы бұл аумақта кең көлемді реставрациялық жұмыстар бастаған. Бұл халықаралық құқық нормаларына қайшы келеді" делінген баяндамада. ЮНЕСКО бірнеше ондаған жыл бойы ғимаратты қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып келген реставраторларды қызметінен босатып, Үлкен хан мешітінің реставрациясы кезінде ескі конструктивті элементтердің орнына жаңа материалдар қолдануды дұрыс көрмейді. Баяндама авторлары реставрация кезінде "16-18 ғасырларға тән жұмыс технологиясы сақталмағанын" жазады. Баяндамаға сәйкес, қайта қалпына келтіру жұмыстары кезінде 18 ғасырда ойылған жазу зардап шегіп, ғимараттың алдыңғы бөлігін сумен тазалағаннан қабырғада жарықтар пайда болған.

"Ең қауіптісі, қайта қалпына келтіру жұмыстарына тарихи ескерткіштерді реставрациялаудан тәжірибесі жоқ құрылысшы жетекшілік етеді. Осындай ойланбай жасалған әрекеттер қайталанбас тарихи ескерткіштің жойылу қаупін күшейтеді. Аталған жұмыстарды Украинаның өкілетті органдарының келісімінсіз жүргізіп жатыр. Бұл халықаралық құқық нормаларын және тәуелсіз мемлекет құқықтарын бұзу болып саналады. Аталған жұмыстар тарихи ескерткіштің ерекшелігін жоюға бағытталған" деп жазған ЮНЕСКО сарапшылары.

2015 жылы Ресей "Тавриялық Херсонес" музей-қорығын федералды меншік тізіміне қосқаннан кейін оның аумағында үлкен өзгерістер басталған. Тарихи нысанды тамашалауға келетін туристерге қолайлы жағдай жасау үшін қиыршық тастан жол төселіп, үстіне ағаш тақта салынды, орындықтар қойылып, мультимедиялық стендтер орнатылды. Жарық жүргізіп, үш метрлік қала картасын қойды, қорыққа кіретін жаңа есіктер ашты. Қорық аумағына белгілі тұлғалардың құдай мен патриотизм туралы айтқан сөздері ілінді. Іс мұнымен шектелген жоқ. ЮНЕСКО есебінде көрсетілген жыл сайын Ресей президенті Владимир Путин қатысатын опера фестивалін өткізу үшін көне шаһардың аудандарының ортасына бағаналары бар сахна тұрғызған.

Қорық аумағы қоршауының сыртына Ресей президенті Владимир Путиннің суреті мен сөзінен үзінді ілінген.
Қорық аумағы қоршауының сыртына Ресей президенті Владимир Путиннің суреті мен сөзінен үзінді ілінген.

Қырым зерттеушілерінің сөзінше, мұндай "жақсы өзгерістер" көне қала аумағында болмауы керек. "Қалаға мұндай өзгерістер қажет емес. Ежелгі құрылыстар тарихи қалпын жоғалтпай сақталғаны дұрыс. Қажет болса, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге болады. Көне шаһарда ескерткіштің келбетін, тарихи-мәдени ландшафтын өзгертетін заманауи құрылғылар болмауы керек" дейді Азаттық радиосына сұхбат берген археолог және реставратор, Херсонеск қорығының бұрынғы қызметкері Анатолий Туманов.

"Тавриялық Херсонес" қорығының аумағындағы опера фестивалін өткізуге арнап салынған сахна.
"Тавриялық Херсонес" қорығының аумағындағы опера фестивалін өткізуге арнап салынған сахна.

Сарапшының сөзінше, көне қалаға апаратын ежелгі жолдың үстіне орнатылған үш метрлік Херсонес картасы "заң бойынша тыйым салынған түбегейлі өзгеріс" саналады. Бағаналары бар сахна, трансформаторлар, дауыс күшейткіш құрылғылар, жарық аппаратурасы, желілер мен ағаш жолдар мәдени мұраға қауіп төндіреді.

"Мұның бәрі мәдени ескерткішке салмақ түсіріп, ежелгі қабырғаларды дірілдетіп (вибрация) әсер етеді. Жаңадан орнатылған құрылғылардан өрт шығу қаупі бар. Өрт болған жағдайда ескерткішке орны толмас зиян келеді" дейді Туманов. Оның пікірінше, соңғы өзгерістерден кейін ЮНЕСКО "Тавриялық Херсонес" тарихи кешенін жойылу қаупі төнген әлемдік мұралар тізіміне қоса алады.

Қорық аумағындағы Херсонес картасы.
Қорық аумағындағы Херсонес картасы.

Мамандар Хан сарайында жүргізілген жұмыстарды "реставрациялық" деп атауға келмейтінін айтады. Олардың пікірінше, нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстарының салдарынан ескерткіш өз ерекшелігінің бір бөлігін жоғалтқан.

Сарай кешені аумағында құрылыс жұмыстары 2017 жылдың қазан айында басталған. Жобалау жұмыстарын Симферопольдегі "Кирамет" компаниясы жүргізген. Бас мердігер – мәскеулік Atta-Group компаниясы. Белсенділер жоба қоғамдық талқылауға түспегенін, құрылыс жұмыстарына қатысушы компаниялар бұрын реставрациямен айналыспағанын сол кездің өзінде байқаған. Алдын-ала археологиялық жұмыстар жүрмеген. Жобаны ғылыми негіздеме алмастан бекітіп жіберген. Бірінші кезеңде құрылысшылар Үлкен хан мешітіндегі шатырды ауыстырған. Бірақ жұмыс сапасы нашар болған.

"Жұмыс қыста басталды. Арнаулы қорғаныш шатыр қоюдың орнына, полиэтилен қаптама жапты. Соның салдарынан ғимаратқа жаңбыр мен қар суы тиіп, қабырға мен іргетасына әсер еткен, қабырғалары жарылып, сыртындағы жазуларды жаңбыр шайып кеткен. Ғимарат ішіндегі жазулар мен алтынмен апталған төбе су тиюден және ағаш конструкциялардың үстінде қорғаныш шатыр болмауынан зардап шеккен" дейді құрылысшылар қателігін санамалап шыққан Қырым татарларының қоғам қайраткері, архитектор Эдем Дудаков.

Архитектордың пікіріне Бақшасарай тарихи-мәдени қорығының бұрынғы басшысы Эльмира Аблялимова да қосылады. "Жұмысты Қырымда ылғал көлемі жоғары болып, жаңбыр көп жауатын күз және қыс мезгілінде бастау дұрыс болмады. Полиэтилен жабын мешітті жаңбырдан қорғай алмады" деді ол Азаттық радиосына.

Реставраторлар шатырды жасау кезінде қателік жіберген. "Толықтай еменнен жасалған бөренелердің орнына құрамдас ағаш бөренелер қолданған. Бөренелердің 60 пайызын сақтап, қайта қалпына келтіруге болар еді. Бірақ оларды түгелдей ауыстырған. Ежелгі материалдар барынша көп сақталған сайын, реставрацияның да сапасы артады – олар бұл принципті бұзып, жеңіл жолмен жүргісі келген" деді Эдем Дудаков.

Эльмира Аблялимованың сөзінше, жобаны жүзеге асырушылар шатыр бөренелерін толықтай ауыстыру туралы шешімін "ғимарат құрылымының қиындығынан қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мүмкін болмады" деп түсіндірген. "Шатыр құрылымының қиындығы – реставрация кезінде оны толықтай алып тастауға себеп бола алмайды. Бұл нысан салынған уақыттың архитектуралық элементі, өткен дәуірдің инженерлік технологиялық деңгейін көрсететін ақпарат көзі" дейді сарапшы.

Құрылысшылар емен бөренелердің барлығын қоңыз жеп, істен шыққанын айтып ақталғысы келген. "Шатырдың асты толық ауыстырылғаннан кейін, ескі емен бөренелері кесілген, суретте олардың қандай күйде сақталғаны анық көрініп тұр. Ағаш сап-сау болған. Мүмкін шатырдың бір бөлігін жартылай реставрациядан өткізіп немесе толықтай ауыстыру керек болған шығар, бірақ бүкіл шатырды алып тастаудың қажеті жоқ еді. Шатырды ауыстыру мен реставрациядан өткізу кезінде Кижыдағы қайта қалпына келтіру жұмыстары сияқты белгілі бір технологиялар сақталуы керек болатын" дейді Аблялимова.

Жергілікті мамандар құрылысшылардың қолдан жасалған қыш жабындының (черепица) орнына Испаниядан сатып алынған фабрикалық балама затты қолданғанына наразы. "Қолдан жасауға болар еді: оны дайындау технологиясы бәріне белгілі. Сондай-ақ жабынды қыштың үстіне қою технологиясын сақтау керек еді. Өкінішке қарай, Үлкен хан мешітінің шатырын түгелдей ауыстыру, заманауи материалдар мен технологиялар қолдану тарихи нысанның ерекшелігін жойып, кешеннің эстетикалық көрінісіне кері әсер еткен" дейді ол.

Дудаковтың сөзінше, бұған дейінгі жылдары Бақшасарай музейі Қырымның таулы ауылдарына экспедиция жіберіп, жергілікті қыш жабынды жинатқан. Жиналған материалдарды сұрыптап, реставрациялық жұмыстарға қолданған. Қорықтың қазіргі басшылығы ондай тәжірибеден бас тартқан.

Ғалымдар бетоннан жасалған сейсмикалық белдік қабырға мен фундаментке қосымша күш салып, Үлкен хан мешітінің ішінде жарықтар пайда болуына әкеп соққанын айтады. Бағандарды ауыстыру кезінде автокранды қолдану құрылыс жұмыстары басталғанға дейін жарылайын деп тұрған шығыс мұнараға жарық түсірген.

"Реставрация кезінде бастапқы қалпына келтіру және тарихи шынайылығын барынша сақтау принциптерін басшылыққа алу керек. Өкінішке қарай, ежелгі нысандардың бірі саналатын Хан сарайына келгенде, бұл принциптер сақталмаған" дейді Бақшасарай қорығының бұрынғы директоры. Осыған ұқсас қорытындыны Эдем Дудаков та айтты: "Мешітте біздің мәдени мұрамызды көрсететін элементтер мен материалдардың құны төмендеген. Бұл Үлкен хан мешітінің жаңа стильдегі көшірмесі деуге болады. Бүкіл 500 жылдық тарихында ол ешқашан дәл қазіргідей болмаған. Бұл - жабайылық".

КҮДІК ТУҒЫЗАТЫН АСЫҒЫСТЫҚ

Қырымның бірқатар ғалымы жедел реставрация бастауға Хан сарайы кешеніне кіретін жекелеген құрылыстардың қиын жағдайы себеп болғанын айтады.

"Үлкен хан мешітінің шатыры қорқынышты күйде болды. Сондықтан нысанның апатты жағдайы ескеріліп, жедел жұмыстар қолға алынды. Испаниядан сатып алған, шынайы қыш жабынға ұқсас балама қолдану мамандардың пікірталасын туғызды. Бірақ бастысы, нысанға қауіп төндіретін табиғи құбылыстардан қорғайтын шатыр қойылды. Бұл міндет орындалды деуге болады. Эстетикалық тұрғыдан үлкен дүние жоғалтқан жоқпыз. Маңызды мақсат – ескерткіштің ары қарай бұзылуының алдын-алу" деді тарихшы, археолог, Вернадский атындағы Қырым федералды университетінің Таврия академиясы тарих факультетінің деканы Александр Герцен.

Хан сарайы бас ғимаратының төбесін жауып тұратын металл шатырды құрастыру жұмыстары.
Хан сарайы бас ғимаратының төбесін жауып тұратын металл шатырды құрастыру жұмыстары.

Оның пікірінше, Хан сарайына көлемді реставрация қажеттігі туралы археологтар 19-ғасырдың соңында айтқан.

"Соңғы көлемді реставрация 1960-1964 жылдары жүргізілген, одан бері қанша уақыт өтті. Ғимараттың бүлінуі жалғасып жатыр, өйткені көп ғимарат жеңіл жолмен салынған: сарай Қырым хандарының жазғы резиденциясы болған" дейді Герцен.

Дудаков бұл пікірге түбегейлі қарсы.

"[Хан сарайына] реставрация қажет болатын. Бірақ оны дәл осылай тез бастаудың қажеті жоқ еді. Шатырдың күйі жақсы болды. Бұл - жабайы реставрацияны ақтау үшін айтылған өтірік. Нысанды жауыннан қорғайтын құрылымдарды дайындамай, реставрация жүргізілетін ескерткішті зерттемей, ғылыми зерттеу жүргізбей жедел бастап кеткендері күлкілі естіледі. Жедел жұмыстар бастау үшін реставрацияда "бірінші кезектегі апатқа қарсы жұмыстар" деген бар. Бұл жұмыстар кезінде бұзылудың алдында тұрған бөліктерді уақытша қалпына келтіріп қояды, бірақ көлемді жұмыстар жүргізбейді" дейді ол.

АРЫ ҚАРАЙ НЕ БОЛМАҚ?

Бақшасарайдағы Хан сарайы аумағындағы 14 нысанда қолға алынған реставрация Ресейдің "Қырым мен Севастопольді дамытуға арналған федералды бағдарламасы" аясында жүргізіледі. Оған 2 миллиард рубль бөлінеді, ал құрылыс жұмыстары 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған. Қазір дауға ұласқан реставрация тоқтаған.

"[Сарай кешенінің] басқа нысандарында жұмыс әлі басталған жоқ. Оларға мұқият дайындалып жатыр. Басқа нысандарды реставрациялау жобасы әлі дайын емес. Біз жобалаудан бұрынғы археологиялық зерттеу жүргіздік, бірақ ары қарай жұмыс жүрмеді. Әзірге бұл жұмысты өз мойнына алатын талапқа сай ұйым жоқ" дейді Александр Герцен.

Қазір сарайдың негізгі бөлігінің үстіне уақытша металл шатыр жапқан. Жергілікті археологтар металл шатырды ұстап тұрған бағандар қышқа салмақ түсіріп, сарайдың іргетасының бүлінуіне себеп болуы мүмкін екенін айтады. Герцен бұған байланысты 2007 жылы осыған ұқсас технологияны түрік реставраторлары Бақшасарай сыртындағы Салачик қалашығында орналасқан ортағасырлық Зынджирлы медресесін қалпына келтіру кезінде қолданғанын, ол кезде ешқандай қиындық тумағанын айтады.

Эдем Дудаковтың сөзінше, Үлкен хан мешітінің реставрациясы Мәскеу мен Симферопольдегі шенеуніктердің көңілінен шықпаған, бірақ олар сыр бермеген. Әйтпесе, аяқ астынан жобалаушы және бас мердігер компаниялармен келісімді бұзып, жаңа құрылыс тобын іздеуге не себеп? Соған қарағанда, нысандағы құрылыс жұмыстары жаңа тендер өтпей басталмайтын тәрізді.

Севастопольдегі Херсонес шаһарының орны мен Бақшасарайдағы Хан сарайы – Қырымда жойылу қаупі төніп тұрған жалғыз тарихи-мәдени нысан емес. ЮНЕСКО баяндамасында заңсыз жұмыстар Судактағы ортағасырлық Генуэз қамалы, ескі Қырымдағы Өзбек хан медресесі мен мешіті, Керчтегі Пантикапей қалашығы мен Ялтадағы "Ласточкино гнездо" қамалының аумағында да жүріп жатқаны айтылады. Реставрацияға қажет қаржы табылса, аталған нысандардың жағдайы қиындауы мүмкін.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Антон Меснянконың материалынан аударылды.)


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG