Бақшасарай қаласындағы Хан сарайы - 16 ғасырда салынған Қырым татарларының әлемге көрсетер архитектурадағы бірден бір жауһары. Сарайда хан кабинеті, бас корпус, ресми қабылдау залдары, гарем, екі мешіт, мүфтидің үйі, мұнаралар, ішкі аулалар, бау-бақшалар және субұрқақтар бар.
Сарайда экскурсия жүргізетіндер келушілерге «мұсылмандар жердегі жәннатты осылай елестетеді» деп жиі айтады. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқандықтан ескі мешіт тұрған алаңға ешкімді жібермейді. Мешіттің сұлулығын құрылыс материалдары жасырып тұр.
«ВАНДАЛИЗМ»
Қырым белсенділері Бақшасарай тарихи-мәдени қорығы аумағындағы Хан сарайын қалпына келтіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын суретке түсіріп алған. Суреттерден тарихи ғимараттың кей бөліктерінің жойылғанын көруге болады. 300 жыл бойы тұрған бөренелерді ескі деп арамен кесіп тастаған. Бірақ шегесін тот баспаған екен.
«Бөренелерді құртты. Біразын аралады, біразын алып кетті. Енді сарайды қалпына келтіре алмаймыз. Сарайға тиіспеу керек еді. «УкрНИИреставрация» тек төрт бөренені ауыстыру қажет деген. Олар барлығын ауыстырып тастаған. Енді бұрын көріп жүрген Хан сарайы жоқ» дейді Қырым татарларының белсендісі Эрем Дудаков.
Белсенді сарайға жүргізіліп жатқан жұмыстарды «вандализмге» теңеді. Сарайды қалпына келтіру жобасын симферопольдік «Кирамет» фирмасы жасаған. Бас мердігер – мәскеулік Atta-group. Белсенділердің айтуынша, бұл екі компания бұған дейін ғимараттарды қайта жөндеу жұмыстарымен айналысып көрмеген. Ал Хан сарайын қалпына келтіру жобасы құпия құжатқа айналған.
Украинаның мәдени мұрасын қорғау департаментінің қалпына келтіру комитетінің бұрынғы төрағасы Яков Дихтяр «құпия жоба бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Жобалау тобының құрамында қалпына келтіру жұмыстарымен айналысқан мамандар жоқ» дейді.
Жұмысшылар сарайдың төбесі жабылған ескі шатырды алып Испанияда жасалған материалмен ауыстырмақ. Мамандар «тарихи ғимараттың түпнұсқасын әдейі құртып жатыр» дейді.
«САРАЙ ӘЛІ ҰЗАҚ ТҰРАДЫ»
Бақшасарайдағы Хан сарайын ЮНЕСКО әлемдік мәдени мұра тізіміне енгізіп үлгермеді. Тізімге енгізер алдында Ресей Қырымды аннексиялап алды. Ал егер Хан сарайындағы ескі шатырды ауыстырып тастаса, ЮНЕСКО тізіміне ену мүмкіндігі азаяды.
- Қалпына келтіру жұмыстарынан түсірген суреттерге қарасаңыз, мешіттің төбесінде 16 ғасырдан келе жатқан қабырғалардың сынғанын, ескі тастардың қоқыс болып үйіліп жатқанын көресіз. Қалпына келтіру жұмыстарының басты ережесі - ескерткішке зақым келтірмеу. Жұмыс кезінде өте мұқият болу керек. Бұл істеп жатқандары - қылмыс - дейді Бақшасарай тарихи-мәдени қорығының бұрынғы жетекшісі Эльмира Аблялимова.
Реставрация тәртібі бойынша жұмысшылар жөндеп жатқан жерінің үстінен қорғаныш каркасын тұрғызу керек еді. Алайда ондай жерлерді олар тек целлофанмен бүркемелей салған. Мешіттің қабырғасындағы 18 ғасырдан қалған каллиграфиялық жазбалар да жеткілікті қорғалмаған. Белсенділер мұны реставрация ретінде қабылдай алмайтындықтарын айтады.
Қырым татарлары белсендісі Эдем Дудаков «ағаш тіреулерді алып тастап, бетон құйып жатыр. Бұл - қалпына келтіру технологиясын бұзу. Атқарушы фирма сарайды қалпына келтіріп жатқан жоқ, бұзып қайта салып жатыр» дейді.
Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан фирмалар қырымдықтардың үндеуіне жауап қатпады. Ал жұмысты бақылап отырған Қырым мұсылмандарының рухани басқармасы қалпына келтіру шараларын мақұлдап отыр.
- Сарай әлі ұзақ тұрады деп үміттенеміз. Ресей халқы мен басқа халықтар бізге келіп, осындай байлыққа таңданады деп сенемін. Діни басқарма ай сайын екі-үш рет бақылау жасайды. Бәрін қиратып жатыр деген сөз – саясат, - деді жергілікті БАҚ-қа Қырым мұсылмандарының мүфтиі Эмирали Аблаев.
Бақшасарай тарихи-мәдени қорығының бұрынғы жетекшісі Эльмира Аблялимова «бұл - қылмыс, мәдени құндылықты жою, ұлттық сананы өшіру. Халықаралық ұйымдар бұл бассыздықты тоқтату керек» дейді.
Украина ЮНЕСКО-ға үндеу жолдап, Хан сарайы аумағындағы жұмыстарды тоқтатуға ықпал етуді сұрады. Украина мен Қырым татарлары Хан сарайын Ресей бұзып жатыр деп айыптайды.
Азаттықтың Қырым редакциясының мақаласы орыс тілінен аударылды