Accessibility links

Ахтем Чийгоз: Қырым мәселесі әлі бірінші орында тұр


Қырым татарлары Межлисі төрағасының орынбасары Ахтем Чийгоз
Қырым татарлары Межлисі төрағасының орынбасары Ахтем Чийгоз

Қырым татарлары Межлисі төрағасының орынбасары Ахтем Чийгоз өз сұхбатында Қырым татарларына қарсы репрессия мен Түркия президенті Ердоғанның көмегі туралы айтып берді.

Ресейдің күштік құрылымдары Қырымда украиндар мен Қырым татарларына қарсы репрессияны күшейтіп келеді. Ал әлем елдері Қырымдағы адам құқығына қатысты ахуалға онша алаңдамайтын тәрізді. Шынымен солай ма? Қырым мәселесін халықаралық деңгейде шешу қалай жүзеге асып жатыр және Қырымдағы оккупанттарға қалай тойтарыс беруге болады? Қырым татарлары Межлисі төрағасының орынбасары Ахтем Чийгозбен сұхбат осы сұрақтар төңірегінде өрбіді.

- Ахтем, түрмеден босап шыққаннан кейінгі жағдайыңыз қалай, күш жинадыңыз ба?

- Күш жинауға уақытым болған жоқ. Өзімді жақсы сезінемін, ширақ ұстауға тырысамын. Бұл бейімделу кезеңінен гөрі жұмысты жалғастыруға көбірек ұқсайды. Бәрі жақсы.

- Жақында БҰҰ-ның бас ассамблеясы Қырымдағы адам құқығы туралы қарар қабылдады. Көп елдер бұл проблеманы талқылағысы келмеді. Халықаралық қауымның көп бөлігі үшін Қырым проблемасы, репрессия, Қырым татарларының Межлисіне тыйым салу, оны сайлау-сайлану құқығынан айыру сияқты мәселелер екінші орынға сырғып бара жатқандай көрінеді. Ал Ресейдің ешқандай ұсыныс-кеңеске құлақ асатын түрі байқалмайды.

- Түрмеде отырған бірінші жылы не болып жатқанын мен де түсінбегендей сезімде болдым. Мүмкіндіктерді саралап отырдым, халқымның қандай күйде екенін де, террордың күшейе беретінін де білдім. Бірақ қазір сенімім күшейді. Өйткені негізгі әлемдік державалар жұмыла әрекет етіп жатқанын көріп отырмын. Әрине, кей елдер мен саясаткерлердің пікірі алаңдатады. Әйтеуір Ресей оқшауланудың, ал Путин көзге түрткі болудың амалын сұранып жасап жатқандай көрінеді. Бірақ меніңше, биылғы жыл жақсы аяқталып келеді. Санкцияны талқылаусыз ұзартты. Сондықтан Украинаның арқасында Қырым тақырыбы бірінші кезектегі мәселе болып қала береді. Ал келесі жылы не істеу керектігін ойлану керек. Бұл - бөлек мәселе. 2018 жыл дәл Қырым мәселесін қозғаудан басталуы тиіс.

Ахтем Чийгоз.
Ахтем Чийгоз.

- Халықаралық қауымдастық Қырым проблемасын шешу үшін халықаралық құқық нормаларын қалпына келтіргісі келеді. Украина территориялық тұтастығын қалпына келтіруге мүдделі. Қырым татарлары ұлтты сақтап қалу, құқығы мен тарихи отанында даму мүмкіндігін қалпына келтіруді армандайды. Осы мүдделерді қорғауға мүмкіндік бар ма? Бұл қаншалықты іске асуы мүмкін?

- 2014 жылы әріптестерімді бізге Қырым проблемасы туралы айтатын алаң қажет деген уәжге иландыруға тырысып көргенмін. Өйткені жанжалдар ондаған жылдарға созылуы мүмкін, ал оккупация құрбанына айналған халықтың ынтасы кеми береді. Украина, Түркия президенттерімен, Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесіп, оларға Анкара мен Еуропа бізге сондай алаң берсе, ал бастаманы Украина көтерсе деген ойларымды айтқанмын. Өкінішке қарай, мені қамап қойды. Қазір көбінесе екі мүддеге көбірек көңіл бөлініп жатыр. Әуелгіде халықаралық қауымдастықтың қимылына көңіліміз толмады. Өйткені Ресейге айта қаларлықтай санкциялар салынған жоқ. Әуелде Украина үшін Қырым проблемасы екінші кезекте тұрды. Өйткені Украинаға бірінші кезекте елдің шығысында болып жатқан оқиғалар маңызды болды.

Бірақ қазір Украина тарапынан да, халықаралық қауымдастық тарапынан да ширақ, үйлесімді әрекеттер жасалып жатыр. Өйткені әлемдік тәртіпке төнген қатерді жұрттың бәрі көріп отыр. Ал Қырымды халқымен, территориясымен қоса тартып алу механизмдері арсыздықпен ұйымдастырылды. Сондықтан әлем бұған көз жұмып қарай алмайды. Ал Украинада халықтың ұлттық сана-сезімінің өскені соншалық, енді адамдар елді бөлшектеуге көнбейді. Президент, сыртқы істер министрлігі, мәдениет министрлігі Қырым мәселесін қозғауда қатты белсенділік танытты. Бұл жағдайда маған Қырым татарларына автономия беру аса маңызды болып көрінеді. Бұл - Ресейдің қытығына тиіп, оның мазасын қашырды. Оны түрмеде отырған кезде байқағанмын. Сондықтан бұл - өте жақсы құрал.

Айтпақшы, Украина билігі Қырымсыз дами алмайтын мемлекеттілікті тауар-ақша қатынасына айырбастауға бейіл деген пікірді жиі естимін. Бұған көзім жетпегендіктен, кесімді түрде ештеңе айта алмаймын. Бұл тақырыпта Петр Порошенкомен сөйлескенмін. Ол жағдайды түсінеді. Сондықтан президент дәйектілікпен әрекет етіп келе жатқан сияқты. Сыртқы істер министрі Павел Климкин мен оның өзге елдердегі командаларына қатысты да осылай деуге болады. Дипломаттарымыз жауапкершілікті қаншалықты терең сезінетін көріп таң қалдым. Климкиннің Қырым проблемасын жете түсінетініне әуелде күманданған едім, қателесіппін. Павел Климкин ресейліктердің қитығына қатты тиіп жүр, ал бұл - жақсы көрсеткіш. Сондықтан түрмеден шыққаннан кейін қолын алып ілтипатымды білдіргім келген адамдардың бірі - Климкин. Ол Джо Байден, Валерия Лутковская, Петр Порошенко, Режеп Тайып Ердоған сияқты қадір тұтатын адамдарымның тізімінде. Мысалы, Лутковская ержүректік танытып жағдайымды білу үшін тергеу абақтысына келді. Сондықтан меніңше, Украина халқының көпшілігі қолдап тұрған кезде қазіргі билік әлгі мүдделерден бас тартпайды. Шығыс пен Қырым мәселесін күн тәртібінен алып тастамайды.

- Қырым татарларына автономия беру мәселесінде Украинада да, Қырымда да қарсыластарыңыз бар. Бұған қоса, мұндай өзгерістерді қолдап дауыс беретіндей қазір парламентте де ешкім жоқ қой.

- Атқарушы билікті өзгеріске көндіруге болады. Бұған Майдандағы оқиғалар қатты әсер етті. Украина халқы ар-намысын қорғау жолында өмірін қиюға әзір екенін көрсетті. Ал парламентпен бұл жағы қиындау болады. Өйткені өзгеше ойлайтын қоғамның бір бөлігі бар ғой. Кез-келген өзгеріс тез орнамайды. Сондықтан бұл жерде ең бастысы, бірінші кезеңнен өту керек. Дәл осы тұста президент рөлінің маңызы өте зор. Қалай болғанда да, парламентте жағдайды түсінетін адамдар бар, енді ары қарай жұмыс істеу керек. Қазір украиналықтардың көбі Қырымда ұлттық автономия құру мәселесін қолдайтыны анық. Алдыңғы жылдары Қырым татарлары факторына қатысты позиция болған жоқ. Өз қамын күйттеген саясаткерсымақтар жұрттың басын қатырып қойған еді. Әлгі Қырымның құндылығы жайлы сарнаған сол алаяқтардың бәрі қазір қайда кетті? Киевте отыр.

- Олар Қырымда қалу керек пе еді?

- Неге қалмауы керек? Мен қалдым ғой. Әр адамның өз күрес майданы бар. Амал нешік, қазір Қырымда Киев атынан сөйлейтін бір де бір саяси ұйым жоқ. Сондықтан қазір жұрттың бәрі, оның ішінде Украинаның өзге ұлт өкілдері де Қырым татарлары Межлисі айналасына топтасып жатыр. Автономияға қатысты мәселеде бірінші кезекте саясаткерлердің спекуляциясын тоқтату керек. Өзге халықтарды, мысалы Қырым татарларын құрметтеуге Украина азаматтарының парасаттылығы жетеді.

- Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның рөлі туралы айтып қалдыңыз ғой. Бәлкім, Ердоған болмаса қазір сұхбат беріп отырмас едіңіз. Бірақ бұл Ердоған үшін де айырбас болды ғой?

- Ресей басшылығы мен Қырымдағы басқыншылармен ауыз жаласқан коллаборанттар өшпенділігін жасырған жоқ. Шынымды айтсам, түрмеден шығамын деп ойлаған жоқпын. Ердоған қандай мүддені көздеді дегенге әзірше баға бергім келмейді. Ильми Умеров екеуміз Анкараға ұшып бара жатқанда ұшақта бізбен бірге Мәскеудегі тергеу абақтысында үш ай отырған түркиялық ірі бизнесмен болды. Ердоғаннан «бәрінің ретін қалай келтірдіңіз?» деп сұрадым. Ол маған «ешкімнен ештеңе өтінген жоқпын, сіздерді босатуы тиіс болды» деді. Путиннің Ердоғанның алдына барғаны, сосын Ердоғанның Порошенкоға барған сапары Путин үшін кемсіту, қорлау болды. Айтпақшы, Порошенко Ердоғанмен кездескенде Умеров екеуміздің мәселемізді қозғапты.

Украина президенті Петр Порошенко (ортада), Ахтем Чийгоз (сол жақта) және Ильми Умеров (оң жақта). Киев, 27 октября 2017 года
Украина президенті Петр Порошенко (ортада), Ахтем Чийгоз (сол жақта) және Ильми Умеров (оң жақта). Киев, 27 октября 2017 года

​ - Қазіргі жағдайда Ердоған Қырым татарларының қауіпсіздігіне қаншалықты кепіл бола алады?

- Ердоған Қырым татарларын бауырлас халық ретінде ешқашан қолдаусыз қалдырмаймын деді. Бірақ Қырымда болып жатқан жайттарды «аннексия» деп қана атау дұрыс емес екенін әлем де, Түркия да түсінуі тиіс. Ол жақта террор, түнек. Бұған қоса, ол жақта Қырым татарларынан өзге ұлт өкілдері де қудаланып жатыр. Ол жақта заң да, сот та жоқ, жазалаушы органдар ғана бар. Мұны түйсініп алмай лайықты әрекет ету мүмкін емес. Бірақ жуырда мұны түсінетін болады. Қазір Ресейдің әрекеттерін қолпаштауды доғару керек. Ресей президенті сайлауы төңірегіндегі спекуляцияны тоқтатуы тиіс. Сайлау дегеніміз дауыс беретін күн ғана емес, ол - процесс. Ресейде процесс дегеніміз - алдау. Болып жатқан жайттарға лайықты баға беру өте маңызды. Сондықтан Ресейдегі сайлауды заңды деп тануға мүлде болмайды.

- Ал Қырымдағы коллаборанттардың әрекетіне қатысты не айтасыз? Ондайлар арасында Қырым татарлары да бар ғой.

- Иә, бұл жайлы айту керек. Әлгі адамдар ішінде мүфти де бар. Олар сатқындардың қолымен мені түрмеге қаматты. Көбі халық бұған көз жұма қарайды деп ойлады. Бірақ бәрі жексұрынға айналды, олардан, халық сырт айналды. Сатқындық фактісі болды. Бірақ халықтың көбі жағдайға бірден мойынсұнып, оп-оңай икемделді деп айта алмаймыз. Егер бұлай болса, Қырым мәселесі күн тәртібінде мүлде тұрмас еді.

- Межлистің жұмысы тоқтап қалады деп қорықпайсыз ба? Өйткені сайлау өткізуге болмайды ғой.

- Болмайды, бірақ бұл сайлау өтпейді деген сөз емес. Межлистің жұмысы мен оның рөлін сарапшылардың бағасы емес, халықтың қолдауы анықтайды. Түрмеде күресіп жатқан кезде маған, яғни Межлис басшысының орынбасарына халық қолдау демеу көрсетті, әрі талай адам зардап шекті. Осы үш жылдың ішінде Украина азаматтығынан бас тартқандар жоқтың қасы. Межлис құрамынан шығарып тастағандарға қоятын сұрақтар бары рас. Әрине, үйреншікті форматта жұмыс істеу қиын болады. Бірақ ең бастысы халықтың сенімін сақтап қалатындай форманы табамыз деп ойлаймын.

(«Крым.Реалии» сайтының сұхбаты орысшадан аударылды)

XS
SM
MD
LG