АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп өзі үшін ең маңызды саяси басымдылық Америка екенін мәлімдеді. Вашингтонда өткен ұлықтау рәсіміндегі сөзінде Трамп барлық шешімдерін, оның ішінде сыртқы саясаттағы іс-қимылдарын осындай ұстанымға негіздейтінін айтты.
Ол америкалықтар үшін жұмыс орындарын ашып, шекараны нығайтуға уәде берді.
Халықаралық мәселелерге келгенде Трамп бүкіл әлемді "исламшыл терроризмге" қарсы жұмылдыратынын, бұрынғы одақтарды реформалап, жаңаларын құратынын ескертті.
"Әрекет қылатын мезгіл жетті, бос әңгіменің заманы өтті" деді ол.
Сәл бұрынырақ, инаугурациясы басталар қарсаңда Дональд Трамп Вашингтондағы Әулие Иоан шіркеуіне кіріп шыққан.
Ол бұған дейін Арлингтон зиратындағы Белгісіз солдат қабіріне гүл шоғын қойып, Вашингтонның орталығындағы мерекелік концертке барған. "Біз Американы біріктіріп, оны қайтадан ұлы ел жасағымыз келеді" деген концертте сөйлеген Трамп.
Дональд Трамптың инаугурациясына қызметінен кетіп бара жатқан президент Барак Обама мен вице-президент Джо Байден отбасымен қатысты. Салтанатты шараға АҚШ-тың бұрынғы президенттері Джимми Картер, кіші Джордж Буш шақырылған. Ұлықтау рәсімінде Билл Клинтон мен оның жұбайы - президент сайлауында Трампқа бәсекелес болған Хиллари Клинтон да төбе көрсетті.
Ұлықтау рәсімі алдында Дональд Трамп жұбайы Меланьямен Ақ үйде мерзімі аяқталған президент Барак Обамамен және бірінші ханым Мишел Обамамен кездесіп, дастарханнан дәм ауыз тиді. Бұл қызметіне кірісетін және тапсырып беретін президенттердің дәстүрі. Бұдан соң ерлі-зайыпты Трамп пен Обамалар Конгресс ғимаратына бет алды.
Ресми шараға Конгресс мүшелері қатысты, бірақ Өкілдер палатасындағы демократтардың үштен бірі инаугурацияға бойкот жариялаған.
Дәстүрге сәйкес инаугурация кезінде Дональд Трамп АҚШ-тың 45-президенті ретінде төрт жылдық қызметіне кірісер алдында ант берді. Антты АҚШ-тың Жоғарғы сот төрағасы Джон Робертс қабылдады.
Әуелі ант беру рәсімінен жаңа сайланған вице-президент Майк Пенс өтті. Вице-президенттер 1937 жылдан бері президенттермен бірге ант береді. Конституцияға сәйкес вице-президент шартты түрде шешуші дауысқа ие Сенат басшысы болып саналады.
Инаугурация көбіне наурыз айында өтіп келген. Франклин Рузвельттің кезінде өкілетті тапсыру процесі тым созылып кетпеуі үшін бұл рәсімді тезірек өткізу туралы шешім қабылданған.
Дональд Трамп — АҚШ тарихындағы президентке айналған алғашқы миллардер кәсіпкер. Reuters агенттігінің хабарлауынша, инаугурациядан кейінгі алғашқы жұмыс күні, сенбіде Трамп ЦРУ-дің бас кеңсесіне кіріп шығады. Бұған дейін ол АҚШ-тың барлау қызметтерін бірнеше мәрте сынаған.
Инаугурацияға орай Вашингтонға 900 мыңға жуық адам жиналады деп болжанған. АҚШ астанасында қауіпсіздік шаралары қатты күшейтіліп, 28 мыңға тарта полиция қызметкері көшелер мен жолдарға қоршаулар мен блокпосттар қойды, орталық алаңда құм тиеген жүк көліктері тұрды.
Қаңтардың 20-сында Вашингтон мен Нью-Йоркте және басқа да қалаларда Дональд Трампқа қарсы жаппай наразылық шерулері өтеді деп жоспарланған. Наразылардың сөзінше, бұл шеру Ақ Үйдегі билікке келетін жаңа әкімшіліктің елдегі сайлау құқығы, денсаулық сақтау және қылмыстық құқық салаларында жүзеге асыру белгіленген реформалардан бас тартуына, сонымен бірге иммигранттарға қарсы шараларды күшейтуіне жол бермеу мақсатын көздейді.
Аптаның басында Washington Post пен ABC News-тің сауалнамасы бойынша Трамптың жаңа сайланған президент ретінде респонденттердің 40 пайызының ғана мақұлдауына ие болғаны хабарланған. Бұл - 1977 жылғы Джимми Картердің кезінен бергі ең төменгі көрсеткіш.
Өткен аптада АҚШ-тың Ұлттық барлау қызметі президент сайлауы кезінде хакерлік шабуылдарға қатысты есебін жариялаған. Құжатта Ресей президенті Владимир Путиннің "АҚШ-тағы сайлауда Трамптың жеңіп шығуына ықпал ету мақсатында жасырын кампания жүргізуге пәрмен бергені" айтылады. Мәскеу мұндай шабуылға қатысы жоғын мәлімдеді. Трамп пен оның жақтастары да баяндама қорытындысын жоққа шығарды.
Дональд Трамптың өзі бұған дейін бірнеше рет АҚШ арнайы қызметін сынаған. Ол Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға шақырып, Барак Обаманың Ресей АҚШ-та хакерлік шабуылдар жасады деген айыптаудан соң Мәскеуге қарсы салған санкцияларын жеңілдету мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеген. Дональд Трамп "Ресей АҚШ-пен достық қарым-қатынас орнатып, терроризмге қарсы күресте және АҚШ үшін маңызды басқа да мәселелерде жәрдем танытатын болса, онда Ресейге қарсы кей санкцияларды жою мәселесін неге қарастырмасқа" деген пікір білдірген.
Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысындағы екі облыстың бірнеше ауданын басып алған сепаратистерге дем бергені үшін АҚШ-пен және ЕО-мен қарым-қатынасы қатты нашарлап кеткен. Батыс елдері Кремльге экономикалық санкциялар салып, Вашингтон мен Мәскеудің арасы "Қырғи-қабақ соғыс" кезіндегідей суыған.