Қара-көк костюм киген Азамат Тәжаяқов сот залына кіре бере ата-анасына көз тастап, езу тартты. Қарындасы олардың жанында тыныш қана ойнап отырған. Айыптау үкімі жарияланған кезде екі адвокатының ортасында байсалды отырған Азамат Тәжаяқов басын еңкейтіп, сәл шайқады. Анасы Тұрсынай жылап жіберді, ал әкесі Әмір Ысмағұлов түнеріп кетті. Бостон округтік сотында шілденің 21-і күні сот алқасы шешімінің жариялануына қатысқан журналистер осылай сипаттайды.
Азамат Тәжаяқовты екі айыптау пункті – тергеуге кедергі келтіру және айғақты жасыруға көмектесу бойынша кінәлі деп тапты. Мұндағы айғақ – 2013 жылдың 15 сәуірінде Бостанда теракт ұйымдастырды деп айыпталған Джохар Царнаевтың рюкзагы. Тағы бір айғақтың - ноутбуктің жойылып кетуіне қатысты айыптау Тәжаяқовтан алынып тасталған.
Тергеу болжамынша, Азамат Тәжаяқов пен қазақстандық досы Диас Қадырбаев жолдастары Джохар Царнаевтың бөлмесінен пиротехника мен ноутбук салынған рюкзагын алып шығуға шешім қабылдаған. Айыптаушы тарап «олар федералды тергеу бюросы (ФБР) таратқан күдіктілердің фотосуреттерінен Царнаевті көргенде, оны қорғамақ болып осы қадамға барған» дейді.
Айыптаушылар «Царнаевтың бөлмесіндегі заттарды Қадырбаев лақтырып жіберген», алайда мұның бәрі Тәжаяқовтың келісімімен болған дейді.
Олар сол бөлмедегі мүлде жоламауы керек болған заттарды алған. Енді ол сол үшін тұтылды.Алқа сот мүшесінің сөзі.
CBS Boston жаңалықтар сайты сот алқасы мүшелерінің бірі, денсаулық сақтау саласында саудамен айналысатын Даниэл Антонионың: «Олар сол бөлмедегі мүлде жоламауы керек болған заттарды алған. Енді ол сол үшін тұтылды» деген сөзін келтірген.
Енді Азамат Тәжаяқовқа тергеуге кедергі үшін 20 жылға, қылмыстық сөз байласқаны үшін 5 жылға сотталу қаупі төніп тұр деп жазады Boston Globe газеті.
ҚОРҒАУШЫЛАР ҮКІММЕН КЕЛІСПЕДІ
Үкім қазанның 16-сы күні шығарылады деп жоспарланған. АҚШ-та үкім әдетте айыптау қорытындысы шығарылғаннан 90 күннен кейін жарияланады. Осы уақытта айыпкерге өтініш жасауға мүмкіндік беріледі. Тәжаяқовтың қорғаушылары да осыны пайдаланбақ.
Тәжаяқовтың қорғаушылары ақпарат құралдарына «айыптау үкіміне шағым береміз, оның формасы жөнінде дауласамыз, бұған қоса мейлінше ең жеңіл жаза кесілуіне ұмтыламыз» деп мәлімдеген.
Біз бұл қаланың не көргеніне түсіністікпен қараймыз... Алайда ағат пікірмен күресу қиынға түседі.Адвокаттың пікір.
Азамат Тәжаяқовтың қорғаушысы Мэтью Майерс үкімнің «біраз таңданарлық» екенін айтқан. «Жарылыстар болған Бостанда істі қарастыру күрделі мәселе, себебі оған қатысты эмоция шектен асып тұр» дейді ол. Майерс алқа сот қорғауындағы азаматты айыпты деген үкімді «белгілі бір қысыммен» шығарған деп болжайды.
Reuters ақпараттық агенттігінің жазуынша, «Біз бұл қаланың не көргеніне түсіністікпен қараймыз... Алайда ағат пікірмен күресу қиынға түседі» дейді Мэтью Майерс.
ПРОКУРОР ҮКІМГЕ РАЗЫ
Тәжаяқовтың соты шілденің 7-сі күні басталған. Бостон федералдық сотының америкалық сот алқасы коллегиясы алты күн бойы істің мән-жайын зерттеді.
Тәжаяқовтың қорғаушылары «ол марафонның мәре сызығындағы жарылыстарға Джохар Царнаевтың қатысы барын білмеген» деп мәлімдеді. Жарылыстан үш адам қаза тауып, 260 адам жарақат алған. Қорғаушылар алқа сотты бұл жайтты жарылыстан бөлек оқиға ретінде қарастыруға шақырды. Бұған қоса олар қазақстандық бозбалаларды «ықтимал кісі өлтірушілер ретінде емес, бар болғаны марихуана шегетін студенттер деп қарастыру» керек екенін айтқан.
Азамат Тәжаяқовтың ісі бойынша шешім қабылдаған сот алқасының 12 мүшесі «дәлелдерді қарастырғанда асығыстық жасамағандарын және айыптау үкіміне бірауыздан келіскендерін» айтқан.
Бостонның NBC жаңалықтар агенттігі сот алқасы мүшесі Даниэл Антонионың: «Мен сот алқасы барлығын бүге-шүгесіне дейін талқылауға уақытты аямағандарына шынымен сенемін. Біз барлық детальдарды ескердік, әр сот алқасы мүшесі пікірін білдірді. Соңында ең лайық шешімге келдік» деген сөзін жариялады.
АҚШ прокуроры Кармен Ортис сот талқылауы шешіміне қанағаттанатынын айтты.
Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов сот залынан шыққан соң, CNN агенттігіне берген түсініктемесінде: «Әділдік жеңсе екен деп Құдайға тілек етеміз. Қазылар оны естір деп сенеміз» деді.
Тағы бір қазақстандық Диас Қадырбаевтың соты қыркүйекке жоспарланған. Reuters агенттігі хабарлауынша, бұрынғы федералдық прокурор Уолтер Принс шілденің 21-інде шығарылған үкім Қадырбаевтың қорғаушыларының міндеттерін қиындата түсуі мүмкін екенін айтады. «Бұл келесі айыпкерді еш жақсылықтан дәмелендірмейді» дейді ол.
Принс бұған қоса Тәжаяқовтың сот талқылаулары кезінде өзін қорғау үшін сотта жауап бермеу шешімі Қадырбаевтың қорғаушыларының оны куәгер ретінде көрсетуіне түрткі болуы мүмкін екенін айтады. «Олай болмаған жағдайда, сот алқасы тек болған жайт туралы ФБР нұсқасымен ғана қала береді» дейді ол.
30 пунктен тұратын айыптардың ешбірін мойындамай отырған Джохар Царнаевтың соты қарашаға белгіленген. Айыбы мойындалған жағдайда ол өлім жазасына кесілуі мүмкін.