Accessibility links

Республикашыл күйеу мен демократ әйел


Вирджиния штатындағы сайлаушы. Көрнекі сурет
Вирджиния штатындағы сайлаушы. Көрнекі сурет
Вашингтонның түбінде тұратын ерлі-зайыпты америкалықтар екі бөлек кандидатты қолдайды. Бірақ қарама-қайшы саяси көзқарастарының сезімдеріне теріс әсер етпейтінін айтады.

Америкалық отағасы республикашыларға, ал зайыбы демократтарға іш тартады. Джордж бен Абрин Мерунталардың АҚШ-тағы алдағы президент сайлауының қарсаңында маңызды саяси мәселе бойынша қаншалықты қарама-қайшы көзқараста екенін сипаттап жатудың өзі артық. Бірақ ауған-грек-америкалық аралас текті ерлі-зайыптылар Азаттық тілшісіне бір-бірін сүйетіндерін және саяси мәселе бойынша келіспей қалуға да келісетіндерін айтады.

Джордж республикашыларды қару ұстау құқығын қорғайтыны үшін және гейлердің үйленуіне қарсы болғаны үшін қолдайды. Абрин демократтарды денсаулық сақтау саласындағы реформалары мен жеке бас бостандығына қатысты ұстанымдары үшін жақтайды.

Кішкентай үш балалы ерлі-зайыптылар Вашингтонның шетінде тұрады. Биылғы сайлау науқаны Вирджиня штатында шиеленісіп тұр. Себебі бұл штат тұрғындарының жартысы демократ президент Барак Обаманы, екінші жартысы республикашыл кандидат Митт Ромниді қолдап екіге бөлінген.

ҚАРУ МЕН ДЕНСАУЛЫҚ

Мерунталар отбасы да осыған ұқсас екіге жарылған. 25 жыл бұрын Грекиядан көшіп келген Джордждан «Неге Ромниге дауыс беріп жатырсыз?» деп сұрасаңыз, ол ең бірінші партияның жеке адамдарға қару-жарақ сатып алып, өзін-өзі қорғау құқығын жақтайтын позициясымен келісетінін айтады.
Денвер университетінде өткен екі кандидаттың дебатын тыңдап отырған жас студент қыз. 3 қазан 2012 жыл
Денвер университетінде өткен екі кандидаттың дебатын тыңдап отырған жас студент қыз. 3 қазан 2012 жыл

- Гомосексуалдардың бір-біріне үйленуін құптамаймын. Ер мен әйелдің некесін жақтаймын. Республикашыларға дауыс беруімнің тағы бір себебі - олар жеке адамның қару иелену құқығын қолдайды, - дейді Джордж.

Ал Абриннен «Не себепті Обамаға дауыс бересіз?» деп сұрасаңыз, ол өзі үшін жеке бас еркіндігінің қаншалықты маңызды екендігін айта жөнеледі. Оның өз түбі – ауғандық. Әкесі дипломат болғандықтан ол Сауд Арабиясында өскен. Абрин: «Сауд Арабиясында әйел адамдарда ешқандай еркіндік жоқ. Әкем менің өмірімнің жақсарғанын қалаған соң біз осында келдік. Еркіндік пен бостандық (демократ болу – ред.) әйел ретінде де, ана ретінде де, зайып ретінде де менің сеніміммен үйлесіп тұрады, - дейді ол.
Президенттікке кандидат Митт Ромни мен Барак Обама пікірсайыс кезінде. 3 қазан 2012 жыл
Президенттікке кандидат Митт Ромни мен Барак Обама пікірсайыс кезінде. 3 қазан 2012 жыл

Ер мен ердің немесе әйел мен әйелдің заңды түрде үйленуі оны онша мазаламайды. Қару ұстау құқығына қатысты мәселеге ол басын қатырмайды. Дәл осы сияқты Джордж да әйелі үшін өте маңызды нәрсеге мән де бермейді. Обаманың денсаулыққа байланысты 2010 жылы қол қойған заңын Ромни тоқтатам деп уәде берген еді.

- Мен үшін ең маңыздысы – балаларым мен олардың денсаулық күтімі. Сондықтан одан басқа нәрсе мағынасыз шу-шұрқан сияқты көрінеді. Тек балаларымның болашағы үшін қатты алаңдаймын. Егер медициналық сақтандыру болмаса балаларым далада қалып өлуі мүмкін. Сондықтан мен үшін бұл нәрсе - өте-мөте маңызды, - дейді Абрин.

ОБАМАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАНДЫРУ ЗАҢЫ

Ерлі-зайыптылардың үш баласының екеуі созылмалы сырқатқа шалдыққан. Олар тұрақты медициналық күтім мен қарауға зәру.

Ал Барак Обама қол қойған Медициналық күтім туралы заңға сәйкес сақтандыру компаниялары бұрынғыдай мұндай созылмалы ауруы бар адамдарды емдеу тәсілі мен мерзіміне шектеу жасай алмайды. Мұндай науқастар жаңа заң бойынша 26 жасқа толғанша әке-шешесіне берілген сақтандыру арқылы емделе береді.
Абрин болса бұл уайымына күйеуінің басын да қатырмайтынын, себебі балаларға қарайтын ол емес екенін айтады. Бұл үшін күйеуіне ашуланбайды, балалардың күтіміне - өз міндеті деп қарайды.
Сенатор Эдуард Кеннеди денсаулық сақтау саясаты бойынша республикашылар мен демократтардың көзқарастарында қандай айырмашылық бар екенін көрсетіп тұр. Вашингтон, 24 шілде 1998 жыл
Сенатор Эдуард Кеннеди денсаулық сақтау саясаты бойынша республикашылар мен демократтардың көзқарастарында қандай айырмашылық бар екенін көрсетіп тұр. Вашингтон, 24 шілде 1998 жыл

- Джордж – ой еңбегінің адамы, отбасыны асыраушы, іскер азамат. Бірақ мен көп мәселеге практикалық тұрғыдан қараймын. Құдайдың құтты күні балалардың дәрі-дәрмегін беріп, оларды бағып отырған анамын. Олардың ауруханаға төлейтін ақысы өте қымбат. Оларды емдеу-сауықтыру үшін жұмсалатын жыл сайынғы қаржы шамамен 100 мың доллар. Осылайша ары кетсе он жыл ішінде бір миллион доллар жұмсауға болады. Бұл мен қатты алаңдатады. Сондықтан да Ромнидің денсаулық сақтауға қатысты заңды жоюы мен үшін талқыланбайтын мәселе. Мен жәрдемге мұқтажбын. Шындығына келгенде бұл – менің бала-шағамның болашағы, - дейді Абрин.

АРАМТАМАҚТАРҒА ДЕГЕН ҚАРСЫЛЫҚ

Ерлі-зайыптылардың үкіметтің пайдасы жайлы да көзқарасы екі түрлі. Осы жолғы сайлауда кедейлерге көмектесетін, қарт зейнеткерлерге, соғыс ардагерлерін қамқорлыққа алу сияқты жұмыстарды жүзеге асыратын «жекелеген жәрдем бағдарламасын» республикашылар өте көп ақшаны шығын қылып жатыр деп сынға алды.

Джордждың пікірінше, «демократтар жұмыс жасауға қабілетті халыққа үкіметтен ақша алып жан бағуға рұқсат береді». Ол әлеуметтік қажеттіліктерге ондаған жылдар бойы мол қаржы шашудың азабын тартып отырған, қарызға белшесінен батқан өз отаны Грекияны мысалға келтіреді.
Жұмыссыздыққа наразы демонстрант "Революцияны әуелі өз үйіңде жаса" деген плакат көтеріп тұр. Нью-Йорк, 5 қазан 2011 жыл
Жұмыссыздыққа наразы демонстрант "Революцияны әуелі өз үйіңде жаса" деген плакат көтеріп тұр. Нью-Йорк, 5 қазан 2011 жыл

- Мен шыққан елде әлеуметтік жәрдем жүйесі шамамен соңғы төрт жылда мемлекетті басқарудың негізгі ұстынына айналды. Кедейлер мен мұқтаж адамдарға жәрдем берген әманда жақсы. Оған қарсы емеспін. Меніңше, бұл - өте қажет элемент. Әрбір қоғам азық-түлік қорын жасақтау керек және емделуге, тамақа сатып алуға, баспаналы болуға мұршасы жоқ адамдарға жәрдем бере алатын болуы керек. Бірақ елдің арасында түрлі сылтаумен жұмыс істегісі келмейтін адамдар баршылық. Олар жұмыс істеуге міндеттіміз деп сезінбейді. Олар «үкімет бізді тегін асырауға міндетті» деп санайды. Менің қарсы болатыным – осы, - дейді Джордж.

Абрин де үкіметтің жәрдемақысы аса мұқтаж емес адамдарға берілетін жағдайлардан қауіптенеді.

Бірақ ол сонымен қатар Ромни ұсынып жатқан түбейгейлі қысқартулар шынайы мұқтаж адамдарды далада қалдыра ма деп алаңдайды.

ОРТА ТАПТЫҢ КӨБІ БАЙ ДА ЕМЕС

Салық төлеу мәселесі де Ромни мен Обаманың көзқарасындағы ең үлкен айырмашылық болып тұрғандықтан Джордж да дәулетті кісілерге салық төлету керек деп сенеді. Бірақ Абрин онымен келіспейді. Ол жұмысы бар болса да, салықты әрең төлейтін адамдарды білемін деп дауласады.

- Сіз бай болғаныңыз үшін жазалануға тиісті емессіз. Бір өкініштісі – ортаңғы таптағы адамдар да ауруға шалдығып жатады. Мен тура мағынасында бір айлықтан бір айлыққа жалғанып өмір сүретін кісілерді білем. Олар жақсы ақша табады, жақсы компанияларда жұмыс жасайды. Бірақ олар да жанталасып қиналып жүреді. Егер қиналмай салық төлейтіндей байлар болса, төлей берсін, - дейді Абрин.

Осы қарама-қайшылық мынадай сұрақ туғызады: саяси көзқарасы екіге жарылған мына ерлі-зайыптылар саясат жайлы бірге отырып сұхбат құра ала ма?
Америкалық мүсіншілер мұздан ойып жасаған "Орта тап" деген сөз еріп бара жатыр. Бұл туынды орта таптың қиын жағдайына назар аударту мақсаты үшін жасалған.
Америкалық мүсіншілер мұздан ойып жасаған "Орта тап" деген сөз еріп бара жатыр. Бұл туынды орта таптың қиын жағдайына назар аударту мақсаты үшін жасалған.

- Кей кездері біз саясат жайлы әңгіме мүлде қозғамаймыз. Себебі жанжал туғызады. Күйеуім - өте дәстүршіл адам. Ол мен сияқты либерал емес. Бірақ Америка деген осы. Бұл ел – еркіндіктің отаны. Адамдар мұнда қалаған ісімен шұғылдана алады, қалаған адамына қосыла алады. Бұл – олардың өз шаруасы. Онымен менің көзқарасым бір жерден шыға бермейді, - дейді Абрин.
Бірақ екеуінің көзқарасы бір жерден шығатын бір мәселе бар – олардың екі түрлі саяси көзқарасы бір-біріне деген ішкі сезімдеріне әсер етпейді.

- Біз бір-бірімізге сүйіп қосылдық. Бір-бірімізді жақсы көргендіктен де біргеміз. Пікір, сенім сияқты басқа мәселеде айырмашылықтар болуы мүмкін. Бірақ мен ол жайттар тұрмыста сондай қатты айырмашылық туғызады деп санамаймын. Бұл - әркімнің қалауы ғана. Мысалмен айтқанда әркімнің әртүрлі тағамды жақсы көргені сияқты. Кейбір кісілерге италиялық тағам, енді біреулерге қытай тағамы ұнайды ғой, - дейді ол.
XS
SM
MD
LG