Accessibility links

Конгресте сөйлеген Порошенко Қазақстан туралы да айтты


Порошенконың Конгрестегі сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:56 0:00

Порошенконың Конгрестегі сөзі.

Петр Порошенко "Кремльдің орыс тілділерді қорғау саясаты Украинада соғыс шығарғанын" және Кремльдің бұл позициясы бірқатар елдерге, оның ішінде Қазақстанға да қатер төндіретінін айтты.

Қыркүйектің 18-і күні Украина президенті Петр Порошенко АҚШ Конгресі палаталарының біріккен отырысында сөйледі.

"КЕЛЕСІ КІМ?"

Порошенко 20 жыл бұрын Будапешт меморандумына қол қойылғанын еске алды. Ол келісім бойынша ядролық қарудан бас тартқаны үшін Украинаның территориялық тұтастығы мен шекараларының мызғымастығына АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Франция және Қытай кепілдік бергенін айтқан Украина президенті "Сондағы жеткен жеріміз Ресей агрессиясы болып отыр" деді.

Порошенко "Өкінішке орай, Кеңес Одағы құлағанымен, ол әлі адамдардың санасында өмір сүріп жатыр және ревизияшыл инстинктер әлі бар. 2008 жылы Ресей Абхазияны, Оңтүстік Осетияны басып алды. Этникалық орыстарды және орыс тілділерді қорғау құқығын жариялау Украинада соғыс өртін тұтатуға жеткілікті болды. Олар (этникалық орыстар мен орыс тілділерді айтады - ред.) қазір Молдовада, Қазақстанда, Грузияда, Балтық елдерінде, Польшада, Болгарияда, тіпті әжептәуір бөлігі Германияда тұрады. Келесі кезекте қай ел тұр?" дейді.

Ол АҚШ-ты "Ресей басқыншылығы алдында Украинаны жалғыз қалдырмауға" шақырып, Американың жеткілікті жәрдем бермегенін де атап өтті.

"БҰЛ СОҒЫСТЫ КӨРПЕМЕН ЖЕҢУ МҮМКІН ЕМЕС"

Порошенко "Қақтығыстар басталғалы АҚШ Украина әскеріне 291 миллион доллар көлемінде көмек берді. Бірақ Украина солдаттарына нақты әскери жабдықтар керек. Мені дұрыс түсініңіздер, түнде көрсететін дүрбілер мен көрпелер (АҚШ жеткізген - ред.) де керек. Бірақ, бұл соғысты дүрбімен немесе көрпемен жеңу мүмкін емес" деді.

Қырымдағы "ресейшіл" әскер. 19 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қырымдағы "ресейшіл" әскер. 19 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Украина президенті "АҚШ Будапешт меморандумында керілдік берген Украина қауіпсіздігін енді "мүшелікке өтпеген НАТО одақтасы" мәртебесін беру арқылы қорғай алады" деп мәлімдеді.

Ол «Мен АҚШ-ты Украинаға НАТО елдерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік тудыратын ерекше мәртебе беруге шақырамын" деді.

Порошенко Украинаның шығыс аймақтарын соғыстан кейін қалпына келтіру мәселесін де қозғады. Оның ойынша, Украина қазір коррупцияны жоятын, азаматтық қоғам мен технологияларды дамытатын көптеген реформалар жасауы керек.

Осы ретте ол «Мен Конгрестен Украина экономикасы мен сот жүйесін реформалауға бағытталған АҚШ компанияларының инвестициясын қабылдайтын қорлар құруды ұсынамын. Батыстың қаржылай көмегін коррупциядан қорғауға уәде етемін" деді.

Ол сөз соңында "Сепаратистермен келіссөздерге дайын екенін, бірақ онда Украинаның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігіне қауіп төндіретін мәселелерді қозғауға жол бермейтінін" айтты. Ол "Әлемге жайылып бара жатқан қатыгездікті тоқтату қажет екенін" ескертті.

Петр Порошенко Конгресс мүшелері алдында бір сағаттай сөйледі. АҚШ депутаттары бірнеше мәрте орындарынан тұрып, қол соқты.

Петр Порошенко АҚШ-қа ресми сапармен қыркүйектің 18-і барды. Сапары барысында ол АҚШ президенті Барак Обамамен кездесті. Кездесуден кейін Обама "Вашингтон Киевтің дағдарысты дипломатиялық жолмен шешуіне көмектесе береді" деді. Порошенко Обамамен келіссөздерде қару-жарақ жеткізу мәселесі қозғалмағанын айтты.

Порошенконың АҚШ Конгресіндегі сөзінің толық нұсқасы:

XS
SM
MD
LG