Accessibility links

АҚШ-тағы биылғы сайлаулардың 7 ерекшелігі


АҚШ президенті Барак Обама мен оның отбасы сайлаудағы жеңісіне қуанып тұр. Чикаго, 7 қараша 2012 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама мен оның отбасы сайлаудағы жеңісіне қуанып тұр. Чикаго, 7 қараша 2012 жыл.
Азаттық тілшісі биылғы сайлауды бұрынғыларынан ерекшелейтін жеті жайтқа назар аударды.

АҚШ-тағы 2012 жылғы сайлауларда гомосексуалист екенін мойындаған кандидаттың сенаторлыққа өткені, кейбір штаттарда есірткіге рұқсат етілгені сияқты тосын жайттар да болды.

Гендерлік алшақтық. Барак Обама мен Митт Ромниге дауыс берген ерлер мен әйелдер дауысында айырмашылық бар. Экзит-полл кезінде ерлердің 45-52 пайызы Митт Ромниге іш тартатыны, ал әйелдердің 44-55 пайызы Барак Обамаға дауыс бергені мәлім болды. Мұндай айырмашылықтың кандидаттар үшін маңызы ерекше. Себебі америкалық сайлаушылардың 54 пайызы әйел болғандықтан, бұл Обамаға басымдық береді.

Әйел сенаторлар: АҚШ-тың 113-конгресінде кемінде 19 әйел сенатор болады. АҚШ тарихында әзірге сенатор әйелдер ең көп болған конгресс те осы. Қазіргі сенатта 17 әйел бар.

Алғашқы жария гомосексуалист-сенатор. Висконсин штатынан шыққан демократ әйел Тэмми Болдуин – АҚШ тарихындағы өзінің гомосексуалист екенін ашық айтқан алғашқы сенатор. Сенатордың қарсыласы Томми Томпсонның өкілі Болдуинның гей парадта билеп жүргені туралы видеоны таратып жібергені болмаса, сайлау кампаниясында оның гей екендігі кедергі болмады. Бірақ кейін Томми Томпсон көмекшісі жарияланған видеоға қатысы жоғын айтты.

«Шын зорлану». Сенаторлыққа түскен екі кандидат әйел зорлау туралы абайсызда айтқан сөздерінен соң сайлауда жеңіліске ұшырады. Миссури штатынан сайлауға түскен республикашыл кандидат Тодд Акин «шын зорланған жағдайда» әйел ағзасы жүкті болып қалудан сақтана алады деген сыңайда пікір айтқан еді. Оның «шын зорлану» сөзі көпшіліктің шамына тиді. Себебі Тодд Акиннің бұл сөзі зорланған әйелдерді айыптап тұрғандай естілді.

Ал Индиана штатынан сайлауға түскен республикашыл кандидат Ричард Мэрдок «әйел зорланған кезінде жүкті болып қалса, ол – Құдайдың ісі» деген пікірімен көпшіліктің наразылығын тудырды.

Есірткі. АҚШ-тың батысындағы Колорадо мен Вашингтон штаттары алғаш болып кәмелеттік жасқа толғандардың марихуананы тұтынуын заңдастырды. Федералдық заң бойынша марихуанаға әлі күнге дейін тыйым салынған. Сондықтан қазір федералдық үкімет екі штаттың есірткіні заңдастырғанына қатысты қандай шешім қабылдары анық емес. Есірткі шеккендер негізінен жергілікті жерлерде қамауға алынатындықтан, енді аталған екі штатта оны тұтынушылар өздерін қауіпсіз сезінуі тиіс.

Массачусетс штатында да марихуананы медициналық мақсатта пайдалануға рұқсат етілді. Бұл өлке есірткіні медициналық мақсатта пайдалануға бұған дейін рұқсат еткен он жеті штат пен Колумбия округінің қатарына қосылды .

Кандидаттың туған штаты. Әдетте АҚШ-тағы сайлауларда президенттікке кандидаттар өздері туып-өскен штаттарда көп дауыс жинайды. Бірақ Митт Ромни өзі губернатор болған Массачусетс штатында да, туып-өскен Мичиган штатында аз дауыс жинап қалды. Оның серігі Пол Райан да өзінің туған штаты Висконсиден қолдау таппады. Бірақ ол сол штаттан берілген, конгрестің өкілдер палатасындағы орнын сақтап қалды.

Мерзімінен бұрын дауыс беру. Биылғы сайлауда америкалық сайлаушылардың үштен бірі белгіленген күннен ерте дауыс берді. Сайлаушылардың көпшілігі дауысын 6 қарашада өтетін сайлауға дейін беріп тастауды жөн көрді. Ерте дауыс беруді жақтаушылар бұл негізінен табысы аз сайлаушыларға тиімді екенін айтады. Себебі бұл санаттағы сайлаушылар белгіленген күні көп жағдайда дауыс беруге жұмыстан босай алмайды. Сондықтан мерзімінен ерте дауыс беру үрдісі Обаманың жеңіске жетуіне кәдімгідей ықпал етті деуге болады. Экзит-полл Обамаға дауыс берген сайлаушылардың 54 пайызының жылдық табысы 100 мың АҚШ долларынан аз екенін, ал Ромниге дауыс берген сайлаушылардың 54 пайызының жылдық табысы 100 мың АҚШ долларынан көп екенін көрсетті.

(Мақаланы қазақ тіліне аударған – Айбек Бейсебай).
XS
SM
MD
LG