Accessibility links

АҚШ-та президентті кім сайлайды?


АҚШ президенттігінен үміткерлер Митт Ромни (сол жақта) және Барак Обама дебат кезінде. Денвер, 3 қазан 2012 жыл.
АҚШ президенттігінен үміткерлер Митт Ромни (сол жақта) және Барак Обама дебат кезінде. Денвер, 3 қазан 2012 жыл.
АҚШ-тағы қоғамдық пікірлерге қарағанда, сайлаушылардың көбі республикалық партия атынан үміткер Митт Ромниді қолдайды. Бірақ сауалнамалар «Барак Обама оның есесіне cайлау алқасында басым дауысқа ие болады» деген қорытынды жасайды.

САЙЛАУ АЛҚАСЫ

Америкалықтар 6 қарашада президент сайлауына барғанда келесі президенттің кім болатынын тікелей анықтамайды. АҚШ президенті бүкілхалықтық дауыс беру арқылы емес, төте жолмен сайланады.

Миллиондаған сайлаушы ол күні сайлау алқасының 538 мүшесін сайлайды. Сайлау алқасы барлығы 50 штаттан жиналған 538 өкілден құралған. Әрбір штат пен Вашингтон аймағының сайлау алқасындағы дауыстарының саны штаттардағы халық санына байланысты анықталады. Мысалы, сайлау алқасында халқы ең көп Калифорния штатының 55 сайлаушы өкілі болса, Вашингтонның небәрі 3 дауысы бар.

Вашингтондағы университеттің саяси ғылымдар профессоры Куртис Ганс «үміткер егер белгілі бір штаттағы сайлаушылар дауысының көпшілігін алса, сол штаттың
Президенттік дебатты тамашалап отырған адамдар. Лос-Анджелес, 22 қазан 2012 жыл.
Президенттік дебатты тамашалап отырған адамдар. Лос-Анджелес, 22 қазан 2012 жыл.
сайлау алқасындағы дауыстарына да ие болатынын» айтады.

– Сайлау алқасындағы дауыстар әр штаттың конгрестегі өкілдері санына тең. Бірақ әр штаттың конгрестің жоғарғы палатасы – сенатта екі өкілі болса, қалғаны өкілдер палатасына сайланады, – дейді ол.

Президенттіктен үміткер жеңіске жету үшін сайлау алқасындағы дауыстардың кем дегенде 270-ін иеленуі тиіс. Егер сайлау алқасы президентті сайлай алмаса, өкілдер палатасы президент сайлауға құзыретті.

БИЛІКТІ ТЕҢЕСТІРУ ТЕТІГІ

Сайлау алқасын 1787 жылы АҚШ конституциясын жасағандар президентті таңдаудың екі жолын қалайтындарды ымыраға келтіру мақсатында ойлап шығарған. Ол уақытта бір тарап президентті бүкілхалықтық дауыс беру жолымен
Митт Ромни (сол жақта) мен Барак Обама дебат кезінде. Нью-Йорк, 16 қазан 2012 жыл.
Митт Ромни (сол жақта) мен Барак Обама дебат кезінде. Нью-Йорк, 16 қазан 2012 жыл.
сайлауды қаласа, екінші тарап мемлекет басшысын конгрес таңдауы тиіс деп санаған.

Бұл жүйе шағын штаттардың президент сайлауында көбірек ықпалға ие болуына мүмкіндік беретін, биліктің ара салмағын теңестіретін тетік ретінде саналады.

Бұл жүйеде үміткер сайлаушылардың басым көпшілік дауысын жеңіп алғанымен, сайлау алқасының дауысын санағанда жеңілетін жағдайлар да кездеседі. Мысалы, 2000 жылы республикашыл Джордж Буш бүкілхалықтық сайлауда демократ Альберт Гордан бір жарым миллиондай дауысты аз жинағанымен, сайлау алқасындағы дауыстың көпшілігін иеленіп, жеңіске жетті.

КОНГРЕСТІҢ ҚҰЗЫРЕТІ

1876 жылы республикалық партиядан үміткер Резерфорд Хейз президент болып сайланған кезде демократ Сэмюэль Тильден бүкілхалықтық дауыс беруде сайлаушылардың 50 пайыздан көп дауысын жинағанымен, сайлау алқасының тиісті дауысын ала алмады.

1824 жылы президенттікке демократияшыл-республикалық партия атынан түскен төрт үміткердің ешқайсысы сайлау алқасының қолдауына ие бола алмады. Сондықтан өкілдер палатасы яғни конгрес Джон Куинси Адамсты президент етіп сайлады.

Ал 1800 жылғы сайлауда сайлау алқасы екі үміткер – Томас Джефферсон мен Аарон Бурге бірдей дауыс берді, сондықтан өкілдер палатасы Томас Джефферсонды президент етіп сайлады.

Мақала Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшісі Рона Синовицтің материалы негізінде жазылған.
XS
SM
MD
LG