Accessibility links

Байден инаугурациясы: АҚШ-тың 46-президенті қызметіне кірісті


АҚШ президенті Джо Байден мен оның жары Джилл Байден Ақ үй келіп, қолын бұлғап тұр. 20 қаңтар 2021 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден мен оның жары Джилл Байден Ақ үй келіп, қолын бұлғап тұр. 20 қаңтар 2021 жыл.

Қарашадағы президент сайлауы мен ауыр жүрген өтпелі кезеңнен кейін демократ Джо Байден Капитолий алдында АҚШ президентінің антын берді. Ол осылайша АҚШ-тың 45-президенті Дональд Трампты ресми түрде алмастырды.

78 жастағы Байден ант беру кезінде қолын өз үйінен әкелген көне "Библияға" қойды. Кітап 46-президенттің әулетінде 1893 жылдан бері сақталып келген. Байден осыған дейін сенатор және вице-президент қызметтеріне кіріскенде де осы діни кітапты ұстап ант берген.

Биылғы инаугурацияның ерекше болатыны әуелден белгілі болды. Оның бірден-бір себебі – коронавирус пандемиясы. АҚШ індетті ең қатты зардап шеккен елдердің бірі. Сонымен қатар 6 қаңтар күні Трамп жақтастары Капитолийді басып алып, елде жікшілдік қаупі күшейді.

Коронавирус пандемиясы кезінде өткен ант беру рәсімінен кейін Байден америкалықтарға үндеу жолдап, халқын бірлікке шақырды.

"Демократия орнады" деді Байден. "Бұл – Американың күні. Бұл – демократияның күні. Бұл – тарих пен үміттің, жаңару мен батылдықтың күні".

АҚШ президенті Джо Байден инаугурация рәсімінде сөз сөйлеп тұр. 20 қаңтар 2021 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден инаугурация рәсімінде сөз сөйлеп тұр. 20 қаңтар 2021 жыл.

Ол сондай-ақ АҚШ-тың ниеттес елдеріне сәлем жолдап, қарым-қатынасты қалпына келтіретінін айтты.

"Біз одақтастығымызды қалпына келтіреміз, әлем елдерімен жұмыс істеп кешегінің емес бүгіннің және ертеңнің мәселелерін шешеміз" деді Байден.

Салтанатты шарада АҚШ мемлекеттік әнұранын әнші Леди Гага орындады.

Әнші Леди Гага Байденді президент ретінде ұлықтау рәсімінде АҚШ әнұранын айтып тұр. 20 қаңтар 2021 жыл.
Әнші Леди Гага Байденді президент ретінде ұлықтау рәсімінде АҚШ әнұранын айтып тұр. 20 қаңтар 2021 жыл.

6 қаңтардағы оқиғадан кейін Вашингтонда қауіпсіздік барынша күшейтілді. Конгресс ғимаратының айналасы тікенек темірлі шарбақпен қоршалды. Қала басшылығы Вашингтон орталығындағы метро стансалар мен жолдарды жапты. Тәртіпті қадағалауға мыңдаған полицей мен Ұлттық гвардияның 25 мың сарбазы жұмылдырылды. Қалада төтенше жағдай енгізілген.

КІМ КЕЛДІ, КІМ КЕЛМЕДІ?

Кейінгі 152 жылда алғаш рет қызметін тапсырып жатқан президент инаугурация рәсіміне қатыспай кетті. Дегенмен салтанатты шараға елдің бұрынғы басшылары Джордж Буш, Билл Клинтон және Барак Обама қатысты. АҚШ-тың қазір 96 жасқа келген 39-президенті Джимми Картер келе алмай қалды, бірақ құттықтау сәлемін жолдады. Өзінің инаугурациясы 1977 жылы өткен Картер содан бері ант қабылдау рәсіміне алғаш рет қатыспады.

Ұлықтау рәсіміне Трамп келмегенімен, оның вице-президенті Майк Пенс пен бірқатар республикашыл депутат келді. Олардың арасында Байденнің жеңісіне күдік келтірген сенатор Тед Круз де болды.

АҚШ-тың қызметтен кетіп жатқан вице-президенті Майк Пенс пен оның жары Карен Пенс инаугурациясы рәсімінің алдында. 20 қаңтар 2021 жыл.
АҚШ-тың қызметтен кетіп жатқан вице-президенті Майк Пенс пен оның жары Карен Пенс инаугурациясы рәсімінің алдында. 20 қаңтар 2021 жыл.

Майк Пенс өтпелі кезеңде шешуші рөл атқарды. 6 қаңтар күні Конгрестің қос палатасы сайлау нәтижесін бекіту үшін ортақ жиын өткізуі керек болған. Дәстүр бойынша жиынға вице-президент төрағалық етеді. 3 қарашадағы президент сайлауы нәтижесін тоқтаусыз даулап келген Трамп өзінің вице-президентінен сол сәтті пайдаланып, сайлау нәтижесін бекітпей қоюға шақырды. Осыған дейін Трамптың көптеген бастамаларын қолдап жүрген, Пенс бұл жолы басшысын бетін қайтарды, АҚШ конституциясына сілтеп, жиын төрағасының міндеті формалды ғана, ол ел тағдырын анықтайтын шешім қабылдамауы тиіс деп айтты. Осы себепті болар инаугурация рәсімінде Майк Пенс пен оның жарын таныстырғанда, қатысушылар қол сығып, ілтипат білдірді.

ТРАМПТЫҢ ПРЕЗИДЕНТ РЕТІНДЕГІ СОҢҒЫ СӘТТЕРІ

Байденнің инаугурациясына үш сағат қалғанда Трамп Ақ үй аумағынан президент тікұшағымен Эндрюс базасына ұшып кетті. Ол жерде АҚШ қызметтен кетіп бара жатқан президенті қоштасы рәсіміне қатысты. Туыстары мен жақтастары алдында сөз сөйлеген Трамп "Сіздерге президент болу – мен үшін үлкен мәртебе. Рахмет" деді.

АҚШ-тың 45-президенті Эндрюс базасындағы қоштасу рәсімінде сөз сөйлеп тұр. 20 қаңтар 2021 жыл.
АҚШ-тың 45-президенті Эндрюс базасындағы қоштасу рәсімінде сөз сөйлеп тұр. 20 қаңтар 2021 жыл.

Трамп президент ретіндегі жетістігі ретінде "қарулы күштердің қалпына келуін", салық мөлшерінің төмендеуін, қаржы нарығының өсуін, федералды судьяларды және Жоғарғы соттың үш судьясын тағайындауды атап өтті. Ол сондай-ақ коронавирусқа қарсы вакцинаның әзірленуін де өз жетістігіне қосты.

45-президент сондай-ақ америкалықтар үшін күресуге әрқашан дайын екенін, Байден әкімшілігіне сәттілік тілейтінін айтты.

Шараға вице-президент Майк Пенс келген жоқ. Ол Трамппен 19 қаңтарда қоштасқан. Екеуінің арасы Капитолийдегі оқиғадан кейін суып кеткен.

Трамп Ақ үйден кетерінің алдында алаяқтық айыбымен жазаланған 150-дей адамға кешірім беру туралы құжатқа қойды.

Трамп былтыр қарашада өткен президент сайлауында демократ Джо Байденнен жеңіліп қалып, сайлау нәтижесімен келіспей көптеген штаттың сотқа жүгінді, тіпті Жоғарғы сотқа да арыз түсірді. Соттар оның арыздарын кері қайтарды.

6 қаңтарда Капитолийде Байденнің жеңісін рәсімдеу жиыны өтерден бұрын Трамп Ақ үй жанында өз жақтастарына қайырылып, "біз ешқашан берілмейміз, ешқашан жеңілмейміз, ұрлықты тоқтатыңыздар" деген еді. Трамптың осы сөзінен кейін оның ашулы жақтастары 1,6 шақырым жерде орналасқан Капитолийге барып, басып кіріп, сайлау нәтижесін рәсімдеу шарасын өткізуге кедергі келтірді. Саясаткерлер жиын өтетін залды тастап кетуге мәжбүр болған. Олар жұмысын 7 қаңтарда жалғастырып, Байденнің жеңісін рәсімдеді.

Капитолийдегі жағдайдан бес адам қаза тауып, 52 адам ұсталды.

АҚШ-тың 45-президенті Дональд Трамп пен оның оның әйелі Мелания Трамп Эндрюс базасында Air Force One ұшағына мінгелі жатыр. 20 қаңтар 2021 жыл.
АҚШ-тың 45-президенті Дональд Трамп пен оның оның әйелі Мелания Трамп Эндрюс базасында Air Force One ұшағына мінгелі жатыр. 20 қаңтар 2021 жыл.

Қоштасу рәсімінен кейін Дональд Трамп пен оның әйелі Мелания Трамп туыстарымен бірге АҚШ президенттері мінетін Air Force One ұшағымен Флоридаға ұшып кетті.

ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

Инаугурация рәсімінде Байденге дейін оның вице-президенті Камала Харрис ант берген. 56 жастағы Харрис – бұл қызметке кіріскен алғашқы әйел және ақ нәсілдіге жатпайтын алғашқы адам. Осылайша АҚШ саяси жүйесіндегі президенттен кейінгі ең лауазымды үш қызметтің екеуін әйел адам атқармақ. Демократ Нэнси Пелоси (ханым) Конгрестің төменгі палатасына жетекшілік етеді.

Дәстүр бойынша Байдан инаугурация алдындағы түнді АҚШ үкіметінің мәртебелі қонақтарға арналған Blair House дейтін үйінде өткізді. Бұл үй Вашингтонның орталығында, Ақ үйге қарама-қарсы орналасқан.

Байденнің инаугурациясынан санаулы сағат өткенде жаңа сайланған үш демократ сенатор ант берді. Олардың бірі Калифорния штатынан Харристің орнына сайланды, екеуі Джорджия штатындағы сайлаудың 5 қаңтарда өткен екінші кезеңінде жеңіске жетті.

Осылайша демократтар Конгрестің қос палатасын да өз бақылауына алды. Бұл Байденге күн тәртібіндегі жоспарларын жүзеге асыруға жеңілдік бермек.

Ұлықтау рәсімінен бір күн бұрын Байден мен Харрис коронавирус пандемиясы кезінде қайтыс болған 400 мың америкалыққа тағзым етті.

"Жазылып шығу үшін есте сақтауымыз керек" деді Байден тағзы ету шарасында.

БАЙДЕННІҢ АЛҒАШҚЫ ШЕШІМДЕРІ

Джо Байден ұлықтау рәсімінен кейін көп күттірмей Трамп қабылдаған шешімдердің күшін жоятын бірқатар құжатқа қол қойды.

Атап айтқанда, қызметіне жаңа кіріскен президент АҚШ-ты климат жөніндегі Париж келісіміне қайта қосып, АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүшелігін қалпына келтірді. Ол сондай-ақ маска тағуды міндеттеп, кей мұсылман елдеріне қарсы визалық шектеулердің күшін жойды. Иммигрант балаларды депортациялауды көздейтін DACA бағдарламасын (Deferred Action for Childhood Arrivals) аяқтады.

АҚШ-тың 46-президенті Джо Байден алғашқы құжаттарына қол қойып жатыр. 20 қаңтар 2021 жыл.
АҚШ-тың 46-президенті Джо Байден алғашқы құжаттарына қол қойып жатыр. 20 қаңтар 2021 жыл.

Байден Трамптың шекарада қабырға тұрғызу жобасын да тоқтатты.

Париж келісіміне қайта қосылу туралы шешіміне түсініктеме берген Байден "Біз бұрын-соңды болмаған дәрежеде климаттың өзгерумен күресеміз" деді.

Дональд Трамп 2017 жылы Париж келісімін "АҚШ экономикасы үшін қолайсыз келісім болды" деп атап, өз елін бұл келісімнен шығаратынын мәлімдеген. АҚШ ресми түрде бұл келісімнен 2020 жылы қараша айында шықты. Оның қайта қосылуы үшін бір ай уақыт керек болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG