Помпео Ресейге қатысты "жұмсақ саясаттан" бас тартуды және Мәскеуге қарсы санкцияны күшейтуді бұл қызметке тағайындалмай тұрып-ақ талап етіп келген. Мысалы, Помпеоның сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин өз еліне алпауыт держава мәртебесін қайтарғысы келеді және АҚШ-тың позицияларын әлсіретуді көздейді. Ақпарат құралдарында Помпеоның сыншылары сыртқы саясаттың "тұйғыны" АҚШ-тың ең негізгі дипломатына айналғанын айтып жатыр. Ал Помпеоның жақтастары оны дәл осы қасиеті үшін мақтайды. Олардың түсінігінде жаңа мемлекеттік хатшы шетелдік державалармен қарым-қатынаста күш пен дипломатияны ұштастыра қолдану қажет екенін түсінеді.
"Трамппен жақындығы және президенттің сенімі - Помпеоның басты көзірі. Идеологиялық тұрғыдан алғанда, Помпеоның позициясы президент әкімшілігіндегі сыртқы саясатқа жетекшілік ететін негізгі ойыншылардың позициясымен үйлеседі, ал бұл бірлесіп әрекет етуді оңайлатады. Бірақ Трамп үшін адамның пікірінен гөрі бейімділігі маңызды. Трамп Тиллерсонды онша жақтырған жоқ, сондықтан оның тұсында мемлекеттік департамент ведомстволар арасындағы салмағын біраз жоғалтты. Вашингтонда Помпео мемлекеттік департаменттің бюджетін жарым-жартылай болса да қалпына келтіріп, бос тұрған көптеген орынға дарынды басқарушыларды тағайындайды деп үміттенеді" дейді National Journal басылымының жетекші шолушысы Джош Красауэр. Бұған қоса, ол "Помпео – табанды әрі дәйектілікпен әрекет ететін "тұйғын". Мысалы, оның Ресейге қатысты көзқарасы. Егер Кремльмен қарым-қатынасты қалай түзуге тиіспіз деген мәселеде Трамп мемлекеттік хатшысының көзқарасына қарай біртіндепойыса бастаса, мен мүлде таңданбас едім,-" дейді ол.
Трамптың қалай қимылдауына тура келеді? Ал Ресейге қатысты саяси көзқарастарында Помпеоның өзі әрқандай бір қимыл танытты ма?
Америкалық комментаторлардың көпшілігінің пікірі Майк Помпеоны мемлекеттік хатшы етіп тағайындау процесіне Сенаттағы дауыс беру емес, сәуірдің 12-сі күні тыңдаудан кейін оның кандидатурасын конгрестің халықаралық істер комитетінің мақұлдауы серпін берді дегенге саяды. Болжамдарға қарамастан және Ақ үйдің белсенді араласуының арқасында комитет мүшелері әріптестеріне Трамптың тағайындауын мақұлдауға кеңес берген. Президент тағайындаған мемлекеттік хатшыны сенаторлардың мақұлдамауы соңғы рет 1925 жылы болған. Бұл жолы да сол оқиға қайталана жаздады – тоғыз сенатор қарсы дауыс беріп, кандидат небәрі 11 дауыспен бекітілді. Комитет мүшелерінің сұрақтарына Помпео жауаптарының кейбірі мынадай:
"Путин елінен тысқары жерлерде Американы түртпектеу арқылы өз билігін нығайтып, танымалдығын арттыруға тырысып жатыр. Ол өзінің орасан зор ядролық арсеналын сақтап қалуға ғана ұмтылып қоймай, сонымен бірге әлем елдері Ресейді алып держава ретінде қабылдағанын қалайды. Ол советтік, ресейлік модельді бүкіл әлемді ұлылыққа жетелейтін модель ретінде көрсету үшін Батыс демократиясына зиян келтіріп жатыр" деді Помпео сенатор Рон Джонсонның сұрағына берген жауабында.
Бұдан бірер минут бұрын Помпео Конгрес пен Сенаттың Ресейге салған санкцяларын АҚШ президенті әкімшілігі онша белсенді қолданбай отыр деп қынжылған сенатор Джин Шахиннің сөздерін қағып тастауына тура келген. Оның "Бұл бағыттағы жұмысты күшейтуге әзірсіз бе?"деген сұрағана Помпео «Иә, біз мұнымен күн сайын айналысатын боламыз. Санкциялар бойынша әлі атқаратын шаруа көп екенін мойындаймын. Владимир Путинге біздің ескертуіміз толық көлемде әлі жеткен жоқ, сондықтан бұл жұмысты жалғастыруымыз керек. Бірақ әңгіме санкциялар жайлы ғана емес. Қазіргі әкімшілік 60 дипломатты елден шығарды. Біз ядролық доктринамызды қайта қарайтынымызды ескерттік. Бұл Ресейге тежеу күштерімізді қайта құрылымдайтынымызды ұқтыратын болады. Сирияда жүздеген адамы мерт болып, орыстар лайықты тойтарыс алды. Президент әкімшілігі соңғы кездің өзінде осынша шаруа тындырды" деп жауап берді.
Помпео Ресей мен Путин туралы бірнеше жыл бұрын сөйлеген сөздерінде де көп айтқан. Трамп сияқты ол да алдыңғы әкімшілікті жұмсақ саясат ұстанды деп сынаған. Мысалы, АҚШ президенті сайлауынан бірнеше күн бұрын Канзас штатындағы Вичита қаласында сөйлеген сөзінде ол:
Шын мәнінде, біздің саяси жүйемізге Владимир Путиннің тікелей өзі шабуыл жасап жатыр. Мен барлау қызметінің мәліметтерін көрдім.Майк Помпео
"Еуропалық елдің бестен бір бөлігін басып алғаны үшін Путин қалай жазаланып еді? Обама әкімшілігі әлдебір санкциялар салған болды. Біреулер осы да жеткілікті деп ойлайтын шығар."Бұл - бізге қатысы жоқ проблема, менің балаларым картадан тіпті Украинаның қай жерде екенін де көрсете алмайды" дейтін адамдар да болады, әрине. Путиннің ең бірінші мақсаты – Еуропада орныққан тәртіпті өзгерту. Сіздерге Канзас тұрғындары үшін бұл мүлде жақсы емес екенін айтуға тиіспін" деген болатын.
Залда отырғандар Помпеодан "Трамптың Америкадағы сайлау нәтижелеріне Ресейдің ықтимал килігуін дабырайтпауға шақырған мәлімдемелері туралы не ойлайсыз?" деп сұраған. Помпео "Біздің кандидатымыздың не дегенін білемін. Шын мәнінде, біздің саяси жүйемізге Владимир Путиннің тікелей өзі шабуыл жасап жатыр. Мен барлау қызметінің мәліметтерін көрдім. Путин Американы үшінші әлем елі, яғни артта қалған ел етіп көрсетуге тырысып отыр" деп жауап берген. Бірақ демократтар Помпеоны Ресейдің сайлауға килігуіне қатысты жұмсақ позиция ұстайды деп талай сынаған. 2017 жылы қазанда тіпті Орталық барлау басқармасы өз директоры Помпеоның Ресейдің килігуі "сайлау нәтижесіне ықпал еткен жоқ" деген сөзін терістеуге мәжбүр болған.
Өз сөзіне сенсек, Майк Помпеоның АҚШ-та өткен соңғы президент сайлауына Ресей ықпалына қатысты күмәні біржола сейілген. Бұған қоса, Помпеоның сөзінше, Ресей оның алдындағы сайлауларға да киліккен. "Олар мұнымен баяғыдан бері айналысады. (...) Қазір оларға кибер құралдардың көмегімен, жаңалық тарататын RT мен Sputnik басылымдары арқылы ықпал ету әлдеқайда арзанға түсіп отыр".
Канзас тұрғындары туралы пассажын Помпео өзін Орталық барлау басқармасы директоры қызметіне тағайындаған 2017 жылы қаңтардың 12-сі күні Сенаттағы тыңдауда да қайталаған. Бір қызығы, ол кезде аузынан "Ресей" деген сөз шыққанымен, ол Ресей президентінің есімін атаған жоқ болатын. Комитет мүшелері Помпеодан "АҚШ-қа ең негізгі қатер дәл кімнен төнеді деп санайсыз?" деп сұраған. Ол "Бұл - елімізге еніп кеткен терроризм қатері. Егер менен Канзастың қарапайым тұрғыны үшін ең үлкен қатер қандай деп сұрасаңыздар, терроризм қатері деп жауап берер едім" деген болатын. Сенатор-демократ Джон Мэнчин сұрақты "Бұл қатерді төндіретін ел бар ма?" деп нақтылаған. Помпео ДАИШ пен "Әл-Қайда" ұйымдарын, Ирак пен Сирияны атаған. Ал бірер секундтан кейін нақтылайтын тағы бір сұраққа берген жауабында "Солтүстік Корея, Ресей және Қытайдан төнетін қатерлерді терроризм қатарына жатқызар едім" деп мәлімдеген.
Помпео Ресеймен терроризмге қатысты барлау мәліметтерді алмасуды жалғастыру қажет деп санайды.
Майк Помпео Барак Обама әкімшілігі Ресейді Сириядағы жанжалды реттеуге "шақырғаны" (Асадтың химиялық қаруды жоятынына кепіл ретінде) АҚШ мүддесі үшін де, Сирия тұрғындары үшін де қателік болды деп талай айтқан. 2017 жылы Аспенде өткен қауіпсіздікке арналған конференцияда Ресейдің Сириядағы түпкі мақсаттары туралы сұраққа Помпео "Оларға суы жылы теңіз порты қатты ұнайды, бұдан бөлек, оларға Америкаға тиісу қатты ұнайды" деп жауап берген. Бірақ Помпео Ресеймен терроризмге қатысты барлау мәліметтерді алмасуды жалғастыру қажет деп санайды.
Ресей-Украина жанжалына қатысты әу бастан қатаң позиция ұстанған Помпео бұл позициясынан тайған жоқ. АҚШ-тың жаңа мемлекеттік хатшысы Батыс Украинаға кесімді түрде қолдау танытуы тиіс деп талмай айтып келеді. 2014 жылы сәуірде Майданның жеңісінен соң және "орыс көктемі" басталғаннан кейін Украинаға барған кезде осы оқиғалардың "Бұл жақтан Беларусь немесе Молдоваға ауысуы мүмкін" деген болатын.
Сәуірдің 12-сі күні оны мемлекеттік хатшы етіп тағайындауды талқылаған Сенат комитетіндегі тыңдауда Майк Помпео Владимир Путин Совет одағының ыдырауын шынымен "20 ғасырдың ең ірі геосаяси апаты" деп санайды деді. Помпеоның сөзінше, енді Путин СССР үлгісіндегі "Ұлы Ресейді" құрумен айналысып жатыр. 1980 жылдардың аяғында Помпео АҚШ армиясының Чехословакия мен Шығыс Германия шекарасы бойында шоғырландырылған бөлімшесінде қызмет атқарған, сондықтан өзін "қырғи-қабақ соғыс дәуірінің адамы" деп атайды. "Сіздер ол жақта [шекараның] бір жағы бос жатқанын, ал екінші жағында шекара болмағанын өз көздеріңізбен көрер едіңіздер" деп еске алған ол 2016 жылы.
"Қазір біз қолында орасан зор ядролық қаруы бар орыстар Сирияда әбден бекініп алған әлемде өмір сүріп жатырмыз. Олар Қырымды басып алып, Украинаның оңтүстік-шығысында да орнығып алды. Сондықтан Америка бұған тойтарыс беруге, экспансияны жалғастыруға жол бермеуге міндетті және олармен өзімізді қалай ұстауымыз керек деген мәселеге үлкен мән беру керек" деген болатын Помпео жоғарыда аталған Аспен конференциясында.
Помпео АҚШ арнайы қызметінің құпия құжаттарын баспасөзде жариялауға қарсы. Ол Джулиан Ассанж бен Эдвард Сноуденнің әрекетін үзбей әрі қатаң сынап келеді. Эдвард Сноуден туралы Помео "Оны Ресейден қайтарып алып, сотқа тарту керек, оны өлім жазасына кесу дұрыс деп санаймын" деген болатын.
Майк Помпеоның пікірінше, Владимир Путин жақсы көретін "Карточный домик" сериалының көп тұстары Америка саясатындағы қазіргі жағдайды еске түсіреді. "[Президент Андервуд] - карикатуралық кейіпкер, бірақ ол жақта[Конгресте] сол жерде қалуды ғана армандайтын жігітер бар. (...) Олар ықпалын мақсат жолында сайлаушылары үшін күшейтудің орнына, әйтеуір билікте болсақ болды деп ұмтылады" деген болатын Помпео сұхбаттарының бірінде.
"Ол кісінің адам ретінде де, саясаткер ретінде де әжептәуір беделі бар, - дейді National Journal журналының шолушысы Джос Красауэр. – Бірақ 2017 жылы оны Орталық барлау басқармасы директоры етіп тағайындауды қолдаған бірнеше демократ оның Климат жөніндегі Париж келісіміне қатысты оппозициялық ұстанымын айтпағанда, енді оның мұсылмандар мен жыныстық азшылық өкілдерін жақтырмай айтқан кей сөздерін естеріне түсіріп, электоратының бір бөлігінің қысымынан кейін Помпеоны мемлекеттік хатшы етіп тағайындауға қарсы дауыс берді". Оның әлгі пікірлері - шынымен назар аударуға тұратын сөздер. Мысалы, 2015 жылы Помпео АҚШ жоғарғы сотының бір жынысты некені мойындау туралы шешімін "билікті теріс пайдалану" деп атаған. Бірақ оның алдында бір жыл бұрын Канзас университетінде сөйлеген сөзінде ол "толық" және "толық емес" отбасылар туралы бұлыңғыр пікірмен шектелген.
"Меніңше, өткен заманға, өркениетіміздің тарихына қарасақ, шешесі, әкесі бар отбасы - балаларды дүниеге әкеліп, тәрбиелеу үшін ең мінсіз орта екенін көресіздер. Бұл сөзім баланың шешесі ғана немесе әкесі ғана бар тамаша отбасылар жоқ деген сөз емес. Толық емес отбасыларда талай ұлы адамдар дүниеге келіп, өскен. Бірақ егер менен мінсіздік деген не деп сұрасаңыздар, бұл - ата-ананың екеуі де бар, яғни әйел мен ер адамнан тұратын отбасындағы тәрбие деп ойлаймын".
Ал мұсылмандар туралы пікіріне келсек, демократиялық партия жақтастары көбінесе Помпеоны осы діни топқа ұжымдық жауапкершілік жүктеу принципін қолдағанына наразы. "АҚШ тарихындағы кейінгі 20 жылда болған ең үлкен терактілерді осы дінді ұстанатын адамдар жасап жатыр,сондықтан оның діни жетекшілеріне айрықша жауапкершілік жүктелуі тиіс. Бірақ олар бұған тойтарыс берудің орнына үнсіз отыр. Сондықтан бұл үнсіздігі оларды әлгі терактілерге және ең маңыздысы, алдағы уақытта болуы әбден мүмкін терактілерге ықтимал қатысы бар деп санауға түрткі болады" деген болатын Майк Помпео 2013 жылы АҚШ конгресінде сөйлеген сөздерінің бірінде.
(Азаттықтың Орыс қызметі тілшілері Евгений Аронов, Сергей Добрынин және Марк Крутовтың мақаласы орысшадан аударылды)