Accessibility links

Трамп президенттігінің бір жылы


Президент Трамптың салық реформасы туралы заң жобасына қол қойғаннан кейінгі сәті. Вашингтон. 22 желтоқсан, 2017 жыл.
Президент Трамптың салық реформасы туралы заң жобасына қол қойғаннан кейінгі сәті. Вашингтон. 22 желтоқсан, 2017 жыл.

Дональд Трамптың президент болғалы бір жылдай уақыт өтті. Алайда оның танымалдығы Ақ үйдегі қызметіне кіріскен кездегіден гөрі төмен. Оның себебі неде? Президенттігінің алғашқы жылында Трамптың жеңісі көп пе, әлде жеңілістері көп болды ма? Дональд Трамптың сыншыларын не мазалайды? АҚШ-Ресей қатынасы оңала ма? Экономикадағы өсім Трампқа неге көмектеспей отыр?

Осы сұрақтарға америкалық Freedom House құқық қорғау ұйымының вице-президенті Арч Паддингтон, құқықтанушы, Джордж Мэйсон атындағы университет профессоры Илья Сомин және Джордж Мэйсон атындағы университеттің саясаттанушысы Эрик Ширяев жауап береді.

2016 жылы президент сайлауындағы адам нанғысыз жеңісінен кейін Дональд Трамп Ақ үйдегі алғашқы жылын ғаламат сарында аяқтап келеді. Бір жағынан, президент пен оның партиясына Конгресті 30 жылдағы салық салу жүйесіндегі алғашқы реформаны мақұлдауға иліктіріп, аса ірі саяси жеңіске жетудің сәті түсті. Оның алдында қор биржаларында рекордтар кезеңі орнап, кәсіпкерлердің оптимизмі экономиканың кейінгі айлардағы күрт өрлеуін қамтамасыз етті. Ал бір жағынан, кейінгі күндері жарияланған тақырыптардың ішінде «Дональд Трамп – АҚШ тарихындағы алғашқы жылын ең танымал емес деңгейде аяқтаған президент» деген де тақырып жылт ете қалды. Associated Press ақпараттық агенттігі тапсырысы бойынша сауалнама жүргізген социологтар осындай қортындыға келген. Олар президент Трамптың жұмысын сауалнамаға қатысқандардың небәрі 32 пайызы құптайтынын анықтаған. Өзге социологиялық орталықтар жүргізген сауалнама нәтижелерінің де бұл деректерден онша көп айырмасы жоқ. Мысалы, Гэллап институты жүргізген сауалнамаға сәйкес, Ақ үйге келген бетте Дональд Трампты америкалықтардың 46 пайызы қолдаса, қазір бұл көрсеткіш - 35 пайыз. Бір жағынан, сауалнама нәтижелері парадокс болып көрінеді, өйткені Трамптың жетістіктері бар екеніне Дональд Трамптың қарсыластарының өздері де келіседі.

АҚШ-тың жаңалықтар кеңістігінде президент Трамптың айналасындағы адамдардың Ресеймен байланысын тексеруге қатысты жайттар көп жарияланғаны рас. Оның бұрынғы бірнеше көмекшісінің үстінен осы тексеруге байланысты қылмыстық іс қозғалды. Президент әкімшілігіндегі былық туралы айтып берген мемлекеттік құрылымдардағы және Ақ үйдің өзіндегі құпия дереккөздерінің әңгімелерін газеттер қуана-қуана жариялап қояды.

Баспасөз брифингтерінде Ақ үйдің баспасөз хатшылары тілшілерді арам ниетті деп айыптады. Бірақ мысалы, The New York Post газеті жазғандай, "Трамп президенттігінің алғашқы жылы үлкен жеңіс сияқты көріне бастады". Газет шолушысы Рик Лоури президент Трамп жетістіктерінің тізімін келтірген – алдыңғы президенттің Арктикадан мұнай бұрғылау мен жаңа мұнай құбырларын тартуға тосқауыл болған жарлықтарының күшін жоятын бірнеше жарлық шықты. Америкалықтарды медициналық сақтандыру полисін сатып алуға міндеттейтін талаптардың күші жойылды. Салық реформасы мақұлданды. Консервативті құқықтанушыны жоғарғы соттың судьясы етіп бекітті. Президент америкалық генералдарға еркіндік бергенінің арқасында "Ислам мемлекетінің" (ИМ) Сирия мен Ирактағы террорлық желісі талқандалды. Иерусалимді Израиль астанасы деп танып, Иранның ядролық бағдарламасын тоқтату туралы келісімді орындауын сертификаттаудан бас тартты және климаттың өзгеруімен күрес туралы Париж келісімінен шықты.

Әлбетте, консервативті The New York Post газеті республикалық президентке іш тартады, ол президент көптеген консерваторлардың үміттерін іске асырды деп қолпаштайды, демократтар әлгі шешімдердің көбін жақтырмайды, бірақ президент Трамптың көп шаруаның басын қайырғанына ешкім дауласпайды. Биржаларда акциялар бағамының рекордты деңгейде қымбаттауы, жұмыссыздық деңгейінің түсуі және соңғы он жылдағы экономика өсімінің ең жоғарғы деңгейі алғашқы жылдың ең елеулі жетістігі болды.

Олай болса, америкалықтардың көпшілігі неліктен президентті жақтырмайды? Сөзді президенттің бітіспес сыншысы Арчи Паддингтонға берелік:

Халықтар сарайындағы кездесу. Дональд Трамп және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин. 9 қараша, 2017 жыл.
Халықтар сарайындағы кездесу. Дональд Трамп және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин. 9 қараша, 2017 жыл.

– Меніңше, ол Американың әлемдегі мәні мен ықпалын кемітті, - дейді Арч Паддингтон. – Ең басты себеп - президент Трампта байыпты сыртқы саяси стратегия жоқ, ал қарсыластарымыз демей-ақ қояйын, біздің бәсекелестеріміз, оның ішінде, Қытай өз стратегиясын біртіндеп іске асырып әрі ықпалын күшейтіп көздеген мақсаттарына қол жеткізіп келеді. Егер Трамп әкімшілігі мен президенттің әрекеттеріне қарасақ, АҚШ-тың әлемде қандай саясат ұстану ойы барын түсіну мүмкін емес. Президент қисапсыз мәлімдеме жасайды, Вашингтон Солтүстік Кореяға қатысты дағдарысты шешуге тырысып жатыр, АҚШ елшілігін Иерусалимге көшіру туралы шешім қабылданды, бірақ мұның бәрінен ешқандай стратегия, таяу болашақта Қытаймен және Ресеймен қақтығысқа байланысты үлкен проблемаларға душар болатынымызды президент Трамптың өзі түсінетінін білдіретін белгілер байқалмайды. Бұл елдер есеппен қимылдап отыр. Егер ұйқымыздан оянбасақ, олар алдымызды орап кетеді.

– Паддингтон мырза, бірақ бірер күн бұрын ғана жарияланған ұлттық қауіпсіздік стратегиясында дәл осы Қытай, Ресей және сәл осалдау кейбір ойыншылармен қақтығыс таяу жылдары АҚШ-тың ұшырауына тура келетін негізгі проблемалардың бірі деп аталды ғой?

– Егер президент әлгі құжатта жазылған тұжырымдарды қолдайтынына сенімді болсам, бәлкім, өз көзқарасымды өзгертер едім. Бірақ әлгі құжатты таныстырып сөйлеген сөзінде президент Трамп стратегияның негізгі қағидаларына қайшы мәлімдемелер жасады. Стратегияда Кремльдің батыс демократиясының беделін түсіруден, Солтүстік Атланта одағында алауыздық орнатудан үмітті екені туралы, өзге елдердің ішкі ісіне килігу әрекеттері туралы айтылады, ал президент Ресей мен Қытаймен «тамаша дос болғысы» келетінін айтты. Президенттің көзқарастары сыртқы саяси стратегияның негізгі тұжырымдарымен қабыспаған кезде саясатта президенттің көзқарастары үстем болып кетеді деп болжауға болады. Ал бізде мұның мысалдары бар. Мысалы, Азия-Тынық мұхит экономикалық әріптестігінен АҚШ-тың бас тартуы әріптестікке мүше елдерге (ал олардың көбі біздің одақтасымыз) Қытайдың аймақтағы үстемдігіне теңесетін мұндай одақ құруға АҚШ мүдделі емес деген белгі болды. Енді жыл басынан бері аймақта не болғанын қараңыз - Таиланд, Малайзия, Филлиппин, Мьянма сияқты Азия елдері бірінен кейін бірі Пекинмен бітімге келе бастады. Екі жыл бұрын бұл елдер АҚШ-тың одақтастарының лагерінде болған, енді Вашингтон сенімсіз одақтас болып көрінгендіктен, олар енді Қытайға ыңғай таныта бастады.

– Жақсы, ал егер Дональд Трамп президенттігінің алғашқы жылындағы экономикалық нәтижелерге қарасақ, олар өте тұшымды болып көрінеді. Уолл-стриттегі акциялар құнының шарықтауы, жұмыссыздықтың рекордты деңгейге төмендеуі, экономикадағы шапшаң өсім, Конгрестің салық реформасын құптауы, Обама президенттігі заманындағы реттеулердің күшін жоюдың арқасында елді энергия ресурстарын көп экспорттаушы елге айналдыру. Президент осы жетістіктерге үнемі назар аударып келеді. Сіз мұны жоққа шығармайтын шығарсыз?

Экономикадағы өсім Дональд Трамп Ақ үйге келерден көп бұрын басталғанын ұмытпаған жөн.

– Мен былай айтар едім – президенттің экономикалық кеңесшілері – қаржы министрі Стивен Мнучин, ұлттық экономикалық кеңес басшысы Гэри Кон – нарық механизмі принциптерін жақсы түсінетін кәсіпқой мамандар. Мен президент Трамптың сайлау алдындағы «Ең әуелі - Америка» деген өзі көтерген ұранның құрбанына айналмай, сайлау компаниясы кезінде уәде еткендей, өзіне де пайда келтіріп, АҚШ экономикасының өсуіне де көмектесетін нарықтық күштердің қалыпты жұмысына кедергі келтіретін сауда-саттық тосқауылдар қоймағанын, импорттық тарифтерді өсірмегенін лайықты бағалар едім. Экономикадағы өсім Дональд Трамп Ақ үйге келерден көп бұрын басталғанын ұмытпаған жөн. Бірақ президенттің экономикалық саясатына кәсіпкерлер риза екені анық, олар оптимизммен қарайды. Оларға президенттің әсіресе реттеу жүйесін бұзуға қатысты позициясы ұнайды. Сондықтан таяу арада экономика табысты дамитын болады деп болжауға болады, бірақ ары қарай не болатынын көреміз.

– Дональд Трамп президенттігінің алғашқы жылының аяғына қарай оның қарсыластарының жорамалдарының көбі орындалған жоқ. Олар мінезі қызба Трамп халықаралық дағдарыстарға ұрындыруы мүмкін деп ескерткен. Көптеген демократтар мен оларға бейіл басылымдар Трамп президенттігі АҚШ-тың демократиялық жүйесі үшін қауіпті деп ескерткен болатын. Әлгі қауіптер шындыққа айналмады. Көріп отырғанымыздай, Трамп әкімшілігі заң аясынан аттамай әрекет етіп келеді. Сот шешімдерін орындайды, жоғарғы сотта өз шешімдерін жанталасып қорғайды әрі әрдайым жеңе бермейді. Бәлкім, скептиктердің тынышталатын кезі келген шығар?

Президент Дональд Трамп су ішіп тұр. Вашингтон. 15 қараша, 2017 жыл.
Президент Дональд Трамп су ішіп тұр. Вашингтон. 15 қараша, 2017 жыл.

– Мен демократия шынымен зардап шекті деп санаймын. Өйткені президент былайша айтқанда, шындықты сыйламайды, дәлелденетін шындық тұжырымы болатынына сенбейді. Ол мұны өз мәлімдемелерімен күн сайын дерлік дәлелдеп келеді. Меніңше, көрінген адамды жария түрде сынап, тіпті жеке басына тиісіп, үнемі соқтыға беретін президент демократиялық жүйе үшін аса жақсы емес. Ал ол саясаткерлерді ғана сынап жүрген жоқ. Оның сынына кез-келген адам тап болуы мүмкін. Мен мұндай қылық президентке мүлде лайық деп ойламаймын. Соның кесірінен Ақ үйде өзін ұстай алмайтын, қауіпті әрі ойланбаған қылықтар жасауы мүмкін ұшқалақ басшы отыр деген әсер қалдырады.

– Президенттің жақтастары бұған әдетте оның сөзіне емес, ісіне назар аударайық деген уәж айтады. Біз де сөз бен істі бөліп қарайық. Ал президенттің Ресейге қатысты және Солтүстік Кореяға қатысты әрекеттері сөзімен қабысып жатыр ғой.

– Олай болса, кейінгі жылдардағы ең жоғары экономикалық өсімге оның басқаруымен қол жеткізген елде президентті неге мұншалықты ұнатпайды деген сұрақ қойып көрелік. Оның рейтингі 35-37 пайыздан жоғары көтерілмейді. Бұл - бұрын-соңды болмаған жағдай. Экономикамыздағы ахуал жақсы, ал президентіміздің беделі рекордты деңгейде төмен. Дональд Трамптың алдындағы президенттер мұндай экономикалық табысқа жеткен кезде рейтингтері 60-70 пайыздан түспейтін.

Профессор Сомин, Трамп президенттігінің алғашқы жылының аяғына қарай оның жеңілістері мен жеңістерін сіз қалай таразылар едіңіз?

– Ең елеулі жетістігі – экономиканы реттеуден бас тартуды енгізудің сәті түсті. Бұл салада онша үлкен болмағанымен, әлдебір прогресс бар. Жуырда ғана салық салу жүйесін реформалау туралы заң қабылданды. Бұл реформаның нәтижелері қандай болып шығатыны әлі де даулы. Меніңше, жекелеген жағымды элементтер бар. Бір жағынан, бұл реформа бюджет тапшылығын ұлғайтады. Ал сәтсіздіктеріне келсек, меніңше, олар Трамп билігінің мықты жақтарынан әлдеқайда көп. Оның ең үлкен сәтсіздігі – эмиграцияға деген көзқарасы мен Америкаға ғана емес, Азия, Еуропадағы және өзге де көптеген одақтастарымызбен қарым-қатынасымызға зияны тиетін халықаралық саудадағы зиянды саясаты. Екіншіден, Трамптың дөрекі стилі АҚШ-тың әлемдегі, оның ішінде одақтастарымыздың арасындағы беделіне қатты нұқсан келтірді.

Трампты қолдағандардың көпшілігінің Трамп өзгеретін шығар деп үміті ақталмады.

Бұған қоса, Трамптың өзгеше стиліндегі кей элементтермен қоса, субстантивті (өзімбілемдік) саясаты Американың өз ішіндегі саяси қайшылықтарды, оның ішінде нәсілдік, этникалық алауыздықты қатты ушықтырып жіберді. Бұл бір жағынан әлемдегі позициямызды да әлсіретеді. Бір жыл ғана өткендіктен, Трамп әкімшілігінің қызметін объективті бағалау өте қиын екені де түсінікті. Обама, Буш сияқты бұрынғы президенттердің саясатын бағалағанымыз сияқты Трамптың саясатын да шынымен объективті бағалай алуымыз үшін бірнеше жыл қажет. Рейганның, немесе тіпті Рузвельт сияқты президенттердің саясаты туралы әлі дауласып келеміз ғой. Сол сияқты Трамптың саясаты туралы айтыс-тартыс та жалғасатын болады деп ойлаймын.

– Сонда сіздің үмітіңіз ақталды ма, қауіптеріңіз шынға айналды ма? Қалай ойлайсыз - алғашқы жылдың қалған бөлігі жағымды немесе жағымсыз әсерде қалдыра ма?

– Меніңше, жағымды жағынан гөрі, жағымсыз құбылыстар көбірек болды. Бәрі болмағанымен, қауіптерімнің көбі расталды дер едім.

– Ал Трамп әлдебір жақсылығымен таңдандырды ма?

– Бәрінен бұрын біліктірек федералдық судьяларды тағайындады, мен мұны күткен жоқ едім.

– Сіз өзіңіз сияқты либертариан (либертариандық – еркіндікті негізгі принцип ретінде ұстанатын саяси философиялар мен қозғалыстар жиынтығы – ред.) әрі консервативті көзқарастағы республикашы Нил Горсачты жоғарғы сот мүшесі етіп тағайындағанын айтпай кеттіңіз?

– Горсач либертариан емес, ол кісімен келіспейтін тұстарым бар, бірақ ол Трамп тағайындайды деп мен күткен адамдардан әлдеқайда жақсырақ.

Профессор Ширяев, Дональд Трамптың қандай қадамдарын Ақ үйде өткізген алғашқы жылындағы жетістіктері мен жеңілістері ретінде атар едіңіз?

–Саяси психолог ретінде айтар болсам, оның ең үлкен жетістігі - кейінгі 15-17 жыл ішінде қалыптасқан жүйені бұзды, Трамптың тілімен айтқанда, «үйдегі» және халықаралық ми батпақты орнынан қозғады. Әбден тоқырап қалған жүйені, саяси әдептіліктен аттай алмаған жүйені және ертеректе бір бұрышта бұғып, бас көтермей отырған Солтүстік Корея сияқты режимдердің бар күшімен бас көтеруіне мүмкіндік берген жүйені бұзды. Ол АҚШ-тың қуатты ел бола алатынын, алдын ал болжанбайтын әрекетке бара алатынын, берген уәдесін бәрібір орындай алатынын көрсете алды. Ал ең үлкен кемшілігі (сәтсіздігі демей-ақ қояйын) - сайлау алды науқанында Трампты қолдағандардың көпшілігінің Трамп өзгеретін шығар деп үміті ақталмады. Оның президент болып сайлануына көмектескен сайлауалды риторикасы, дөрекі пайымдары, сайқымазақ қылықтарының бәрінен арылатын шығар, сөйтіп байсалды, іскер президент көретін шығармыз деген үміттенген еді. Бірақ ол өзгермеді.

Профессор, сіз Трамп халықаралық ми батпақты орнынан қозғады, Барак Обама тым еркелетіп жіберген елдерді тәртіпке шақырды деп құптап отырсыз, ал Арч Паддингтон сыртқы саяси стратегияны президент Трамптың құрбандарының бірі деп атайды. Ол Дональд Трампта мұндай стратегия жоқ, АҚШ-тың негізгі бәсекелесі Қытай өз позицияларын нығайтып, өз аймағындағы елдерінің құрметіне бөленіп жатқанда АҚШ одақтастарынына айрылып жатыр деп санайды.

– Бұл пікірмен үзілді-кесілді келіспеймін. АҚШ президенттерінің бәрін сыртқы саяси стратегиясы жоқ деген айыптау - баяғы заманнан келе жатқан дәстүр. Кезінде Кеннедиден бастап Обамаға дейінгі президенттердің бәрін осылай, яғни сыртқы саяси стратегиясы жоқ деп айыптаған. Саясат бар, ол жүре келе түзеледі. Бірақ Қытай одақтастарын көбейтіп жатыр деген мәлімдеме - құр сандырақ. Мәселе қазір Америкаға Филлипин және өзге елдермен стратегиялық тұрғыдан тығыз қарым-қатынас орнату керек пе әлде өзге проблемаларға, өзге аймақтарға бет бұруы керек пе деген мәселеде. Бірде жоғалтасың, тағы да бірде жоғыңды табасың, дипломатия, саясат дегеніміз - осы. Биыл Америка әлемдегі ықпалын жоғалтты деп ойламаймын, меніңше, Америка әлемдегі ықпалын анағұрлым күшейтті. Бәлкім, ашық жақтастары, ашық қошемет, сүйсініп қолпаштағандар болған жоқ шығар, бірақ Американың ықпалы тұрғысынан алғанда, қазір жағдай Обама әкімшілігі тұсындағы жағдайға қарағанда өзгерді деп ойлаймын.

– Илья Сомин, Трамптың сыртқы саясатына қатысты мына дауда кімнің жағындасыз? Сайлауалды науқаны кезінде сыртқы саясат саласындағы 100 ықпалды республикашы маман Дональд Трамптың көзқарастары мен әрекет ету тәсілдері АҚШ және әлем үшін үлкен халықаралық проблемаларға ұласуы мүмкін деп ескертіп америкалықтарға ашық хат жолдағаны есімде?

АСЕАН елдері саммиті кезінде Дональд Трампқа қарсы өткізіліген митингіде полиция мен наразылар қақтығысып қалды. Манила. 13 қараша, 2017 жыл.
АСЕАН елдері саммиті кезінде Дональд Трампқа қарсы өткізіліген митингіде полиция мен наразылар қақтығысып қалды. Манила. 13 қараша, 2017 жыл.

– Трамп АҚШ пен одақтастарымызды шынымен жікке бөлді. Ол Тынық мұхит аймағындағы еркін сауда келісімінен шығып кетті. Бұл Американың аймақтағы ірі одақтастарының өте маңызды келісімі, олар бұған қатты наразы. Ол Солтүстік Корея мен Қытайға қатысты өте агрессиялы риториканы пайдаланды. Бірақ екеуін де өз дегеніне иліктіре алған жоқ. Бір жағынан, ол аймақтағы кәріс, жапондардан бастап көптеген елдерді алаңдатып қойдыү Өйткені олар Трамп соғысқа ұласатын қателіктер жіберіп алуы мүмкін деп қорқады. Меніңше, ең үлкен проблема Американың «жұмсақ» күшіне байланысты туып отыр.

Саясаттанушылар "күшті" қару-жарақ, экономикалық ресурстар сияқты "қатал" және "жұмсақ" ықпал деп бөледі. Мысалы, шетелдіктер - америкалық модельді жағымды тұрғыда қарастыратын Американың моральдық ықпалы. Ал авторитарлы сарындағы қилы ой-пайымдарын ашық айтып, нәсілдік, діни кемсітушілікті қолдайтын адам АҚШ президентіне айналса, бұл АҚШ-тың моральдық беделіне нұқсан келтіреді. Әрине, бізден гөрі күш-қуаты аздау елдердің халықаралық жүйеде бәрібір үлкен ықпалы болуы мүмкін. Мұның жарқын мысалы - Ресей, Владимир Путин. Бірақ тарихи тұрғыдан алғанда, «жұмсақ күш» америкалық ықпалдың маңызды элементі болып келген. Сондықтан бұл ықпалды кеміту Американың әлемдегі позициясына таяу болашақта үлкен әсер етпеуі мүмкін. Ал егер Трамп қазіргі сарында әрекет ете беретін болса, келешекте үлкен зиян келтіруі мүмкін.

– Илья, сіз - заң саласының, нақтырақ айтқанда, конституциялық құқық маманысыз, яғни америкалық демократиялық жүйені бекем ұстап тұрған негіздерді жақсы түсінесіз. Ол бірден орны толмас қателіктерге ұрынады деп күткендерді Дональд Трамптың бір жылдық билігі сәл тыныштандырды. Бірақ сыншылары президент демократиялық жүйеге нұқсан келтіріп жатыр деп әлі қынжылады. Айтпақшы, бұл пікірді Арч Паддингтон да қостайды. Трамп сияқты адамның президенттігі америкалық демократиялық жүйеге қатер төндіреді деп ойлайсыз ба?

– Бұл біздің қатерді қалай, жүйені қалай белгілеуімізге байланысты болады. Трамптың әрекеттері жүйеге зиянын тигізуі мүмкін деп санамаймын. Мен жүйе біраз нашарлайды деп санаймын. Өйткені ол кемсітудің түрлі формаларын қолдайды, түрлі мәселелерге қатысты авторитарлы көзқарастарды ашық қолдайды. Президенттік сайлау кампаниясы кезінде ол республикалық партияны азды-көпті дәстүрлі консервативті позициядан ұлтшылдық жолға қарай бұрды. Егер Трамп бастаған тенденция жалғаса берсе, кейінірек үлкен зиян келтіруі мүмкін.

Эрик Ширяев, қазір Америкадағы жұрттың көбін толғандыратын Трамптың президенттігі америкалық демократияға қатер төндіре ме деген сұраққа сіз қалай деп жауап берер едіңіз?

– Қатер әрдайым болады. Трамп, меніңше, алғашқы жылында демократияның мықты екенін көрсетті. Оның әрекеттерінің бәрі демократиялық процестер аясында я сәтті, я сәтсіз болып шықты. Өйткені АҚШ конституциясының өзі күтпеген, батыл, алдын ала болжанбаған шешімдер қабылданбайды деген принципке негізделген ғой, жүйенің іргесі әлдеқайда мықты. Сондықтан Трамп өзінің ерсі мінезімен, ұсыныстарымен, күтпеген ой-пайымдарымен демократияға қатер төндіреді деген ой көбінесе психологиялық тұрғыдан қауіпті көрінеді, бірақ жүйенің өз тұрғысынан алғанда, жүйе жұмыс істеп тұр.

– Илья Сомин, Трамп дәуірінің тағы бір қызық парадоксы мынадай – әдеттегі объективті өлшемдер бойынша, Трамп басқарған бір жылда елдегі экономикалық жағдай едәуір жақсарды. Жұмыссыздық деңгейі өте төмен. Америкалықтар сайлауларда президенттер мен партияларды дәл осы көрсеткіштер үшін қолдайды. Бірақ Трамптың танымалдығы экономикалық өсімге ілесе алмай келеді. Америкалықтар тіпті оны салықты азайту туралы берген уәдесін орындаса да жақтырмады. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

Трампты қолдап дауыс бергендер оның уәделері толық орындалған жоқ деп санайды.

– Мен бұл жерде ерекше бірдеңе деп айта алмаймын, бірақ бұл Трамптың стилімен байланысты нәрсе екені анық. Оның стилін, сөздерін қатты жақсы көретін сайлаушылардың 20-40 пайызы оны қолдағанымен, халықтың көп бөлігі дәл осы стилін мүлде ұнатпайды. Бұған қоса, оның айтқан сөздеріне, әрекеттеріне телехабарлар, газеттер, интернет назар аударады. Сондықтан адамдардың көбі Трамп туралы ойлағанда экономикаға емес, оның сөздері мен қылықтарына көбірек көңіл бөледі. Бұл - бір жағынан күлкілі, өйткені бұрын экономикадағы жағдай нашар болса, президентті орынсыз сынаушы еді, шындығында президенттің экономикаға ықпалы өте аз. Трамптың жағымды жетістігінің бірі қазір жұрттың көбі президентті экономикамен бұрынғыдай байланыстырмайтын болды. Бұл сайлаушылардың дәстүрлі қателігін түзетті.

Арч Паддингтонның пікірінше, бұл - америкалықтардың Трампты жақтырмауының көрінісі. Бұл пікірмен келісесіз бе?

– Иә, халықтың көпшілігі Трампты жақтырмайды. Тіпті ол бәрібір жеңген 2016 жылғы сайлауда оның орнында өзге республикашы кандидат болса бұдан әлдеқайда артық басымдықпен жеңер еді. Ал Трамп сайлаушылардың басым дауысын жинай алмай, сайлаушылар алқасында ғана жеңді ғой.

– Эрик Ширяев, сұхбаттасымыз Трамп президенттігінің бірінші жылы аяқталар тұста америкалық электораттың басым бөлігі жақтырмайтын президенттің портретін ұсынып отыр, бұдан Конгреске келесі жылы өтуі тиіс аралық сайлауда оның партиясы жеңілуі мүмкін деген қисынды ұйғарым жасауға болады. Айтпақшы, қазір бұл жайт республикашылардың көбін мазалайды.

– Рейтинг дегеніміз - өте күрделі ұғым. Оның жақтастарының арасында Трамп туралы жағымсыз пікір айтатын адамдардың қанша екенін біз білмейміз. Яғни Трампты қолдап дауыс бергендер оның уәделері толық орындалған жоқ деп санайды. Сондықтан оны жағымсыз бағалайды. Бірақ бұл олар Трампты жақсы көрмейді, оған қарсы дауыс береді деген сөз емес, бұл ол шалымды қимылдамай отыр дегенді білдіреді.

Илья Сомин, алдағы жылы Трамптың стратегиясы қандай болады деп ойлайсыз? Қиын сұрақ па?

– Қиын сұрақ, өйткені болашақты болжау, әсіресе Трамп сияқты тұлғаның болашағын болжау оңай емес. Бірақ маған екі ықтимал сценарий болуы мүмкін сияқты көрінеді. Біріншіден, ол қазірге дейін ұстанған саясатын жалғастыра береді. Трамп қызбалыққа салынып әлдебір қауіпті қадам жасауы мүмкін. Мысалы, кей мамандар ол Солтүстік Кореямен соғыс бастауы мүмкін деп санайды. Мен бұлай болмайды деп үміттенемін. Бірақ алдыңғы президенттердің көбіне қарағанда, Трамптың тұсында бұлай болу ықтималдығы едәуір жоғары.

Дональд Трамп пен Владимир Путин қол алысып тұр.
Дональд Трамп пен Владимир Путин қол алысып тұр.

– Ресейге қатысты қандай болжам айтасыз? Ұлттық қауіпсіздік бағдарламасын таныстырған кезде айтқандары мен бағдарламаның арасындағы айырмашылықты жұрттың көбі байқады. Бағдарламада Ресей - қарсылас, жау ел деп жазылған, ал Трамп Қытай мен Ресей – тамаша дос болуы ықтимал елдер дейді. Ресеймен жақындасу бола ма, болмай ма, Ресейге қатысты жүріп жатқан тексеру әлдебір жаман жағдайға ұласуы мүмкін бе?

– Меніңше, Трамп пен оның кей кеңесшілері Ресеймен шынымен жақындасқысы келеді әрі олар Трамп пен Путиннің арасында көптеген ортақ дүние бар деп санайды. Бірақ ең күлкілісі, Трамптың Путинмен жақындасқысы келетіні сырт көзге қатты байқалып тұрады. Өйткені қазір президент сайлауы науқаны кезінде Ресеймен заңсыз байланысты деген күдікті Трамптан алып тастаған жоқ, жақындасуға дәл осы кедергі болып тұр. Оған қазір Путинді іш тартпайтынын көрсеткен тиімді. Әлгі тексеру аяқталмай әрі оның беделі ақсап тұрған кезде оған Ресеймен қатты жақындасу саяси тұрғыдан тиімсіз болады. Әкімшіліктің өз ішінде де алауыздық мәселесі бар. Трамптың өзі Путинмен жақын болғысы келетін шығар, бірақ қорғаныс министрі, Трамптың өзге кеңесшілері сияқты ықпалды адамдар Путинді жақтырмайды. Кез-келген өзге президент сияқты Трамп та өз әкімшілігін 100 пайыз бақылай алмайды. Ол әсіресе қорғаныс министрі Джим Мэттиспен қатты санасуы тиіс, өйткені Трампқа қарағанда, Мэттис - әлдеқайда беделді адам, сондықтан Мэттисті қызметінен алу немесе тіпті онымен ашық текетіреске бару Трамп үшін тиімсіз.

Эрик Ширяев, жаңа жылда Трамптан қандай әрекеттер күтесіз?

– Өкінішке қарай, Трампты көбінесе қылығына, мінезіне, тұлғасына қарай бағалайды. Ал біз оны тұлға, адам ретінде емес, саясаткер ретінде бағалауға тиіс екенімізді сыншыларының көбі ұмытып кетеді. Сондықтан келер жыл Трампты жан-жақтан сынайтын жыл болатын шығар деп ойлаймын. Оны бір жағынан, сынап, жазғырып жатыр, бір жағынан асыра мақтап жатыр. Дегенмен оны дәріптеу, қадамдарына тәнті болу бар. Мұны митингілерден, жиындардан, оның сайлаушылармен кездесулерінен байқап отырмыз.

(Азаттықтың Орыс қызметінің сұхбаты орысшадан аударылды)

XS
SM
MD
LG