Accessibility links

АҚШ президенті Дональд Трамптың 100 күні


АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі кабинетінде. Вашингтон, 27 сәуір 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі кабинетінде. Вашингтон, 27 сәуір 2017 жыл.

Қызметіне кіріскеннен бергі алғашқы жүз күнде Дональд Трамптың жеңісі көп пе, әлде жеңілісі ме? Трамптың тұлғасы айқындала бастады ма? Кремль Трамптан қауіптенуі тиіс пе? Трамптың ең үлкен тосын сыйы қандай болды?

Денвер университетінің профессоры, саясаттанушы Джонатан Эйделман, Нью-Джерсидегі Сетон-Холл университетінің тарихшысы Нэйтан Найт және публицист Дэвид Саттермен әңгіме осы сұрақтар төңірегінде өрбіді.

Сәуірдің 29-і күні Дональд Трамптың АҚШ президенті қызметіне кіріскеніне 100 күн толды. Тарихшылардың дерегінше, президенттіктің алғашқы 100 күндігін Ақ үйдегі 102, 180 немесе 250 күндіктен ерекше етіп атап өтуге көп негіз жоқ. Бұл дәстүр 84 жыл бұрын – бой бермейтіндей көрінген Ұлы депрессия өршіп тұрған тұста билікке келген президент Франклин Делано Рузвельт америкалықтарға небәрі 100 күннің ішінде заң шығаруда қандай жетістіктерге жетуге болатынын көрсетуді ұйғарған кезде пайда болған. Оның есеп беретіндей жетістіктері көп болған. Осы мерзім ішінде кейін «жаңа курс» деп аталып кеткен саясаттың іргетасы қаланған. Мұншалықты жоғары деңгейге Рузвельттен кейінгі президенттердің ешқайсысы жете алған жоқ, бірақ баяғы дәстүр қалып, президенттер қызметіне кіріскен алғашқы 100 күнін ең жақсы жағынан көрсетуге тырысады. Трамп президенттігінің 100 күндігі қарсаңында Ақ үй сайтында «Президент Трамптың алғашқы 100 күндегі тарихи жетістіктері» деген тақырыппен баспасөзге арналған мәлімдеме жарияланды. Президент үш айдан сәл асатын мерзім ішінде түрлі мемлекеттік реттеуді тұжыратын 13 жарлық-қарарды бекітіп, 30 жарлыққа және 28 заңға қол қойған. Бірақ Ақ үйдің қомақты статистикасы жұрттың көбін иландыра алмады, өйткені президенттің көзге айқын көрінген жалғыз жетістігі – Нил Горсачты жоғарғы сот мүшелігіне бекіту ғана болды. Ал бірнеше жеңіліске, мысалы қол жетімді медициналық қызмет туралы заңның күшін жою мен мұсылмандар көп тұратын жеті ел азаматтарының АҚШ-қа кіруін уақытша тоқтатуға тырысқан әрекеттері сәтсіздікке ұшырады. The New York Times газетінің шолушысы Дэвид Леонард «Трамптың тарихтағы ең нашар алғашқы 100 күні» деген мақаласында жазуынша, президент жетістіктерінің саны емес, сапасына назар аударсақ, Дональд Трамп бір де бір елеулі заң жобасын қабылдата алмаған, ол үкіметтегі маңызды қызметтерге функционерлерді тағайындауда алдыңғы президенттерден көп артта қалып отыр, оның әкімшілігіне Трамп кандидат болған кезде айналасындағы адамдардың Ресеймен байланысын тексеру қаупі төніп тұр, президенттің сыртқы саясатының бағыт-бағдары жоқ, бұған қоса, алғашқы 100 күн өткеннен кейін де оны жұрт Рузвельт заманынан бергі кезеңдегі ең абыройсыз президент деп санайды.

Әрине, президент Трамптың қорғаушылары да бар, олар президенттің сайлау алдында беріп, орындап үлгерген ірілі-ұсақты уәделерінің санын атап жатыр. Берген уәдесінің орындалғаны, әсіресе ұсақ уәделері аз емес.

Бірақ Джонатан Эйделман әдеттегідей, шындық осы екеуінің орта тұсында деп санайды:

Президенттің көзге айқын көрінген жалғыз жетістігі – Нил Горсачты жоғарғы сот мүшелігіне бекіту ғана болды.

– Америкада «ешкім Америка Құрама Штаттарының президенті рөліне ешқашан әзір болып келмейді» деген ескіден келе жатқан сөз бар. АҚШ сияқты елдің басшысы болу үшін сенатор, губернатор, бизнесмен болғаның жеткіліксіз. Дональд Трамптың алдыңғы президенттерден өзгешелігі, оның мемлекеттік қызметтен тәжірибесі жоқ, бұрын ешқашан сайланбалы қызмет атқармаған адам. Саяси тәжірибесі мол адамдардың өздері президент рөліне кіріскеннен кейінгі алғашқы айларда өрескел қателіктерді жиі жасаған. Мысалы, Джон Кеннедиді алсақ, оның Кастро режимі қарсыластарын Кубаға түсіру операциясына рұқсат беруге қатысты сәтсіз шешімі Кариб дағдарысымен аяқталған процестің басталуына алып келген. Меніңше, Трамп президенттігінің алғашқы 100 күнінің бұл жағынан алғанда ешқандай ерекшелігі жоқ.

Жеке тұлғасының ерекшеліктерін, оқыс мәлімдемелер мен әрекеттерге бейім жан екенін ескергенде, ол біршама түсінікті қателіктер жасады. Ал бір жағынан, үлкен қателіктерге ұрынбай, сайлау алдында берген бірнеше уәдесін орындады, консервативті судья Нил Горсачты жоғарғы сот мүшесі етіп тағайындатуға қол жеткізуі оның маңызды жеңісі болды, ол үйренуге әзір екенін, ең бастысы, өз әкімшілігінің жұмыс істеуге қабілетті екенін көрсетті. Трамп әкімшілігі ұсынған дүниенің бәріне ашық қарсы стратегия ұстанып отырған демократтарға енді өз стратегиясын белгілеуіне тура келеді, олар келешекте не істейтінін шешуі тиіс. Әрине, Трамп президенттігінің алғашқы үш айы табысты болды деуге болмайды, ол маңызды саналатын бір де бір заң жобасын Конгресс арқылы өткізе алмады, бірақ бұл санаулы президенттің ғана қолынан келген. Әдетте заң шығару саласындағы алғашқы жетістіктер Ақ үйдегі қызметінің бірінші жылының соңына қарай көрінеді.

– Профессор, Дональд Трамп Ақ үйге келер алдында және ұлықтау рәсімінен кейін оған қарсы көп адам қатысқан шерулер өткені есімізде, жұрттың көбі одан қауіптенген, қазір ондай көңіл-күй сейілген сияқты ма?

Джонатан Эйделман: – Қарсыластары оны неофашист деп атаған, шамасы келсе, оны коммунист деп атар еді, олар оны америкалық демократиялық жүйеге төнген қатер деп атаған. Бірақ біз қазір іс жүзіндегі Дональдты көріп отырмыз. Ол сезімін жасырмайды, ашулануы, наразылығын көрсетуі мүмкін, бірақ демократиялық процедураларды мығым ұстанып келеді. Оның жеті ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне уақытша тыйым салу туралы шала-шарпы, асығыс қабылданған президенттік жарлығының күшін соттар тоқтатып тастағаннан кейін ол әлгі жарлығын қайта пысықтауға тапсырма берді, ол жоғары сатыдағы соттарға жүгінеді, Конгреспен жұмыс істейді. Әзірше Трамп атқарған ең жақсы дүние – ол жұрттың бәріне, оның ішінде көптеген қарсыласына біздің елде шешуді қажет ететін үлкен проблемалар барын дәлелдеп берді. Әлгі проблемалардан заңсыз мигранттарды құр заңдастырып, әлеуметтік саясатқа саяси түзету енгізіп қана немесе еңбегі сіңбегеніне қарамастан, әр америкалықтың қызметін өсіру арқылы құтыла алмайтынымызды көрсетті. Ең кем дегенде, Трампты президент етіп сайлау мен оның алғашқы әрекеттері әлгі проблемаларға қатысты қоғамдық пікірталасқа түрткі болып, проблемалардың шешудің жаңа жолдарын іздеуге ұласты.

– Профессор Найт, Ақ үй жетістіктерінің көлемді тізімін жариялады, ал Трамптың сыншылары президент сәтсіздікке ұшырады дейді. Сіз бұл екеуінің қай жағындасыз?

Нэйтан Найт: – Ол көп нәрсе істегенін дәлелдеуге тырысып жатыр. Бірақ президентті дәл сол үшін, яғни тым көп нәрсе істегені үшін сөгуге болады. Өйткені ақылды қожайын асығыстыққа салынбай, әуелі өз позициясын анықтап, командасын жинап, дұрыс қарым-қатынас орнатып барып іске кіріседі. Ал ол асығып-үсігіп кетеді де, ісінен әлдебір бейберекеттік, берекесіздік байқалып, жете ойластырылмаған, ұшқалақ шешімдер қабылдай салатыны, әбес сөйлеп қоятыны сезіледі. Мұның ең сорақы мысалы – оның иммиграцияға қатысты ешкім күтпеген, тым тез әрі әуежайларда үлкен дүрбелең мен аласапыран тудырған жарлығы. Кейін ол әлгі ойынан айнуға мәжбүр болды, судьялар президент жарлығының күшін тоқтатып қойды, кейінгі жаңа нұсқасын да жаратпай тастады. Яғни, егер ол әуелі ақылдасып, заңға сәйкестігін таразыласа, түрлі пікірлерге ден қойса, әрекеттері әлдеқайда тұшымды, ойға қонымды болып шығар еді.

– Дэвид, сұхбаттасымыз ең әуелі Трамп президенттігінің алғашқы 100 күнінің жағымсыз қырларына назар аударады. Мұндай бағаға қарсы емессіз бе әлде оны құптайсыз ба?

Дэвид Саттер: – Трамп - билікке айқын пікірсіз, бірақ бірдеңе тындырған адамның әсерін қалдырсам деген үлкен құлшыныспен келген адам. Соның кесірінен бірқатар қателіктер жасап отыр. Бірақ бұған қоса, ол қазір Ресеймен, НАТО-мен қарым-қатынас сияқты мәселелерді шешуді үйреніп жатқан тәрізді. Ол қазір көбірек ойланатын болды, ақылдырақ бола бастады дер едім.

– Дэвид, сіздің пікіріңіз де сыншы ретінде болмаса да, скептиктің пікіріне ұқсайтын сияқты?

Трамп біз болжағандай емес, дұрыс жолмен жүретінін қазірдің өзінде білеміз.

Дэвид Саттер: – Меніңше, оның көп жағымсыз нәрсе жасамағанының өзі жағымды факт. Әрине, мұны үлкен жетістік деп айту қиын, бірақ бұл өте жақсы, өйткені ол жай кандидат болған кезде көп нәрселер айтқан. Сондықтан президенттігінің алғашқы кезеңін бағалаған кезде оның қазіргі жағдайды көбірек ескере бастағанын, оның сайлауалды уәделері мен әрекеттері негізінде болжағанымыздан гөрі стратегиялық тұрғыдан ойлауға қабілетті болып шыққанын айту керек. Ол жоқ дегенде, айтылған кеңестерге құлақ асуға қабілетті екенін көрсетіп жатыр. Әуелгіде ол маңызды орындарға мүлде тәжірибесіз, біліксіз адамдарды тықпалайтын шығар деген қорқыныш болған, олай істемеді. Ол, керісінше, білікті адамдарды іздеп жатқан сияқты. Бұдан бөлек, сайлау науқаны кезінде жете ойланбай мәлімдеген, мысалы «НАТО одағы керек емес» немесе «НАТО бюджетіне жеткілікті жарна төлемейтін елдерді қорғауға кепілдік бермейміз» деген идея сияқты қилы позицияларға ұрынатын шығар деген қорқыныш болған. Қазір АҚШ НАТО-ның маңызды екенін, альянсымыздың мызғымас берік екенін растап отыр. Енді Трамп біз болжағандай емес, дұрыс жолмен жүретінін қазірдің өзінде білеміз.

– Профессор Найт, Дэвид Саттердің қазіргі айтқандары Трампқа ниеттес The New York Post газетінің «мына 100 күндегі ең негізгі жаңалық - Дональд Трамптың президент рөлінде қалу фактісі» деп жазған тілшісі Майкл Гудвиннің пікірімен үндес болып шықты. Оны сайлағаннан кейін «Трамптың Трамп болып қалуына мұрсат берсе, ол импичментке өзі-ақ жеткізеді, ал дені дұрыс консерватор, қазіргі вице-президент Майк Пенс президент болады» деген әзіл тараған. Ол кездегі көңіл-күй қазір сейілген. Қазір Трамптың Ақ үйде қалатынына, тіпті бір мерзімнен көп бөгелуі мүмкін екеніне ешкім күмән келтірмейді.

Нэйтан Найт: – Импичмент жариялау жайы бәрібір Конгреске байланысты. Конгрестің Трампты қолдайтыны, тым болмағанда мұндай мәселені қозғамайтыны әу бастан байқалған. Конгресс кез-келген сәтте, мысалы, Трамп бизнесінен ақша алып отыр, шетел басшылары оның қонақүйлеріне түсіп, төлеген ақша оның қалтасына түсіп жатыр, ал ол шешім қабылдап отыр деген желеумен импичмент мәселесін қозғай бастауына болар еді. Бұл конституцияға қайшы, сондықтан кез-келген сәтте бастауына болар еді.

– Менің түсінуімше, қайшы немесе қайшы еместігі әлі шешілмеген мәселе, меніңше, қайшы емес.

Нэйтан Найт: – Бұл жайлы адвокаттар дауласатын болады. Әрине, бұл ең кемі әңгіме бастауға негіз болар еді. Конгрестің қазіргі құрамы бұл мәселені ешқашан қозғамайды. Бұдан бөлек, Ресейге қатысты сұрақтарды да қозғамайды. Әлгі тексеруден әзірше үлкен нәтиже күте алмайтынымыз істі тексеріп жатқан комитет басшысының ыңғайынан байқалды. Трамп жұрт назарын әлгі істен басқа жаққа сәтті бұрып әкетті. Бұл оның қалай қолынан келгені түсініксіз, жұмбақ, бірақ әлгі шу сәл басылды.

– Профессор, бірақ Трамптың жақтастары сізге Трамптың айналасындағы адамдардың Кремльмен байланысы жайлы қауесеттердің америкалық баспасөзде үздіксіз тарауын демократтардың басшылығы мен олармен ниеттес баспасөз өздері жақтырмайтын Трамптың беделін түсіру мақсатымен ұйымдастырған науқаннан өзге ештеңе емес, қарапайым байланысты үлкен саяси дабыраға айналдырып жіберді деген уәж айтуы мүмкін ғой?

Нэйтан Найт: – Меніңше, Трампты Американың саяси жүйесіне төнген қатер, қауіпті радикалды кандидат ретінде көргендердің оның беделін мүмкіндігінше түсіріп немесе импичмент ұйымдастыру ниеті болды, әрине, олар мұны барынша пайдалануды жоспарлады. Бірақ бұл фактілердің бар екенін, тіпті көбейіп келе жатқанын жоққа шығармайды.

– Дэвид, сіздіңше, жақтастары айтқандай, президент Трамп оның президенттігінің заңдылығына шәк келтіретін әрекеттің нысанына шынымен айналды ма?

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы көмекшісі Майкл Флинн.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы көмекшісі Майкл Флинн.

Дэвид Саттер: – Мұны америкалық газеттердің әрекеті деп қаншалықты айта алатынымызды білмеймін. Меніңше, Ресей тарапынан сондай әрекет болған сияқты. Өйткені қазір әлгі әңгімелердің басты элементі – оның сексуалдық қатынастары мен Хиллари Клинтонның науқанына кедергі жасау мақсатын көздеген астыртын қастандық әрекеттері сипатталған «Трамп туралы досье». Әлгі досьені барынша мұқият оқып шықтым әрі ол Ресей арнайы қызметінің өнімі екеніне көзімді жеткізген өте көп дүниелер таптым. Сөз орамындағы ерекшеліктер, ерекше тәсілдердің бәрі осыны көрсетеді. Бұл әлгі науқанның ең маңызды элементі саналады. Біздің журналистердің көбі онша хабары болмаса да, бұл жайлы шын көңілімен жазады деп топшылаймын. Түбінде бірдеңе табылады дегенге үлкен күмәнім бар. Егер әлгі досьеге сүйеніп айтар болсақ, Путин режимі Америкада аласапыран мен тұрақсыздықты тудыруға әрекеттенген. Меніңше, олар мұны барынша сәтті істеп отыр.

– Профессор Найт, ал сіз бұған не дейсіз?

Нэйтан Найт: – Досьедегі ақпараттан хабарым жоқ, сондықтан оған баға бере алмаймын. Бірақ Трамптың кеңесшілерінің, әсіресе мемлекеттік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі болған Майкл Флинн мен өзін Трамптың сайлау науқанының кеңесшісімін деп жариялаған Картер Пейдждің жүріс-тұрысына қатысты, әрине, әлдебір сауалдар туады. Не болғанын мүмкін енді ешқашан білмейтін шығармыз, әлгі ақпарат қаншалықты жария екенін білмеймін, бірақ күмәнді жайттар өте көп. Әйтеуір жұрт назарын бұл мәселені талқылаудан аударып әкетуге, әлгі істерге қатысты тексеруге зиян келтіру үшін Трамп бар күшін салып жатқаны байқалады. Ол мұның қатер екенін сезінетіні сөзсіз, сондықтан оның кей әрекеттерінің себебі түсінікті.

– «Зиян келтіру» термині айыптау сияқты естіледі. Трамп тексеруге қалай зиян келтіріп отыр? Қазір ФБР де, Конгрестің кемі екі комитеті де өз тексеруін жүргізіп жатқаны белгілі ғой.

Нэйтан Найт: – Ең қызығы, ол «Обама менің әңгімелерімді жасырын тыңдайды», «Трамп-Тауэр ғимаратына Обама жасырын тыңдау құралын орнатып қойды» деп аяқ астынан мәлімдеді. Бұл, әрине, мүлде сорақы өтірік, оның жалған екенін үш апта бойы айтумен болды. Оның әлгі болжамды жариялауы жұрт назарын бұруды көздеген тәсіл болды.

– Дэвид, әдетте жұрт назарын бұрып әкету тәсілдері тексеру нысанының әлденені жасыратын бірдеңесі бар болса пайдаланылады ғой. Ал сіз Трамптың қарсыластары мәлімдейтін Трамптың сайлауалды штабы мен Кремль арасында әлдебір іс-қимылдарды үйлестіру болуы екіталай деп санайтын сияқтысыз?

Бұрынғы барлау қызметкері Юджин Румер Ресейдің АҚШ-тағы операциялары жайлы сенат тыңдауында сөйлеп отыр.
Бұрынғы барлау қызметкері Юджин Румер Ресейдің АҚШ-тағы операциялары жайлы сенат тыңдауында сөйлеп отыр.

Дэвид Саттер: – Қазір біз мұны - Трамп пен путиндік режим арасындағы сөз байласуға қатысты болжамның не екенін дұрыстап талқылауымыз керек. Ондай мәміле айлар бойы жоспарлауды қажет етеді. Трамптың жеңістен еш үміті болмаған президенттік дода кезінде ондай мәміле жасалды деп мүлде ойлауға болмайды. Өйкені, егер орыстар Трамптың жеңгенін қаласа, олар Трампты әшкерелейтін ақпаратты неліктен жинағанын ешкім түсіндіріп бере алмайды ғой.

– Профессор Найт, алғаш рет Ресей президенті қызметіне үміткерге айналған кездегі Владимир Путиннің тұлғасынан гөрі жұрттың көбі үшін кандидат Трамптың тұлғасы жұмбақ болды. Бірақ, АҚШ-тың ұстанатын саясаты көбінесе осы тұлғаның ерекшеліктеріне тәуелді. Трамптың қарсыластары тіпті ол үшінші дүниежүзілік соғысты бастап жіберуі мүмкін деп шошытқан. Өткен 100 күн ішінде Дональд Трамп тұлғасының тағы қандай жаңа қырлары ашылды?

Нэйтан Найт: – Дэвидтің пікірін құптаймын, бұл нық сенімнің адамы емес екені қазірдің өзінде байқалады. Бұл бір жағынан өте жақсы, өйткені ол қазіргі жағдаймен санаса бастады, мысалы, ол Қытайға қарсы сауда соғысын жариялау мүлде іске аспайтынын түсініп, ол ойынан айнып, позициясын өзгертті. Өзге мәселелерге қатысты жоспарларында да әлдебір икемділік танытып, қажет кезінде өз позицияларын өзгертті. Ал бір жағынан, оны алдап-арбау тым оңай емес пе, кіммен, мысалы, қызы немесе күйеубаласымен сөйлескеніне байланысты позициясын өзгертіп отыруы мүмкін бе деген сұрақ туады. Мысалы, ол Сирияға қатысты позициясын мүлде қарама-қарсы жаққа кенет өзгертіп жіберді.

– Ал Трамптың Кремль мен Путинге қатысты көзқарасындағы бетбұрыс тіпті қайран қалдырады. Бұл жерде оған кім немесе не нәрсе ықпал етті?

Нэйтан Найт: – Бұған қатысты бірнеше болжам бар, оның қайсысы дұрыс екенін білмеймін. Әлгі болжамның біріне сәйкес, ол Америка мен Ресейдің талай жылдар бойы қордаланған қақтығысы болмай қоймайтынын түсінді. Ол армандаған достық қарым-қатынастар орнауы мүмкін емес. Бұдан бөлек, ішінара көз қылып немесе саналы түрде көз қылуы мүмкін деген өзге болжам да бар. Ол абыройын сақтап қалудың амалын жасауға тиіс болғанын түсінбейтіндей орыстар ақымақ емес. Бұл да мүмкін.

– Дэвид, мына соңғы болжам Кремльдегі адамдарды қуантары сөзсіз. Трамптың Кремльге қатысты табанды көзқарас ұстанатынына күмәніңіз бар ма?

Трамп Ресейге аса үстіртін көзқараспен қарады.

Дэвид Саттер: – Ондай күмән бар, өйткені ертеректе ол ойланбай талай нәрселер айтқан, оның позициясы мүлде іске аспайтын позиция болған. Қазір жаңа үкімет құрамында біршама үлкен қызмет атқаратын бірнеше адамды білемін, олар өте ақылды адамдар. Ол нағыз кәсіпқойларды іздеп жатқан тәрізді. Трамп беделі тәуелсіз адамдарды іздейді. Олардың кеңесіне құлақ асуға әзір сияқты. Трамп Ресейге аса үстіртін көзқараспен қарады. Бірақ ол өте прагматик адам екені байқалады, сондықтан Ресей қандай мәмілені ұсынатынын, әлгі мәмілелердің зардаптары қандай болатынын түсінген кезде оның түйсігі жағымды рөл атқарады деп ойлаймын.

– Дэвид, бақылаушылардың көбі үшін Трамптың сыртқы саяси стратегиясы оның тұлғасынан кем емес жұмбақ саналады. Сайлаушыларға оқшау сыртқы саясат ұстанамын деп уәде еткен кандидат аяқ астынан неліктен Сирияға зымыранмен соққы жасап не Солтүстік Кореяға әскери ұшақ тасығыш кемелерді аттандырып немесе Мәскеуге қатысты саясатын күрт өзгертті? Трамптың бұрынғы кеңесшісі Джеймс Карафано National Interest журналында Трамптың стратегиясының мақсаты – үлкен халықаралық проблемаларды реттеуге тырысу емес, әлгі проблемалардың ошағын барынша азайтуға тырысу деп жазды. Мысалы, оның Сириядағы режимді ауыстыру ниеті жоқ, ол Асадқа «Ислам мемлекеті» экстремистік тобымен күресте кедергі жасауына жол бермейтінін ескертті. Пхеньянға қатысты стратегиясы да сондай, яғни біз режимді өзгерткіміз келмейді, бірақ АҚШ-қа соққы бере алатын зымырандар жасауына жол бермейміз деген сарында. Трамп әкімшілігінің әрекеттерінен әлдебір стратегияның нышаны байқала ма әлде мұның бәрі ретсіз жасалып жатқан әрекеттер болып көріне ме?

Дэвид Саттер: – Әрине, солай деп те айтуға болады, бірақ әзірше ондай ештеңе көріп отырған жоқпын, ондай стратегияның барына күмәнім бар. Меніңше, Обамаға қарағанда, белгілі бір халықаралық нормалардың орындалуын ол талап етеді, біз, яғни Америка мынаны талап етеміз деуге қысылмайды. Трамптың сыртқы саясатына қатысты өзге ештеңе айта алмаймын, өйткені ол бұл мәселелер жайлы онша көп ойланған жоқ деп ойлауға түрткі болған адам.

Денвер университетінің профессоры Джонатан Эйделман президент Трамптың сыртқы саясатынан дәстүрлі орталықшыл стратегия белгілерін байқайды:

– Меніңше, Трамп әкімшілігінің сыртқы саясаттағы принциптерін бағалауға әзірше ерте. Мұны әзірше оның өзі де білмейді. Меніңше, президент Трамптың қатқыл мәлімдемелері мен батыл әрекеттеріне қарамастан, әкімшілік орталықшыл саясат ұстанатыны байқалып келеді. Бір жағынан, олар 1990 жылдары Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздері сәтсіздікке ұшыраған Клинтон әкімшілігінің, Иранмен мүлде күмәнді келісім бекіткен Обама әкімшілігі үлгісінде келіссөз жүргізбейміз дейді. Ал екінші жағынан, іске асатын саясат жүргіземіз дегенді білдіреді. Бейнелей айтқанда, біз әлемді басқара алмаймыз, АҚШ-тың шамасы келетін нәрсенің шегі бар. Меніңше, алдыңғы президенттерден Дональд Трамптың өзгешелігі – ол проблемаларды шешу үшін нақты не істеуге болатынын түсінуге тырысатын сияқты.

– Дэвид, сауалнама нәтижелеріне сәйкес, Доналд Трампты америкалықтардың рекордты аз саны – небәрі 42 пайызы ғана қолдайды. Алдыңғы басшылармен салыстырғанда, президенттіктің алғашқы 100 күндік кезеңінде ол танымалдылығы ең төмен жетекші болып отыр. Бұл маңызды көрсеткіш пе?

Дэвид Саттер: – Тенденцияның беталысын түсінуге әлі жеткілікті уақыт өткен жоқ. Бізге әлі күте тұру қажет. Өйткені бұл шынымен мүлде өзгеше сипаттағы сайлау науқаны болды. Қазір Америкадағы ішкі жағдай өзгеріп жатыр. Бұл өзгерістерді өте көп адам қолдамайтын болады. Өйткені ертеректе қоғамдық диалогты өз ырқымен жүргізген топтар қазір жағдайға бұрынғыдай ықпал ете алмайды. Олар наразылығын Трамптың әрекеттеріне тәуелсіз білдіретін болады. Егер Трамп елде жаңа жағдай орнатып, жаңа саяси балансты қамтамасыз ететін болса, оны кімнің қолдап, кімнің қарсы болатынын көреміз.

– Айтпақшы, соңғы қоғамдық пікір нәтижелері Трамптың жоғалтқаны демократтардың жетістігіне айналып жатпағанын көрсетті. Респонденттердің 67 пайызы демократиялық партия біздің қамымызды күйттемейді, проблемаларымызды ойламайды деп мәлімдеген.

Дэвид Саттер: – Дәл солай. Саяси кеңістікте ақ нәсілді жұмысшы табының пікірі жылдар бойы ескерілген жоқ. Американың саясатында іргелі өзгерістер болып жатыр. Ал оның нәтижесі қандай болып шығатыны – оң немесе теріс болатынын уақыт көрсетеді.

– Профессор Найт, Трамп президенттігінің 100 күні қарсаңында сауалнамаға қатысқандардың 42 пайызы Трампты қолдайды. Бұл осы мәселеге қатысты жүргізілген сауалнамалар тарихындағы ең нашар нәтиже. Ол сайлаушылармен бал жаласа алмады. Бұл ол үшін бұл қауіпті белгі ме?

Нэйтан Найт: – Қорытынды жасауға әлі тым ерте деген пікірмен келісемін. Президентке деген көзқарасты өзгертіп жібере алатын әлдебір тарихи оиғалар болуы мүмкін. Мысалы, кезінде 11 қыркүйектегі теракт кіші Джордж Буштың позициясы мен көзқарасын қысқа мерзім ішінде түбегейлі өзгерткен. Егер бәрі – бейберекеттік, берекесіздік, ойсыз қылықтар, оқыс сөздер осылай жалғаса берсе, оны қолдау деңгейі 42 пайыз күйінде қалады немесе тіпті одан да түсуі мүмкін. Алда не тосып тұрғанын, қандай күтпеген жайттар болатынын және олар оның рейтингіне қалай әсер етуі мүмкін екенін әзірше білмейміз.

Джонатан Эйделман бірнеше маңызды фактор Дональд Трамптың пайдасына жұмыс істейді деп санайды:

Трамп президенттігінің алғашқы 100 күнінде өзге пікірлермен де санасуға қабілетті, қатесін мойындаудан да қорықпайтын, икемге көнетін, оралымды басшы бола алатынын көрсетті.

– Сауалнамаға қатысқандардың 40 пайызының ғана оны қолдауы - ең төмен деңгей екені қазір ол үшін ең маңызды көрсеткіш емес. Ең бастысы, сайлаушылары оған деген адалдығын сақтап тұр. Оны қолдап дауыс бергендердің 96-98 пайызы қазір де оны жақтап дауыс берер еді. Бұл оларға оның әрекеттері ұнайды деген сөз емес, бірақ олар Трамп пен демократтардың бірін таңдар болса, таңдау Трампқа түседі. Трамптың президент ретіндегі жетістігі Конгрестегі демократтармен тіл табыса білу қабілеті мен өзінің республикалық партиясының оңшыл қанатының қолдауын қамтамасыз ету қабілетіне байланысты екені түсінікті. Бұл оның қолынан келе ме? Оны білмейміз.

Бірақ Дональд Трамп президенттігінің алғашқы 100 күнінде өзге пікірлермен де санасуға қабілетті, қатесін мойындаудан да қорықпайтын, икемге көнетін, оралымды басшы бола алатынын көрсетті, ол біліктілік деңгейін тіпті қарсыластарының көбі мойындаған мықты кабинет жинап алды. Мұның бәрі үмітті оятады. Демократтар да өзгеруге қабілетті, экономикалық өсімі баяулаған ел келешегі үшін республикалықтармен бірге жұмыс істей алады деп үміттенемін. Кейінгі ондаған жылдар бойы экономиканың өсімі жылына екі пайызға жуық болды, ал бұл АҚШ үшін өте нашар көрсеткіш. Біздің экономикамыз 3-4 пайыз өсуі тиіс, - дейді Джонатан Эйделман.

(Юрий Жигалкиннің мақаласын қазақшаға аударған Айжан Оралғазина.)

XS
SM
MD
LG