Accessibility links

Ресейге талай жыл тыным бермеген прокурор қызметтен кетті


Нью-Йорктің Оңтүстік ауданының бұрынғы прокуроры Прит Бхарара.
Нью-Йорктің Оңтүстік ауданының бұрынғы прокуроры Прит Бхарара.

Трамп әкімшілігінің кезінде Ресейге қатысты үлкен даулы істерді қараған Манхэттен прокуроры Прит Бхарараны жұмыстан шығаруы Вашингтонда біраз қарсылық тудырды. Ақ үй мұны жаңа президент келгеннен кейінгі құқық қорғау саласындағы әдеттегі кадр алмастыру деп түсіндіргенімен, бұл жайтқа Кремль қуанып отырғаны рас.

Нью-Йорктің Оңтүстік ауданы прокуроры қызметіне 2009 жылы тағайындалғалы бері Прит Бхарара Мәскеудегі билік өкілдерінің атышулы істерін қараған, сол үшін Кремльдің қара тізіміне де ілінген. Жеті жыл ішінде ол тергеген Ресейге қатысты бірнеше істі шолып өтейік.

«Ажал саудагері»

Бхарара қараған істердің арасында Мәскеуді ең қатты ашуландырғаны – атышулы қару-жарақ саудагері, Совет Одағының әскери әуе күштерінің бұрынғы офицері, «ажал саудагері» деген лақап аты бар Виктор Бут пен ұшқыш Константин Ярошенконың істері. Бұл Ресей азаматтары қару-жарақ пен есірткіні заңсыз жолмен тасымалдады деп айыпталып, АҚШ түрмесінде ұзақ жылдық жазаларын өтеп жатыр. Екеуі де басқа елдерде тұтқындалып, артынан АҚШ-қа экстрадицияланған, Мәскеу Америка құқық қорғаушыларының бұл әрекетін «адам ұрлау» деп санайды.

Ресейлік қару-жарақ сатушы Виктор Бут.
Ресейлік қару-жарақ сатушы Виктор Бут.

Осы екі істі тексеруге қатысқанының «өтеуі» ретінде Ресей басшылығы 2013 жылы Бхарараны санкцияға іліккен АҚШ азаматтарының қара тізіміне қосып қойды. Қара тізімді жариялаған Ресей сыртқы істер министрі оның «шетелдегі Ресей азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын» бұзғанын айтты.

Хакерлер ісі

Прокурор Бхарара Ресейдің хакерлері мен киберқылмыскерлеріне қатысты көп істі тергеген, соның бірнешеуі Мәскеудің қатты шамына тиді. Бұл істер көбіне жеке азаматтардың банк шоттары мен кредиттік карточкалары мәліметтерін ұрлап, ондағы ақшаны жымқырумен айналысқандарға қатысты болды. Бхарара басқаратын мекеме айыбын дәлелдеген сондай істердің бірі ресейлік рок әншісі Владимир Кузьминнің ұлы – Никита Кузьминнің ісі.

Дегенмен бұл істердегі Ресейді ашуландырған басты жайт – басқа елдерде ұсталған күдіктілердің АҚШ-қа экстрадициялануы болды. Мәселен, 2015 жылы Нидерланд Владимир Дринкман есімді Ресей азаматын АҚШ прокурорларының қолына тапсырады. Кейіннен оның NASDAQ, Carrefour, Dow Jones, Jet Blue және басқа да америкалық, халықаралық компанияларға қатысты киберқылмыс жасау жоспары болғаны дәлелденді.

Гаагада сотта тұрған Владимир Дринкман. 2015 жылдың қаңтары.
Гаагада сотта тұрған Владимир Дринкман. 2015 жылдың қаңтары.

Дринкман экстрадицияланған соң Ресей сыртқы істер министрлігі өз азаматтарына Вашингтонмен арада күдіктілерді экстрадициялау туралы келісімі бар елдерге сапарлаудың қаупін ескертті.

Министрліктің ескертуінде: «Ойына келгенін істеуге болады деп есептейтін Вашингтон енді біздің азаматтарымызды ұрлап әкете бастады» деп жазылған.

Тыңшыларды аңду

Бхарара басқарған прокуратура кеңсесі Совет Одағы кезінен бері болмаған АҚШ пен Ресей арасындағы тыңшылыққа қатысты ірі қылмысты тергеудің басы-қасында болды. 2010 жылы Ресейдің 10 агенті тұтқындалып, кейіннен олар өзара тыңшы алмасу уағдасы бойынша Мәскеуге жіберілді. Оңтүстік аудан прокуратурасы қараған істе ресейліктер «тіркелмеген шетелдік агент» болып жұмыс істегендері үшін айыпты деп танылды. Алайда кейіннен екі елдің үкіметтері басқаша келісімге келді.

Бхарара Вена әуежайында ұсталғандарды өз үкіметтеріне табыстап тұрып:

- Бұл тұтқындау мен қудалау кез кезген барлау мекемесіне «егер сіз Америкаға келіп, Американың өз ішінде америкалықтарға қатысты барлау жасасаңыз, онда оныңыз әшкере болып, ақыры тұтқындаласыз» дегенді ұғындырады, - деген еді.

Сол жылы ВТБ банктің филиалында жұмыс істеп жүрген Буряков «тыңшылықпен айналысты» деп тұтқындалғанда, Мәскеу бұған қатты наразылық танытып, Вашингтонды «ескі шпиондық ойынды қайта бастады» деп айыптады.

Бхарар «Ресей тыңшыларын ұстап, кейбірін 2010 жылы елден шығардық... Евгений Буряков пен оның серіктерінің ұсталуы Ресейдің қырғиқабақ соғыс аяқталғаннан кейін ондаған жылдар өтсе де біздің арамызға жасырын келіп жұмыс істейтінін көрсетеді» деген еді.

Буряков ақыр соңында айыпты деп танылып, екі жарым жылға бас бостандығынан айырылды.

«Қалталарын толтырған» дипломаттар

Бхарара кеңсесі мен ФТБ (Федералдық тергеу бюросы) 2013 жылғы желтоқсанда Ресей азаматтарына қатысты тағы бір ірі істі қопарды. Бхарара «Ресейдің ондаған дипломаты мен олардың жұбайларын кедейлер мен мүгедектерге медициналық қызмет көрсетуді көздейтін Medicaid бағдарламасын алдап келген» деп айыптады. Прокурорлар Ресейдің қазіргі және бұрынғы 49 дипломаты мен олардың жұбайларын 10 жылға жуық уақыт бойы «жалған схемамен» үнем жасап, Medicaid жүйесіне 500 мың долларға жуық шығын келтірген деген қорытынды жасаған.

- Дипломатия дегеніміз – қалтаны толтыру емес, көмек қолын созу болуы керек. Бұл істер Нью-Йорктегі Ресей дипломаттарының өте ұят әрекетке барып, жүйелі түрде жемқорлықпен айналысқанын айғақтайды, - деген еді Бхарара.

Прокурорлар «Айыпкерлер Medicaid-тен медициналық жәрдемақы алу үшін табыстарын әдейі төмендетіп көрсетіп, ол ақшаны саяхатқа, Tiffany & Co., Jimmy Choo, Prada, Bloomingdale's, Burberry сияқты дүкендерден сағат, аяқкиім және әшекей бұйымдарын алуға жұмсаған» деп мәлімдеді.

Ол кезде айыпкерлердің 11-і ғана АҚШ-та тұрып жатқан және олардың барлығында дипломатиялық иммунитет болған. Бхарара «Мемлекеттік департамент Ресей басшылығына оларды дипломатиялық иммунитеттен айыру туралы ұсыныс тастайды, егер иммунитеттерінен айырылмаса, оларды АҚШ аумағынан шығарамыз» деп мәлімдеген.

Ресей бұл істі АҚШ-тағы «русофоб күштердің» «арзан пиары» деп атап, айыптың бәрін жоққа шығарған. Мәскеу Вашингтонды «Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясын және қарапайым дипломатиялық әдеп нормаларын бұзды» деп айыптаған.

Prevezon

Саяси тұрғыда ең қауіпті істердің бірі – Ресейде салықты жасырудан тапқан заңсыз табысты АҚШ аумағында жымқыруға тырысқан компанияның активтерін тәркілеу шарасы.

Ресейлік аудитор – Сергей Магнитский тапқан бұл қылмыс салықты жасыруға Ресей мемлекеттік органдарындағы бірталай лауазымды қызметкердің қатысы болғанын аңғартады.

Ресейлік заңгер Сергей Магнитский. Сурет 2009 жылы түсірілген.
Ресейлік заңгер Сергей Магнитский. Сурет 2009 жылы түсірілген.

Магнитскийдің өзі 2009 жылы қарашада тергеу изоляторында қайтыс болды. Отбасы мүшелері мен достарының айтуынша, Магнитский салық және құқық қорғау органдарындағы лауазымды тұлғалардың қылмысын әшкерелемек болған әрекеті үшін осылай жазаланды.

Жақындарының айтуынша, түрмеде болған кезінде оны ұрып-соғып, дәрігерлік көмек көрсетпей қинаған, ал Кремль бұл айыптарды жоққа шығарады. Осы қазадан кейін 2012 жылы АҚШ «Магнитский актісін» қабылдап, Ресейдегі адам құқықтарын бұзуға қатысы бар тұлғалар қара тізімге енгізілді. Мәскеу де бұған жауап ретінде өз тізімін жасап, ол тізімге Бхарараны қосқан.

2013 жылы Бхарараның кеңсесі Prevezon компаниясының АҚШ-тағы жылжымайтын мүлкін тәркілеуге кірісті. Прокурорлардың айтуынша, бұл компания мемлекеттік «Ресей темір жолдары» компаниясы басшысының ұлына тиесілі. Манхэттен прокурорларының айтуынша, бұл мүлік алаяқтық жолмен тапқан ақшаға алынған, Магнитский осы қылмысты ашам деп жүріп қаза тапқан еді.

Осы әрекеттерін түсіндірген Бхарара:

- Алаяқтық қайда жасалса да, Нью-Йорк – жымқырған ақшаны жасыратын қылмыскерлердің ұясы емес, әлемнің қаржылық астанасы, - деген еді.

Карл Шректің мақаласы ағылшын тілінен ықшамдалып аударылды.

XS
SM
MD
LG