Accessibility links

Президент Трамп "грин-кард" беруді шектейтін заң жобасына қол қойды


АҚШ президенті Дональд Трамп, 2 тамыз 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп, 2 тамыз 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбіде Америкаға қоныс аударатын кәсіби білігі төмен эмигранттардың санын екі есеге қысқартатын, эмигранттарды білім-қабілетіне қарай балдық жүйемен бағалайтын ережелерді күшіне енгізді.

АҚШ президенті бекіткен RAISE (Экономиканы күшейту мақсатында Америкаға эмиграцияны реформалау) деп аталатын жаңа заң жыл сайын АҚШ-та тұру ықтиярхаты, яғни "грин-кард" берілетін шетелдіктер санын жарты миллионға азайтуды көздейді. Бұған дейін АҚШ жылына бір миллион адамды қабылдап келген.

Бұдан былай Америкаға көшкісі келетіндердің мүмкіндіктері ағылшын тілі деңгейі мен ақша табу қабілетіне қарай балдық жүйемен бағаланатын болады.

САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ УӘДЕ

Заң жобасын ұсынған сенаторлар, республикалық партия өкілдері Том Коттон мен Дэвид Пердюмен қатар тұрып сөз алған президент Трамп бұл заңды өткен жылғы сайлауалды кампания кезінде сайлаушыларға берген "Американы алғашқы орынға қоямын" деген уәдесін орындау жолындағы және бір қадам деп атады. Ақ үй басшысы жаңа заңды "жарты ғасыр ішіндегі иммиграция жүйесіне жасалған ең маңызды реформа" деп бағалады.

Бұл заң қиындық көріп жатқан америкалық отбасыларға деген жанашырлығымызды паш етеді, олардың қажеттіліктерін, Американы алдыңғы орынға қоюға тиіспіз.

- [Президенттікке] кандидат кезімде АҚШ-тағы жұмысшылар мен салық төлеушілерді қорғайтын, [эмигранттарды] білігіне қарай бағалайтын иммиграциялық жүйе енгіземін деп уәде бергенмін. Бұл заң 21 ғасырда бізді алдыңғы орынға шығарып қана қоймайды. Бұл заң қиындық көріп жатқан америкалық отбасыларға деген жанашырлығымызды паш етеді, олардың қажеттіліктерін, Американы алдыңғы орынға қоюға тиіспіз, - деді Дональд Трамп.

Коттон мен Пердю "америкалық жұмысшылардың жалақыларының төмен болуына білігі төмен эммигранттардың ұзақ жылдар бойы ағылып келуі себепкер болды" деп санайды.

- Қазіргі жүйе жұмыс істемейді. Бізге жаңа әдіс керек. Бұл иммиграциялық жүйені жөндеуіміз қажет, - деді Дэвид Пердю. Оның айтуынша, бұл заң жобасы иммигранттар көп келетін елдердегі заңдардың негізінде әзірленген.

- Біз ұсынып отырған заң Канада мен Австралияның жұмысшыларға, дамуға бағытталған, өміршеңдігін көрсеткен заңдарына негізделіп дайындалған. Осы заңдар бұл екі елге де білігі өте жоғары мамандарды тартуға мүмкіндік берген, - деді сенатор.

АҚШ туы мен "грин-кард" құжаттары. (Көрнекі сурет.)
АҚШ туы мен "грин-кард" құжаттары. (Көрнекі сурет.)

Сәрсенбіде журналистермен брифинг өткізген Ақ үйдің ресми өкілі Стивен Миллер қолданыстағы иммиграциялық жүйе жұмысшыларға емес, бай корпорациялар мен бизнес өкілдеріне басымдық береді деп мәлімдеді.

- Бұл – америкалық жұмысшылар үшін, әсіресе афроамерикалықтар мен испантекті жұмысшылар үшін өте әділетсіз жүйе, - деді Миллер.

АҚШ-та заңды өмір сүріп, жұмыс істеуге мүмкіндік беретін әйгілі "грин-кардты" алу ережелеріне біршама өзгеріс енгізілген. Миллердің айтуынша, ең бастысы – АҚШ-қа өздері көшіп алып, артынан туған-туыстарын түгел шақыратын үрдіске шектеу қойылады.

Ақ үй бұл шараны жаңа қол қойылған заңға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырған. Ал Конгресс жаңа өзгерістерге аса мән бере қоймады. Республикалық партия басшылығы биыл иммиграция мәселесін көтеруге құлықсыздық танытты.

Республикалық партияның белгілі өкілдерінің бірі, Оңтүстік Каролинадан сайланған сенатор Линдси Грэхэм білім-білігіне қарай балл беру жүйесін қолдағанымен, оның салдары ауыр болады деді. "Бұл ұсыныс заңға айналса, онда бұл иммигранттардың жұмыс күшіне сүйенетін [Оңтүстік Каролинаның] экономикасына ауыр зардабын тигізеді" деп жазды ол Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасына.

"ИММИГРАНТТАР ЕЛІ"

Демократиялық партия өкілдері мен иммигранттардың құқықтарын қорғаушы ұйымдар да бұл заңның кемшілігі көп деп жатыр.

Азаматтық және адам құқықтары бойынша лидерлік конференцияның президенті және атқарушы директоры Ванита Гупта: "Біз – иммигранттар еліміз, отбасы мүшелеріне берілетін визаларға шек қою туралы ұсыныстар біздің негізгі принциптеріміз бен құндылықтарымызға қайшы келеді", - деп жазды.

Вашингтондағы Урбан институтының аға ғылыми қызметкері Ким Рюбен иммиграцияны шектеу АҚШ-тың өзі үшін тиімсіз болады деп ескертеді.

- Көптеген білігі төмен жұмысшылар ел дамуына ерекше үлес қосып жатыр. Олар біздегі фермалардың, зауыт-фабрикалардың қалыпты жұмыс істеуіне көмектесіп келеді. Бұл адамдар болмаса, біз өз жұмысымызды дұрыс істей алмай қаламыз, экономика да әлсірейді, - деді Рюбен.

Жыл басында 1500-ге жуық экономист Конгресс басшыларына "иммиграция Американың экономикасына және жұмысшыларына қатер төндірмейді, керісінше мүмкіндік ашады" деген мазмұнда хат жолдаған.

Олар жаппай иммиграцияның америкалық жұмысшыларға әділетсіз бәсеке тудыратынын біледі.

Иммиграцияны шектеуді қолдайтын топтар, керісінше, халықтың шетелден келетіндерге көбірек бақылау орнатуды қалайтынын айтып отыр. "Олар жаппай иммиграцияның америкалық жұмысшыларға әділетсіз бәсеке тудыратынын біледі", - деді Numbers USA қоғамдық саясат тобының президенті Рой Бек.

Фейрфакстағы Джордж Мэйсон университетінің құқық профессоры, иммиграция жөніндегі маман Фрэнсис Бакли Канада, Австралия тәрізді иммигранттары көп елдерде кең қолдауға ие болып отырған концепцияның АҚШ-та неліктен қарсылыққа ұшырағанына түсінбеймін дейді.

- Канадада иммиграция – мұншалық даулы мәселе емес. Канада тұрғындарының 20 пайызы – шетелде туғандар, ал АҚШ-та шетелде туғандар – 13 пайыз. Демек, Америкаға қарағанда олардың "иммигранттар елі" деп аталуға негізі көп. Бірақ, бұл – саяси мәселе емес. Неге? Себебі, канадалықтар өздерін әділетсіз ойынның құрбанымыз деп санамайды, - деді Бакли.

(Питер Хейнлейннің материалы ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG