СОҢЫНА ЖЕТЕ АЛМАҒАН СОТ
Тұтқындалғанына 13 жыл өтсе де Халид Шейх Мұхамедтің соты қашан өтетіні белгісіз. 2015 жылы айыпталушылардың бірі Рамзи бин әл-Сибхтің Йемендегі отбасына қорғаушысы арқылы жіберген хаты «тұтқындар «Әл-Қаидаға» әлі күнге кодталған хабарламалар жіберіп жүрген болуы мүмкін» деген күдік туғызған соң Гуантанамодағы тыңдау тоқтатылған.
Журналист Арун Раттың Халықаралық қоғамдық радиодағы сараптамасына сүйенсек, сот отырыстары алда да кейінге шегеріле беруі мүмкін. Сөйтіп, біздің заманымыздағы ең ірі терактіге қатысты сот ісі күдіктілердің заңдық мәртебесі мен оларды қамауда ұстаудың жай-жапсарын талқылап, «9/11» терактісін тергеу емес, ұсақ мәселелерге шырматылып қалды.
«Сот күдіктілер адвокаттарымен оңаша тілдескен бөлмелерге жасырын қойылған микрофондар мәселесін қарастырып кетті, ал полицейлер күдіктілер сотқа кеткенде олардың камераларын тіміскілеп шықты, көзге көрінбейтін құпия бір сенсор сот залындағы аудионы өшіріп, судьяларды таңырқатып жатыр» деп жазды журналист.
Оның үстіне осы аптада прокурор Эд Райан терактіде қаза тапқандардың туыстарын сот отырысы басталғанға дейін-ақ тыңдауға шақыруды ұсынды. Бұл – тосын ұсыныс, себебі сот тыңдауы ашық өткізілмек және онда алқабилер де қатысуы мүмкін. Раттың жазуына қарағанда, тергеудің ұзақ жүріп жатқаны сондай, сот тыңдауына куәгер ретінде шақырылады деген кісілер өмірден озып, куәгерлер азайып барады.
Соңғы бірнеше ай ішінде сондай екі куәгер қайтыс болған. «[Прокурор] Райан тыңдаудың тақырыбын басқа жаққа бұратын сияқты. Сотта айыпкерлерді қамауда ұстаудың жай-жапсары көбірек айтылады, мәселен «азаптау» деген сөз 500 мәрте қолданылған, ал «қыркүйектің 11-і» сөзі тек 200 рет айтылған» деп жазады тілші.
ТЕРРОРДЫҢ ЖАҢА СИПАТЫ
Прокурорлар атышулы түрмеде ұзақ жылдар бойы қамауда отырғанына қарамастан, күдіктілердің әлі де қыркүйектің 11-і күнгі (9/11) оқиға сияқты жойқын шабуылды ұйымдастыруға мүмкіндігі бар екенін дәлелдеуге тырысады.
Бірақ арада 15 жыл өтті, АҚШ-та ондай үлкен теракт болған жоқ. Ауқымы жағынан соған пара-пар болатын террорлық шабуыл болуы мүмкін бе, оған Гуантанамо түрмесінде отырған күдіктілер ықпал ете ала ма?
2001 жылғы қыркүйектің 11-і күнгі оқиға сияқты ірі теракт болмауының бірнеше себебі бар. 1990-жылдардың соңында Осама бин Ладен құрған террорлық ұйым мен қазіргі содырлардың айырмасы жер мен көктей. Қазіргілердің ізі аңдулы, әрі олар ешқайда тұрақтай алмайды. АҚШ-тың ұшқышсыз ұшақтары оларды Африкадан да, Азиядан да тауып алады, Осама бин Ладенді өлтірген операцияның өзі мұндай операция ұйымдастыруға мемлекеттік шекаралар кедергі бола алмайтынын дәлелдеді. Бұл – террористер тығылатын жер қалмады деген сөз емес, әлемде олар жасырынбай еркін жүре алатын бірде-бір ел жоқ деген сөз. Сондықтан олар Йеменде, Ливияда және Сирия мен Иракта өздерінің «мемлекеттерін» құруға ұмтылып жатыр. Бүгінде Ауғанстанның «Талибан» үкіметі сияқты террористерді паналата қоятын ел жоқ.
Бір жақсы жаңалық: бұл күнде қыркүйектің 11-індегі шабуыл сияқты теракт ұйымдастыру логистикалық тұрғыдан өте қиын. «Жаңа Америка қауіпсіздігі» орталығының Таяу Шығыс бойынша зерттеушісі әрі Джеймстаун қорының сарапшысы Николас Херас Азаттыққа берген сұхбатында АҚШ-тың барлау қызметі федералдық, штаттық және аумақтық деңгейде террорға қатысты ақпарат алмасып отыратынын айтты.
Барлау мәліметтерімен бөлісу, әуеде және теңіз порттарында қауіпсіздік шараларын күшейту, контртеррорлық операцияларды қажет болған жағдайда бірлесіп ұйымдастыру бойынша шетелдермен тығыз байланыс орнатылған.
Херастың айтуынша, «9/11» шабуылын ұйымдастыру үшін терроршылар түрлі деңгейде бірлесе жұмыс істей алуы керек, ал қазір олардың бұл жұмысына АҚШ пен оның одақтастары тосқауыл қоя алады. Henry Jackson Society сарапшысы Кайл Ортонның айтуынша, қазіргі терроршылар ұшақта бомба жара алса да, «9/11» шабуылындағыдай жан-жақты ұйымдасқан көп сатылы әрекетті жүзеге асыра алмайды.
ТЕРРОРИЗМ ТАМЫР ЖАЙЫП БАРАДЫ
Бірақ террор әлі жойылған жоқ. Терроршылар қолында түрлі заманауи қарулар бар. Қыркүйектің 11-індегі ауқымды әрі қымбат операциялар орнына қазір қолдан жасалған бомба мен оңай табуға болатын қарулармен анағұрлым шағын терактілер ұйымдастырылады. Париж пен Брюссельдегі жарылыстар, 2008 жылғы Мумбайдағы теракт – соның мысалы.
Қыркүйектің 11-і күнгі (9/11) шабуылымен «Әл-Қаида» бүкіл әлемді террормен қорқытып, әуеде ұшқан әр ұшақты, әрбір биік ғимаратты нысанаға алатындай әсер қалдырған.
Өкінішке қарай, терроризм дамудың жаңа сатысына көтерілді. Соңғы 10 жыл ішінде болған шағын жарылыстардың алдын алу қиын болған әрі олар бүкіл әлемді үрейлендірді. Қолында қаруы бар кез келген адам сауда орталығын, мейрамхананы не кинотеатрды басып алатындай әсер қалды.
Ең жаманы – соңғы жылдары террорлық ұйымдардың ауқымы кеңейді. Олар Батысқа шабуыл жасаудың орнына Таяу Шығыста және басқа жерлерде өздерінің мемлекетке ұқсас құрылымдарын қалыптастыруға көбірек күш жұмсай бастады. Оның үстіне олар Батыста тұратын жақтастарын қатарларына тартып, шабуылдарды солардың қолымен жасау тәсіліне көшті.
«Ғаламдық жиһад қозғалыстары 2001 жылғы қыркүйектегіге қарағанда әлдеқайда кең тараған және қазір көбірек аймаққа ықпал жүргізіп отыр. «Әл-Қаидамен» әлде ИМ-мен не басқа ұйыммен байланысты болса да, олар Осама бин Ладеннің «Әл-Қаидасына» қарағанда көбірек жер иеленуге, мемлекеттік құрылымдар жасақтауға ұмтылып жатыр» деді Херас.
ИМ-НІҢ «ӘЛ-ҚАИДАДАН» АЙЫРМАСЫ
Henry Jackson Society-мен бірге зерттеу жүргізіп келе жатқан сарапшы Кайл Ортон «ИМ «Әл-Қаидамен» салыстырғанда «жалғыз қасқырларды» (ұйымға кірмей, саяқ жүрген террористерді – ред.) ынталандыра алды, сондықтан ИМ фанатик жастардың (тәжірибесі аз әрі ұйыммен байланысы жоқ адамдардың) ұйымдастырған шабуылдарын қуана-қуана өздеріне теліп алады. «Әл-Қаидамен» ИМ арасындағы айырмашылық та осында. «Әл-Қаида» террорды таңдаулылар жасайтын әрекет деп санады, ИМ бұны қарапайым адамдардың мақсаты деп түсінеді» дейді.
Осама бен Ладеннің көзі жойылғалы жер шары анағұрлым қауіпсіз бола түскенін жұрттың көбі мойындайды. Дегенмен террор идеологиясы әлі жойылған жоқ. Гуантанамо түрмесіндегілерден әлі де қауіп бар. Ұлттық барлау қызметінің мәліметі бойынша, Гуантанамодағы түрмеден босатылып, елдеріне жіберілгендердің үштен бірі қайта теракт ұйымдастыруға қатысқан. Сондықтан Обама әкімшілігі Гуантанамо түрмесін жабуға мәжбүр болғанымен, ондағы тұтқындарды елдеріне жіберуге қарсы болып отыр. Олар АҚШ-тағы күзеті ең күшті деген түрмелерге жіберіліп, жазаларын сонда өтейді және ешқайсысы өз елдеріне осы беті қайтарылмауы мүмкін.
Алайда терроризм «қарапайым адамдардың әрекетіне айналғандықтан», Гуантанамода тұтқында отырғандардың тағдыры террормен күрес операциясына бәлендей әсер ете қоймайтын тәрізді.
Джеймс Миллердің блогы ағылшын тілінен аударылды.