АЗЫҚ-ТҮЛІК ПЕН ӨНДІРІСТІК ТАУАРЛАР ТАПШЫЛЫҒЫ
– Шахтерлер ереуілді сабын үшін бастады" деген сөз бар. Жұмысшылар сабын үшін наразылыққа шықпаса да, олардың жуынатын құралы болмағаны рас, – дейді Украинадағы тәуелсіз кеншілер кәсіподағы басшыларының бірі Александр Абрамов. Ол 1989 жылы Донецк облысы Димитров қаласындағы (қазіргі Мирноград) "Центральная" шахтасында қазылған кеннен көмір бөліп алатын жұмысшы болып істеген және кеншілер өткізген ереуілдердің бәріне қатысқан. Наразылық басталған соң, Абрамов көпшілік дауыспен қалалық ереуіл комитетінің мүшесі болып сайланған.
Ол кезде шахтерлердің жуынатын кабиналарынан сабын жоғала бастады. Сондықтан ереуілшілер әр жұмысшыға айына 600 грамм сабын беруді сұрады. 1989 жылы шахтерлер әлі ешқандай саяси талап қоймаған болатын.
Олар еңбек демалысын ұзартуды, түнгі ауысымдарға қосымша ақы төлеуді, 20 жыл жер астында істеген адамды зейнетке жіберуді, жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз етуді, силикоз бен антракоза сияқты кәсіби сырқаттарды өндірістік жарақат қатарына жатқызуды талап етті.
Кеншілер ереуілі әлеуметтік-экономикалық дағдарыс пен азық-түлік және өндірістік тауарлар тапшылығымен тұспа-тұс келді. Ал саяси жүйенің либерализациясынан кейін тәуелсіз кәсіподақ басшылары шыға бастады.
– Кеншілерге жақсы төлейтін. Орташа жалақы шамамен 600 рубль еді. Бірақ бұл ақшаға ештеңе келмейтін. "Жигули" сатып алу үшін он жыл кезекте тұру керек. Түрлі-түсті теледидарды танысы барлар ғана сатып алады, оның құны – 700 рубль. Дүкеннен жақсы шұжық табылмайтын, сөрелерде тек суға қайнатылған шұжық ғана тұрады. Басқа тауар алғың келсе, тағы да таныс керек, – дейді Александр Абрамов.
Ереуілді 1989 жылы 11 шілдеде Междуреченскіде Кузбасс шахтерлері бастаған. Бірнеше күннен кейін бұл өңірдегі жұмысшы қозғалысының орталығы Кузбастағы үшінші ірі қала – Прокопьевскіге ауысқан. Өңірдегі барлық шахтаның жұмысы тоқтаған. Ең үлкен наразылық акциялары Прокопьевск қаласындағы Жеңіс алаңында өткен. Бұл алаңда жергілікті шахтерлерге көрші қалалардан келген ереуілшілер қосылған.
– Бірінші ауысымда істейтінмін. Шахтаға барсам, кеншілер "жұмыс істемейміз, ереуілге шығамыз" деп отыр екен, – дейді 1989 жылы шілдеде Прокопьевск қаласының Калинин атындағы шахтасында тау-кен ісінің шебері болып істеген Александр Батанов.
– Ештеңеден қорықпадым. Патриоттық рухымыз артып, шахтерлер күш біріктіріп, мақсатымызға жетеміз, қолымыздан келеді деген үміт болды. Құқық қорғау органдары да бізге жақсы қарады. Қорқытып-үркітіп, қолымызды қайырып, түнделетіп ұстап әкеткен жоқ, – дейді Батанов.
Кузбастан кейін СССР-дің басқа өңірлерінде де кеншілер ереуілі болды. Донбастағы наразылық 15 шілдеде Донецкінің іргесіндегі кеншілер қаласы – Макеевкада басталды. Бірнеше күннен кейін Донбасс және Львов облыстарындағы шахталардың көбі ереуілге қосылды.
– Кузбастан ереуілге қосылуға үндеген жұмысшылар келді. Олар билікке қандай талап қойғанын айтып берді, – дейді қазір Донбастағы тәуелсіз кеншілер кәсіподағын басқаратын Николай Волынко. Ол 1989 жылы Донецкідегі "Советский Донбасс" газетінің атындағы кәсіпорында шахта жолдарын салумен айналысқан. Наразылық басталғаннан кейін Волынко Донецкідегі ереуіл комитеті төрағаларының бірі болып сайланған.
"АЛЫСУҒА ДАЙЫНБЫЗ"
– 17 шілдеде екінші ауысымға жұмысқа бардым. Шахтада толқу басталып кеткен екен. Ереуілге шығатындар кен орнына жақын маңдағы спорт кешеніне, ал жұмыста қалатындар шахтаға барсын деген шешім қабылданды. Өз бөлімімдегі адамдарға "Жігіттер, сендер өздерің біліңдер, бірақ мен ереуілді қолдаймын" дедім. Олар мені де қолдай кетті. Стадионға митингіге шықтық. Кейін топтың ішіндегі біреу партияның облыстық комитетіне бару керек деген ой тастады. Жеті мың кенші сол жаққа бет алдық, – дейді Волынко.
– Милициямен қақтығыс болуы мүмкін екенін білдік, олармен алысуға дайын болдық. Облыстық комитет ғимаратының алдында бізді қолдарына қалқан ұстаған милиция жасағы күтіп тұрды. Марқұм генерал Валентин Недрыгайло "Жігіттер, маған ереуілшілерді жібермеу туралы бұйрық түсті, бірақ мен халыққа қарсы шықпаймын" деп, милиция қызметкерлеріне жолды ашуды бұйырды. Біз облыстық комитет ғимаратына жақындадық. Ол жерде костюм киген жігіттер болып, микрофон шығарып жатты. "Кімсіңдер?" деп сұрадық. Олар "Ереуіл комитетіміз" деп жауап берді. Сұрастыра келе, олардың ереуілді басқару үшін шахтадан әкелінген комсомол жетекшілері екенін білдік. Бәрін қуып жібердік, – дейді Николай Волынко.
– Мен "Жігіттер, талабымыз орындалғанын қаласақ, соңына дейін тұру керек" дедім. Бәрі орындарынан тапжылмай тұрды. Біз шыққанда, бәрі у-шу болды. Ол кезде жарты минут ішінде бес мың жұмысшысы бар шахтаны тоқтата алатынмын. Мықты едік. Компартия комитетінің өкілдері бізді шахтаға қайтаруға тырысты. "Бұларың не? Олай жасауға болмайды" деді. Бұл Горбачев мәлімдеме жасап, кеншілерді қолдайтынын айтқанға дейін жалғасты. Екі күннен кейін шахта директорлары талабымызға келіскендей болды, – дейді Димитров қалалық ереуіл комитетінің мүшесі Александр Абрамов.
СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ ПОЛИГОНЫН ЖАБУ
Донбастан кейін Қарағандыдағы кеншілер ереуілге шықты.
– Газеттер Кузбасс пен Донбастағы ереуілдер туралы жаза бастады. Біз олар ереуілге шығып жатқанда өзіміздің қол қусырып қарап отырғанымызға ұялдық, – дейді ол кезде Қарағандыдағы "Актасска" шахтасында кенші болып істеген Қазақстандағы еркін кәсіподақтар конфедерациясының мүшесі Павел Шумкин.
– Жер бетінде ереуіл туралы жақ ашпайтынбыз. Ал шахтаға түссек болды, "ереуілшілерге қосылмай, солардың арқасында жеңілдіктерге қол жеткіземіз бе?" деген талқылаулар басталады. Бірақ жасы үлкен жұмысшылардың көбі "ереуіл басылып келе жатыр, үкімет барлық жердегі кеншілердің жұмысы бір екенін түсінеді, сондықтан жақында бәрімізге жеңілдіктер болады" деді. Бірақ 1989 жылы 18 шілдеде орталық газеттерге Кузбасс пен Донбасқа үлкен әлеуметтік көмек көрсетіледі, ауруханалар мен мектептер салынады деген қаулы шықты. Ал Қарағандыда еш өзгеріс болмады. Сол кезде мұның әділ шешім екенін түсіндік. Біз үнсіз отырдық, сондықтан ештеңеге қол жеткізе алмадық. 19 шілдеде Қарағандыдағы 26 шахтаның бәрі бір күнде ереуілге шықты, – дейді ол.
– Ол кезде ештеңеден қорықпадық. Мүмкін, жоғалтатын ештеңеміз болмаған шығар. Аштан өлетін күйде болған жоқпыз. Тоңазытқышта азық-түлігіміз болды, бірақ ештеңе сатып алу мүмкін емес еді. Шахтаға жылқы әкеліп сояды, бір сағат күтіп, кішкене ет алып кетеміз. 28 тармақтан тұратын талаптар тізімінде қант беруді де сұрадық, өйткені шілдеде тосап қайнататын шекеріміз болмады, – дейді Павел Шумкин.
Қарағанды кеншілері экономикалық талаптардан бөлек бөлек, Семей ядролық полигонын жабуды да сұраған.
"Невада-Семей" қозғалысының өкілі Марғұлан Хамиев талаптар тізіміне осы мәселені қосуға кеңес берді. Басында "Полигоны несі, әуелі өзіміздің талаптарымызды орындатып алайық" деп көнбедік. Кейін "Несі бар? Бұл да маңызды мәселе ғой" деп ойладық. Үкімет өкілдерімен жалақы туралы келіссөзіміз тығырыққа тірелгенде "Онда полигонды жабу мәселесіне көшейік" дедік. Үкімет, әрине, көп нәрсеге көнуге мәжбүр болды, – дейді Павел Шумкин.
НАРАЗЫЛЫҚ ҚАЛАЙ АЯҚТАЛДЫ?
22 шілдеде Коммунистік партия орталық комитетінің бас хатшысы Михаил Горбачев кеншілердің талабымен келісіп, "жалақы екі есе өседі, түнгі ауысымдағы жұмысқа қосымша ақы төленеді, зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізіледі" деді.
– Еңбек демалысымызды 36 күннен 68 күнге дейін ұзартып алдық. Зейнетақы бойынша талаптарымыз да орындалды. Бұрын кеншілер 50 жаста зейнетке шығатын, ереуілден кейін қазылған кеннің арасынан көмір бөліп алумен айналысатын тау-кен жұмысшысы немесе шахтаға жол салушы жер астында 20 жыл жұмыс істегеннен кейін зейнетке шығу құқығына ие болды. Бұрын түнгі ауысымға небәрі 25 рубль төленсе, наразылықтан кейін 200-300 рубль алатын болдық", – дейді Александр Абрамов.
1989 жылы 3 тамызда СССР министрлер кеңесінің қаулысы шықты. Билік шахталардың табысты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, кен өндірілетін өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсартуға міндеттелді. Бірақ мемлекет бұл міндетін орындамады.
Талаптар жартылай орындалғаннан кейін жаппай наразылық басылып, екі жылдан кейін қайта басталды. 1991 жылы наурызда жаппай кеншілер ереуілі басталды. Наразылар СССР президентінің отставкаға кетіп, СССР халық депутаттары съезінің таратылуын талап етті. Донбасс кеншілері Украинаның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық сипаттағы декларация қабылдауды сұрады.
КЕНШІЛЕР ГКЧП КОМИТЕТІНЕ ҚАРСЫ
1991 жылы 10 мамырда ереуіл комитеттерінің кеңесі наразылық акциясын тоқтату туралы шешімге келді. Кеншілердің талабы сол күйі орындалмады. СССР-дің тарауына санаулы айлар қалды.
– Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет тұсында Украина ССР-і Жоғарғы кеңесінің төрағасы Леонид Кравчуктен Мәскеуге бағынбауын сұрап, 80 шахтаның жұмысын тоқтаттық. Кравчукқа "Украинада ГКЧП (Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет – ред.) билігі жүргенін қаламаймыз" деген хабар жібердік. Ол Донбастың қарсыласып, ГКЧП-ге қарсы шайқасатынын, кеншілер отрядының Мәскеуге кеткенін білетін, – дейді Николай Волынко.
"Алдымызда не күтіп тұрғанын білген жоқпыз, бірақ ешкімнің арқасына тығылмадық. Өз басым тамыз бүлігінен кейін "Центральная" шахтасындағы бес мыңға жуық адамның алдында Ельциннің хабарламасын оқыдым. Бұл хабарламаны шығарып алып, Донецк облысының Красноармейский ауданындағы шахталарға іліп шықтық. Ол кезде жергілікті билік өкілдері ГКЧП жағында болатын, – дейді Александр Абрамов.
1991 жылы 24 тамызда Украина, 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. 25 желтоқсанда СССР президенті Михаил Горбачев отставкаға кетіп, ертеңіне СССР жоғарғы кеңесінің республикалар кеңесі Совет одағын тарату жөнінде декларация қабылдады.
"СССР – халықтар түрмесі болды, бұл түрме жабылуы керек еді. "Ештеңесі болмаған адам бәріне қол жеткізеді" деген коммунистік ұран жалқауларға арналған. Ештеңесі болмаған адам дәл сондай тақыр кедей болып қалады. Бірақ кеншілер ереуілі СССР-дің тарауына жақсы түрткі болды. Халықтар түрмесін жоюға қатысқаным үшін қуанамын" дейді Николай Волынко.
"Ішерге асымыз болмады. Ұзақ уақыт шыдап келдік, кейін ақырын қозғалып едік, бәрінің тас-талқаны шықты", – дейді Павел Шумкин.
"Кеншілер болмаса, Ельцин ешқашан президент бола алмас еді. Негізгі қолдау солардан келді. Ал Ельцин маскүнем әрі сатқын болып шықты, кейін кеншілерді басынып шыға келді. Болашақ олигархтар кеншілер ереуілін өз мүддесіне пайдаланып, совет билігін құлатты, – дейді Александр Батанов.
СССР тарағаннан кейін шахталар жекешелендіріліп, кеншілер ереуілі тәуелсіз Украина, Қазақстан мен өзін Совет одағының мұрагері деп жариялаған Ресейде жалғасты.
ПІКІРЛЕР