"КЕРЕКСІЗ ЗАТ СИЯҚТЫМЫЗ"
62 жастағы Әнуар Жиенқұлов зейнетке небәрі бірнеше жыл қалғанда жұмыстан шығарылған. 2011 жылы ол шахтадан шыққан газдың ортасынан әзер тірі шыққан: үстіне тас құламаса да, қатты уланған. Көз алдында екі жолдасы қаза тауып, өзі әзер аман қалған апаттан кейін кеншінің өмірі түбегейлі өзгерген. Ол алған жарақатының кесірінен мүгедек болып қалған. 2016 жылы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы 31 жыл бойы шахта қазумен айналысып, апаттан кейін тағы төрт жыл жер үстінде жұмыс істеген Жиенқұловпен еңбек шартын бұзған.
Әнуар Жиенқұлов шахтада жүріп мидың улануы, радикулопатия және құлақ жарғағының жарылуы сияқты бірнеше ауруға шалдыққанын, соның салдарынан үнемі басы ауырып, қан қысымы көтерілетінін айтады. Ол кез келген сәтте қан тамырым жарылып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.
Жиенқұлов үшінші топ мүгедегі ретінде тіркеуге тұрып, еңбекке жарамдылығының 59 пайызын жоғалтқанын дәлелдеу үшін бірнеше жыл табан тоздырған. Ол қазір жұмыс істемейді, денсаулығына нұқсан келуіне байланысты берілетін 200 мың теңгеге өмір сүреді. Шахтада жүріп денсаулығы мен жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылған азамат бұл ақша күнкөрісіне жетпейтінін айтады. Осы азын-аулақ ақшаның өзіне қиындықпен қол жеткізген Жиенқұлов кеншілердің жалақысымен бірге денсаулығынан айырылған азаматтарға берілетін төлем көлемі де артуы керек деп есептейді.
– Құдды кәдеге жарамайтын зат сияқтымыз, ешкімге керегіміз жоқ. Менің және өзге де көп адамның қолында "кеншінің жалақысы өссе, онымен қызметі бір басқа адамдарға берілетін төлемдер де қайта есептелуі керек" деген сот шешімі бар. Бірақ компания мұны назарға алмай отыр. 2017 жылы кеншілер ереуілі болды, 2018 жылы олардың жалақысы өсті. Неге бізге берілетін төлемді де осы жалақыға сай қайта есептемейді? Бізді неге есепке алмайды? Бірнеше соттан өттім. Бұл ақша негізі емге бөлінеді, бірақ біз оны емге де, өмір сүруге де жеткізуге тырысамыз. Кейде дәрігер жазып берген дәрі-дәрмекті алмаймын, өйткені ақшам жетпейді. Оңалту шараларын өз есебімізден өтеміз. Бірде менен "Неге жер астында істейтін жұмысшылардың жалақысымен бірдей көлемде ақша талап етіп отырсыз?" деп сұрады. "Жұмыс берушінің кінәсі болмаса, әлі күнге өз кәсібім бойынша қызмет етіп, жалақы алып жүрер едім" деп жауап бердім. Компанияның кесірінен жарақат алдым. Енді олар бұл үшін өтемақы төлеуі тиіс емес пе? – дейді Әнуар Жиенқұлов.
"АҚША ЖЕТПЕЙДІ"
Денсаулығынан айырылуына байланысты төлем алатын азаматтар бірігіп, сотқа арыз түсірген. Олар бес жыл бұрынғы көлемдегі аз төлем алатынын, ол ақша күнкөріс пен ем-домына жетпейтінін айтқан. Арыз иелері "АрселорМиттал Теміртау" компаниясынан өздеріне берілетін төлемді қайта есептеп, көбейтуді талап етіп отыр. Олардың қолында "кеншілердің жалақысы өскен сайын, денсаулығынан айырылған азаматтарға берілетін төлем көлемі де артуы тиіс" деп жазылған сот шешімі бар.
2017 жылы желтоқсанда Қарағанды облысында болған кеншілер ереуілінен кейін 2018 жылы компания жер астында істейтін жұмысшылар жалақысын 30 пайызға көтерген. Бірақ денсаулығына байланысты жұмыссыз отырған азаматтарға төленетін ақшаға ештеңе қоспаған. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы заңға 2015 жылы енгізілген өзгерісті алға тартып, төлем көлемі ресми инфляция деңгейіне байланысты ғана өзгеретінін, ал кеншілер кәсіптік ауруы мен өндірістік жарақаттары заң өзгермей тұрып пайда болғанын айтады. Қазір олар қолдарындағы бірінші сот шешімі орындалмағанын дәлелдеуге тырысып жүр.
Арыз иелерінің бірі, 41 жыл шахтада жұмыс істеп, омыртқасы зақымданған Шорағай (тегін көрсетпеуді сұрады) айына 115 мың теңге алады. Ол бұл ақшаның ештеңеге жетпейтінін айтады.
– Жарақат алғаннан кейін аяғымды баса алмай қалдым. Ол кезде ешқандай төлем алмайтынмын, ізденіп, жүгірген де емеспін. Кейін бұл істі соңына дейін жеткізу керек деп шештім. Сотқа жүгіндім, шахта кінәсін мойындап, мені еңбекке жарамдылығының 29 пайызын жоғалтқан деп тіркеді. Емдеу-оңалту шараларына өте көп қаржы кетеді, онсыз жүре алмайсың. Мәселені шешу керек. Осы кезге дейін бұрынғы қызметімдегі жалақы екі есе көбейді. Ал маған берілетін төлем инфляция деңгейіне қарай бес-жеті пайызға ғана өсті. Сонда тиын-тебен ғана шығады. Осы дұрыс па? – дейді ол.
Арыз берушілердің арасында шахтада 30 жыл жұмыс істеген Анатолий Калайчиди де бар. Шахтадағы ауыр жұмыстың салдарынан өкпесіне, жүрегіне, омыртқасына, тізесі мен қолының буындарына зақым келіп, бірнеше ауруға шалдыққанын айтады.
– Сан мәрте сотқа жүгіндік, бірақ ешқайсысы өтінішімізді қанағаттандырмады. Кеншілердің жалақысы 20, 30 пайызға өскенде, біздің ақшамызға бір тиын да қосылмады. Мен атқарған жұмысты істейтіндер қазір шамамен 450 мың теңге алады, ал маған тиын-тебен ғана төленеді, – дейді Калайчиди.
Өндірісте денсаулығынан айырылған жұмысшылардың мүддесін қорғаумен айналысатын заңгердің пікірінше, сот бұрынғы жұмыс берушіні жақтап, арыз берген азаматтар қиын жағдайда қалған.
– Заңға жаңа норма енгізілуіне байланысты құқық бұзылғанға дейін болған ережені қалпына келтіру тоқтамауы керек. Өйткені бұл Конституцияның 77-бабына қайшы келеді. Азаматтың денсаулығына зақым келген жағдайда, оның жоғалтқан табысы өтелуі керек. 2015 жылы заңға өзгеріс енгізілген сәттен бастап құқықтық қатынастарды өзгертуге болмайды, – дейді заңгер Александр Пак.
Бұрынғы кеншілер аудандық сот пен облыстық соттың апелляция алқасынан өткен. Екі сот инстанциясы да жұмыс берушінің пайдасына шешім шығарған. Арыз иелері бұған келіспейді, өйткені соңғы сот шешімі осыған дейін шығып, күшіне енген басқа сот шешіміне қайшы келеді.
СОТ АРЫЗДЫ ҚАНАҒАТТАНДЫРУДАН БАС ТАРТТЫ
Бұрынғы кеншілер Жоғарғы сотқа дайындаған кассациялық шағымында материалдық құқық нормасы дұрыс қолданылмағанын, заң қате түсіндірілгенін айтып, соңғы сот шешімдерінің күшін жоюды сұраған.
Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы Қарағанды аудандық сотының шешімі мен облыстық сот қаулысын қайта қарау туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Жоғарғы сот судьясы сот актілерінен заң бұзу фактісін таба алмай, шешімдерді қайта қарауға негіз таппаған.
Сот бірнеше жыл бұрын арыз иелерінің өтініші бойынша "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын денсаулыққа келген зақым үшін берілетін төлемдерді сәйкес қызметтегі жалақы өскен сайын қайта есептеп отыруға міндеттейтін шешім қабылданғанын растаған. Жоғарғы сот бұл шешімнің сол кездегі Азаматтық кодекстің 938-бабы, 6-тармағына негізделгенін (ол кезде денсаулығынан айырылуына байланысты төлем алатын азаматтың бұрынғы қызметінде орташа жалақы артқан жағдайда, жұмыс беруші өтемақы көлемін өсіруге міндеттелген), бірақ 2015 жылы заңға өзгеріс еніп, бұл бөлімнің күші жойылғанын мәлімдеген.
Жоғарғы соттың қаулысында "Мұндай жағдайда сот арыз берушілердің талабын негізсіз деп тауып, дұрыс шешім қабылдаған. Арыз берушілердің Конституцияның 77-бабына сілтеуі сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды" делінген.
Денсаулығынан айырылуына байланысты төлем алатын азаматтар кассациялық шағымның қаралуын талап етіп отыр.
КОМПАНИЯ ҰСТАНЫМЫ
Азаттық тілшісі арыз иелерінің бұрынғы жұмыс орны "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына ресми хат жіберіп, жағдайды түсіндіруін сұрады. Компания қойылған сұрақтардың бәріне бірдей жауап берген жоқ: хатта денсаулығынан айырылуына байланысты төлем алатын адам саны қанша екені көрсетілмеген, бұған дейін шығарылған сот шешімі неге орындалмағаны түсіндірілмеген. Жұмыс беруші заңға сәйкес әрекет етіп отырғанын айтумен ғана шектелді.
Компанияның Азаттыққа берген жауабында "Жұмыс беруші денсаулығына байланысты табысынан айырылған азаматтарға берілетін төлемдерді Қазақстан Республикасындағы заңдар мен сот актілерінің негізінде ғана аударады. Одан бөлек, қазір жұмыс беруші қалыптасқан сот тәжірибесіне де назар аударып отыр. Біздің позициямыздың дұрыстығы бірінші және екінші сот инстанциясында бірнеше рет дәлелденді. Мұны Жоғарғы соттың қаулысы да растайды" делінген.
Компанияның дерегінше, Еңбек кодексіне сәйкес, өндірісте алған жарақатына байланысты табысынан айырылған кеншілерге төлем мөлшері олардың денсаулығына келген шығын көлеміне байланысты есептеледі. Азаматтық кодекстің жұмыс берушіні табысынан айырылған азаматтарға берілетін төлемді олармен қызметі бір басқа жұмысшылардың орташа жалақысы артқан сайын, өсіріп отыруға міндеттейтін 938-бабы, 6-тармағының күші жойылған соң, жыл сайын инфляцияға байланысты түзету ғана енгізіледі.
"ЗАҢ АДАМДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫН ҚИЫНДАТПАУЫ КЕРЕК"
Мүгедек кеншілердің бастамашыл тобы Қазақстан кәсіподақтар федерациясынан көмек сұраған. Олар "компанияның әрекеті мен әділетсіз сот шешіміне" шағынған.
– Бастамашыл топтың мәселесі 2015 жылы күшіне енген "Сақтандыру және исламдық қаржыландыру туралы" заң қабылданған кезде басталған. Жұмыс тобында кәсіподақтарға бұл заңның "жарылғыш" әсері болатынын ескертіп, ұрыстым. Бірақ маған ешкім назар аудармады. Енді қазір денсаулығынан айырылған кеншілер сотқа жүгіріп жүр. Ал сот заң 2015 жылы қабылданғанымен, кеншілердің жарақаты оған дейін пайда болғанын ескермей отыр. Заң адамдардың жағдайын қиындатпауы керек. Бірақ жұмыс беруші оларға қазіргі жалақы бойынша төлеп отырған жоқ, тек инфляция деңгейіне байланысты ғана азын-аулақ ақша қосады. Біз Жоғарғы сотқа, бас прокуратураға хат жазып, кеншілердің құқығы бұзылғанын айттық. Енді олардың жауабын күтіп отырмыз. Мен кеншілердің талабы орынды деп есептеймін, – дейді кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, бұрынғы мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев.
Кәсіподақтар федерациясы өндірісте жүріп, денсаулығынан айырылған азаматтардың хатын Жоғарғы сот төрағасына жіберіп, алғашқы екі сот инстанциясы шешімінің күшін жойып немесе қайта қарауды сұраған. Дәл осы өтінішті бас прокуратураға да жолдап, мемлекеттік органды сот актілеріне байланысты шаралар қабылдауға шақырған.
Қарағандылық құқық қорғаушы Әбілдә Әбдікәрімов сот шешімін негізсіз көреді.
– Бұл азаматтардың конституциялық құқығын бұзатын негізсіз шешім. Аталған шешім ауыр өндірісте істейтін жұмысшылардың халықаралық құқығына да қайшы келеді. Соттар көбіне жұмыс берушінің мүддесін қорғайды. Кеншілердің пайдасына шығарылған бұрынғы сот шешімі болса, ол орындалуы тиіс. Бұрын жұмыс істеген адам өтемақысын қазіргі жалақы көлемі бойынша алуы керек, – дейді Әбдікәрімов.
Қарағанды облысының өндірісте жүріп, мүгедек атанған кеншілері осыған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған. Олар "шарасыз күйде қалғанын", ауыр жұмыстың кесірінен денсаулығынан айырылған адамдардың жағдайы қиындағанын айтқан. Бірақ бұл хаттан кейін де ешқандай өзгеріс болмаған.
ПІКІРЛЕР