Accessibility links

Шетте оқитын өзбек студенттері Отанына үдере көшіп жатыр


Өзбекстан Шымкентте оқитын жастарын кері қайтарып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:27 0:00

ВИДЕО: М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде оқитын өзбекстандық студенттер өз еліндегі оқу орнына ауысу үшін құжат алуға келіп тұр. Шымкент, 12 ақпан 2020 жыл.

Өзбекстан елдегі университеттерге ауысу тәртібін уақытша жеңілдете салысымен кейін шетелде оқып жатқан өзбек студенттері Отанына лек-легімен ағыла бастады.

Ташкенттің елдегі оқу орындарына ауысу ережелерін уақытша жеңілдеткені сол екен, көрші Орталық Азия мемлекеттеріндегі университеттерде оқып жатқан өзбек студенттері Өзбекстандағы оқу орнына ауысуға жаппай кірісіп кетті.

Ақпанның 7-сіне Өзбекстан Білім министрлігі көбіне Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда оқып жатқан азаматтарының елдегі университеттерге көп құжат жинамастан әрі емтихан тапсырмастан ауысуына мүмкіндік беретінін хабарлады.

Орталық Азияның өзге елдеріндегі университеттерде оқып жатқан студенттер наурыздың 15-іне дейін оқу орындарынан үлгерімі туралы анықтама, төлқұжат көшірмесі және тиісті өтініш тапсырып, Өзбекстандағы оқу орнына ауыса алады. Министрлік өкілдерінің айтуынша, ауысып келген студенттерге шетелде алып жатқан мамандығын оқытатын туған жеріне ең жақын университеттен орын беріледі.

Көрші елдердегі жоғары оқу орнынан ауысып келген өзбек студенттері құжат тапсыру үшін Ферғана политехника институты алдында тұр. Өзбекстан, 12 ақпан 2020 жыл.
Көрші елдердегі жоғары оқу орнынан ауысып келген өзбек студенттері құжат тапсыру үшін Ферғана политехника институты алдында тұр. Өзбекстан, 12 ақпан 2020 жыл.

Әйткенмен білім ордаларының көбінде орын толып қалғандықтан әрі оқытушы жетіспейтіндіктен, министрлік қайта оралған студенттерге кешкі не қашықтан оқу бөлімдеріне өтініш тапсыруға кеңес берді.

Өзбекстанның білім беру саласындағы кей ресми тұлғалар жаңадан ауысып келген студенттерді қабылдау үшін шұғыл түрде қаржы және ғимарат іздеп жатқандарын айтады.

Өзбекстан үкіметі шетелде жүрген студенттерді тез арада елге қайтуға ынталандыратын мұндай шараларды неге аяқ астынан қолға алғанын түсіндірген жоқ. Ақпарат ел-елге кеш тарап, Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстандағы оқу орындарында қарбалас көбейгендіктен, министрлік құжат тапсырудың соңғы мерзімін ақпанның 15-інен наурыздың 15-іне дейін шегерді.

Шымкентте оқитын өзбекстандық студенттер өз еліндегі оқу орнына ауысу үшін құжат алуға келіп тұр. 12 ақпан 2020 жыл.
Шымкентте оқитын өзбекстандық студенттер өз еліндегі оқу орнына ауысу үшін құжат алуға келіп тұр. 12 ақпан 2020 жыл.

Ақпанның 12-сі күні Азаттықтың Қазақ қызметінің тілшісі Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан университеті әкімшілігі ғимаратының алдында білімі туралы анықтама алу үшін мыңдаған өзбек студенті тұрғанын хабарлады. Олардың кейбірі күннің суығы мен жауынға қарамастан, бірнеше күннен бері кезек күтіп тұрғандарын айтты.

Университет әкімшілігі Өзбекстандағы оқу орнына ауысқысы келетіндерге күніне мыңға жуық анықтама беріп жатқанын жеткізді.

ҚАРЖЫ ҮНЕМДЕУГЕ ТИІМДІ

Азаттық тілшісімен сұхбатында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқитын өзбекстандық студент Табассум Жұманазарова "құжатымды осы қазір ғана алдым. Үргеніш мемлекеттік университетіне ауысқым келеді. Бұл – мен үшін зор мүмкіндік. Өз еліңде білім алғанға не жетсін" деді. Студенттердің айтуынша, өзге елде үй жалдау, тамақ, демалыстарда елге барып келу шығындары қалтаға салмақ түсіреді.

Өзбекстандық тағы бір студент өз елінде оқуға түсе алмаған соң Шымкентке келгенін айтты.

- 52 жастамын. Өзбекстандағы көп мекеме университет дипломы жоқ адамдарды жұмыстан шығара бастаған соң білім алайын деп ұйғардым. Қазір ауысуға өтініш жасау үшін анықтама алғалы тұрмын, - деді Мутабар Усмонова.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің қызметкерлері мен өз еліндегі өз еліндегі оқу орнына ауысуға тілек білдірген өзбекстандық студенттер. Шымкент, 12 ақпан 2020 жыл.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің қызметкерлері мен өз еліндегі өз еліндегі оқу орнына ауысуға тілек білдірген өзбекстандық студенттер. Шымкент, 12 ақпан 2020 жыл.

Өзбекстан шекарасына жақын орналасқан Шымкент қаласында 15 мыңға жуық өзбек студенті білім алып жатыр. Университет проректоры Сәдібек Бейсенбаевтың айтуынша, олардың жартысына жуығы Оңтүстік Қазақстан университетінде оқиды.

- Кеткісі келетін студент өте көп. Мұндайды күтпеген едік, – деді ол ақпанның 12-сі күні Азаттыққа берген сұхбатында.

Алда-жалда өзбек студенттері райынан қайтып, Қазақстанға оралуға тілек білдірсе, ондайларға есік ашық дейді университет басшылығы.

- Өзбекстандағы университеттер оларды белгілі бір себептермен қабылдамай жатса, Шымкентке қайтып, оқуларын жалғастыра беруіне болады, - дейді Бейсенбаев.

Тәжікстанның Душанбе және Қырғызстанның Ош қалаларындағы университеттерде де өзбек студенттері өз еліндегі оқу орнына ауысу үшін ресми құжаттарын сұрап әбігер болып жатыр.

Душанбедегі университеттен құжаттарын алуға келген өзбек студенттері. 11 ақпан 2020 жыл.
Душанбедегі университеттен құжаттарын алуға келген өзбек студенттері. 11 ақпан 2020 жыл.

Душанбе педагогика университетінде кей студенттер ата-анасымен бірге жүр. Кейбірі құжаттарын ала сала бірден елге қайту үшін жүгін өзімен ала келген. Бұл университетте Өзбекстаннан келген 2500-дей студент білім алады, алайда кейбірі Отанына қайтуға құлықты емес.

- Осында қалып, бес жылдық оқуымды Тәжікстанда аяқтағым келеді. Қазір екінші курста оқып жатырмын, - деді Өзбекстаннан келген Шоахмат Тағоев есімді студент.

Қазақстан Білім және ғылым министрлігі өзбек студенттерінің үдере көшуі елдегі білім беру процесіне көп ықпал ете қоймайды деп санайды.

"Жарты миллионға жуық студент оқып жатқан біздің университеттерге мұның еш әсері болмайды. Қазақстанда 10 мыңнан аса өзбек студенті бар, - деп жауап берді министрлік өкілі.

Орталық Азия елдерінің университеттерінде Өзбекстанның 25 мыңға жуық студенті білім алып жатыр деген болжам бар, бірақ олардың нақты саны қанша екенін анықтау қиын.

"ЕРЕЖЕГЕ ҚАЙШЫ"

Тәжікстан мен Қырғызстандағы кей оқу орындары өкілдерінің айтуынша, Өзбекстан білім министрлігінің оқу жылының ортасында "студенттерді ауыстырамыз" деп алашапқын жасауы олар оқып жатқан университеттердің ережелеріне қайшы.

- Бірінші оқу жылын толық аяқтағаннан кейін ғана басқа университетке ауысуға рұқсат беріледі, - деді Душанбе педагогика университетінің проректоры Саади Косимов.

Душанбедегі университеттен өз еліндегі оқу орнына ауысу үшін құжаттарын алуға келген өзбек студенттері. 11 ақпан 2020 жыл.
Душанбедегі университеттен өз еліндегі оқу орнына ауысу үшін құжаттарын алуға келген өзбек студенттері. 11 ақпан 2020 жыл.

Мұндай ереже Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош мемлекеттік университетінің бірінші курс студенттеріне қаржы жағынан қиын тиеді. Өзбекстанның Наманған аймағынан келген студенттің ата-анасы жергілікті ақпарат құралына берген сұхбатында "университет әкімшілігі бір жылдың оқу ақысын толық төлемесеңдер қажет құжаттарыңды бермейміз деп отыр" деп назын айтқан.

Аты-жөнін айтпаған әйел Оштағы оқу орнының бірінші курсында оқып жатқан ұлын алып кетіп, туған жері Наманғандағы университетке бергісі келеді.

- Жылдық оқу ақысы – 1300 АҚШ доллары, оның жартысын жылдың басында төлегенбіз. Енді қалған жартысын да төлеуіміз керек екен, – деді ол.

Азаттықтың Өзбек қызметіне берген сұхбатында Өзбекстан Білім министрлігінің өкілдері шетелде оқып жатқан кей студенттер биылғы оқу жылын аяқтай алуы үшін және екі рет төлем жасамауы үшін наурыздың 15-інен кейін де ауысып келетін студенттерді қабылдау жайын қарастыратынын айтты.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG