Accessibility links

Мирзияев: "Мақта орнына мия егіңдер!"


Шавкат Мирзияев Қарақалпақстанға сапары кезінде оқушылармен кездесіп тұр.
Шавкат Мирзияев Қарақалпақстанға сапары кезінде оқушылармен кездесіп тұр.

Желтоқсан айының ортасында Қарақалпақстанға барған Мирзияев бұл аймақта мақтаның орнына мия өсіруді тапсырды.

Желтоқсанның ортасында Қарақалпақстанға барған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев аймақта мақта орнына мия өсіруді ұсынды. «Пайдасы болмаса да, мақта еге беретін заман өтті» деді мемлекет басшысы. Ол Арал бойында фармацевтикалық алқаптар жасауға тапсырма да берді.

Өзбекстанның мемлекеттік ақпарат агенттігі таратқан мәліметте, Мирзияев бұл сөзді Ташкент аграрлық университетінің Нөкіс академиялық лицейінде, Шымбай ауданында айтқан.

«Басқа дақылдарды, пайдасы зор өсімдіктерді егу керек. Мысалы, мия – бұл аймақтың табиғи-климаттық жағдайына дәл келеді. Сондықтан, мияның егіс алқаптарын кеңейтіп, көбейтуге кедергі болмауға тиіс» деді ол.

Мия

Мия – көпжылдық өсімдік. Биіктігі 10 – 80 сантиметрдей, тамыры жуан. Сабағы тік, жапырақтары қарама-қарсы орналасады. Гүлдері көк, күлгін түсті, селдір шашақ болып келеді. Маусым-шілдеде гүлдеп, шілде-тамызда жеміс салады. Тұқымы топырақта екі-үш жылға дейін тіршілігін жоймайды. Кейбір түрлерінің тамырында гликозид, сахароза, эфир майы, органикалық қышқылдар, минерал тұздар бар. Сонысы үшін медицинада, темекі, тамақ өнеркәсібінде де қолданады. Жөтелге қарсы дәрілік әсері мол деп саналады. Жапырағы, сабағы малға азық.

Оның ойынша, мияны дәрілік мақсатта өсіруге Қарақалпақстанның топырағы да, ауа-райы өте ыңғайлы.Қарақалпақстанның Шымбай ауданы әкімдігінің атын атамауды өтінген өкілі «Шавкат Мирзияев аймаққа сапарды балабақшалардың біріне барудан бастады» дейді.

- Ол балабақшада сәбилердің тамағы туралы сұрады. Ғимараттың суық болмауын қадағалауды тапсырды. Қарақалпақстанда балабақша салғанда едендері жылынатын етіп тұрғызуды міндеттеді. Қарақалпақстан – Өзбекстандағы ең суық аймақ. Бізде қазір – 15 градус аяз, - дейді әкімдік қызметкері.

Азаттықтың Өзбек қызметіне ауданының бір тұрғынының айтуынша, күннің суықтығына қарамастан, президентті көру үшін көп жұрт көшеге шыққан.

- Шымбай ауданының көптеген тұрғыны көшеге шығып, орталық көшенің шетіне тізіліп тұрды. Олар маңызды проблемаларын мемлекет басшысына кездесіп, жеткізгілері келді. Президент келген кезде жолдар жабылған жоқ, өзге көліктердің жүруіне де тыйым салынбады, - дейді жергілікті тұрғын.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қарақалпақстанға соңғы рет биыл қаңтар айында барған. Ол кезде Қарақалпақстан автономиялық республикасының тұрғындары президентті қоршап алып, бірге селфиге де түскен. Жыл басындағы сапарының алдында Мирзияев "екі күн бойы жаяу жүріп, Қарақалпақстанның қарапайым тұрғындарымен араласып, сөйлесемін" деп мәлімдеген.

Президент келген кезде жолдар жабылған жоқ, өзге көліктердің жүруіне де тыйым салынбады.

Қарай отырыңыз: Қарақалпақстандықтар президентпен селфиге түсті

Азаттықтың өзбек қызметіне Қарақалпақстандағы Төрткүл ауданындағы [атын атамауды өтінген – ред.] бір мұғалім «Мирзиеевтің соңғы сапарынан соң Қарақалпақстан жұртының өмірінде ешқандай өзгеріс болған жоқ» дейді.

- Ол билік құрған бір жылда ештеңе өзгерген жоқ. Не ішкі істер саласының, не прокуратураның, не жергілікті биліктің жұмысында ілгерілеу жоқ. Керісінше, бұрынғыдан да нашарлап кетті. Мұнда оның тапсырмаларын орындамайды. Тұрғындар арызы шешілмейді. Шенеуніктер тек жауап хат жазумен шектеледі. Президент жергілікті билікке халыққа баруды тапсырды, ал олар жұртты кабинетінде де қабылдамайды. Бізде жаппай жемқорлық жайлаған. Барлығын таныс шешеді. Ешқандай да өзгеріс, даму жоқ, - дейді ол.

Өзбекстанның мақта алқаптарында тұрғындарды мәжбүрлеп жұмысқа салу мәселесі халықаралық адам құқын қорғау ұйымдарының есептерінде жиі айтылып келеді. Былтыр мемлекет билігіне келгенге дейін ұзақ жылдар премьер-министр қызметін атқарған қазіргі президент Шавкат Мирзияевтің де мақта егу науқанындағы мәжбүрлеуге қатысы барлығы айтылады.

Оқи отырыңыз: Өзбекстан мәжбүрлеп мақта тергізуді қашан тоқтатады?

Былтыр Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін бұрын премьер-министр қызметін атқарған Шавкат Мирзияев Өзбекстан президенті болды. Мирзияев экономикада бірқатар реформалар жүргізіп, капиталды бақылау талаптарын жеңілдетіп, өзге елдермен қарым-қатынасты реттеуге тырысып жатыр делінеді. Каримов билігі кезеңінде "саяси тұтқын" аталған біршама белсенді түрмеден шықты, жақында ел конституциясының 25 жылдығына 2700 адамға рақымшылық та жарияланды.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы негізінде әзірленді.

  • 16x9 Image

    Қасым АМАНЖОЛ

    Қасым Аманжол – Азаттық радиосының тв-продюсері. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевидение факультетін аяқтаған. 20 жылдан астам Қазақстанның телевизия саласында істеп келеді. Авторлық бағдарламалардың, деректі фильмдердің авторы. «Шынның жүзі» сұхбаттар циклын, «Анық Абай» деректі сериалын, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы фильмдерді, 2014 жылы Шығыс Украинадағы соғыс пен Қырым туралы фильмдер түсірген. 2015 жылдан бері Азаттықта тікелей эфирлер жүргізіп, тележобалар жасайды. Телетоптың жұмысына продюсерлік істейді.

XS
SM
MD
LG