Accessibility links

Каримовтің қазасынан кейінгі өзгерістер


Өзбекстан президенті міндетін атқарушы Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті міндетін атқарушы Шавкат Мирзияев.

Каримовтің қазасынан кейінгі бір жарым айда Өзбекстан тұрғындары «тыйым салынған» артистердің сахнаға қайта оралуы, азаматтықтан бас тарту мүмкіндігін беру, шағымдарды онлайн қабылдау мен Ташкент хайуанаттар бағына жираф әкелу сияқты біраз өзгерістерге куә болды.

Өзбекстанның Ислам Каримовсіз тіршілік етіп жатқанына бір жарым айдан асты. Елді уақытша Шавкат Мирзияев басқарып отыр әрі ол - президенттікке негізгі кандидат. Бірақ Мирзияев премьер-министр қызметін қоса атқарып келеді, негізі, конституцияға сәйкес, президент міндетін атқаруға оның мүлде құқығы болмаған, ол міндет уақытша сенат спикеріне жүктелуі тиіс еді.

Өзбекстанның жаңа басшысы берген алғашқы уәде - «Ислам Каримов жүргізген саясатты жалғастыру». Бірақ бұл уәдеге қарамастан, кейінгі айда Орталық Азияның халық ең көп қоныстанған елінде көбінесе жағымды әрі үміт күттіретін бірталай өзгерістер болды. Азаттық олардың ең елеулілеріне шолу жасады.

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов жерленген зиратқа келушілер.
Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов жерленген зиратқа келушілер.

Шағымдарды онлайн желі арқылы қабылдау

Өзбекстанның жаңа басшысы енгізіп, әсіресе әлеуметтік желілерде ең көп талқыланған жаңалықтардың бірі – кез келген азамат шағым жаза алатын веб-сайттың іске қосылуы. Ресми дерекке қарағанда, небәрі екі апта ішінде Мирзияевтің атына 30 мыңнан аса өтініш-шағым түскен. Олардың бір бөлігі арызданушылардың пайдасына шешілген. Ертеректе, Каримовтің тұсында Өзбекстанның қарапайым азаматының президентке жүгінуі мүлде мүмкін емес болатын.

Енді атқарылған жұмыс жайлы есеп пен азаматтардың алғыс хаттары жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланады. Шағымдарды виртуалды қабылдау қаншалықты ұзаққа баратыны әрі бұл амал Мирзияевтың сайлау кампаниясының бір бөлігі ме, жоқ па - бұл жағы әзірше белгісіз.

Facebook парақша

Өзбекстанда мемлекет басшысы атынан әлеуметтік желіде тұңғыш парақша ашылып, ресми түрде жүргізіле бастады. Онда жарияланған жазбалардың көбі Мирзияевтің аймақтарға сапары, шетел басшыларымен кездесу нәтижелері, жаңа жарлықтары, кадрлық ауыс-түйістер және шағымдарды виртуалды қабылдау жұмысы жайлы баяндайды, бірақ Өзбекстан үшін мұндай жариялылық - бұрын көрмеген таңсық дүние. Қазірге дейін парақшаға 22 мыңнан аса адам жазылған. Билік Каримовтің тұсында халықпен телевизия және ресми сайттар арқылы ғана тілдесетін.

Кадрлық ауыс-түйістер

Президент өкілеттілігін алғаннан кейін премьер-министр Ташкент пен аймақтардағы мемлекеттік құрылым басшыларын ауыстыра бастады. Аз ғана уақыт ішінде ол елдің бірнеше облысы мен кадрлық ауыс-түйіс болған жерлерді аралап шықты. Бір қызығы, кезінде Ислам Каримовтің шешімімен қызметінен кеткен шенеуніктердің кейбірі Мирзияевтың тұсында басшы орындарға қайта оралды.

Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин Ислам Каримов бейітінің басында. Самарқан, 6 қыркүйек 2016 жыл.
Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин Ислам Каримов бейітінің басында. Самарқан, 6 қыркүйек 2016 жыл.

Сондықтан, кей сарапшылар Өзбекстанның уақытша басшысы «өзін қазірдің өзінде президент сезініп әрі президент ретінде әрекет етіп», бұған қоса, алда болатын «қағаз жүзіндегі» президент сайлауы алдында өз билігін кадрлық ауыс-түйістер арқылы нығайтып жатыр деп санайды.

Бизнес өкілдеріне берілген жеңілдік

Шағын және орта бизнес өкілдеріне Шавкат Мирзияев олардың жағдайын жақсартқысы келетіні жайлы айқын белгі беруге тырысып жатыр. Ол Өзбекстанда кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға өкілетті институт, яғни бизнес-омбудсмен сияқты орган құруды ұсынды. Бұған қоса, жаңа билік өнімін шетелге экспорттайтын фермерлерге де бостандық жариялады. Олар енді мемлекетке валюталық түсімінің 25 пайызын ғана сатуға міндетті. Ертеректе бұл квота 50 пайыз болатын, сондықтан фермерлер валюта бағамы (Өзбекстанда доллардың ресми бағамы нарық бағамынан екі есе төмен) кесірінен табысының біраз бөлігінен айырылатын.

Айтпақшы, Ислам Каримовтің қазасынан кейін Өзбекстанда АҚШ долларының ресми бағамы бірінші рет 3000 сумнан асты, ал Ташкенттегі «қара базарда» доллар 6500 сумнан сатылады. Жаңа билік валюта саясатын өзгертуге әзірше ешқандай қадам жасаған жоқ.

«Тату көрші» саясаты

Өзбекстанның жаңа басшысы елдің сыртқы саясатын да өзгерте бастады. Бір айға жетпей ол Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен қарым-қатынасты жақсартатын қадамдар жасады. Ислам Каримов билігінің соңғы жылдары Қырғызстан, Тәжістанмен қатынас мүлде дерлік үзіліп, Өзбекстанның екі елмен құрлық шекарасы жабық болатын.

Қырғыз-өзбек шекарасындағы "Достық" бекетіндегі Өзбекстан билігі қырғыз азаматтарына өлім-жітімге ғана емес, той-томалаққа да келуге рұқсат еткеннен кейінгі жағдай. 2016 жылдың қазаны.
Қырғыз-өзбек шекарасындағы "Достық" бекетіндегі Өзбекстан билігі қырғыз азаматтарына өлім-жітімге ғана емес, той-томалаққа да келуге рұқсат еткеннен кейінгі жағдай. 2016 жылдың қазаны.

Каримовтің қазасынан бірер күннен кейін Ташкент Қырғызстанмен дауға түрткі болған Үңгіртау территориясында тұтқындалған төрт қырғыз азаматын босатты. Ал кейінгі жылдар ішінде алғаш рет Өзбекстанның Әндіжан қаласына қырғызстандық шенеуніктер мен журналистердің үлкен делегациясы келді. Қазан айының басында Тәжікстанның Худжанд қаласына да Өзбекстаннан дәл осындай делегация барды. Бұрын Ташкент көрші елдерге мұндай достық пейіл ешқашан танытпайтын.

Азаматтықтан шығуға берілген рұқсат

Мирзияев азаматтық туралы заңға азаматтықтан бас тарту және одан айыруға негіз болатын жайттарды нақтылайтын түзетулер енгізді. Ертеректе заңда мұндай негіздер мүлде қарастырылмаған болатын, сондықтан Өзбекстан тұрғындарының ел азаматтығынан бас тарту мүмкіндігі болмаған. Енді өзге мемлекеттің азаматтығын алу Өзбекстан азаматтығынан бас тартуға негіз бола алады. Бұған қолында Ресей төлқұжаты бар әрі Өзбекстан азаматтығынан бас тарту мүмкіндігін көп жыл күткен мигранттар қуанып жатыр.

«Тыйым салынған» артистерге кеңшілік беру

Кейінгі жылдары концерт беруіне немесе телевидение, радиоға шығуына шектеу қойылған Шерәлі Жураев, Юлдуз Усманова және Обид Асомов сияқты бірнеше танымал артист сахнаға қайта оралды. Әлгі тыйымды алып тастауға нақты не түрткі болғаны әзірше белгісіз. Бірақ жуырда Юлдуз Усманова Өзбекстан оппозициясын сынап сөйлеген еді.

«Мирзияевтің » керігі

Ташкенттің хайуанаттар бағында Өзбекстан тарихында алғашқы жираф пайда болды. «Шетелдік» жануарды қазан айының басында көрші Қазақстаннан әкелген. Әлеуметтік желілердегі өзбекстандық қолданушылар «Алатауды» (жануардың аты - ред.) Шавкат Мирзияевтің өзі әкеліпті» деп әзілдеп жатыр. Бірақ Ташкентке жирафтың келуіне Өзбекстанның жаңа басшысының қатысы бар ма, жоқ па – әзірше белгісіз.

Бірақ Өзбекстанның жаңа басшылығы сөз еркіндігіне қысым жасау, оппозицияны қудалау және адам құқығын жаппай бұзу сияқты Батыс елдері саясаткерлері мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары елдің бірінші президентін үнемі сынап келген біраз нәрселерді өзгертуге әзірше асығар емес.

Өзбекстанда Азаттықтың Өзбек қызметі мен BBC сайттары әлі жабық тұр. Әлемнің екі елі – Солтүстік Корея мен Өзбекстанда ғана қолданылатын «елден шығу визасы» әлі күнге жойылмаған. Бұған қоса, ондаған мың студент пен бюджет саласы қызметкерлері мемлекеттік плантацияларда мақта жинауға мәжбүр. Саяси тұтқындардың тағдырымен ешкімнің шаруасы жоқ, ал Ислам Каримовтің тұсында түрмеге отырғызып үлгермеген оппозиция өкілдері шетелде жұмыс істейді.

Мақта теруге бара жатқан студенттер. Өзбекстан, 2016 жылдың қыркүйегі.
Мақта теруге бара жатқан студенттер. Өзбекстан, 2016 жылдың қыркүйегі.

Өзбекстанның тұңғыш президенті қыркүйектің 2-сі күні инсульттан қайтыс болған. Мемлекеттің жаңа басшысын сайлау желтоқсанның 4-інде өтуі тиіс. Президент сайлауына Шавкат Мирзияевтен өзге, бірақ оған қарағанда онша танымал емес тағы үш кандидат түсетін болады.

Толқун Умаралиевтің мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG