Accessibility links

Өзбекстан неге «тату көрші» болғысы келе қалды?


Өзбекстанның жаңа лидері Шавкат Мирзияев Орталық Азиядағы көрші мемлекеттермен тату қатынас орнатуға белсене кірісті.
Өзбекстанның жаңа лидері Шавкат Мирзияев Орталық Азиядағы көрші мемлекеттермен тату қатынас орнатуға белсене кірісті.

Өзбекстанның жаңа басшысы Шавкат Мирзияев бұл елдің Орталық Азия аймағындағы саясатына өзгеріс енгізіп жатыр. Бір айға толмайтын уақыт ішінде Мирзяев Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен қарым-қатынасты жақсарта бастады.

Демек, аймақтағы интеграцияда жаңа кезең басталуы мүмкін. Бұрынғы президент Ислам Каримов тұсында Өзбекстан аймақтық ынтымақтастыққа кедергі жасай беретін.

Өзбекстан ОА-ның орталығында орналасқан, аймақтағы барлық мемлекетпен шектеседі, Ауғанстанмен де 160 километрге жуық шекарасы бар.

ҚЫРҒЫЗСТАН

Ташкент пен көршілерінің қарым-қатынасы кейде нашар, кейде өте нашар болып келді. 2006 жылдың соңында Түркіменстанның бірінші президенті Сапармұрат Ниязов дүние салған соң өзбек-түркімен байланысы сәл жақсарды.

Ислам Каримов соңғы 10 жылда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен де тіл табысқандай болып, өзбек-қазақ қатынасы да жақсарған еді.

Солдан оңға қарай: Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Бішкек, 13 қыркүйек 2013 жыл.
Солдан оңға қарай: Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Бішкек, 13 қыркүйек 2013 жыл.

Бірақ өзбек үкіметі шығыстағы көршілері Қырғызстан және Тәжікстанмен қырғиқабақ болып келді. Қыркүйектің 8-і күні Мирзияев Өзбекстан билігін қолға алғанда өзбек полициясының Қырғызстандағы Унгар-Тоо жотасын басып алғанына екі апта өткен еді.

Өзбек полициясы Унгар-Тоодағы радиореле станцияда жұмыс істейтін төрт қырғыз азаматын тұтқынға алып, оларды босатудан бас тартты. Солайша Бішкекті ашуландырды.

Өзбекстан мен Қырғызстанның арасындағы түйін жер мәселесі, шекара және суға келіп тіреледі. Қыркүйектің 9-ы күні өзбек әскері қырғыз азаматтарын босатты.

Мирзияев қыркүйектің 16-сы күні өткен Бішкектегі ТМД саммитіне бармады. Оның орнына Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов бір күн ерте барып, қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевқа жолықты. Қыркүйектің 20-сы күні өзбек полициясы Унгар-Тоодан кетті.

Сол күні үкіметке қарайтын uzdaily.uz сайты қыркүйектің 14-і мен 20-сы күндері аралығында екі ел шенеуніктерінің жұмыс тобы шекараның бойында орналасқан 23 даулы ауданның мәселесін қарайды деп жазды.

Бұдан соң, қазанның 1-і күні Қырғызстан үкіметі жіберген делегация (негізінен Жалалабад, Ош және Баткен облысының шенеуніктері) Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан қаласына барып, өзбек-қырғыз достығына арналған шараға қатысты.

ТӘЖІКСТАН

Өзбек-тәжік қарым-қатынасын Орталық Азиядағы ең нашар байланысқа жатқызуға болар. Тәжікстаннан шығатын барлық теміржол жүктері Өзбекстан аумағынан өтеді, Өзбекстан билігі кейде жүкті ұстап қалады немесе кейін қайтарады.

Әсіресе, Тәжікстанның су электр станциясын (СЭС) салуға арналған құрылыс материалдары көп кедергіге ұшырады. Екі мемлекет те өз азаматтарын көрші елге тыңшы болды деп айыптап, сотқа берді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қыркүйектің 3-і күні Самарқанда өткен Каримовті жерлеу рәсіміне қатысып, Мирзияевпен кездесті. Қыркүйектің соңында тәжік бұқаралық ақпарат құралдары Өзбекстан сыртқы істер министрі Камиловтың БҰҰ Бас ассамблеясындағы сөзі туралы қуана жазды.

Камилов сол жолы Рогун ГЭС-ін салғалы жатқан Тәжікстанның жоспары туралы ештеңе айтпаған. Екі елдің қарым-қатынасындағы ең үлкен бөгет осы Рогун ГЭС-і болып келе жатыр.

Тәжік шенеуніктері Рогун ГЭС-інің макетіне қарап тұр. Тәжікстан, 29 қазан 2002 жыл.
Тәжік шенеуніктері Рогун ГЭС-інің макетіне қарап тұр. Тәжікстан, 29 қазан 2002 жыл.

Камилов қыркүйектің 29-ы күні Тәжікстанға барып, президент Рахмонмен кездесіп, теміржол және әуе байланыстарын, экономикалық қатынастар жайын талқылады. Ташкент пен Душанбе арасында 1992 жылдан бастап әуе байланысы жоқ. 2015 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы небәрі 10 миллион долларды құрады. Яғни, 2014 жылмен салыстырғанда 50 пайыздан асқан.

Камилов екі мемлекет су және энергия мәселесінде әділ әрі екі жаққа да тиімді шешімге келер деген үмітін білдірді. Ол тәжік телеарнасына сұхбат беріп, өзара қарым-қатынастағы «ұзаққа созылған үзілісті» қалпына келтіретін уақыт жетті деп мәлімдеді.

ҚАЗАҚСТАН

Қыркүйектің 30-ы күні үкіметке тәуелді podrobno.uz сайты қыркүйектің 26-сы мен 30-ы күндері аралығында Қазақстанның Алматы қаласында өзбек-қазақ шекарасын демаркациялау туралы жиын өткенін жазды. Рodrobno.uz жазуынша, мұндай кездесу биыл ақпанның 18-і мен 27-сі күндері де Алматыда өткен. Жалпы өзбек-қазақ шекарасын демаркациялау мәселесі 2003 жылдан бері талқыланып келеді.

Желтоқсанның 4-і күні өтетін сайлауда президент болуы әбден мүмкін Мирзияев Өзбекстанды аймақтағы тату серіктеске айналдырар, Өзбекстан бұрынғыдай оқшаулана бермес деген үміт бар.

Ниязов өмірден өткен соң билікке келген Гурбангулы Бердімұхаммедов те осындай жолдан өтті. Түркіменстан Орталық Азиядағы барлық көршілерімен қарым-қатынасты жақсартты. Ниязов кезінде ел алдында «өзбек билігі маған астыртын қастандық жасамақ» деп жариялаған да болатын.

ӨЗБЕКСТАН ЖАҢА САЯСАТТАН НЕ ҰТАДЫ?

Өзбекстанның жаңа дипломатиялық саясатының себептері де жоқ емес. Қырғызстан мен Тәжікстанға келсек, Өзбекстан бұрыннан олардың суына қызығады. Бішкек немесе Душанбе Өзбекстан арқылы өтетін өзеннің бас жағына ГЭС саламыз десе, Өзбекстан көршілеріне табиғи газ тасуды тоқтата қоятын.

Ташкенттің айтуынша, ГЭС құрылысы Өзбекстан егістіктеріне зиян келтіреді. Енді Қырғызстан мен Тәжікстан өздеріндегі көмірдің мол қорын тұтынып, өзбек газын қажетсінбей қалды, демек газ арқылы қысым жасаудан пайда жоқ.

Шавкат Мирзияев Ислам Каримовтің табытын көтеріп барады.
Шавкат Мирзияев Ислам Каримовтің табытын көтеріп барады.

Қырғызстанға келсек, Бішкек мемлекеттік табиғи газ компаниясын ресейлік «Газпромға» сатып жіберген. Ал «Газпром» Өзбекстанда да газ кеніштерін игеріп жатыр, сондықтан бұл компания Қырғызстанға газ жеткізу үшін өзбек газын да пайдалана береді.

Қырғызстан Каримовтің үкіметін қатты ашуландырған Қамбар ата ГЭС-ін салуға әзір дайын емес. Осы жылдың басында италиялық Salinin Impregilo компаниясы қызығушылық танытқандықтан, Тәжікстан Рогун ГЭС-ін сала бастауы мүмкін.

Сондықтан Өзбекстанның ОА-дағы көршілеріне жылышырай танытуын әртүрлі жоруға болады. Бұрынғыдай күшке салмай, алдаусыратып дегеніне көндіргісі келуі мүмкін.

Бәлкім, Өзбекстанның шекаралық бақылауды дұрыстап, аймақтағы негізгі сауда орталығына айналуды көздеп отырған болуы да ықтимал.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG