Accessibility links

Өзбекстан-Қытай қарым-қатынасы өзгере ме?


Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин . Шанхай, 21 мамыр 2014 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин . Шанхай, 21 мамыр 2014 жыл.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін Ташкентте ұзаққа созылатын тақ күресі басталатын тәрізді. Кімнің билікке келетіні әзірге белгісіз. Өзбекстан билігіндегі осы белгісіз жағдай Қытайды алаңдатады.

Орталық Азия (ОА) елдері сарапшыларының көбі Өзбекстанда саяси тұрақсыздық болып кете ме деп алаңдайды және ондай жағдай Өзбекстанның табиғи газ экспортына кедергі келтіруі, тіпті бұл мемлекетті ОА-дағы діни экстремизм орталығына айналдыруы мүмкін деп қауіптенеді. Өзбекстан лидері қазасынан кейінгі жағдай Қытайды алаңдатып отыр. Пекин Өзбекстанның жаңа басшылары қауіпсіздік саласында Ресеймен байланысты күшейтуі мүмкін деп қорқады.

ҚЫТАЙЛАР НЕГЕ АЛАҢДАЙДЫ?

Егер Өзбекстан Ресеймен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын күшейтсе, бұл жағдай Қытайдың Орталық Азиядағы өзге әріптестеріне ықпалын азайтады. Мұның сыртында, Пекин Өзбекстанда тұрақсыздық болған жағдайда Қытайға экспортталып жатқан газ тоқтап қалуы ықтимал деп қауіптенеді. Пекин Өзбекстандағы әсіредіншілдер де Қытай қауісіздігіне қатер төндіруі мүмкін деп есептейді.

Өзбекстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) мүшесі болса да, әрі Қытайға мол газ жеткізіп келсе де Каримовтің қазасы екі ел арасындағы байланысты нашарлатуы мүмкін. Каримовтің «қытайшыл» сыртқы саясаты Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалын әлсіретуді көздеген еді.

Каримов тұсында Өзбекстан үкіметі Қытайды тұрақты әріптесі санады. АҚШ Ислам Каримовті адам құқықтарын бұзды деп сынағанда Қытай қолдап шыққан еді. 2005 жылы Өзбекстанның Әндіжан қаласында полиция наразы халыққа оқ жаудырған кезде Пекин Каримов әрекетін құптайтынын сездірген.

Әндіжандағы қырғыннан кейін АҚШ Өзбекстан үкіметі жасаған репрессияны халықаралық дәрежеде тергеуді ұсынды. Бірақ Қытай Каримовті айыптаудан бас тартты. Қытай Каримовтің «Әндіжанда 187 адам опат болды» деген мәліметін қабылдап, Батыс бұқаралық ақпарат құралдары таратқан 750 адам оққа ұшты деген деректі жоққа шығарды.

Каримов Қытайдың бұл адалдығын бағалап, Тайваньға қатысты дау кезінде Пекин позициясын қолдады. Өзбекстанның Қытаймен террорға қарсы ынтымақтастығын Каримов нығайтты. Енді Пекин мен Өзбекстанның жаңа басшылары арасында бұрыннан келе жатқан жеке байланыс болмағандықтан, Ташкент Қытай ықпалына мойынсынбауы мүмкін.

Желтоқсанның 4-інде болатын сайлауға дейін уақытша билікте отырған премьер-министр Шавкат Мирзияев президент болса, Қытай-Өзбекстан байланысы әлсіреуі де мүмкін. Кейбір сарапшылар Мирзияевтің Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметін басқаратын Рустам Иноятовпен одақтас екенін айтады. Сондықтан сарапшылар Мирзияев билікке келген жағдайда Өзбекстан мен Ресей қарым-қатынасы жақсарады деп болжайды.

Өзбекстан халқының бойында ұлтшылдық сезімнің күшеюі мен Ресейдегі экономикалық құлдырау Өзбекстанның Еуразия экономикалық одағына (ЕЭО) кіре қоюы екіталай екенін көрсетеді. Дегенмен Өзбекстан 1992-1999 және 2006-2012 жылдары Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) мүшесі болғандықтан, Ташкент-Мәскеу қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын күшейтуі ықтимал.

Егер Өзбекстан ҰҚШҰ-ға қосылса, Қытай Өзбекстанның қауіпсіздік саясатына ықпалын азайтады. Тіпті Каримовтің қазасынан кейін Өзбекстан сыртқы саясатын түбегейлі өзгертпесе де, Мирзияевтің зорлықшыл мінезі Пекинді алаңдатады. Қытай Каримовті авторитарлық режимде билік еткен мықты диктатор деп қарағандықтан да Өзбекстамен қарым-қатынасын күшейткен еді.

Өзбекстанның уақытша басшысы Шавкат Мирзияев.
Өзбекстанның уақытша басшысы Шавкат Мирзияев.

Егер Өзбекстанды Шавкат Мирзияев басқарып, оның саясаты түсініксіз бола бастаса, Қытай инвестициясы мен дипломатиялық күш-жігерін Қазақстан мен Түркіменстанға жұмсауы мүмкін. Қытайдың сырт айналуы Ташкентке ауыр тиеді, себебі «Бір белдеу - бір жол» жобасы бойынша Орталық Азияның басқа елдеріне қарағанда Өзбекстан көп пайда көріп келеді.

Мирзияевтің әрекеттері элита арасында алауыздық тудырса әрі ол Өзбекстанды Каримов тәрізді билей алмаса, бұл жағдай Ташкент пен Пекин қарым-қатынасына зиянын тигізеді.

МӘСКЕУ НЕДЕН ҮМІТТЕНЕДІ?

Өзбек саясаттанушысы Анвар Назиров жақында Eurasianet сайтына берген сұхбатында Каримовтің ақпарат құралдарын толық бақылағанын айтты. Бұл елдегі баспасөз Қытайға газды шектен тыс экспорттау кесірінен қыс кезінде Өзбекстанның өз ішінде отын жетпей қалғанын хабарламаған.

Егер өзбек элитасы Самарқан кланының (Каримов шыққан клан деп есептеледі – ред.) саяси гегемониясына қарсы шықса, қоғамда қалыптастан «Ресей неоимперализміне қарағанда Қытай ықпалы жақсырақ» деген ой жойылуы мүмкін. Ондай жағдайда Қытайдың Өзбекстанға ықпалы әлсіреп, Өзбекстан-Қытай байланысы шиеленісуі де ғажап емес.

Маусымның 22-сі күні Ташкентте өткен ШЫҰ саммитінде Өзбекстан Қытаймен стратегиялық әріптес ретінде қарым-қатынасын нығайта түскеніне қарамастан, Каримовтің қазасы Қытайды стратегиялық мүддесіне алаңдатып тұр. Қытай саясаткерлері Өзбекстанда тәртіпсіздіктер болған жағдайда сұйытылған табиғи газды тасымалдауға кедергі келеді деп алаңдайды.

Өзбекстан соңғы жылдары Қытайға газ экспорттауды күшейтіп, Пекиннің Орталық Азиядағы газ құбырына арналған инвестициясынан пайда көруге ұмтылды және Қытайдың Ресей газына тәуелділігін азайтты. Қытай қаржыландыратын үш ірі құбыр Өзбекстан арқылы өтеді. Бұл құбырлар Қытайдың бір жылда тұтынатын газының 20 пайызын тасиды.

Global Risk Insights есебіндегі соңғы деректерге қарағанда, Пекин Түркіменстаннан Өзбекстан арқылы Қытайға 30 миллиард текше метр газ тасымалдайтын төртінші құбырдың құрылысын бастаған. Өзбекстанның Қытайға газ тасуы Ресей мүддесіне қайшы келеді. Мәскеу Өзбекстанның жаңа президентіне Ташкент қажет еткен қауіпсіздік кепілдігін ұсынып, есесіне Қытайға газ экспорттауды азайтуды талап етуі мүмкін.

2015 жылғы Өзбекстан-Қырғызстан дауы кезінде қабылданған қарар Ресей президенті Владимир Путинге дәл осы газ мәселесінде Ташкентке сөзін өткізуге мүмкіндік береді. Eurasianet сайтына 2015 жылдың қаңтарында жариялаған мақаласында журналист Крис Риклетон «Каримов Қырғызстанның оңтүстігіне газ экспорттауды жалғастырса Ресей Өзбекстанның қарызын жоюға уәде берді» деп жазады.

Демек, Мәскеу Ташкентті дұрыстап ынталандырса, Өзбекстан Ресейдің талабына құлақ асып, Қытайға табиғи газ экспортын шектеуі де мүмкін. Қытай саясаткерлері Өзбекстандағы тұрақсыздық бұл елдегі радикал содырларды («Өзбекстан ислам қозғалысы» мен «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымдарының содырларын айтады – ред.) күшейтуі мүмкін деп алаңдайды.

ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЫСТЫ КҮДІКТЕР

Тамыздың 30-ы күні Қырғызстан астанасы Бішкектегі Қытай елшілігіне жасалған шабуыл аймақтағы терроризмге қатысты Пекин қаупін күшейте түсті. Қырғызстан мен Өзбекстан арасында бұрыннан келе жатқан шекара дауы бар, сондықтан Пекин радикалданған өзбектер қытай азаматтарына қарсы террорлық шабуыл жасауы мүмкін деп қорқады.

Қырғызстан астанасы Бішкектегі Қытай елшілігіне жанкешті шабуылынан кейін оқиға орнында жүрген мамандар.
Қырғызстан астанасы Бішкектегі Қытай елшілігіне жанкешті шабуылынан кейін оқиға орнында жүрген мамандар.

Қытай саясаткерлерін тыныштандырып, Өзбекстанның зайырлы авторитарлық жүйесін сақтап қалу үшін Өзбекстанның жаңа президенті Каримовтің әсіредіншілдерге қарсы репрессиясын жалғастыруы мүмкін.

Бірақ Өзбекстан билігі Ташкент пен Самарқан кланы арасындағы бәсекеден әлсіресе, бұл тұрақсыздықты радикалдар пайдаланып кетуі ықтимал.

Eurasianet басылымы Өзбекстанның Ангрен-Пап теміржол құрылысында жұмыс істеген, аты-жөнін атамаған аудармашының сөзін мысалға келтіреді.

Оның айтуынша, өзбек радикалдары Қытайдан келіп жұмыс істейтін мигранттарды «дінсіздер» деп жақтырмайды. 2015 жылдың ортасында «Өзбекстан ислам қозғалысы» содырларының «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына қосылуы Өзбекстандағы қытайларға шабуыл жасау қаупін күшейткен.

Қытай үкіметі Өзбекстандағы тұрақсыздық Шыңжаң провинциясындағы террористік шабуылдардың да жиілеуіне әсер етуі мүмкін деп алаңдайды. Өзбекстанда шамамен 55 мың этникалық ұйғыр тұрады, олардың кейбірі «Өзбекстан ислам қозғалысы» содырларымен байланыс орнатқан.

Кейбір сарапшылар «Өзбекстан ислам қозғалысы» содырлары Өзбекстандағы кейбір этникалық ұйғырларды осы елдегі Қытай қаржыландырып отырған жобаларға (құрылыстарға - ред.) қарсы айдап салуы мүмкін деп болжайды. Мұның кесірінен ШЫҰ аясындағы терроризмге қарсы күрестегі Қытай-Өзбекстан ынтымақтастығы зардап шегеді.

Ислам Каримов дүние салған бетте Қытай-Өзбекстан қатынастарында түсініксіз кезең басталды. Егер Өзбекстан Мирзияев немесе қаржы министрі Рустам Азимовтың басшылығымен ың-шыңсыз жаңа өмір бастаса, Пекин-Ташкент қарым-қатынасы өзгеріссіз қалуы да мүмкін.

Олай болмай, кланаралық талас шығып, экстремистер күшейсе, Қытай Орталық Азиядағы сенімді одақтасынан айрылады. Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейінгі кезеңде Қытай саясаткерлері Ташкенттегі оқиғаларды жіті бақылайтын болады.

Сэмюэл Раманидің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG