Accessibility links

Каримовтің ақырғы күндері


Өзбекстан президенті Ислам Каримов миына қан құйылып, Ташкент ауруханасына тамыздың 27-сі түсті, қайтыс болғаны қыркүйектің 2-сі хабарланды.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов миына қан құйылып, Ташкент ауруханасына тамыздың 27-сі түсті, қайтыс болғаны қыркүйектің 2-сі хабарланды.

Финляндиялық нейрохирург Ислам Каримовтің миы қаралы хабар ресми жарияланардан бес күн бұрын «өліп қалғанын», президенттің ағзасы жансақтау аппаратына қосылғаннан кейін «билікке талас» басталғанын айтады.

Тамыздың 27-сі күні сағат түскі 14:00 шамасында Орталық Азиядан шұғыл қоңырау шалынғанда әлемге әйгілі нейрохирург Юха Хернесниеми Хельсинкиде еді.

Миына қан кеткен Өзбекстан президенті Ислам Каримов жедел түрде ауруханаға жеткізілген.

Өзбекстан үкіметінің ресми медициналық есебіне қарағанда, есінен танған Ислам Каримов бұл қоңыраудан екі сағат бұрын, яғни Ташкент уақытымен таңғы 9-да Ташкенттің орталық клиникалық ауруханасына жеткізілген.

Компьютерлік томография жасағаннан кейін Каримовтың миы мен оны қоршап тұратын ұлпалардың ортасындағы сұйықтық толы кеңістікте тамыр жарылып, миына қан жайылғаны бегілі болған.

Ислам Каримовтің жүрегі тоқтап қалған, бірақ ресми медициналық есепте дәрігерлердің 20 минуттық белсенді әрекетінен соң оның жүрегінің қайта соққаны айтылған.

Каримов мұнан соң «атоникалық комаға» түседі. Миының жұмысы баяулаған соң тыныс алуына көмектесу үшін оны жансақтау аппаратына қосқан.

Өзбекстан басшылығы президенттің жай-күйін бағалап, қажет болса миына операция жасату үшін Хернесниемиді Финляндиядан Өзбекстанға шұғыл шақыртады.

Дәрігер келісімін бергеннен кейін жекеменшік ұшақ оны Хельсинкиден алып шығып, жолда Германияға аялдап, тез арада Өзбекстанға жеткізеді.

Финляндиялық нейрохирург Юха Хернесниеми.
Финляндиялық нейрохирург Юха Хернесниеми.

Тамыздың 28-і - жексенбі күні Хернесниеми Ташкенттегі орталық клиникалық ауруханаға келіп, Каримовтың төсегінің қасында тұрған.

Финляндияның Yle телеарнасына берген сұхбатында ол Каримовті көре сала оның «жүріп кеткенін», себебі оның миы жұмысын тоқтатқанын айтқан. Ол «бұл жағдайда операция жасаудан және басқа ем-домнан нәтиже болмайтынын» түсіндірген.

Хернесниемидің айтуынша, неміс және орыс дәрігерлері өз пікірлерін айтқанда ол да сол жерде болған. Өзбекстан үкіметінің ресми ақпаратына қарағанда, неміс және Ресей мамандарының арасында Хайдельберг (Гейдельберг деп те жазылады - ред.) университеті ауруханасының дәрігері Хуго Катус, Ганновер неврология институты маманы Амир Самии және Мәскеу мемлекеттік медицина университеті жүрек-тамыр хирургиясы департаменті басшысы Лео Бокерия болған.

Ресми дерек бойынша, Монакодағы кардиоторакалдық орталықтың медициналық директоры Гиллес Дрейфус та Каримовтың жағдайына қатысты пікірін білдірген.

Хернесниемидің айтуынша, сарапшылар тұжырымдарын айтқаннан кейін «билік үшін талас» басталған.

Оның айтуынша, испан диктаторы Франциско Франко, Израиль премьер-министрі Ариэль Шарон миына қан кетіп, комаға түскенде олар жансақтау аппаратына қосылып, клиникалық тұрғыдан «тірі жатқан», сол аралықта ықпалды саяси тұлғаның орнын басатын адамды анықтаудың қамы жасалған.

Ислам Каримов Өзбекстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеген қыркүйектің 1-і күні жансақтау аппаратымен тыныстап жатты.

Президенттің қазасы туралы әңгіме тарап, оның орнын кім басатыны жайында болжамдар айтыла бастаған тамыздың 31-і күні Өзбекстанның мемлекеттік телеарнасы дикторы Каримовтың Тәуелсіздік күнімен құттықтауын оқып берді.

Ресми органдар Каримовтің денсаулығы хақында, оның не себептен ауруханаға түскені туралы хабар бермей отырғанда президенттің қызы Лола Каримова-Тилляева әлеуметтік желі арқылы әкесінің миына қан кеткенін, бірақ «жағдайы қалыпты» екенін хабарлады.

Ол әкесінің тірі екенін, әлі бетінің бері қарауы мүмкін екенін тұспалдап жазды.

Алайда Өзбекстанда Тәуелсіздік мерекесі тойланып біткен соң, қыркүйектің 2-сі күні президенттің әл үстінде жатқаны хабарланды. Сол күні сағат кешкі 20:55-те Ислам Каримовтің қайтыс болғаны ресми түрде жарияланды.

Рон Синовицтің материалы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG