Interfax.az ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Рафик Сайфуллин өзбек құқық қорғау органдарының «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық тобынан төнетін қауіптің ауқымын анықтап, оларға тойтарыс берудің жолдарын қарастырып жатқанын айтты.
ТАШКЕНТТІҢ «БАҒДАРЛАМАСЫ»
Сарапшы «Өзбекстан бұл мәселені жіті бақылап отыр. Үкіметтің арнайы күштері ИМ-нің өзбек жеріне кірмеуі үшін өте қатаң шараларды қолға алып жатыр» дейді.
Үкімет арнайы күштері ИМ-нің өзбек жеріне кірмеуі үшін өте қатаң шараларды қолға алып жатыр.
Сайфуллиннің сөзіне қарағанда, Өзбекстан басшылығы ИМ құрамына өтіп кетпеулері үшін жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын да жүргізіп жатыр.
Сарапшы «Сирия мен Ирак жерінде ИМ сапында соғысып, елге қайтуға әрекеттенгендер шекараға жеткен жерінде тұтқындалады. [Сириядан қайтқандарды] күтіп алатын «ерекше» бағдарлама бар» дейді. Алайда Сайфуллин «ерекше бағдарлама» туралы егжей-тегжейлі айтпады.
Орталық Азияның басқа елдері сияқты Өзбекстан үкіметі де ИМ террорлық тобының ішкі қауіпсіздікке төндірер қатері туралы жиі айтып, дабыл қағып келеді. Әсіресе, топ «ауған жеріне кірді» деген ақпарат тарағалы басшылардан дегбір қашты.
Өткен аптада АҚШ-тан қаржыландырылатын CentralAsiaOnline интернет сайтына берген сұхбатында Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Бахтиор Сафаров «ИМ-нің Орталық Азияның «қақпасына» жақындауы «олардан төнетін қауіп тек террорлық шабуылдармен шектелмейтінін білдіреді» деген.
МӘСКЕУДІҢ «ҚАМҚОРЛЫҒЫ»
ИМ тобының Орталық Азия шекарасына жақындауына Ресей де жиі алаңдаушылық білдіріп отыр. Террорлық топ ауған жеріне аяқ басқан соң, Ресей лауазымды тұлғалары арасында «Орталық Азия аймағында Мәскеудің әскери күштері санын арттыру керек» деген ұсыныстар айтыла бастады.
Былтыр желтоқсанда Өзбекстан президенті Ислам Каримов Ресей президенті Владимир Путинге «елді экстремизм қаупінен сақтауға көмектесу» туралы өтініш айтқан. Өзбек президенті сол жолы «Ирак пен Сириядан шыққан [ИМ] адамдары Ауғанстанға өтіп кеткен. Бұл жағдай алдын алу шараларын қолға алуды талап етеді» деген еді.
«РИА Новости» агенттігіне берген сұхбатында Рафик Сайфуллин «Егер ИМ [Өзбекстанда] белсенді әрекетке көшсе, онда Ресеймен бірлесіп, жедел шара қолданылатын болады. Біз мұндай жағдайдың алдын алу мақсатында тығыз қарым-қатынас орнаттық» деді. Оның бұл сөзіне «Интерфакс» агенттігі де сілтеме жасады.
Кремль Орталық Азияға қауіп төндіріп тұрған ИМ террорлық тобына «Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) сияқты аймақтық әскери және қауіпсіздік ұйымдары шеңберінде бірлесе қарсы тұрайық» деген мәлімдемесін жиі айта бастады.
Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттері мүше болып отырған ҰҚШҰ ұйымының өкілдері өткен аптада Тәжікстанда кездесіп, аймаққа ИМ-нен төнетін қауіп мәселесін талқылады.
Сәуірдің 16-17-сі аралығында Мәскеуде халықаралық қауіпсіздік бойынша төртінші конференция өтпек. Сол жиын қарсаңында, сәуірдің 11-і күні, Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Анатолий Антонов «ИМ-нің Орталық Азияға қаупі ұлғайып келе жатқаны, аймақта Ресей әскері болуы қажеттігі» жөнінде мәлімдеме жасады.
Ресейдің мемлекеттік «РИА Новости» агенттігіне берген сұхбатында ол «Ауғанстанның солтүстігіндегі шиеленісті жағдай және оның Орталық Азияға жайылып кету қаупі Ресейге, оның одақтастарына қатер төндіреді. Біз ҰҚШҰ-дағы одақтастарымызбен бірлесіп, бұл зұлымдықтың көзін жоюға күш салып жатырмыз. Жақында болатын халықаралық қауіпсіздік жөніндегі Мәскеу конференциясында «террорға қарсы күрестегі халықаралық әскери ынтымақтастықтың рөлін де талқылайтын боламыз» деді.
Йоанна Паражчуктің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.