Accessibility links

Әндіжан оқиғасының хроникасы


Әндіжандағы қақтығыста қаза тапқан адамдардың жаназасына жиналған жұрт. Өзбекстан, 14 мамыр 2005 жыл.
Әндіжандағы қақтығыста қаза тапқан адамдардың жаназасына жиналған жұрт. Өзбекстан, 14 мамыр 2005 жыл.

Өзбекстанның тәуелсіздік тарихындағы ең қаралы оқиға 2005 жылы мамырдың 13-і күні ел шығысындағы Әндіжан қаласында болды. Біреулер оны «Өзбекстандағы қатыгез режимнің бет-бейнесін ашып берген қанды қырғын» деп те атайды.

Жыл сайын осы күні халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары Әндіжанда бейбіт халыққа қарсы аяусыз күш қолданған үкіметтің әрекеттерін сынаған материалдар жариялап, қаралы күнді еске алып отырады.

Бірақ жыл өткен сайын кейбір фактілерді тым зорайтып, есесіне кейбір маңызды деген детальдарды ұмытып бара жатқан сияқтымыз.

Өз басым Әндіжан оқиғасына себепкер болған жайттардың бәрінен хабардармын. Дәл қақтығыс болған күні қала тұрғындарымен, соның ішінде көтіріліске шығушылармен де байланысып отырдым. Сондықтан, сол күнді ешқашан ұмыта алмаймын.

Бұл мақаланы жазу арқылы осыдан 10 жыл бұрын жүздеген кісіні опат қылған Өзбекстан үкіметінің әрекеттерін ақтап алғым келіп тұрған жоқ. Басты мақсат – Әндіжан қырғынына қатысты сынның әділ де орынды болғаны. Тым асыра сілтеуден аулақ болған жөн.

«ТӨҢКЕРІС ҮРЕЙІ»

2005 жылдың сәуір айында Орталық Азия елдерінің басшылары қатты үрейленіп отырды. Мәселе Әндіжанда емес, мәселе Қырғызстан президенті Асқар Ақаевтың халық көтерілісінен соң биліктен кетуінде болатын. Ол кезде Қазақстанның, Түркіменстан мен Өзбекстанның басшылары дәл Ақаев сияқты тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері билік жүргізіп келе жатқан. Тәжік президенті бұл қатарға сәл кейінірек, 1992 жылы қараша айында қосылған еді.

Мызғымастай көрінген тағы шайқалған қырғыз президентінің биліктен кетуі қалған төрт президентті қатты шошытты. Оларды үрейлендірген басты нәрсе – Ақаевты ұйымдасқан саяси топ немесе оппозиция серкесі емес, ашынған халық орнынан түсірді. Басқа төрт елдің басшылары жылдар бойы саяси оппозицияның тұқыртып келген, ал Қырғызстанда жағдай басқаша болды.

Сөйтіп, бұрынғы Совет Одағында Грузия мен Украинадан кейін «түрлі-түсті төңкерісті» үшінші болып Қырғызстан өткерді.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов Әндіжан оқиғасына дейін де елдегі қарсылықты басып-жаншып келген еді.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов Әндіжан оқиғасына дейін де елдегі қарсылықты басып-жаншып келген еді.

Әндіжан оқиғасы болардан бірнеше ай бұрын Ферғана алқабының өзбекстандық бөлігі тым мазасыз күй кешті. 2004 жылдың қыркүйегінде Әндіжанның орталық көшесінде 100 шақты әйел базардағы бағаның көтерілуіне наразылық білдіріп, бір сағатқа жолды бөгеп тастады.

Сол жылғы қарашада Әндіжаннан 120 километр қашықтықта жатқан Қоқан қаласында бірнеше мың адам наразылық шарасына шығып, саудагерлерге қолайлы ереже жасауды талап етті. Ашулы топ бірнеше полиция қызметкерін соққыға шығып, полицейлердің бірнеше көлігін өртеп жіберді.

2005 жылы мамырдың 3-і күні Ташкенттегі АҚШ елшілігінің маңында қарсылық шарасын өткізіп жатқан шаруаларға полиция шабуыл жасап, 100-ге жуық демонстрантты ұрып тастаған. Жиырма шақты адамды автобусқа сүйреп кіргізген тәртіп сақшылары оларды Ташкентке алып кеткен.

ӘНДІЖАНДАҒЫ БЕЙБІТ ШЕРУ

Мамырдың 10-ы күні Әндіжанда көшеге шыққан 100-ге тарта адам жергілікті 23 бизнесменнің тұтқындалуына наразылық білдірді. Мұндай кішігірім наразылық шаралары ақпан айынан бері өтіп келе жатқан еді.

Тұтқындалған бизнесмендерге «Акромия» діни (ислам) тобына мүше болды» деген айып тағылған. Өзбек үкіметі кәсіпкер Акрам Юлдашев бастаған бұл топтың «тыйым салынған «Хизб-ут-тахрир» ұйымымен жақындығы бар» деп мәлімдеді.

Жұрттың көбі «Акромия» деген топтың болғанына сенбейді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Әндіжан облысы басшысының орнынан алынуы, онымен бірге одан төменірек сатыдағы әкім-қаралардың да қызметтерінен босатылуы «биліктің бөліске түсуіне алып келген». Яғни, тұтқынға алынған 23 бинесмен билікке келген жаңа әкімдердің адамдарына орын босатуы керек болған. Мұны арада бірнеше жыл өткен соң президент Ислам Каримовтың өзі жанама түрде болса да мойындаған.

Мамырдың 12-сі күні ұйымдасқан түрде, тәртіппен өткен наразылық демонстрациясына екі мыңға жуық адам қатысты. Демонстранттар көшенің бір жағына ағаш орындықтар қойып, әйелдерді отырғызған, ал екінші қапталда еркектері түрегеп тұрған. Шерушілер ешқандай тәртіп бұзбаған, көшедегі көлікті бөгемеген, өздері тұрған жерді таза ұстаған. Күн санап демонстрацияға қатысып жатқандар саны артып келе жатты. Мамырдың 13-і жұрттың ең көп жиналған күні болды.

Әндіжан оқиғасы (фотогалерея):


ТАҢ

Мамырдың 13-і, түнгі 12-лер шамасына 35 қарулы жігіт Әндіжан қаласының түбіндегі полиция бекетіне шабуыл жасап, бірнеше полицейді атып өлтіріп, тағы бірнешеуін жаралаған. Олар полиция бекетіндегі қару-жарақты түгел алып, түрмеге барады да, күзеттің бәрін тас-талқан етіп, жазасын өтеп жатқан екі мыңға жуық адамды босатып жібереді. Кейіннен бұл қарулы топтың шекара асып, көршілес Қырғызстаннан келген исламшыл экстремистік ұйым мүшелері екені хабарланды.

Түрмеден қашып шыққандары бар, басқасы бар бірнеше жүз адам қолдарына қару асынып, Әндіжанға келеді де, сонда тұрған демонстранттарға қосылады.

Таң ата қалада атыс басталған. Көшеге ондаған мың адам шыққан аласапыранда қарулы топ қала әкімшілігін басып алады, бірнеше ғимарат отқа оранады. 300 мың тұрғыны бар қаланың полицейлері көзге шалынбайды, олар мүлде болған жоқ десе де болады.

Әндіжан қаласын хаос жайлайды. Қала әкімшілігін басып алып, революция жасауға әрекеттенгендер нақты талаптар қояды. Олардың басшыларының бірі Қабилжон Парпиев Өзбекстанның сол кездегі ішкі істер министрі Закир Алматовпен телефон арқылы келіссөз жүргізеді.

Әу баста олар 23 кәсіпкердің босатылуын және БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар мен АҚШ, Ресей сияқты елдердің «бизнесмендер мен өзбек өкіметі арасындағы дауға араағайын» болуын талап етеді.
Сағат түскі 12-ге дейін тоғыз адам қаза тауып, 34-і жараланады.

ЫМЫРТ

Түстен кейін Өзбекстан әскері мен ішкі істер министрлігінің сарбаздары Әндіжан қаласына бірнеше жағынан кірген. Бұл сәтте көшеде ондаған мың адам «революция болды» деп ойлап, сайран салып жүрген еді. Кейбір деректерге қарағанда, сол кезде Әндіжанның орталығындағы Бабыр алаңында 30 мың адам топталып тұрған.

Өзбек әскері ғимараттардың шатырларына орналасып алған соң қалаға ауыр техникалы әскер кіреді. Сол арада атыс басталып, көшеде жүрген адамның бәрі нысанаға ілігеді. Төбеде тұрған солдаттар Бабыр алаңындағы халыққа оқ жаудырады.

Көшеде жүргендердің көбі қолында қаруы жоқ бала-шаға мен қарт кісілер болатын. Бірақ солдаттар бейбіт адам мен қарулы кісіні ажыратпастан, қозғалған жанның бәрін ата бастайды. Куәгерлердің айтуынша, қашып бара жатқан бейбіт тұрғындардың көбі арқасынан оқ тиіп жантәсілім еткен.

Бұл – нағыз қырғын еді. Ымырт жабыла Әндіжанда толық «тәртіп» орнайды.

Қырғызстан шекарасы маңында аздап наразылық белгілері байқалады, бірақ 48 сағаттың ішінде олардың барлығын тып-типыл етіп, тыныштандырады. Мыңдаған өзбек бас сауғалап көршілес Қырғызстанға қашады.

Өзбек үкіметінің ресми деректеріне қарағанда, қанды оқиғадан 187 адам қаза тапқан. Олардың үштен бірі – ресми адамдар мен әскерилер, және үштен бірі «қарулы жасақтар», ал қалған үштен бірі – бейбіт тұрғындар.

Өзбекстан арнайы жасақтары Әндіжан көшелерін бақылап тұр. 17 мамыр 2005 жыл.
Өзбекстан арнайы жасақтары Әндіжан көшелерін бақылап тұр. 17 мамыр 2005 жыл.

Қанды оқиғадан кейінгі бірнеше күн ішінде Әндіжанның маңайында қаза болғандардың денелері жерленеді. Кейбіреулердің айтуынша, оққа ұшқандардың санын жасыру үшін бір молаға бірнеше адамның мәйіті көмілген. Азаттық радиосы Өзбек қызметі Әндіжанға келіп қонған жүк ұшақтары туралы мәлімет алған. Құрбандардың нақты санын көрсетпеу үшін әлгі ұшақтар мәйіттерді елдің басқа бөліктеріне алып кеткен.

Сол кезде Әндіжан оқиғаларына қатысты мәлімдеме жасаған мемлекеттердің барлығы дерлік Өзбекстан үкіметінің елде тәртіп орнатуға қақысы бар екенін мойындағанымен, олардың бұл мақсатқа жетуде тым асыра сілтегенін айтты.

Сол күні Әндіжанда болып, оқиғаны көзімен көргендердің айтуынша, мамырдың 13-і күні жүздеген, тіпті мыңдаған адам опат болған.

Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG