Бүгін, қаңтардың 24-інде, Брюссельдегі Еуропа комиссиясының ғимараты алдында Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың сапарына қарсы наразылық шарасы өтті. Ол туралы Азаттық радиосына «Халықаралық дағдарыс тобының» өкілі Эндрю Стролейн хабарлады.
ӨЗБЕК ПРЕЗИДЕНТІ ЖӘНЕ ӨЗБЕК ТҮРМЕЛЕРІ
Стролейннің айтуынша, наразылық шарасына 20-ға жуық белсенді қатысты. Араларында өзбекстандық құқық қорғаушы Мүтабар Тәжібаева да бар. Наразылыққа жиналғандар «Қанды Әндіжан оқиғасына» байланысты тәуелсіз тергеу жүргізуді талап етті.
«Орта Азиядағы адам құқы» ассоциациясының Францияда тұратын жетекшісі Надежда Атаеваның мәлімдеуінше, Ислам Кәрімовтің Брюссельге сапары құқық қорғаушылар үшін Өзбекстандағы азаптау тәжірибесіне, адамдардың жұмбақ жағдайда жоғалатын және ешбір сотсыз жазаға тартылу мен қудалану жайттарына Еуропалық қоғамның назарын бұратын үлкен себеп болды.
Надежда Атаева, сонымен қатар, Еуропа журналистерін Өзбекстан түрмесінен алынған хатпен таныстырды. Хатта кісі азаптаудың өзбек түрмелерінде үйреншікті құбылысқа айналғаны айтылыпты. Атаеваның сөзіне қарағанда, хатта өзбек түрмелерінде азаптаудың адамды есінен тандырар әдістері қолданылатыны айтылады.
Өзбек президенті Ислам Кәрімов Еуропа Одағы мен НАТО-ның жоғары лауазымды ресми өкілдерімен келіссөз өткізу үшін бүгін Брюссельге барды.
Еуропа комиссиясы президенті Жозе Мануэль Баррозу (оң жақта) мен Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов. Брюссель, 24 қаңтар 2011 жыл.
Кәрімов Еуропа комиссиясының президенті Жозе Мануэль Баррозумен кездесті. Енді ЕуроОдақтың энергетика бойынша комиссары Гунтер Эттингермен жолығады.Осы кездесудің қорытындысы бойынша тараптар энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы түсіністік меморандумына қол қойып, Ташкентте Еуропа Одағының өкілеттігін ашу мәселесін талқылайды.
Оған қоса Кәрімов НАТО-ның Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссенмен НАТО-Ташкент арасындағы бірлескен іс-қимылдың келешегін талқылауға тиіс.
«ЕЛЕУСІЗ» САПАР ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАДЫ
Өзбек президентінің сапарына мұрындық болған ресми Брюссельдің жоспары бойынша, бұл сапар еуропалық қоғам үшін мүмкіндігінше елеусіз өтуге тиіс. Алайда Ислам Кәрімовтің Брюссельге құпия сапары мәлім болған соң құқық қорғайтын халықаралық ұйымдардың наразылығы күшейе түсті.
Атап айтқанда, «Эмнисти интернэшнл», «Хьюман Райтс Вотч», «Журналистерді қорғау комитеті», «Шекарасыз репортерлер», «Халықаралық дағдарыс тобы», Еуропаның парламентарийлері, оның ішінде әсіресе Еуропарламенттің адам құқы бойынша комитеті қатты наразы болды. Олардың пікірінше, «әлемдегі ең қатыгез диктаторлардың бірі», Ислам Кәрімовті Еуропа Одағы мен НАТО басшылықтарының жоғары деңгейде және тиесілі қошеметпен қарсы алу ниетіне ащы наразылық білдірді.
«Халықаралық дағдарыс тобының» қоғаммен байланыс орталығының директоры Эндрю Стролейн: «Еуропа Одағы мына жағымсыз диктаторды неге қабылдайды? Бұл өте қызық жайт. Оны ешкім түсінбейді», – деп мәлімдеді.
Еуропаның жоғары лауазымды шенеунектері де Ислам Кәрімовтің Брюссельге келуіне алаңдайды. «Лукашенко – қатыгез, бірақ Кәрімов – одан да өткен қатыгез. Оның билігі – одан өткен қатыгез диктатура», – дейді Стролейн.
Өткен бейсенбіде ресми Брюссель Кәрімовтің сапармен келетінін растаған соң, бұл наразылық ең алдымен ЕуроКомиссияның төрағасы Жозе Мануэль
Өзбек құқық қорғаушысы Мүтабар Тәжібаева Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің Европаға келуіне қарсылық білдіріп тұр. Брюссель, 24 қаңтар 2011 жыл.
Баррозуға бағытталды.Адам құқын қорғайтын халықаралық ұйымдар тобының наразылығы ЕуроОдақ пен НАТО басшылықтарын біраз састырған көрінеді. Бельгия үкіметі де, Еуропа Комиссиясы мен НАТО басшылығы да Ислам Кәрімовтің сапарына мұрындық болғандарын теріске шығаруға асықты.
Ұлыбританияның беделді The Financial Times газеті «Батыс Кәрімовті ақтайды», The Independent газеті «Өзбек диктаторын қабылдағаны үшін құқық қорғаушы топтар ЕуроОдақты сынайды» деген мақалаларымен адам құқын қорғаушы ұйымдарға үн қосты.